Билік

Болашаққа бағдар

Өткен 2009 жылы облысымыздағы ішкі саясат саласында бірқатар жетістіктерге қол жетті. Оның айқын бір мысалы — Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасының еліміздегі үздік мемлекеттік орган ретінде танылуы.

28 желтоқсанда облыс әкімі Елеусін Сағындықов басқарма бастығы А. А. Мырзалинге салтанатты жағдайда атаулы марапатты тапсырды.

Біз басқарма бастығы Ахат Мырзалинді әңгімеге тартып, өткен жылғы атқарылған істермен алдағы кезеңнің назар аударылып отырған міндеттері туралы сұрағанбыз.

— Ахат Ахметұлы, ең алдымен сізді басқарма басшысы ретінде жоғары марапатпен құттықтағымыз келеді.

— Рахмет. Біздің облысымыздың жастар саясатын жүзеге асыру саласында үздік аталуын жекелеген адамдардың немесе басқарманың табысы деп қарауға болмас.

Бұл, меніңше, тұтастай қарастырылатын еңбек. Облыс әкімі Елеусін Сағындықов жастармен жұмыстың бір күндік тірлік еместігін тереңнен ұғынып, бес жыл бойы оқу процесінде еңбек тәрбиесі факторын күшейтуге, дарынды балаларды ынталандыруға байланысты мақсатты түрде қолға алынған саясаттың ұйытқысы болып келеді.

Менің бұл қызмет тізгінін ұстағаныма бір жылдай уақыт болды, ал өз әріптестерім тарапынан олардың қолдауын әр сәтте де сезініп отырамын. Облыс әкімінің бізге жетекшілік ететін орынбасары Сара Нұрқатова ішкі саяси блок мәселелерін ерекше бақылауда ұстайды. Менің алдымда осы орында қызмет еткен, облыс әкімінің қазіргі аппарат жетекшісі Константин Петров та бізбен байланысын үзген емес. Осындай «жұмыла көтерген жүк» өз жемісін беруде.

2009 жылы 5 мамырда облыс әкімі еңбек маусымын ашарда «Атамекен» студенттік құрылыс отряды штабына жауынгерлер санын 5 мың адамға дейін жеткізіп, жұмыс көлемін 500 миллион теңгеге дейін атқаруды тапсырды.

Ақтөбе облысының студенттік отрядтары Қазақстанда бірінші болып жазғы еңбек семестрінде жұмысқа кірісті. Былтырғы жылы студенттік отряд жауынгерлерінің саны 5 мың адамнан асты. Ал 2005 жылы студенттік құрылыс отрядтары мен «Жасыл ел» көгалдандыру жасақтарында мыңнан астам ғана жастар еңбек еткен еді. Бес жыл ішінде атқарылған жұмыстар көлемі 3 млрд. теңгеден асты.

Студенттік отрядтар «Бірлік пен Келісім» сулы-жасыл бульвары, «Мега Ақтөбе» сауда ойын-сауық кешені орталығы, «Болашақ» шағын ауданы, Ақтөбе қаласындағы және облыс аудандарындағы мектептер мен ауруханалардың  құрылыстарына қалай белсенді түрде қатысқанын жұртшылық жақсы біледі.

Еңбек маусымы аяқталғаннан кейін студенттік отрядтардың жұмыс қорытындыларын шығару дәстүрге айналды. Отрядтар атқаратын жұмыстардың әрқилылығына байланысты марапатталатын категориялар ауқымы кеңейтілді. Егер 2008 жылы еңбек маусымы нәтижесі бойынша 2 жеңіл көліктің кілті берілсе, былтыр «Жыл топ бастаушысы» номинациясында 5 жеңіл көлік иелерін тапты. Олардың қатарында Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің жастар ұйымдарының жетекшілері, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, байланыс және электротехника колледждері ұжымдары, Ақтөбе политехникалық колледжінің бір студенті болды.

Сонымен бірге облыс әкімі атынан «Үздік командир», «Үздік жауынгер», «Белсенді командир», «Белсенді оқу орны» номинациялары бойынша 100 ұялы телефон, 38 ноутбук, 8 сандық фотоаппарат және Астана қаласына 40 жолдама тапсырылды.

— Дегенмен жастар саясаты саласындағы жұмыстар жазғы еңбек семестрімен тұйықталып қалмайтын шығар?

— Әрине. Біздің облысымыздың бұл реттегі жинақталған тәжірибесі елеулі деп айтуға болады.

Біз талантты және болашағынан үміт күтерлік жастар мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары тарапынан нақты қолдауды сезініп отыратын санаулы аймақтардың бірі екендігімізді айта аламыз.

Бұл үшін мысал іздеп алысқа барудың қажеті жоқ, жас ғалымдар мен студенттердің облыс әкімінің атаулы стипендияларымен мадақталып отырылуы ізгі дәстүрге айналғандығын айтсақ та жеткілікті.

