Спорт

Көшбасшылардың бірі — біз…

1991 жылдан бері Қазақстан жеті рет қысқы Олимпиадаға қатысып, жеті  жүлдеге ие болды. Солардың біреуі ғана — алтын жүлде. Қысқы спорт түрлері бойынша тәуелсіз қазақ елі жалғыз-ақ Олимпиада чемпионымен мақтана алады: ол — шаңғышы Владимир Смирнов.

Дегенмен, соңғы жылдары қысқы спорт түрлерімен айналысатын спортшыларымыз да жақсы табыстарға қол жеткізіп жүр. Бұған күні кеше Алматыда өткен XXVIII Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың қорытындылары да дәлел. 57 елдің спортшылары бақ сынаған Универсиаданы қазақстандықтар ресми емес жалпыкомандалық есепте екінші орынмен аяқтады.

Жақын күндері қысқы спорт түрлері бойынша еліміздің намысын қорғап жүрген саңлақтарымызды тағы бір үлкен сын күтіп тұр: ол — VIII қысқы Азия ойындары. Бұл дода 19-26 ақпан аралығында Жапонияның Саппора қаласында өтеді.

 

Қысқы Азиада: қайта өрлеу қалай басталды?

Тәуелсіздік алғалы бергі уақыттың ішінде Қазақстан қысқы Олимпиадаларда жоғарыда аталған Смирновтың алтынынан басқа, айта қаларлықтай табыстарға қол жеткізбегенімен, құрлықтық қысқы Ойындарда Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея елдерімен бірге, үнемі көшбасшылар қатарынан көрініп келеді.

Осы орайда тарихтан аз-кем дерек: Қазақстан қысқы Азия ойындарына алғаш рет 1996 жылы қатысқан. 1996 жылы Қытайдың Харбин қаласында өткен ІІІ қысқы Азиадада Қазақстан құрамасы 14 алтын жүлдемен жалпыкомандалық есепте екінші орын иемденіпті. Келесі жолы, яғни 1999 жылы Оңтүстік Кореяның Канвондо қаласында өткен Ойындарда да Қазақстан ең үздік үш елдің қатарында болды. 2003, 2007 жылдардағы қысқы Азиадаларда төртінші орыннан көрінді. Ал 2011 жылы Астана мен Алматы қалаларында өткен VII Азиадада 32 алтын жүлдемен бірінші орынға көтерілді. Сонымен қатар, бір елдің 32 алтынға қол жеткізуінің өзі — қысқы Азия ойындары үшін рекордтық көрсеткіш ретінде тіркелген еді.

Жалпы, қысқы Азиаданың тарихы беріден басталады: алғашқы Ойындар 1986 жылы, яғни осыдан 31 жыл бұрын ғана, Жапонияның Саппора қаласында өткен. Қысқы Азиаданы өткізу туралы бастаманы жапон елінің олимпиадалық комитеті 1982 жылы көтерген. Алғашқы қысқы Азиаданы өткізу үшін Саппора қаласының таңдап алынуы тегіннен-тегін емес, мұнда 1972 жылы қысқы Олимпиада ұйымдастырылған болатын. І қысқы Азиадаға небәрі жеті елдің спортшылары қатысқан. Дегенмен, құрлықтық қысқы Ойындарға қатысушы елдер қатары бірте-бірте көбейе берген. 1996 жылы Қазақстан алғаш рет барған қысқы Азиадада 17 елдің спортшылары бақ сынаса, 2011 жылы біздің елімізге 26 елдің спортшылары келді. Олардың арасында 80-жылдардан бастап соғыстан көз ашпай келе жатқан Ауғанстан елінің шаңғышысы да болғаны есімізде. Ал биылғы қысқы Азиадаға 31 елдің өкілдері қатысқалы отыр. Бір сөзбен айтқанда, Азия құрлығында қысқы спортқа деген қызығушылық жыл санап артып келеді. Сонымен қатар, биылғы Азиадаға Австралия мен Жаңа Зеландия елдерінің спортшылары мейман ретінде қатысады. Оларға жарыстарда өнер көрсетуге рұқсат етілгенмен, нәтижелері есепке алынбайды.

31 жыл ішінде небәрі 7 қысқы Азия Ойындары өтті. Қазақстан солардың бесеуіне қатысып, бес додада 164 жүлдеге қол жеткізген. Олардың 69-ы — алтын; 51-і — күміс және 44-і — қола медаль. Бұл — Жапония және Қытай елдерінен кейінгі үшінші көрсеткіш. Ал көршілеріміздің жетістіктеріне үңілер  болсақ, Өзбекстан құрамасы да 1991 жылдан бері қысқы Азиадаға 5 рет қатысып, 7 жүлдеге қол жеткізген екен. Оның біреуі ғана — алтын. Қырғыз елі 4 рет қатысып, небәрі 1 қола жүлде иемденіпті. Жалпы, қысқы Азиаданың тарихында жүлдеге қол жеткізген елдердің өзі тым аз — тек он мемлекет қана. Өзбекстан мен Қырғызстан сол он мемлекеттің қатарынан орын алып отыр.

