Білім

Білікті маман даярлау — заман талабы

Ғылым

Елбасы Н.Назарбаев отандық білім беру жүйесін заманауи талаптарға сәйкес жаңғырту қажеттілігіне жете көңіл бөледі. Бұл туралы Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында да «Жоғары білім беру жүйесі сапасына ерекше назар аударылады» деп көрсетілген.

ҚР Аккредиттеу мен рейтингтің тәуелсіз агенттігі (АРТА) ұйымның сарапшысы ретінде еліміздің көптеген жоғары оқу орындарын аккредиттеу рәсіміне қатыстым. АРТА сараптау тобының құрамында жинақтаған тәжірибем, сондай-ақ жоғары оқу орнындағы ұзақ жұмыс өтілім, маған жалпы республикадағы, сондай-ақ өзім еңбек етіп жүрген Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіндегі жоғары білім жайы мен оны дамыту перспективалары туралы бірқатар ойларыммен бөлісуге мүмкіндік береді.

Аккредитацияның маңыздылығы неде: біріншіден, аккредиттелмеген білім беру бағдарламаларына (мамандықтарға) ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан білім гранттары бөлінбейді; екіншіден, биылдан бастап білім туралы мемлекеттік үлгідегі дипломдар тек аккредиттеуден өткен білім беру бағдарламаларының бітірушілеріне ғана берілетін болады; үшіншіден, аккредиттелмеген мамандықтарға академиялық ұтқырлық және шетелдік ЖОО-мен бірігіп қосдипломдық оқыту бағдарламаларын жүзеге асыру қиын.

Демек, аккредиттеуден өту — әлемдік білім беру кеңістігіне ену үшін қажет жұмыс сапасын қамтамасыз етудің міндетті шарты.

Бүгінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің 46 білім беру бағдарламасы (65%) АРТА тарапынан аккредиттеуден өткен. Болашақта қалғандарын осы сынақтан өткізу, содан кейін білім бағдарламаларын шетелдік агенттіктер арқылы аккредиттеу мәселесі тұр.

Халықаралық байланыстардың нығаюы ұлттық білім беру жүйесін дамытуға ықпал етеді, біздің ЖОО-ын әлемнің жетекші университеттеріндегі білім сапасымен салыстыруға мүмкіндік беретін стандарттарға жетуге ынталандырады.

Аталған міндеттерді жүзеге асыру үшін университет ұжымының бар қызметі талантты ғалым-ұстаздардың, талапты  магистранттар мен докторанттардың күш-жігерін тоғыстыру негізінде бәсекеге бейім маман даярлау ісін түбегейлі жақсартуға бағытталуы тиіс.

Бұл ретте ағылшын тілін білу және оқудың бір бөлігін шетелдік ЖОО-да халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша өту өте маңызды. Қосдипломдық оқу, яғни біздің студенттер мен магистранттарға екі диплом, мысалы, отандық ЖОО-ның және шетелдік әріптес ЖОО-ның дипломын алуға мүмкіндік беретін бағдарлама енгізу де оң нәтиже беретін болады.  Оның үстіне Болонья декларациясы ЖОО бітірушілердің жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейту және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында біртұтас еуропалық білім кеңістігін құруды көздейді.

Қазір ЖОО үшін өз түлектерінің бойында тек кәсіби біліктілік дарытып қана қоймай, оған қоса іргелі теориялық дайындық пен жеткілікті практикалық дағдылар беретін кең құзыреттілік қалыптастыру аса маңызды. Қазіргі өндіріс саласында бірнеше қызмет, яғни өндірістік, зерттеу және жобалау-құрастыру түрлерін біріктіру үдерісі байқалуда. Осыған байланысты ЖОО ғылымы мен практикасының ролі өзгерді. Олар болашақ маман даярлау процесінде оқу, ғылыми-зерттеу, жобалау-құрастыру қызмет түрлерін бір-біріне кіріктіріп, студенттер бойына қызметтің жаңа түрлерін игеру мен құру тәжірибесін қалыптастыруы тиіс.