Өткен жылы ғылыми жетістіктері үшін 5 жас ғалымға әрқайсысы 300 000 теңгеден облыс әкімінің сыйлығы берілді. Жоғары оқу орындарының күндізгі бөлімінің белсенді, оқу үздіктері — 40 студент 120 000 теңге мөлшерінде атаулы стипендия алды. 138 студентке оқу орнындағы оқудың жылдық төлемақысына байланысты 100 000 теңгеден 280 мың теңгеге дейінгі мөлшерде гранттар тапсырылды.

2009 жылы бірінші рет колледждер мен лицейлердің үздік оқушылары осындай марапаттауларға ие болды.

Үміткер стипендиаттардың кандидатуралары оқу кеңестерінде талқыдан өтіп, жоғары оқу орындарының басшылары тарапынан ұсынылды. Облыс әкімі жастармен жұмыс барысында әлеуметтік жағынан қарауды үнемі назарда ұстайды.

Оқудың күндізгі формасында білім алушылар мен тәрбиеленушілер үшін қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруді қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен 2007 және 2008 жылдары 123 млн. теңге бөлінді. Облыстағы 25 спорт мектебінде балалар мен жасөспірімдер секциялары тегін жұмыс істейді, 192 кітапхана, 173 мәдениет үйі, 31 көркем сурет лицейлері мен өнер мектептері ақысыз қызмет көрсетеді, 4 облыстық театр мен филармония, сондай-ақ жеке мекемелер жастардың бос уақытын өткізуде шараларға 50 пайыздық жеңілдік жасайды. Бұл жастар проблемасын шешуге тек мемлекеттік органдар ғана емес, бизнес өкілдері де ынталы екенін көрсетеді. Сондықтан жастарға қолдау көрсетіп отырған барлық әріптестеріме алғысымды білдіремін.

Басқару жұмысының кейбір тұстарына да тоқтала кеткім келеді. Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясат, ҚР Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың қызметі туралы халықты хабардар ету біздің жұмысымыздың басты бағыттарының бірі болып табылады. Облыста атқарушы органдардың, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Дағдарыстан — жаңару мен дамуға» Жолдауын, Үкіметтің дағдарысқа қарсы іс-қимылын, мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарын насихаттау және түсіндіру жөніндегі ақпараттық-насихаттық топтар мүшелерінің үйлесімді жұмысы жүргізілуде. 2009 жылы ақпараттық-насихаттық топтар 6320-дан астам лекция оқып, 6467 кездесу, дөңгелек столдар және басқа шаралар өткізді.

Облыстық ішкі саясат басқармасы және оның құрылымдық бөлімдері облыстағы қоғамдық-саяси жағдай туралы үнемі мониторинг жүргізіп отырады. Талдау көрсеткендей, бізде қоғамдық-саяси жағдайдың тұрақты қалпы сақталуда.

Әлеуметтік зерттеулер мәліметтері көрсеткендей, облыс тұрғындарының басым көпшілігі Елбасы жүргізіп отырған саясатты, Үкімет пен жергілікті билік органдарының іс-қимылын қолдайды және оның нәтижесін сезінуде.

Облыстық ішкі саясат басқармасы саяси партиялар, этномәдени бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар, діни бірлестіктер, кәсіподақтар өкілдерімен, облыс тұрғындарымен тұрақты байланыста. Облыста 9 саяси партияның филиалы жұмыс істейді. Олардың арасында «Нұр Отан» ХДП-ның беделі жоғары.

2009 жылы бізде облыстық қоғамдық-саяси кеңес құрылды. Кеңес құрамына саяси партиялардың облыстық филиалдарының өкілдері енді. Кеңес жұмысы облыстың саяси күштерінің пікірлері мен ұсыныстарын тыңдауға мүмкіндік берді. Кеңес қызметіне алдағы уақытта да ерекше мән беретін боламыз.

Қазіргі кезде 100-ге жуық үкіметтік емес ұйымдар белсенді жұмыс істеуде. Үкіметтік емес ұйымдар өкілдері облыстық әкімдік жанындағы мемлекеттік органдардың қоғамдық бірлестіктермен өзара байланыс жөніндегі кеңес құрамында жұмыс істейді.

Облыстық ішкі саясат басқармасы жыл сайын әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыру жөнінде ашық конкурс өткізіп келеді. 2009 жылдың 21 тамызында үкіметтік емес ұйымдардың облыстық конференциясы өткізілді, онда үшінші сектордың соңғы екі жылдағы даму қорытындысы шығарылып, орта мерзімді перспективалық міндеттер белгіленді.

2009 жылдың 23-24 қарашасында Астанада өткен IV Азаматтық форум мемлекет пен азаматтық қоғам институты арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосымша күш берді.

