Денсаулық

Ақтөбеде дәрі арзан!

Ақтөбеде дәрінің бағасы қандай? Шетелден әкелініп жатқан дәрілерге қанша пайыз қосылады? Біз осы жөнінде нақтырақ білмек ниетпен облыстық фармацевтикалық бақылау департаментінің директоры Ринат Құбатаевпен тілдескен едік.

– Ақтөбеде дәрі-дәрмек қисынсыз қымбаттамайды. Дәріханаларда бұрыннан бар дәрілердің бағасы сол күйінде қалады. Ал шетелден енді әкелінген немесе әкелінетін дәрілерге 10-12 пайыз қосылады.

Теңге құнсызданған күні-ақ біз бағаны тұрақтандыру жұмысына кірісіп кеттік. Облыс әкімдігінде бағаны тұрақтандыруға арналған үлкен жиын болды. Ақпанның 10-ы күні облыстық әкімдік, «Нұр-Отан» ХДП Ақтөбе облыстық филиалы мен фармацевтер Меморандумға қол қойды.

Онда тұрғындардың сұранысына ие 100 түрлі дәрінің бағасы қалыпты болатындығы көрсетілген. Бұл дәрілер барлық дәріханаларда сатылуы керек. Сонымен қатар олардың тізімі барлық дәріханалардың көзге түсетін жерінде ілініп тұруы тиіс, – дейді Ринат Әменұлы.

Бекітілген бағамен сатылатын дәрілердің арасында түрлі ауруларда (асқазан, жүрек, т.б.) жиі пайдаланылатын дәрілер бар. Мысалы, аспирин (8 теңге), валидол (22 теңге), карлон (220 теңге), фуросемид (10 теңге), тобрадекс (635 теңге).

– Осы 100 дәрімен бірге «Нұр-Отан» ХДП ұсынған 56 дәрі бар. Олардың да бағасын бақылап отырмыз.

Дәрілердің бағасын облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова қадағалап отыр. Сара Қайыржанқызына облыстық фармацевтикалық бақылау департаменті апта сайын есеп беріп отырады. Қазір баға қалыпты. Дегенмен теңге құнсызданғаннан кейін бағаларын күрт қымбаттатып жіберген дәріханалар жоқ емес. Мысалы, «Желдорфармация» ЖШС, «Эмити Ритейл» және «Еврофарма» дәріхана желілерінде дәрілер шамамен 25 пайызға қымбаттаған.

– Шағын және орта кәсіпкерлерді тексеруге мораторий жарияланды. Соған байланысты біз дәріханаларды көп тексере алмаймыз. Теңге құнсызданғаннан кейін 76 нысанға тексеру жасадық.

Шектен тыс бағаны қымбаттатып жатқан дәріханалар болса, оларды тексеріп, тиісті шара қолданамыз. Мұндай дәріханаларды байқаған тұрғындар 55-09-76, 56-62-19 сенім телефондарына хабарласуларына болады.

Биыл Денсаулық сақтау министрлігі Ақтөбе облысында тендер өткізді. Тендерді үш фирма «Медикус центр», «Медсервис плюс», «Стофарма» ұтып алды. Республикалық бюджеттен 5 жасқа дейінгі балалар (26 642 мың теңге), жүкті әйелдер (33, 875 теңге) тегін дәрімен қамтамасыз етіледі. Облыс басшысының қолдауымен Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғалар ақысыз дәрі алады. Сонымен қатар олар коммуналдық төлемдерден де босатылды. Бұл істе Ақтөбе өзге облыстарға үлгі болып отыр, – дейді департамент директоры.

Ол елімізге дәрілер 100-ге жуық шетелден әкелінетіндігін айтады. Дәрілердің 90 пайызы шетелден тасылады екен. Қазір облыста 362 дәріхана бар. Оның 200-ден астамы Ақтөбе қаласында орналасқан. «Актюбфармцентрдің» 21, «Желдорфармацияның» 14 дәріханасы, «Қазынафарм» фирмасының 6 дәріханасы бар. Ринат Әменұлы дәріханалары көп фирмаларда  баға арзан болатындығын айтады.

– Қазақстанда 10 мыңнан аса тіркеуден өткен  дәрі-дәрмек бар. Олардың барлығының бірдей бағасы қымбаттамайды деп ешкім уәде бере алмайды. Сонымен қатар барлық дәріханада дәрінің бағасы бірдей болуы мүмкін емес. Бұл – заңдылық. Себебі еліміз бойынша дәріханалардың 95 пайызы – жеке қолда. Қалғаны ғана мемлекеттің иелігінде.

Дәрінің түпнұсқасы болады. Мұндай дәрілер қымбатқа түседі. Ал генерикалық дәрілер олардан әлдеқайда арзан болады. Фармацевтер тұтынушыға міндетті түрде кеңес беруі керек. Егер бір дәрі қымбат болса, емдік қасиеті бірдей басқа дәрілерді көрсеткені дұрыс.  Генерикалық дәрілердің басты ерекшелігі – аты басқа және бағасы арзан. Бірақ емдік қасиеті, құрамы, грамына дейін бірдей болады. Мысалы, аспириннің Қазақстаннан, Ресейден, Германиядан шығарылған түрі бар. Германияда шығарылған аспирин қымбат. Кем дегенде 200 теңге тұрады. Ал Ресейдікі – 20-25 теңге, Қазақстандікі тіпті арзан, – дейді Ринат Құбатаев. Ол басқа өңірлермен салыстырғанда Ақтөбеде дәрі арзан екендігін айтады. Оның себебін Ақтөбеде көтерме саудамен айналысатындардың көптігімен түсіндіреді.

– Сонымен қатар біз тоғыз жолдың торабында орналасқанмыз.  Ақтөбе арқылы дәрілер Оралға, Атырауға, Ақтауға тасымалданады.

Бізде бәсекелестік көп. Бұл тұтынушы үшін тиімді. Себебі фирманың иелері дәрінің бағасын қымбаттатса, тұтынушы басқа дәріханадан алады. Оның үстіне, дәрі ұзақ сақталмайтыны белгілі. Сондықтан мұндағы фармацевтер шамадан тыс баға қоя алмайды, – дейді департамент директоры. Ол Ақтөбеде сертификатсыз дәрі жоқ екендігін айтады. Кеденнен өтерде әкелінген дәрілер алдымен уақытша сақталатын қоймаларға түсіріледі. Кеденшілер дәрілердің сертификаты көрсетілгеннен кейін кеденнен өтуге рұқсат береді.

– Кейбір дәріханаларда дәрілердің сертификаты болмауы мүмкін. Бұл – жиі кездесетін жағдай. Бірақ бұл дәрілердің сертификаты жоқ деген сөз емес. Дәрілердің сертификаты көтерме қоймада болады. Егер тұтынушы дәрінің сертификатын сұраса, фармацевт оның талабын орындауы керек, яғни қоймадан сертификатты әкеліп көрсетуі тиіс.

Тағы бір айта кететін жайт, шілденің 1-інен бастап еліміздегі барлық мемлекеттік тапсырысты орындайтын ауруханаларда бірыңғай баға болады. Бұл туралы Үкіметтің шешімі шықты. Ақтөбеде де осы мақсатта арнайы қойма ашылады. Дәрі-дәрмектер ауруханаларға осы қоймадан таратылады. Бұл да халық үшін жасалып жатқан игі іс.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button