Біздегі жоғары білім жүйесінің әлсіз тұсы — бітірушілердің  практикалық дайындығының кемшіндігі. Сондықтан білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында осы кемшілікті түзету міндеті қойылған.  Ол үшін маман даярлау барысында жұмыс берушілердің пікірлері мен ұсыныстарына жете көңіл бөлген жөн.

Кадрларға деген сұраныс жайы туралы сөз қозғағанда  мынадай ойларыммен бөліскім келеді. Әдетте ЖОО бітірушілерінің сұранысқа ие болу көрсеткіші ретінде олардың жұмысқа орналасу пайызы алынады. Менің ойымша, бұл — біржақты, ЖОО тұрғысынан көзқарас. Бұл мәселеге деген мемлекеттік көзқарас нақты маманға деген сұранысты қанағаттандыру төңірегіне шоғырлануы тиіс. Тіпті бітірушілер барынша жұмысқа орналасқан кезде де сұраныс қанағаттандырылмауы немесе жартылай қанағаттандырылуы мүмкін. Мысалы, біздің батыс өңірінде педагогикалық кадрларға деген сұраныс өте жоғары. Облыстық білім басқармасының тапсырысына сәйкес, 2016-2017 оқу жылында бірқатар мамандықтар бойынша мұғалімдерге деген сұраныс бітірушілер санынан асып түсті. Әсіресе, жаратылыстану-математика пәндерін ағылшын тілінде жүргізетін мұғалімдерге деген сұраныс өте жоғары. Ал мұғалім жетіспей жатқанда университетіміздің жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар бағытындағы педагогикалық емес мамандықтарының бітірушілері сұранысқа ие болмай отыр. Облыстың, жалпы республиканың да, жалпы білім беретін мектептер құрамындағы шағынкомплектілі мектептер үлесінің көп болуы бұл мәселені одан әрі ушықтыра түседі. Бұл жағдайдан шығу жолын біз мұғалім даярлауда біртектес мамандықтарды біріктіруден көреміз. Біріншіден, университеттік сұранысы жоқ аттас мамандықтарды педагогикалық мамандықтармен біріктіру; екіншіден, педагогикалық мамандықтарды бейін бойынша біріктіру. Мысалы, математика және физика және т.б. Соңғысы шағынкомплектілі мектеп мұғалімдерін толық жүктемелі жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік берер еді.

Педагогикалық кадрлардың сұранысқа ие болуы олардың көптілділілік деңгейіне тікелей байланысты. Бітірушінің ағылшын тілін меңгеру деңгейі оның бәсекеге қабілеттілігінің маңызды өлшемдерінің біріне айнала бастады. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, Білім және ғылым министрлігінің 2014-2018 жылдарға арналған стратегиялық жоспарына сәйкес, осы жылдан бастап барлық мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу ұйымдарында кезең-кезеңмен қазақ, орыс, ағылшын тілдерінің оқытылуымен көптілді білім беру бағдарламасының элементтері енгізіледі. 2019 жылдан бастап орта білімнің мемлекеттік стандартына сәйкес республиканың барлық орта мектептерінде жаратылыстану-ғылыми пәндері ағылшын тілінде оқытылатын болады. Екіншіден, шетелдік инвесторлар қатысуымен жұмыс жасап жатқан мекемелер саны артып келе жатқандықтан, ағылшын тілін меңгерген мамандарға деген сұраныс жаппай өседі. Мәселен, біздің облыста осындай 300-ден астам мекеме бар. Үшіншіден, шетел тілін меңгеру арқасында студенттердің шетелдік жетекші ЖОО-мен және ғылыми орталықтармен халықаралық академиялық ұтқырлығы белсендіріле түсетін болады. Төртіншіден, маман даярлаудың барлық деңгейлері — бакалавриатта, магистратурада қосдипломдық оқыту өзекті бола бастайды. Білім алушылар академиялық ұтқырлық бағдарламасын ойдағыдай жүзеге асырған жағдайда екі диплом алу мүмкіндігіне ие болады, мысалы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің дипломы мен біздің шетелдік серіктес ЖОО дипломы.

