Спорт

Қазақ спортшылары Универсиаданы екінші орынмен аяқтады

Алматыда өткен қысқы Универсиада ойындарын қазақстандық спортшылар өте табысты аяқтады. Олар 11 алтын, 8 күміс және 17 қола, яғни барлығы 36 жүлдеге қол жеткізіп, жалпы командалық есепте  екінші орынды иемденді.

Сурет almaty2017.com сайтынан

Универсиадада 29 алтын, 27 күміс және 15 қола медаль алған Ресей спортшылары жалпы командалық есепте бірінші орынды иемденді. Екінші орында, жоғарыда айтқанымыздай, Қазақстан тұрса, ал үшінші орынға «жайғасқан» Оңтүстік Корея спортшылары 11 алтын, 5 күміс және 5 қола медаль жеңіп алды. Жалпы, бұл Универсиадаға 57 елдің спортшылары қатысқан болса, солардың ішінде 25 елдің спортшылары жүлдеге ілінді.

Қазақстандық студенттер қысқы Универсиадаға 1993 жылдан бастап қатысып келеді. Осы жылдар ішінде жас қазақ мемлекетінің спортшылары бірнеше рет үздік ондықтан көрінген. Атап айтқанда, 1995 жылғы қысқы Универсиадада жалпы командалық есепте 8-орынға ие болса, 2015 жылы 3-орын иемденген. 2015 жылы өткен жарыста спортшыларымыз бес алтын және алты күміс медаль жеңіп алған еді. Ал Алматыда бұл көрсеткіш Универсиаданың төртінші күнінде-ақ жаңарды. Төрт күннің ішінде қазақстандықтар 6 алтын, 2 күміс және 7 қола медаль алған болатын. Биылғы Универсиадада Жанбота Алдабергенова (фристайл), Галина Вишневская (биатлон), Юлия Галышева (фристайл), Дмитрий Рейхерд (фристайл), Анна Шевченко (шаңғы спорты), Екатерина Айдова (конькимен жүгіру), Денис Никиша (шорт-трек), Павел Колмаков (фристайл) сынды спортшыларымыз бірнеше мәрте жүлдеге ие болды. Галина Вишневская, Дмитрий Рейхерд, Юлия Галышевалар ел қоржынына екі реттен алтын жүлде салды. Мәнерлеп сырғанаудан тәуелсіз Қазақстаннан шыққан тұңғыш Олимпиада жүлдегері және әлем чемпионатының жүлдегері Денис Теннің осы Универсиададағы алтыны, жалпы, Денистің өнер көрсетуінің өзі көрермендер үшін ерекше қымбат болды. Шаңғышы Анна Шевченко бір Универсиадада бес рет жүлдегер атанып үлгерді: бір алтын, бір күміс және үш қола медаль иемденді. Ал хоккейшілеріміз, осымен үш Универсиада қатарынан финалда өнер көрсетті. Бұл да — осы спорт түрінің елімізде қарқынды дамып келе жатқандығының дәлелі.

Иә, бұл Универсиада елімізде қысқы спорт түрлерінің жақсы дамып келе жатқанын көрсетті. Қазақ баласы бұрын мүлде бармаған шорт-трек, фристайл сынды спорт түрлерінен керемет өнер көрсетті. Фристайлдың акробатика түрінен Жанбота Алдабергенова мен Бағлан Іңкәрбек командалық сайысқа түсіп, алтын медаль иемденсе, Жібек Арапбаева күміс жүлде иеленді. Абзал Әжіғалиев, Нұрберген Жұмағазиев сынды шорт-трекшілерімізді де жүлдегерлер қатарынан көргенімізге қуандық. Бұл жүлделер алдағы үлкен жеңістердің басы ғана екеніне сенеміз.

 Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button