Басты жаңалықтарЭкономика

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша облыста екі жылда 83,0 мың шаршы метр шағын қабатты тұрғын үй салынады

«Нұрлы жер»

Биыл Ақтөбе қаласының «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тез тұрғызылатын шағын қабатты несиелік тұрғын үйлер бой көтермек. Жаңа технология негізіндегі құрылыс жұмыстары «Үй құрылысы комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы жүзеге асырылмақ. Пилоттық жоба аясында 2017-2018 жылдары облыста шамамен 500 шағын қабатты тұрғын үй (83,0 мың шаршы метр) салу жоспарланған. Бұл өз кезегінде аймақта жер және үй алу кезегінде тұрған 700 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуді көздейді.   

 Ипотекалық несие субсидияланады

Биыл елімізде іске асырыла бастайтын «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы аясында алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасы баспанамен қамтамасыз етілмек. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дәстүрлі халыққа арнаған Жолдауында айтты. Президенттің айтуынша, урбанизация үдерісі құрылыс секторын дамыту қажеттігін алға тартып отыр. Ол отандық экономиканың толыққанды драйверіне айналуға тиіс. «Жол, тұрғын үй және басқа да инфрақұрылым құрылысына инвестиция сала отырып, біз қалаларымыздың ұзақ жылдарға дейін сыртқы және технологиялық келбетін айқындайтынымызды ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан құрылысқа да, құрылыс материалдарын өндіру саласына да жаңа технологияларды енгізу керек. Ол үшін бізде қазір жақсы мүмкіндіктер бар. Менің тапсырмам бойынша биыл «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы іске асырыла бастайды. Ол аса маңызды міндетті орындауға —  алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған.

Бағдарламада тұрғын үй нарығын дамытудың кешенді шаралары көрініс тапқан. Соның бірі — «Даму» акционерлік қоғамы арқылы мемлекеттің субсидия беруі есебінен құрылыс салушылар үшін банк несиесін арзандату. Тұрғындар үшін «Қазақстан ипотекалық компаниясы» акционерлік қоғамы арқылы банктер беретін ипотекалық несиені субсидиялау жүзеге асырылады.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшылары үшін әкімдіктердің несиелік тұрғын үй салуы жалғасады. Оған ілгеріде бөлінген қаржы «револьвер» қағидаты бойынша қайта пайдаланылады», — деді Елбасы.

Мемлекет басшысының айтуынша, әкімдіктер халықтың әлеуметтік осал топтарына сатып алу құқығынсыз арендалық тұрғын үйді бөлу ісін дамыта беретін болады. Жаппай тұрғын үй құрылысы үшін әкімдер тиісті жер телімдерін бөлуге тиіс. «Біз қалаларда жеке тұрғын үйлердің бірыңғай сәулет стилінде салынуына мән беретін боламыз. Бұл үшін мемлекет қажетті инфрақұрылым тұрғысынан көмек көрсетеді. Үкімет әкімдермен бірлесіп, үлкен қалалардың іргелес орналасқан елді мекендермен көлік байланысын дамыту жөнінде шаралар қабылдауы қажет», — деді Президент биылғы Жолдауында.

Бағдарлама және бес үй

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Серік Төленбергеновтің айтуынша, биыл барлық қаржыландыру көздері есебінен аймақта 650 мың шаршы метрден кем емес тұрғын үй пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй массивінде шағын қабатты несиелік  және облыс аудандарында халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған сатып алу құқығынсыз жалдамалы тұрғын үйлердің құрылысын жүзеге асыру жоспарланыпты. Оның айтуынша, несиелік  тұрғын үйлерді беру жерге және үй алу үшін кезекте тұрған азаматтарға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы арқылы жүзеге асырылмақ.

Бүгінгі күні «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру үшін  жобалар жасалып жатыр. Осы бағдарлама аясында Ақтөбе қаласының «Нұр Ақтөбе» ауданында шағын қабатты тұрғын үйлер бой көтермек. Бұл жұмыстар «Үй құрылысы комбинаты» компаниясы  арқылы жүзеге асырылады.  Құрылысқа жергілікті материалдар мен әртүрлі технология пайдаланылады, — дейді басқарма басшысы.

Аталған басқарманың мамандары берген мәліметке сүйенсек, биыл облыста «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында  сатып алу құқығынсыз 5 қабатты 60 пәтерлі (жалпы ауданы 16,9 мың шаршы метр немесе 300 пәтер) жалдамалы негіздегі бес тұрғын үйдің құрылысы халықтың әлеуметтік осал тобы үшін салынады. Мұндай үйлердің екеуі — Алға, екеуі — Мұғалжар, ал біреуі Қарғалы аудандарында бой көтермек. Бұл үйлерге негізінен жетім балалар мен 1 және 2-топ мүгедектері қол жеткізеді. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 1,5 миллиард теңге қарастырылыпты. Алайда осы жылы 3 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған, ал қалған екі үй 2018 жылы тапсырылмақ.