Соңғы уақытта елімізде ЖОО-да студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығы үдерісі біршама дамып келеді. Соңғы 3 жыл ішінде 1,7 мың студент пен магистрант шетелдік ЖОО-да білім алды. Ішкі академиялық ұтқырлық бағдарламасы кафедрааралық байланыстар негізінде өрістетілу үстінде. Мұндай келісімшарттар 72 ЖОО-да бар, ол 1100 студентті, 250 магистрантты, 16 докторант пен 360 оқытушыны ішкі академиялық ұтқырлықпен қамтуға мүмкіндік берді. Әрине, 40 мыңан астам ЖОО оқытушылары, 9,5 мың магистранттар мен 500 мыңға жуық студенттер үшін бұл өте аз. Салыстырмалы түрде айтсақ, еуропа ЖОО-да академиялық ұтқырлықпен жалпы студенттер санының 10 пайызға жуығы қамтылған.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 125 жоғары оқу орнының 41-інде педагогикалық, техникалық, жаратылыстану-ғылыми мамандықтарында көптілді білім беру бағдарламалары енгізілуде. Соның ішінде 15 ЖОО-ның 13 педагогикалық мамандықтарында 1200 астам студент оқиды. Бұл көптілді білім беру бағдарламасы республика  ЖОО-ның үштен бірінде ғана жүзеге асырылып жатыр дегенді білдіреді, ол отандық ЖОО-ның әлемдік білім беру кеңістігіне ену қарқынын тұсауламай қоймайды.

Осының бәрі аталған бағдарламаны жүзеге асыру бағытында шұғыл әрекеттер жасау қажеттілігін көрсетеді. Мәселен, бұл әрекеттер төмендегі бағыттар бойынша жүргізілуі мүмкін: оқытушыларды біліктілікті арттыру курстары арқылы қайта даярлау, тұрақты түрде жұмыс жасайтын ағылшын тілі курстарын ұйымдастыру, арнайы пәндерді ағылшын тілінде жүргізетін арнайы кафедралар оқытушыларын материалдық ынталандыру, кәсіби бағдарланған шетел тілі оқу пәнін арнайы кафедраларға беру, барлық мамандықтар бойынша көптілді оқу топтарын ашу және т.б.

Білім алушылар контингенті — ЖОО қызметі табыстылығының басты индикаторы. Контингент арқылы жоғары оқу орнының қаржылық жағдайы мен оның тұрақтылығын, профессор-оқытушылар құрамының, материалдық-техникалық базасының сапасын және т.б. бағалауға болады. Біздің университеттің білім алушылар контингенті мен республикадағы ЖОО-нан ортақ бірқатар тенденцияларды байқауға болады. Атап айтсақ, студенттер саны азайып келеді. Мәселен, егер еліміздегі ЖОО-да  білім алушылар саны 2013-2014 оқу жылындағы 606,1 мың адамнан 2015-2016 оқу жылындағы 489 460 адамға дейін (116 640 адамға аз) азайса, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде соңғы 8 жыл ішінде студенттер контингенті екі есеге дейін азайып кетті. Көптеген ЖОО-да Білім және ғылым министрлігінің білім гранттары негізінде оқитын студенттер саны республикалық көрсеткішке (27 пайыз) жетпейді. Мысалы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде ол жалпы білім алушылар контингентінің бар болғаны 22 пайызын ғана құрайды. Бакалавриатта Білім және ғылым министрлігінің білім гранттары негізінде түскендердің 98,3 пайызы, магистратурада 1,7 пайызы және докторантурада 0,01 пайызы оқиды. Бұл көрсеткіштер университетте магистранттар мен докторанттар даярлау бағдарламасы іс жүзінде жүзеге асырылмағандығын көрсетеді. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті жағдайында осы келеңсіз тенденцияларды мынадай шаралар қабылдау арқылы тұсаулауға болар еді. Біріншіден, кейбір педагогикалық мамандықтарға студенттер қабылдауды көбейту. Мысалы, еліміздің мектепке дейінгі ұйымдарында еңбек ететіндердің бар болғаны 60,7 пайызының  ғана жоғары білімдері бар. Сондай-ақ мектепке дейінгі ұйымдарды  кәсіби білімі бар педагогикалық кадрлармен қамтамасыз ету де проблема болып отыр. Мектепке дейінгі ұйымдар педагогтарының тек 34,8 пайызының ғана «Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу» мамандығы бойынша жоғары кәсіби білімі бар.  Демек, бірінші кезекте барлық педагогикалық мамандықтар бойынша магистратура ашу қажет. Өйткені Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес бейіндік кластарға (10-12) «Білім магистрі» дәрежесі бар мұғалімдер ғана сабақ беруі тиіс. Университетте 9 мамандық бойынша докторантура және докторлық диссертациялар (PhD) қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестер ашу мүмкіндіктері бар. Нәтижесінде университет өз-өзін жоғары білікті жас кадрлармен қамтамасыз ете отыра, ПОҚ табиғи қартаюының жағымсыз салдарының да алдын алар  еді.