Биылғы жылы облыстық ішкі саясат басқармасы мен үкіметтік емес ұйымдар арасында өзара байланыс пен ынтымақтастық жоспарын кең көлемді кәсіби негізде жасау, бюджеттік бағдарламаларға мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты енгізу жөніндегі жұмысты жалғастыру міндеті тұр.

Облыста 90-ға жуық ұлттың өкілі тұрады, 17 этномәдени бірлестік жұмыс істейді.

Қазақстан халықтарының Ақтөбе облысы бойынша Ассамблеясының және этномәдени бірлестіктердің жұмысы ұлтаралық бірлік пен келісімді сақтауға және нығайтуға, облыста тұратын азаматтарды патриоттыққа тәрбиелеуге бағытталған. Этномәдени бірлестіктер облыста өткізіліп жүрген көптеген қоғамдық маңызды мәдени шаралардың бастамашысы болуда. 2009 жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысының қатысуымен Достық үйі ашылып, ұлтаралық қатынас пен мәдени байланыстың орталығына айналды.

Ұлтаралық келісім үлкен жетістік болып табылады.Тәуелсіздік жылдарындағы басты жетістік деуге де болады.

Облыста 109 діни ұйым, төрт елден 16 шетелдік миссионер жұмыс істейді. Бір қуанарлығы, облыста діни негізде ешқандай шиеленіс тіркелген емес.

Облыстық ішкі саясат басқармасының бастамасымен 17-18 қазанда бірінші рет діни бірлестіктер арасында футболдан турнир өтті. Сондай-ақ «Надежда» Евангел-христиан баптистері шіркеуінде бірінші рет рухани музыка концерті болды.

«Нұр Ғасыр» мешіті және Қасиетті Никольский кафедралық соборымен бірге бірыңғай сәулет кешенін құрап тұрған Бірлік пен Келісім алаңы қала және облыс тұрғындарының рухани бірлігінің символына айналды.

Облыстық ішкі саясат басқармасы «Дін — ХХІ ғасырда» облыстық конкурсын дәстүрлі өткізіп келеді. Конкурстың мақсаты — «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасы Заңын, діннің қазіргі қоғамдағы ролін түсіндіру, діни экстремизмге қарсы тұру.

Облыс халқына діни ағымдардың мәнісін түсіндіру үшін бұқаралық ақпарат құралдарында материалдар жарияланып тұрады. Қазіргі кезде облыста 60 бұқаралық ақпарат құралдары, оның ішінде 42 газет, 7 журнал, 11 электронды БАҚ тіркелген.

Біздің басқарма барлық бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс жасауда.

Мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу үшін өткен жылы 204 миллион 329 мың теңге бөлінді. Мемлекеттік тапсырыс бойынша басқарма 20 БАҚ-пен жұмыс істеді.

Облыстың және бүкіл еліміздің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси өмірін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауда белсенділік танытқандары үшін барлық журналистерге ризамыз.

— Енді дәстүрлі сұрақ: 2010 жылы қандай шаралар жоспарлануда?

— 2010 жыл тәуелсіз Қазақстан үшін теңдессіз тарихи жыл болмақ.

Бұл жылды Қазақстан беделді халықаралық ұйым ЕҚЫҰ-на төрағалық етумен бастады, алда Ұлы Отан соғысының 65 жылдық мерекесі, Конституциямыздың 15 жылдық мерекесі келе жатыр. Бұл шаралардың бәрінде мемлекеттік басқару органдарының қолтаңбасы қалатыны сөзсіз.

Қазақстанды әлемдік қауымдастық үшін әлі де аша түсу, елімізді демократиялық, түсіністікпен қараушы, шыдамдылық пен ішкі келісім үлгісінде көрсету міндеті қойылды. Біздің еліміз барлық халықаралық қауымдастықтың назарында болады.

Жеңістің 65 жылдығы тойланады. Жылдар өтуде. Бірақ Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс маңызы әлем тарихындағы басты оқиға ретінде ешқандай төмендемей, қайта арта түседі. Облыс әкімі бұл ұлы ерлік туралы есте сақтау әрбір ақтөбеліктің қасиетті парызы екенін әлденеше рет қайталап айтып келеді. Ерліктің, патриоттықтың жоғары сезімін, Отанға адал қызмет етудің сирек үлгісі ретінде есте сақтаймыз.

Конституциямызға 15 жыл толса да, біздің Конституциямыздың әлеуеті әлсіреген жоқ. Біз Негізгі Заңға сүйене отырып, мемлекетімізді әрі қарай дамыта береміз.

Жаңа 2010 жыл бізге жаңа міндеттер жүктеп отыр. 1 қаңтардан бастап Қазақстан, Беларусь және Ресей мемлекеттері арасында Кедендік одақ жұмыс істеуде, бұл бірыңғай экономикалық кеңістікке алғашқы қадам болып табылады.

Жаһандану дәуірінде уақыттың жаңа шарттары болатынын ескеруіміз керек және біз оған жауап бере алатындай болуға тиіспіз.

Әңгімелескен Н.ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button