Ауыл

Техниканың 80 пайызы тозған

 «… Бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау керек…»

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың

«Қазақстанның үшінші жаңғыруы:

жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауынан.

Елбасының биылғы халыққа арнаған Жолдауында алдағы бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативке тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау турасында Үкімет пен әкімдер алдына нақты тапсырма жүктелді. Жақында облысымызға келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Сапархан Омаров Ақтөбедегі ауыл шаруашылығы колледжінің ұжымымен, оқушылармен кездесу сәтінде, Жолдауға жан-жақты тоқталып, әсіресе ауыл шаруашылығы саласына қатысты жерлерін ұғынықты тілде түсіндіріп берді.

— Жолдаудың төртінші басымдығында аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналу керектігі айтылады. Әрине, еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор. Елбасы өз сөзінде көптеген позициялар бойынша Қазақстан экологиялық таза тағамдарға қатысты әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола алатынын, «Made in Kazakhstan» бренді сондай өнімдердің эталоны болуға тиіс екенін айтты.

Қазақстандағы ауыл шаруашылығындағы ең үлкен проблемалардың бірі — майда шаруашылық. Бүгінгі күні ет, сүт, көкөніс өнімдерінің 80 пайызы жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермаларда шығарылып жатыр. Бүгінгі күні елімізде  жеке үй шаруашылықтарының саны 1,5 миллион болса, шағын фермерлік қожалықтардың саны — 185 мың. Біріншіден, ондай шаруашылықтар бірікпегендіктен, Үкіметтің қолдауын ала алмайды, алу қиын. Екіншіден, өзінің шығарған өнімін әрі қарай сата алмайды. Себебі, шаруашылық шағын әрі  қосалқы болғандықтан, қаржыландыруға қол жеткізуі қиын. Мұндай шаруашылықтарда шығарған өнімді сақтайтын жер болмайды әрі  өнімді әрі қарай тасымалдауға мүмкіндігі бола бермейді. Бір мысал айтайын. Жамбыл облысында пияз еккен кішігірім қожалықтар жыл сайын өз өнімдерін Ресейге тасымалдап отырған. Былтыр олар өнімдерін Ресейге шығара алмай қалды. Себебі, өнімді теміржол арқылы тасымалдаудың тарифі жоғарылап кеткен. «Қазақстан темір жолы» компаниясымен сөйлескен екен, олар «Біз сендерге бағаны бірігіп келген жағдайда ғана түсіре аламыз. Себебі екі аралық шалғай. Сондықтан бір-бірлеп келмеңдер», — деген. Ал оған бірігіп келетін адам жоқ. Өйткені әрқайсысы пиязды өз алдына жеке-жеке өсірген. Сондықтан бүгінгі күні  жеке шаруалардың, кішігірім фермерлік қожалықтардың бір кооперативке бірігіп,  іс жүргізуі әлдеқайда тиімді болмақ. Олар бірігіп сол жерден қойма салуы керек, техникаларды жаңалауы қажет. Қазір елімізде техниканың 80 пайызы әлі жаңаланбаған. Бұл — бұрынғы ескі техника. Техниканы жаңаламай, ауыл шаруашылығы саласында  алатын өнімнің шығымдылығы көп болады деп айта алмаймын, — деді Мәжіліс депутаты.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button