Экономика

Әзірге 35 адам кәсіпкерлік негіздерін үйренді

Кәсіпкерлік

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының бастамасымен жүзеге асырылатын «Жаңа кәсіпті ашуды қолдау» жобасы биыл да жалғасын тапты. Өз кәсібімді бастаймын дегендерге бағдарламаның игілігі қандай?

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы облыстық филиалының мобильді кеңесшісі Мейірхан Жанкелдіұлының айтуынша, өткен жылы өз бастауын алған жобаның, әсіресе, жастарға берері мол. Мұндағы басты мақсат — бойында кәсіп жүргізуге қабілеті бар ақтөбеліктердің шеберлігін шыңдау, олардың өз ісін бастауына сеп болу. Ұйымдастырушылар ниетті жандарға кәсіби мамандар ақыл-кеңесін де беретінін айтады. Бірақ арнаулы курстан екінің бірі өте алмайды.

— Бұл жоба 2016 жылдың басында біздің қордың ұйытқы болуымен қолға алынды. Өйткені, қай уақытта болсын, бізге келіп, жөн сілтеуімізді сұрайтындар көп. Ал олардың барлығын бірдей қамтып, сұрақтарға түгелдей дерлік жауап беру мүмкін емес. Оның үстіне, ынталы топқа кіретіндердің көпшілігі әрқилы мәселелерімен келіп жатады, әрқайсысымен жеке-жеке жұмыс істеу керек. Сондықтан біз осындай жобаны ұсындық.

Ең алдымен жобаға қатысу үшін бизнес-идеяңызды дайындап әкелуіңіз шарт. Одан кейін ғана «Даму» қоры өтінімдермен егжей-тегжейлі танысып, арнайы іріктеу жүргізеді. Басым бағыттар — экономикалық, әлеуметтік, экологиялық жобалардың авторлары кәсіпкерліктің алғышарттарын меңгеру үшін курсқа қабылданады. Бұл жобасы талапқа сай болмағандар тыс қалады деген сөз емес. Оларға қайтсе жобасын тиімді етудің жолдары көрсетіледі. Яғни олар жұмысын одан сайын жетілдіріп, кейіннен тағы да қатыса алады, — дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы облыстық филиалының мобильді кеңесшісі Мейірхан Жанкелдіұлы.

Тек 18 жастан асқандар қабылданатын жоба аясында былтыр 116 адам білімін жетілдірген. Ал биыл олардың саны — әзірге 35. Әр тоқсан сайын өтетін бағдарламаның кемінде 2-3-і жыл соңына дейін ұйымдастырылады.

Мейірхан Жанкелдіұлының сөзіне қарағанда, жобаға қатысушыларды әрқайсысы 6 академиялық сағаттан тұратын 3 күн бойы оқытады. Оның барысында тоқсан сайын жер-жерден білікті мамандар шақыртылып, келушілерге бизнес-идеяны құрудың қыр-сыры, кәсіпкерлік негіздері, шағын және орта бизнесте кездесетін қиындықтардан ұтымды шығудың жолдары, құжаттарды қалай толтыру керектігі, т.б. үйретіледі.

— Әрине, қатысамын деушілердің қатары аз емес. Өйткені жыл санап кәсіпкерлікпен айналысамын дегендердің саны өсіп келеді. Өз-өзіне жұмыс істегісі келетіндердің болашақта бұдан да көп болатыны даусыз.

Мысалы, былтыр біздің курстан өткен 3 адам бүгінде өз кәсібін бастап кетті. Олардың барлығы да халыққа қызмет ету саласында еңбек етіп жатыр, — деп атап өтті «Даму» қорының өкілі.

Жыл басталғалы алғаш рет өткен кезекті курсқа Шығыс Қазақстан облысынан сала маманы Евгений Уткин келіп, жобаға қатысушылармен өз тәжірибесін бөліскен, оларды толғандырған сұрақтарға жауап берген. Жоспар бойынша жобаның жалғасы жазға салым өтпек.

Айта кетейік, соңында екінші деңгейлі банк басшыларынан құрылған жұмыс тобының алдында жобасын сәтті қорғаған адамдарға  несие алу жағынан жеңілдіктер жасалып, олардың кәсіпкерлік нысанын тіркеуге қолдау көрсетіледі. Бұны «Дамудағы» мамандар айтады. Ең бастысы, «Жаңа кәсіпті ашуды қолдау» — үлкен-кішіге тегін жүргізілетін жоба.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button