Құқық

Талдау мен талқы

Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мемориалды музейінің ұйымдастыруымен Ақтөбе автожол колледжінде «Құқықтық тәрбие — заман талабы» атты тақырыпта оқушылармен кездесу өтті.

Аталған шараға Ақтөбе қалалық прокуратурасының кіші әділет кеңесшісі Талғат Әлібеков, облыстық полицияның бас тергеушісі Ләйла Құрманбекова, облыстық прокуратураның консультативтік кеңесінің төрайымы Мәрия Сейдахметқызы, «Бүркіт» патриоттық клубының жетекшісі Серік Сағиев, «Ербақыт» патриоттық клубының жетекшісі Марат Қойлыбаев қатысты.

Өскелең ұрпаққа саналы тәрбие беру, теріс діни уағыздарға тойтарыс беру мақсатында өткізілген шараны музейдің ғылыми қызметкері Ғалымжан Байдербес жүргізді.

Кездесуде алғашқы болып сөз алған Мәрия Сейдахметқызы құқықбұзушылық мәселелерінің пайда болуы, олардың таралуы жөнінде және басқа да өзекті мәселелер бойынша ақпарат берді.

— Қазақстанның болашағы — жастар. Сондықтан бос уақытты тиімді пайдаланып, спорттық үйірмелерге белсене қатысу керек.

Ақтөбе қалалық прокуратурасымен бірге өткен жылдың қорытындысы бойынша талдау жүргізілген болатын. Талдау қорытындысы бойынша жасөспірімдер арасында Ақтөбе қаласында 67 қылмыстық іс қозғалған. Оның 17 пайызы автожол колледжінің оқушылары арасында орын алған, — деді Талғат Әлібеков өз сөзінде.

Бұдан кейін Сазды полиция басқармасының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы, полиция капитаны Мәдина Дәулетқалиева сөз сөйледі.

— Үстіміздегі жылдың 6-16 ақпан аралығында облыс аумағында «Қыз — елдің көркі» атты акция өткізілуде. Акцияның бас мақсаты — әйелдерге қарсы жасалатын қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу, жасөспірім қыздарды ерте жүкті болуынан сақтау, ақпараттық-насихаттау жұмыстарын жүргізу. Осы мақсатта бүгінгі таңда бірқатар оқу орындарында тақырыптық лекциялар, дөңгелек үстелдер, балалардың ата-аналарымен бірге жиналыстар ұйымдастырылуда, — деді.

Марат Қойлыбаев жастарға Ауған соғысы кезінде басынан өткен жайлары туралы үзінділер келтіріп өтті. Батыр бабаларымызды үлгі етіп, ұлтжандылыққа, патриоттыққа шақырды.

Шара соңында мамандар оқушылардың сұрақтарына толыққанды жауаптар берді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button