Жанкүйерлердің көпшілігі қысқы спортта Қазақстанның Азиядағы көшбасшылар арасында жүруінің бірден-бір себебін табиғат жағдайымен байланыстырады. «Азияның басқа елдерімен салыстырғанда, бізде кәдімгідей қыс мезгілі болады ғой» — деген уәжді алға тартқылары келеді. Алайда, мамандардың айтуынша, басты себеп — табиғат жағдайы емес, мықты жаттықтырушылар мен кешегі Владимир Смирнов, Валерий Люкиндер салып кеткен із. Ана бір тұста сол із көмескіленуге айналғандай көрінгенмен, соңғы жылдары, әсіресе, 2011 жылы Астана мен Алматыда өткен қысқы Азиададан кейін спортшыларымыз бізді үлкен табыстарымен жиі қуанта бастады. Мысалы, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 2013 жылы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2014 жылы Олимпиада жүлдегері, ал 2015 жылы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Конькимен жүгіруден 2013 жылы Денис Кузин әлем чемпионы атағына ие болды. Фристайлшы Жанбота Алдабергенова 2015 жылы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2015-2016 жылдардағы маусым бойынша Еуропа кубогының абсолюттік чемпионы атанды. Шаңғышы Алексей Полторанин 2013 жылғы әлем чемпионатында екі рет қола жүлдеге қол жеткізді, т.б. Соңғы жылдары жетістіктерімен ел абыройын асқақтатып жүрген спортшыларымыздың бәрі де — қазақстандық жаттықтырушылардың төл шәкірттері, бірі еліміз тәуелсіздік алған тұста 3-4 қана жастағы бүлдіршін болса, екіншілері — Тәуелсіздіктен кейін туған буынның өкілдері…

Кімдерден жүлде күтеміз?

Қысқы спорт түрлерімен айналысатын спортшыларымыз үшін биылғы маусым тым қарбалас болып тұр. 29 қаңтар — 8 ақпан аралығындағы Бүкіләлемдік Универсиада ойындарынан соң іле-шала әлем чемпионаттары, әлем кубогы кезеңдері басталды. Енді, міне, Азия ойындары басталар сәт те жетіп-ақ келді.

Саппорадағы қысқы Азиада спорттың 11 түрі бойынша өтеді: биатлон, шаңғымен жүгіру, коньки спорты, фристайл, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, шайбалы хоккей, сноуборд, трамплиннен шаңғымен секіру, тау шаңғысы және керлинг. Бұлардың арасында біз, әсіресе, бастапқы жеті спорт түрі бойынша өз отандастарымыздан үлкен табыстар күтеміз. Жалпы, Саппорадағы жарыстарда 64 медаль жиынтығы сарапқа салынатын болады.

Азиадаға елімізден 110-нан астам спортшы аттанады деп күтіліп отыр. Ашылу салтанатында ту ұстап шығу құрметі бес мәрте ел чемпионы атағын жеңіп алған шаңғышы Ердос Ахмадиевке жүктелген.

Өкінішке қарай, ұлттық құрамалардың бәрі бірдей Саппораға бірінші нөмірлі спортшыларды апара алмайды. Себебі, олардың бірқатары, жоғарыда айтқанымыздай, әлемдік деңгейдегі басқа жарыстарда жүр (немесе дайындалып жатыр), бұл жарыстардың нәтижелері 2018 жылы өтетін қысқы Олимпиадаға жолдама ұтып алу жолында ұпай жинау үшін қажет болып отыр.

Дегенмен, бұл барлық құрамаларға қатысты емес, мысалы, мәнерлеп сырғанаудан ел құрамасы Саппораға ең мықты құраммен бармақ. Олар — Денис Тен, Сочи Олимпиадасына қатысушы Абзал Рақымғалиев, жасөспірімдер арасындағы ІІ қысқы Олимпиаданың қола жүлдегері Элизабет Тұрсынбаева және Айза Мамбекова. Конькимен жүгіруден де Денис Кузин, Роман Креч, Екатерина Айдовалар бастаған мықты құрама жасақталған. Конькишілеріміз жуырда Алматыда өткен Универсиадада аса сәтті өнер көрсеткен жоқ. Енді Саппорада сол өкініштің орнын толтыруға бар күштерін салады деп үміттеніп отырған жайымыз бар.

Саппора қаласы қысқы Азияданы үшінші рет қабылдап отыр.

Азия құрлығында қазақстандық биатлоншыларға тең келетіндер жоқ. Бірақ биатлоншыларымыз соңғы жарты ай ішінде Универсиаданың қарбаласын, одан да гөрі қиынырақ сын — әлем чемпионатындағы допинг дауын бастан өткерді. Бір жақсысы, спортшыларымыздың қанынан рұқсат етілмеген дәрі-дәрмектер табылмады. Жүйкеге салмақ түсіргенімен, соңы жақсылықпен біткен бұл дау спортшыларымыздың Саппорада сәтті өнер көрсетуіне кесірін тигізбейді деп сенеміз және Ян Савицкий, Галина Вишневская, Алина Райкова, т.б. биатлоншыларымыздан жеңістер күтеміз. Сондай-ақ, Саппораға Николай Чебатько, Сергей Черепанов, Елена Коломина сынды тәжірибелі шаңғышыларымыз, әлем чемпионаттарында өнер көрсетіп жүрген хоккейшілеріміз кетіп барады. Ал фристайл мен шорт-тректен ұлттық құрамалар екінші нөмірлі спортшылардан жасақталды. Бапкерлер соңғы сәтте Дмитрий Рейхерд, Айдар Бекжановтардың жарыс жолына шығуы мүмкін екенін де айтып отыр. Қайткенде де, фристайлшылар мен шорт-трекшілеріміз жүлдеден құр қалмайды деп үміттенуімізге әбден болады.

Саппораға аттанған саңлақтарымызға сәттілік тілейміз.

 Айна САРЫБАЙ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button