Маман белгілі бір білімдерді игеріп қана қоймай, сонымен қатар жаңалық іздеу әдіснамасын меңгере отырып, оны өндіріске енгізе алуы тиіс. Осыдан келіп жоғары оқу орындарына белгілі бір талаптар туындайды: оларда студенттерге зерттеу жұмыстарын жүргізуге деген қызығушылық дарытатын ғылыми бағыт белсенді түрде дамуы тиіс. Студенттердің зерттеу жобаларына кеңінен қатысуы, ғылыми конференциялар мен семинарларда баяндама жасаулары олардың оқытушы-зерттеуші ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Мысал үшін айтар болсақ, біздің университеттегі өзім жетекшілік ететін ғылыми зертханадағы жас әріптестерім дәл осындай кәсіби өсу жолынан өтті. Соңғы курс аяғына таман олардың көбінде ондаған ғылыми мақала мен тезистер болды. Олардың осындай зерттеуге деген белсенділігі аспирантурада, магистратурада, докторантурада оқу кезінде жалғасын тауып, ғылыми диссертацияларын сәтті қорғауына себеп болды. Қазіргі кезде олар ғылыми топ құрамында Білім және ғылым министрлігінің  гранттары берілген  ғылыми жобаларды орындау үстінде. Әрқайсысының беделді шетелдік басылымдарда жарияланымдары бар, ағылшын тілін еркін меңгерген олар университетте және Ақтөбе қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектептерінде жаратылыстану-ғылыми пәндерінен сабақ береді. Студенттердің ғылыми жұмыстарға қатысуы оқытушылардың да белсенділігін арттырады. Осылардың бәрі білім, ғылым және өндірістің  кірігуіне жұмыс жасайды, сонымен бірге инновацияларды белсенді түрде енгізуге мүмкіндік беретін мекемелермен бірлескен қолданбалы зерттеулер жүргізуге қажетті жағдайлар туғызады.

Жалпы, біздіңше ЖОО-ның ғылыми қызметін жақсарту үшін мынадай шаралар қабылдау маңызды: ғылымды Білім және ғылым министрлігі желісі бойынша базалық қаржыландыру, инновациялық технологиялар паркін ашу және қолданыстағы ғылыми орталықтар мен институттар қызметін технопарк маңына топтастыру, технопарк базасында патенттеу және сертификаттау бюросын, арнайы конструкторлық бюро мен шеберханалар ашу, оқытушылардың ғылыми қызметін Scopus және Thomson Reuters халықаралық мәліметтер базасынан алынатын Хирша (h-индекс) сілтемелеу индексі бойынша ынталандыру, ғалымдарды инновациялық жобалардың менеджменті мен инновациялық өнімдердің маркетингісіне оқыту және т.б.

