Спорт

Қош бол, Универсиада!

Алматыдан арнаулы тілшіміз Жантас Мақсұтов хабарлайды:

Сәрсенбі күні «Алматы Арена» мұз сарайында  ХХVІІІ қысқы Универсиаданың жабылу салтанаты өтті. Шара аясында жүлдеге қол жеткізген спортшыларға, сондай-ақ Универсиада қатысушыларына құрмет көрсетіліп, салтанатты тамашалауға келген көрермендер үшін арнайы шоу ұйымдастырылды.

Сурет almaty2017.com сайтынан

 

Кеш «Ұлы Дала сырлары» атты музыкалық қойылыммен ашылды. Ардақ Балажанова халық әнін орындаса, Жәмила Серкебаева скрипкада Түркештің «Көңілашар», ал «Ұлытау» тобы Махамбеттің «Жұмыр қылыш» күйін төгілтті.

Бұдан соң шара Универсиада ойындарына қатысқан спортшылардың шеруімен жалғасты. Оған 57 елдің туын көтерген 2 мыңнан астам атлет қатысты. Мыңдаған көрермен спорт думанының нағыз батырларын, соның ішінде қазақстандық спортшыларды да ду қол шапалақтап қарсы алды.

Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік опера және балет театрының хоры мен халықаралық конкурстардың лауреаты Әсет Балғазин еліміздің Әнұранын орындағаннан кейін, мінбеге Қазақстан Республикасының Премер-министрі Бақытжан Сағынтаев пен Халықаралық студенттер спорты федерациясының президенті Олег Матицын шақырылды.

— Екі апта бойы әлемнің спорт сүйер қауымы мыңжылдық тарихы бар Алматыға көз тікті. Осы уақыт ішінде әлем Қазақстанды, Қазақстан әлемді жаңаша қырынан таныды. Халықаралық қауымдастық халқымыздың тамыры терең мәдениеті мен қанына біткен қонақжайлығын, үздіксіз даму мен әлемдік бәсекедегі қайратын сезді. Алматы Универсиадасы әлем спортының тарихына өзіндік ізін қалдырды. Алматы Ойындарын 1 милиардтан астам адам тамашалады. Қысқы Универсиада жоғары деңгейде өтті. Универсиада  57 елдің спортшыларын бір жерге жинаған байрақты бәсеке ретінде есте қалады. Аз ғана уақыт ішінде салынған спорттық, мәдени және денсаулық сақтау нысандары, тұрғын үйлер алматылықтар мен қазақстандықтардың игілігіне беріледі, — деді Бақытжан Сағынтаев.

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Халықаралық студенттер спорты федерациясының туын келесі Универсиаданы қабылдайтын Красноярск қаласының мэрі Эдхам Акбулатовқа табыстады.

Ұйымдастырушылар Универсиаданың сәтті өтуіне көп үлес қосқан еріктілерге де алғыс білдіріп, сый көрсетті. Спортшыларды әуежайда қарсы алу, тау баурайында серуендеу, қаламен танысу, спорт додалары, т.б. сәттердегі еріктілердің жұмысы түсірілген фототоптама ерекше әсерлі шықты. Бұл Универсиадаға 20 елден келген 3000 ерікті қатысты.

Универсиада Алауының сөндірілу рәсімі де жабылу салтанатындағы маңызды сәттердің бірі  болды.

Универсиаданың жабылу салтанаты Әли Оқапов пен Дастан Оразбековтың орындауындағы «Алау» әнімен аяқталды.

 Жантас МАҚСОТОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button