Денсаулық

Абайлаңыз, тұмау!

Өткен жылмен салыстырғанда биыл тұмау ауруына шалдыққандар саны екі есеге көбейген. Осы маусымда 49139 адам жедел-респираторлық аурумен ауырған. Оның 30 647-і балалар. Бұл  өткен жылғыдан 18,3 пайызға артық.

Тұмау ауруының  көбейетін кезі әдетте желтоқсан-наурыз айлары болып саналады. Бірақ биыл тұмау қазан-қараша айында, сәл ертерек белең алды. Бұған ауа-райының құбылуы себеп болса керек.

— Өткен жылғымен салыстырғанда  тұмау ауруына шалдыққандар саны биыл  көп. Ауру, әсіресе, күз айларында өрши түсті. Бұл кезеңде жедел-респираторлық аурумен күніне 900-1000 адам тіркеліп отырды. Қазіргі күні ауру бәсеңдеді.  Қаңтар айы басталғалы бері не бары 267 адам  есепке алынды. Оның 166-сы — балалар. Аурудың тез таралуына ауа-райының да әсері бар. Өздеріңіз  білетіндей, жылымық күндері микро-ағзалар өміршең келеді және тез таралады. Күн аяздағалы бері  тұмауға шалдығушылар саны да азайды. Науқасқа шалдыққандардың арасында өлім оқиғалары тіркелген жоқ.

Алдағы  ақпан-наурыз айларында тағы да аурудың үдей түсуі мүмкін. Сондықтан  әр адам абай болулары керек, — дейді Мемлекеттік санитарлық эпидемиялогиялық қадағалау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша  департаментінің эпидемиолог-қадағалау бөлімінің бастығы Клара Омарова.

Биыл  41 мың адам тұмау ауруына қарсы вакцинамен егілген. Олардың — 11 мыңы, яғни,  халықтың аз қамтылған бөлігі тегін егілді. Вакцинациялау кезеңі күз айларында ғана жүргізілген. Қазір мұндай жұмыстар тоқтатылыпты. Бірақ, дәрігердің нұсқауы бойынша егілуді қажет ететіндерге мүмкіндік бар.

Ал, облыстағы инфекциялық ауруханаларға сыймай жатқан адамдардың бәрі бірдей тұмаумен ауырғандар емес екен.

— Олардың арасында қазіргі күні тек алты адам ғана жедел-респираторлық ауру диагнозымен емделіп жатыр. Ал, қалғандары  бронхит, өкпе қабынуы секілді басқа да науқасқа шалдыққандар. Адамдар ауруханаға түскенде бірден «тұмау тиген» деп тіркеледі. Кейін зерттеле келе олардың басқа ауру екендіктері  анықталып жатыр, — дейді Клара Жебегенқызы.

Сонымен, күннің қақаған аязы тұмау ауруының таралмауына себеп болып отыр. Дегенмен, «Сақтансаң, сақтайды». Әркім өз денсаулығына салғырт қарамай, жылы киініп, өзін күтіп жүргені абзал. Ауырып емін іздегенше, ауырмаудың жолын іздейік.

Асқындырып алмаңыз…

Бұл ауруға шалдыққанда көбіне  аса мән бермей, «әншейін  тұмау ғой» деп жеңіл қарауға болмайды.  Ол асқынып кетсе, тыныс жолын, жүйке жүйесін, қан тамырларын, жүректі ауруға шалдықтырады. Тұмауды қоздыратын вирустар тыныс жолының кілегей қабығында өсіп-өнеді. Тұмау тиген адам аурудың микробын жөтелгенде, түшкіргенде және қақырығы арқылы ауаға таратады. Сондай-ақ, бұл вирус науқастың ыдысы, сүлгісі, қол орамалы, кітабы және сол секілді басқа да нәрселері арқылы жұғып, тез тарайды. Бір мезгілде бір ауыл, өлке, тіпті бүкіл жер жүзі адамдарының жаппай ауруы мүмкін. Бір ауырған адам бір-екі жылға дейін тұмаумен қайтып ауырмайды.