Кәсіби маман даярлау —  басты міндет. Сол себепті, бар күш-жігерімізді осы мақсатқа жұмсауға тиіспіз.

Қ.ШҮҢКЕЕВ,

 Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік

мемлекеттік университетінің профессоры,

Ақтөбе қаласының құрметті азаматы.

Басқа жаңалықтар

8 Comments

  1. Мақалада қазіргі жоғары оқу орындары алдында тұрған өзекті мәселелер қозғалған. Атап айтқанда, аккредиттеудің маңыздылығы, академиялық ұтқырлық, жоғары білікті маман даярлау тетіктері, көптілді білім беру үдерісі, инновациялық паркін құру мәселелері сөз етілген.
    Өте орынды жазылған мақала.

  2. Мақала авторы Қуанышбек Шүңкейұлын бұрыннан білемін. Нағыз ғалым, ұлағатты ұстаз, білікті басшы. Осындай ерлері бар қазақ халқы ешқашан жойылмайды.

  3. Мақалада Қазақстандық жоғары оқу орындарының әлемнің алғы университеттерінің қатарына кіру үшін негізгі мәселелері қарастырылған. Соның ішінде – аккредиттелу, көптілді білім беру, қосдипломдық білім алу. Қуанышбек Шүңкейұлы өзі жоғары білім беру саласында көп жылдар бойы еңбегін сіңірген соң, жан-жақты, мамандықтарға, университет контингентіне, ғылым даму жөнінде мәселелерге өз пікірін жазған. Өте жақсы, жүйелі талдау жасалынған. Елімізде осындай Қуанышбек Шүңкейұлы секілді құзыретті маман, ғалым, ұстаздар көп болса, Қазақстанымыз алға басып, университеттеріміз алғы 50 жоғары орындар қатарына енеді деп ойлаймын!

  4. Мақалада жоғарғы білім берудің сапасын арттырудың өзекті мәселелері қарастырылған. Еліміздің ЖОО еуропалық білім кеңістігіне кіру мақсатында құзыреттілігі кең, бәсекеге бейім мамандарды даярлауға тиісті екендігі айтылған. Қазақстанның жоғарғы оқу орындарының қызметтерін жақсарту жолдары талқыланған. Мақала терең ой тұғызады.

  5. Мақалада білім беру сапасын арттырудың өзекті мәселелері кең қамтылған. Аккредиттелу маңызына баса назар аударылған. Бейіндік мамандықтарды біріктіру де жақсы ой.

  6. Мақалада қазіргі кезде өзекті мәселеге айналған ЖОО-ның жұмысы мен оның оң бағытта даму жолдары айқын көрсетілген. Әрине, болашақта еліміздің өркендеуі үшін, ең алдымен осы өркендеуімізге үлес қосатын, жол салатын жоғары білікті мамандарды даярлау басты орында болуы қажет. Бұл тұста білім беру саласында көп уақыт еңбек еткен аса құрметті профессорымыз Қуанышбек Шүңкейұлының жазган пікір ойлары өте орынды, әрі ой туғызарлық сөздер болып отыр. Ендігі басты мақсат осы жолда дұрыс еңбек ете білуімізде!

  7. Заман талабы – біздің қазақстандық ЖОО- ларды əлемдік кеңістікке таныту, сапалы білім беру. Қуанышбек Щүңкейұлының мақаласында осы мақсатқа жету үшін негізгі мәселелер қозғалған. Мақала авторы тек Қазақстанның жоғарғы білім беру жүйесімен қатар, шетелдік тәжірибені де талдап, жақсы жақтарын алған. Осы мақаланы мен құнды деп санап, көпшіліктің назарына ұсынамын.

  8. Маған өте ұнаған идея – бейін бойынша мамандықтарды біріктіру. Мысалы, мен мектепте физика пәнінің мұғалімі болғанмын, сол себепті менің ойымша, «математика және физика» деген мамандық болса, мұғалім екі пәннен де бере алар еді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button