Экономика

Қазақтар дайындаған сушиге қызығушылық зор

Кәсіпкерлік

«…Біздің стратегиялық мақсатымыздың бірі — елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50% болуын қамтамасыз ету. Бұл — өте өршіл мақсат, бірақ оған қол жеткізуге болады. 

Жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру керек. Қазақстанның әр өңірі жаппай кәсіпкерлікті, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бағытында кешенді шаралар ұсынуға тиіс».

Мемлекет басшысы Н.НАЗАРБАЕВТЫҢ

«Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік»

Жолдауынан.

Ақтөбелік жас кәсіпкер жапон, итальян тағамдары арқылы кәсібін көршілес облыстарда да дөңгелентіп отыр.

28 жастағы Аслан Нұрсұлтановтың тамақ өнеркәсібімен айналысқанына биыл үш жыл толады. Жас кәсіпкердің өзі бұл салаға ойда жоқта келіпті. Бұған әу баста досымен шай үстіндегі әңгімесі себеп болған.

— 2014 жылы досым екеуміз дәмханада отырғанбыз. Содан сөз арасында «Неліктен суши дайындап, оны тарататын орталық ашпасқа?!» деген ой келді. Өйткені сол кезде бұл тағам түрі Ақтөбеде тапшы еді. Жалпы өзге халықтардың асханасы елімізге енді еніп жатқан кез.

Көп уақыт өтпестен, қолда бар 2 миллион теңгені осы бизнесті ашуға жұмсап, жұмысты бастап кеттік, — деп әңгіме тиегін ағытқан Аслан алғашында барлығының өзі ойлағандай оңайға соқпағанын, өзге ұлттың дәмін әзірлеуде де бірталай қиындық көргенін атап өтті. Бір жағынан, өзінің аты һәм затын нарықта әбден қалыптастырған шетелдік бәсекелестердің де өзіндік әсері тимей қоймапты… Дегенмен, жастық жалынмен анау-мынау ауыртпалықты елей қоймаған әңгімелесушіміз сол уақытта қарамағындағы білікті аспаз бен бірнеше адамның бәрін еңсереміз деген сенімі үлкен рөл атқарғанын жасырмайды. Әйтпесе, Асланның айтуынша, оның мықты қолдаушысы да, бағыт-бағдар беретін кәнігі кеңесшісі де болмаған.

— Өткен істі еске алғым келмейді. Ең бастысы, әр сәтсіздік,

аяқтан шалу менің бүгінгі белеске жетуіме сеп болды. Сондықтан белгілі бір деңгейде барлығына шүкіршілікпен қараймын. Жолымыз болды деуге болады, бір жылдан соң кәсібімізді кеңейттік: қаладан жеке дәмханамызды аштық. Яғни бұрынғыдай түрлі тағамдарды жасап, оны таратумен шектелмейтін болдық. Оны келушілерге ұсынып, өзіміздің басыбайлы мәзірімізді жасадық, — дейді ол.

Бүгінде ол басшылық ететін «Food-nation.kz» компаниясы бірнеше халықтың, атап айтқанда, жапон, корей, итальяндықтардың тағамдарын әзірлейді. Соның ішінде аспаздық орталықтың суши, роллы, пиццасы жұртшылық арасында ерекше сұранысқа ие. Бұл сөзімізге бір ғана дәлел, мұнда сушидың жүзден аса түрі, пиццаның 20 түрлі дәмі дайындалады… Тапсырыс берушінің талғамына қарай жасалатын бұл тағам түрлерінің бағасы жайлы сұрағанымызда, Асланнан мынадай жауап алдық: «Бәрі де тағамның құрамына байланысты дер едім. Айталық, біздегі сушидың арзаны 500 теңгеден басталып, 6 мыңға дейін барады. Ал пиццаның құны — 1400-2100 теңгенің аралығында».

Жасыратын несі бар, біз, қазақ еттен басқасының ешқайсысын тамақ деп емес, тек «жүрек жалғар» деп қана қабылдайтынымыз рас. Осындайда іскер жігіттен тапсырыс берушілердің қарасының қаншалықты көптігін білмекші болғанымызда, бұның қызметтік құпия екенін алға тартып, сыр шаша қоймады. Тек күніне орта есеппен алғанда жүзге жуық ақтөбеліктің жапон тағамына аңсары ауатынын жеткізді. Мойындау керек, бұның өзі — көңіл көншітетін көрсеткіш. Әрі бұл негізінен төрт түлікті талғажау еткен мекенде екенін ескерсек, тіптен таңдануға да болады… Осы орайда аспаздардың теңіз тағамдарына нақты не қосатынын, оның басқалардан не артықшылығы барын білгіміз келгені бар.

— Біз шикізатты Ресейден алдыртамыз. Балықтың түр-түрін, дәмдеуіш қоспалар, әртүрлі көкөністерді тікелей осында тасымалдайтын ірі компаниямен жұмыс істейміз. Солар арқылы ең таңдаулы деген тағамды жеткізуін қатты қадағалаймыз. Сосын әр суши, болмаса пиццаны дайындағанда, салмағының, құрамының талапқа сәйкес келуі — біз үшін бірінші орында. Осының бәрі игі әсерін тигізетін болуы керек, қалыптасқан тұрақты клиенттеріміз бар. Оның үстіне, адамдар күнделікті тұтынатын азықтан да жалығады деп ойлаймын. Әсіресе, жас отбасылар ерекше тағам түрін жегісі келеді, — деп ағынан жарылды ол.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, облыста 50 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік нысаны қызмет етіп тұр.  

Қазіргі таңда компанияның Ақтөбеде екі филиалы жұмыс істейді. Сондай-ақ, Ақтауда да бөлімшесі бар. Бірер айда Атырауда да бұл саладағы жұмысын бастағалы отырған жас кәсіпкер 30-дан астам адамды еңбекпен қамтып отыр. Олардың еңбекақысы — 40 мың теңгеден жоғары. «Жыл соңына дейін Орал қаласында да осындай компаниямды құру жоспарда бар», — деп алдағы ой-мақсаттарымен бөлісті Аслан.

Сөз арасында бизнестің қыр-сырын меңгерген жігіт енді басқа салаларды да игеруге көшкенін, жиһаз жасауға, балалар киімдерін сатуға да ден қойғанын тілге тиек етті. Оның ойынша, бұл күнде алып-сатудың дәурені өткен. Кәсіпкерлікте белгілі бір жетістікке жетемін деген адам өндіріске мықтап көңіл бөлуі қажет…

P.S. Тыңнан түрен салмаса да, көпшілік онша қызыға қоймайтын кәсіп түріне бет бұрып, сол арқылы пайданың көзін тапқан жас кәсіпкердің алға қойған жоспарлары көп. Келешекте суши, роллы, пиццадан басқа да тағам түрлерін батысқазақстандықтарға ұсынғалы отырған ол бұл туралы әзірге тіс жармайтынын айтты. «Себебі осы мақаланы оқығандар идеямды ұрлап кетуі мүмкін. Оның өзі, біле білгенге, ақша ғой», — дейді ол…

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button