Спорт

Қанат Исламның жеңісі (видео)

Жуырда WBA (Super) және IBO тұжырымдары бойынша жеңіл салмақта Жанат Жақиянов әлем чемпионы атанған еді. Жанаттың табысынан кейін, қазақ жанкүйерлерін Қанат Ислам да қуантып отыр.

WBO Intercontinental және WBA Fedelatin тұжырымдары бойынша чемпиондық атағы бар, бірінші орта салмақта өнер көрсетіп жүрген қазақ боксшысы Қанат Ислам (22-0-0, 19 КО) сенбі күні бразилиялық Робсон Асисті жеңді.

Жекпе-жек АҚШ-тың Уилмингтон қаласында, кіші Рой Джонстың бокс кеші аясында өтті. Жекпе-жек небәрі бір раундқа созылды. Екі боксшы да жекпе-жекті қарқынды бастады. Бірінші раундтың бастапқы минуттарында қарсыласы Қанат Исламды қабағынан жарақаттады. Бір жақсысы, жарақаты ауыр болмады. Керісінше, осыдан кейін Қанат қарсыласына ерекше шүйлігіп, оны бұрыштан бұрышқа қуалай жүріп, соққыға алды. Сөйтіп, бірінші раунд аяқталуға бірнеше секундтар қалғанда, қарсыласын нокаутқа жіберді.

https://www.youtube.com/watch?v=JCLpiBE4yb0

Жекпе-жектен кейінгі сұxбатында Қанат Ислам Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа,  барша қазақ жанкүйерлеріне алғысын айтты. «Құрметті қазақ елі, қазақстандықтар! Сіздерге алғысым шексіз. Екі телеарнадан менің жекпе-жегімді көрсетті, соған қуаныштымын. Өздеріңіз көрдіңіздер, жекпе-жек бірінші раундта аяқталды. Жарақат болғаннан кейін, маған бұл жарысты тезірек аяқтау керек болды, себебі екінші раундта жұдырықтасуды тоқтатып тастауы да мүмкін еді. Сондықтан бірінші раундта барымды салып, жекпе-жекті аяқтауға тырыстым», — деді Қанат Ислам.

 Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button