Сонымен қатар, биыл облыста «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тез тұрғызылатын шағын қабатты несиелік тұрғын үйлер бой көтермек. Жаңа технология бойынша құрылыс жұмыстарын «Үй құрылысы комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырады.  Мұндай үйлер Ақтөбе қаласындағы «Нұр Ақтөбе» шағын ауданының аумағынан бой түзейді. Пилоттық жоба аясында 2017-2018 жылдары облыста шамамен 500 шағын қабатты, яғни жалпы аумағы 83,0 мың шаршы метрлік тұрғын үй салынады деп жоспарлануда.  Бұл өз кезегінде аймақта жер және үй алу кезегінде тұрған 700 отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз етуді көздейді. Бүгінде аймақта үй алуға 25,9 мың адам, жер алуға 134,8 мың адам кезекте тұр. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» салымшылардың саны — 62,1 мың адам. Жер және әлеуметтік тұрғын үй алу кезегіндегілердің ауқымды санын ескере отырып, жер учаскесі мен тұрғын үйге кезекте тұрғындарды «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы конкурстық негізде іріктеу жолымен сәйкестендіру міндеті тұр, — дейді басқарма мамандары.

Мамандардың айтуынша, облыста «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыруға қатысты жоба мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта да несиелік  тұрғын үйлердің құрылысы салынады. Сол себепті, қазіргі уақыта осы бағытта  тиісті жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Панельді үйлер 100 жыл пайдаланылады

Былтыр  желтоқсан айында өткен жалпыұлттық телекөпір барысында Ақтөбеде тұрғын үй құрылысын дамытуға негізделген кәсіпорын іске қосылды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен зауыт ұжымына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев телекөпір арқылы: «Бұл өндірісті іске қосу өте маңызды. Осы орайда Ақтөбе Қазақстанның ең дамыған мегаполистерінің бірі болуы тиіс. Сондықтан тұрғын үй құрылысына назар аударылуда және осы бағытқа қаржы бөлініп жатыр. Қаланың жанында жаңа шағын аудан салынып жатыр. Комбинат жұмысы табысты болуын тілеймін», — деп жылы лебізін білдіріп, кәсіпорынды іске қосқан болатын.

Ақтөбедегі «Үй құрылысы комбинаты» ЖШС тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету үшін биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына қатыспақ. Компания өкілдерінің айтуынша, жаңа үй құрылысы комбинаты салынатын тұрғын үйлерді 97-98 пайыз қазақстандық мазмұнда тұрғызуға мүмкіндік беретіндерін айтып отыр.

Дәулет Әлиев, «Үй құрылысы комбинаты» ЖШС директоры:

— Биыл елімізде жүзеге асырылатын пилоттық жоба — «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысуға бел буып отырмыз. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру аясында, яғни шағын қабатты коттедждер тұрғызу үшін қаланың «Нұр Ақтөбе» шағын ауданынан жер учаскесі айқындалды. Нақтырақ айтсақ, көп қабатты үйлердің бер жағындағы қосалқы стансалар орнатылған шамамен 60 гектар аумаққа биыл біздің компания құрылыс жұмыстарын жүргізеді. Бұл — «Нұр Ақтөбедегі» №1, №1 «а» және №8  шағын аудандар.  Атап айтсақ, №1 шағын ауданда  үш қабатты, екі подъезден тұратын 24 пәтерлі үйді тұрғызамыз. Бұл ауданда осындай үлгідегі үйдің 13-і салынады.  Әрине, бірінші кезеңде 4 үйдің құрылысын салудан бастаймыз. Қазір қаражаттың түсуін күтіп отырмыз. Жоспар бойынша құрылысты наурыз айында бастап кеткіміз келеді. Наурызда үйлердің іргетасын қалап, қоймаға құрылысқа қолданылатын тұрғын үйлердің сыртқы және ішкі қабырға панельдерін, еден плиталары мен баспалдақтар және басқа да өнімдерді дайындап, шығарып қоймақпыз. Әкімдік тарапынан жұмысты бастау туралы хабар келсе, бірден арық қазып, іргетасты артығымен құйып, іске кірісіп кетпекпіз.

Сол сияқты, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша «Нұр Ақтөбенің» №1 «а» шағын ауданынан 54 коттедж тұрғызбақпыз. Екі аудан бір-біріне жақын орналасқан. Қазір коттедждер бой түзейтін маңда «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» акционерлік қоғамы 9 қабатты үйлердің құрылысын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, аталған ауданда екі блокка бөлінген коттедждер де тұрғызылады.

— Салынатын үйлердің жалпы аумағы қандай болады?