Кейде адамға суық тиіп, тыныс жолының жоғарғы бөліктері қабынып, оның тұмауға ұқсауы да мүмкін. Бірақ бұл тұмау емес. Ол салқын тигенде мұрын, көмей, жұтқыншақтарды жайлайтын басқа микробтардың әрекеті. Тұмау вирусы күн сәулесіне және зарарсыздандырғыштар (хлор, қышқылдар, спирт және т.б.) әсерінен тез жойылады. Сондықтан бөлмелеріңіздің ауасын тазартып, жиі зарарсыздандырып отыру керек.

Тұмау басталғанда адамның денесі дел-сал болып, көңіл-күйі нашарлайды және тағамға тәбеті соқпайды. Бір-екі күннен кейін дене қызуы көтеріледі, басы ауырады, бұлшық еттері сыздап, буын-буыны сырқырайды, мұрны бітеді, дауысы қарлығып, жөтеледі, тамағы қызарып, жұтынғанда ауырады, көзі қызарып жасаурайды. Мұндайда дереу дәрігерге көрініп, емделсе, үш-бес күнде  дене қызуы төмендеп, сауыға бастайды.

Ауру адам жөтелгенде, түшкіргенде аузы-мұрнын қолымен немесе орамалмен жапқаны жөн. Науқастың тек өзіне арналған ыдысы, орамалы, т.б. заттары болуы және олар жиі қайнатылып, жуылуы тиіс.

Халық емі

Жер шарын мекендейтін ересек тұрғындардың 10 пайызы жыл сайын тұмаумен ауырады екен. Жалпы осы ауруды жұқтырмаудың немесе одан емделудің амалы қандай? Ендеше, халық еміне жүгініп көрейік…
Тұмауратқан адам тәулігіне 2 литр сұйықтық ішкені дұрыс. Ол ағзадан вирустың тез шығып кетуіне көмек­те­седі. Сондай-ақ, тұмау эпидемиясы басталған кезде қолды тәу­лігіне 5-6 рет сабындап жуу керек. Бұл тұмаудың жұғуын 2 есеге дейін тө­мендетеді.
Тұмаудың тағы бір емі — бал қосылған сүт. Сондай-ақ, ауырған кезде сүті бар шайға бал қосып, және сүтке сары май қосып ыстықтай ішуге болады.  Бір стакан ыстық сүтке бір шай қасық бал, ұсақталған немесе үккіштен өткізілген сарымсақтың бір бөлігін араластырыңыз. Дәмді болмаса да бұл тәсіл тұмауды бірден жоюға көмектеседі.
Бұл дертке қарсы үйде өсетін өсімдіктерді де пайдалануға болады. Мысалы, алоэ жапырағының сөліне бірнеше тамшы өсімдік майын қосып, мұрынға тамыз­ған жөн. Егер алоэ табылмаса орнына сәбіз шырынын да пайдалануға болады. Тек оған бірнеше тамшы сарымсақ сөлін қосуды ұмытпаңыз.
Мұрныңыз бітіп қалса, пияздың суы да жақсы көмектеседі. Ол үшін таза мақтаны пияздың суына шылап, бірнеше минут мұрын қуысына салып қою керек. Оны күніне 4-5 рет қайталау қажет.
Тазартылған 50 грамдай өсімдік майына сарымсақ (екі-үш бөлігін) пен орташа көлемдегі бас пияздың төрттен бірін майдалап турап, араластырып бір түн қою керек. Ертесіне оны сүзіп, сөлін мұрын қуысына тамызасыз.
5 ас қасық суға шыланған 1 грамм мумие ерітіндісін күніне бірнеше рет мұрынға тамызу керек. Кеңсірік қабынғанда күніне бір рет ертеңгісін ашқарынға 0.2 грамнан ішуге де болады. Бес күн үзілістен кейін ем 3-4 рет қайталанады.

Әзірлеген Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button