Әлеумет

Мемлекеттік тілді білу — өмір талабы

Елбасы Жолдауы — жаңғыру жолы

Тәуелсіздіктің негізгі тірегі — ұлттың тілі, діні. Қазір ана тіліміз  қоғамның барлық саласында қолданылып келе жатыр.  Сондықтан мемлекеттік тілді білу — өмір талабы, қоғам қажеттілігі.

Тіл мәртебесіне қатысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында да айтып өтті. Елбасы үш тілді оқыту мәселесін көтере отырып, «Атап айтқанда, үш тілді оқуға кезең-кезеңмен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар әзірленсін. Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді» деді. Бұл жерде Елбасы ағылшын тілі жаңа технологияның тілі екенін, онсыз жалпы ұлттық прогреске жете алмайтынымызды айтқанымен, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру басты міндет екенін  ескертіп отыр. Әсіресе бұл — жастар үшін маңызды. Елбасымыз «Қазақстанның болашағы — қазақ тілінде!» деп бекер айтқан жоқ.

Тілге деген құрмет — халыққа деген құрмет. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің мәртебесін биіктетуіміз керек.  Мемлекеттік тілді дамыту, қолдану аясын кеңейту үнемі маңызды мәселелердің бірі болып қаралуы тиіс. Бұл ретте Ақтөбе қалалық әділет басқармасы үлкен жұмыстар атқарып жатыр. Басқармада тұрғындардың мемлекеттік тілде ақпарат алуына бар жағдай жасалған. Қызметкерлер келушілерге екі тілде де көмек көрсетеді.

 М.ОМАРОВ,

Ақтөбе қалалық әділет

басқармасының жетекші

маманы.

ҚАМҚОРЛЫҚ ШАРАПАТЫ

Елбасы Жолдауында мүгедектерге және асырушысынан айырылған отбасыларға арналған жәрдемақы, мүгедек бала тәрбиелеп отырғандарға берілетін атаулы көмек пен жәрдемақы көлемін  өсіру туралы мәселе көтерілген.

Осыны оқып отырғанда, күнделікті өзіміз тұратын көп пәтерлі үйдегі денсаулығы кемшін баланы бағып отырған кейбір көршілерім үшін қуандым, бұл мемлекет тарапынан жасалып отырған зор көмек, тіпті оның мөлшері тым көп емес шығар, бірақ бейнет кешіп отырған ана үшін ол зор моральдық қолдау деп түсінемін. Ондай баланы бағу ата-анаға үлкен сын, бірақ ішінен шыққан баласының ауыртпалығын көтеріп, алдағы күнге үлкен үмітпен қарап жүрген аналарды, әкелерді көргенде ең болмағанда жылы сөзіңмен демеп қойғанды жөн деп санаймын.

Қазақта «Аурудың жайын сау білмейді» деген сөз бар. Үйінде мүгедек бала асырап отырған не әртүрлі жағдаймен дене мүшесіне зақым келген адамдарға көбіне қоғам бейжай қарайтындай көрінеді. Адамшылық, имандылық дегенің өзі кемтар, жағдайы жоқ адамдарға жанашырлық таныту емес пе? Әрине, жеті мүшесі сау адаммен ондай адамдарды салыстыруға болмайды. Дені сау адамдардың «жұмыс жоқ» деп жалақысы аз жерге бармай, әйеліне не ата-анасына масыл болып үйде отыратынын  бүгінде  талай кездестіріп жүрміз. Ал денсаулығының кінәратына, арбаға таңылып отырғанына қарамай, түрлі мамандықты игеріп, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандарды көргенде, олардың өмірге деген құштарлығына, еңбекқорлығына риза боласың.

Сондықтан мүгедек жандарды, асыраушысынан айырылған отбасыларын мемлекет  қолдап жатыр ғой деп қарап отырмай, кез келген дені сау адам оларды өздерімен тең тұтып, қолдарынан келген сөз көмегі болсын, қол көмегі болсын берсе екен, қуантса екен деп тұрамын.

Әлия СӘТЕНОВА,

№30  орта мектептің жоғары санатты мейірбикесі.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button