— Қазір тұрғын үйлердің жобасы жасалып жатыр. Ақпан айының соңына дейін біз жұмыс жобасын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күні жобалау институты мен компанияның жобалаушы бөлімі бұл бағытта қоян-қолтық жұмыс жүргізіп жатыр. Бір айта кетерлігі, біздегі жобалаушы бөлім мықты. Мәселен, жобалаушылар эскиздің жобасын жасаса, өзіміз есептеп, қандай панельдің қай жерде тұру керектігін жобалаймыз. Ал әрмен қарай компанияның жобалаушылары сол панель бойынша үйлердің сыртқы және ішкі қабырғаларын құрастырады. Әрине, салынатын үш қабатты үйлер бір, екі және үш бөлмеден тұрады. Бір бөлмелі үйлердің жалпы ауданы — 40-45 шаршы метр, екі бөлмелі пәтерлердің ауданы — 60-65 шаршы метр, ал үш бөлмелі пәтерлер 80-85 шаршы метр аумақты қамтиды. Ал коттедждердің жалпы аумағы шамамен 140-160 шаршы метр аралығында  болады. Бір коттедж бір отбасыға арналады. Ал әрқайсысы 120 шаршы метр аумақты қамтитын екі блокты коттеджге екі отбасы қоныстанады.

— «Үй құрылысы комбинаты» тұрғын үйлерді тез тұрғызатындығымен ерекшеленеді. Сонда салынатын үйлердің сапасы қандай болмақ?

— Біздің компания жыл соңында ашылды. Сондықтан өз жобаларымызды биыл жүзеге асырмақпыз. Ең алғашқы жобамыз — осы  «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынатын тұрғын үйлер. Әрине, біздің компанияның шығарылатын өнімді пайдаланудағы негізгі артықшылығы — құрылыстың салу мерзімдерін 1,5-2 жылдан 1 жылға дейін, құрылыстың өзіндік құнын 30 пайызға дейін төмендетіп, сапасын арттырады. Халықтың тұрғын үйге тез қол жеткізуін қамтамасыз етіп, зауытта шығарылатын өнім сапасы әлемдік стандарттарға жауап береді. Бүгінде өндірісте «Weckenmann» неміс компаниясының жабдықтары пайдаланылады. Сондықтан бір коттедждің қабырғасын көтеруге 4 күн жеткілікті. Ол үшін үйдің бір қабатына 6-7 панель пайдаланылады. Осы уақыт ішінде үйдің төбе плиталарын да жабуға болады. Алайда, үйдің мықтылығы іргетасына байланысты. Сондықтан іргетасын қалауда біздің компанияның өзге құрылыс компанияларынан еш артықшылығы жоқ. Цементтен құйылған іргетастың кебуін күтеміз. Былайғы кезде, коттедж қабырғасын тұрғызуға 1 ай уақыт кетеді. Сонда біз бұл істе үш апта уақытты ұтып отырмыз. Шағын қабатты тұрғын үйлерді әрлеу ісінде де онша көп жұмыстанудың қажеті жоқ. Себебі, қабырға панельдері сыланбайды, жар тегіс, сосын әдеттегідей құрылысқа қажетті өрмек тор салынбайды. Панельді қабырғалардың бойынан пластик құбырлар, электр сымдарын өткізу үшін зауытта арнайы орындар қалдырылады.

— Салынған үйлер қанша жылға шыдас береді?

— Пайдалану мерзімі — 100 жыл. Халық арасында «Хрущёв үйлері» аталып кеткен тұрғын үйлерді 50 жылға дейін пайдалану жоспарланған. Әрине, қазір қаламызда қабырғасы панельден тұрғызылған осындай үйлер көп. Сондықтан сол уақыттан бері құрылыс материалдарының ішінде панель «мықтылығын» дәлелдеді.  Ол кезде құрылысқа қазіргідей жылытылған панель емес, қарапайым панель, кейін керамзит панель пайдаланылған. Бертін келе сэндвич панель шықты ғой. Компанияның құрылысқа пайдаланатын өнімі — осы сэндвич панель. Зауытта өндірілетін панельдің аралық жылытқыш бөлігінің мөлшері —  200 миллиметр.

— Сонда тез тұрғызылатын үйлер қыста жылы болады ғой?

— Дәл біздегі технологиямен Орал қаласында тұрғын үйлер салынған. Себебі, ол жақта да ірі үй құрылысы комбинаты ашылып, жұмыс жасайды. Қазір оралдықтар бұл бағытта бізден екі жылға алда келеді. Олардан сұрағанымызда, шағын қабатты үйлердің жылылығы соншалық, тұрғындар қыста жылу батереяларын жиі-жиі сөндіретін көрінеді. Біз үйлерді әлі салып көрген жоқпыз.

— Жергілікті құрылыс материалдарының  үлесі қанша?

— Салынатын тұрғын үйлердің 97-98 пайызы қазақстандық мазмұнды қамтиды. Әрине, құрылысқа пайдаланылатын материалдардың басым бөлігі — жергілікті өнімдер. Қиыршық тас пен құмды Ақтөбеден өзге жерден алудың қажеті жоқ. зауытта өндірілетін панельге қажетті суды екі рет сүзгіден өткізіп, тазартылған түрін пайдаланамыз. Яғни, бетон жасауға техникалық емес, таза ауызсуды пайдаланамыз. Ол үшін өзімізде зертхана жұмыс жасайтын болады. Қазір зертхана жабдықтары сатып алынуда. Ресейден тек цемент пен металл тасимыз.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button