Білім

Маман керек, маман!

Деректерге сүйенсек, ауылдық жерлердегі әлеуметтік салаға 26 мыңнан аса маман жетіспейді. Негізінен мұғалімдер мен дәрігерлерге сұраныс жоғары. 2010 жылы жастарды ауылға тарту мақсатында 4 млрд. теңге бөлу жоспарланып отыр. Биылдан бастап ауылдарға әлеуметтік сала мамандарын ғана емес, ауыл шаруашылығы мамандарын тарту жұмысы сарапталып жатыр.

«Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы біздің өңірде қалай орындалып жатқандығы жөнінде нақтырақ білмек ниетпен облыстық білім басқармасы әкімшілік жұмыстар бөлімінің бастығы Шамшат Шалабаевамен тілдескен едік.

Облыс мектептеріне 156 маман қажет. Жаңа оқу жылы басталғанша сұраныс  көбеюі мүмкін. Себебі, зейнеткерлікке шығатын мұғалімдер бар. Түрлі себептерге байланысты жұмыс ауыстыратындар болуы ықтимал. Сондықтан, тамыз, қыркүйекке дейін 300-400 маманға сұраныс болуы мүмкін, — дейді Шамшат Шалабаева.

Ол жастарды ауылға тарту мақсатын көздейтін «Дипломмен — ауылға!» жобасын жүзеге асырудағы біздің облыстың қарқыны жақсы екендігін айтады.

Былтыр тамыз айында облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатованың қатысуымен ауылдық елді мекендегі білім беру ұйымдарын жас мамандармен қамту туралы білім саласы қызметкерлерінің отырысы өтті. Осы жиында жүктелген міндет, тапсырмаларға байланысты жүйелі жұмыс жасалды.

2008-2009 оқу жылының аяғында ауыл мектептеріне 452 маман (жалпы 553) қажет болатын. Жаңа оқу жылында 444 жас еңбек жолын бастады. Олардың 362-сі ауылдық білім беру ұйымдарына жұмысқа орналасты. Осы мамандардың барлығына да мемлекет тарапынан көтерме ақы төленді. Олардың арасында оқу орнын биыл бітірмесе де қаладан ауылға жұмысқа барған мамандар да бар, — дейді Ш.Шалабаева.

Облыстық білім басқармасының қызметкері «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасын орындауда қала, аудан әкімдерінің орынбасарлары, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты, гуманитарлық колледждің өкілдері мен білім бөлімдері  мамандары бірлесіп жұмыс жасағандығын айтады.

Жас мамандарды алдын-ала бөлу кезінде 544 маман сұраныс бойынша жолдама алған болатын. Дегенмен, 79 түлек ауылдық жерлерге еңбек етуге бармай отыр. Мысалы,  Әйтеке би ауданына 3 маман барған жоқ. Оның екеуі — ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері. Бұл мамандар оқу орындарында жас мамандарға бөлініс кезінде табылмады. Ал Ойыл ауданына баруға тілек білдірген 28 маманның 9-ы бармады. Қазір аталған ауданның Амангелді (18 сағат), Теректі (15 сағат) мектептерінде ағылшын тілі пәні жүргізілмей жатыр. Соған байланысты ағылшын тілі мамандығы бойынша оқып жатқан аудан жастарын келесі оқу жылында сырттай оқу бөліміне ауыстырып, жұмысқа шақыру жоспарланып отыр. Байғанинге музыка пәнінің мұғалімі және хореграф мамандары қажет. Хромтау ауданының селолық округтеріне 62 маман қажет болатын. 36 жас маман ауылдық жерлерде жұмыс жасауға келісім-шартқа отырған жоқ. Себебі, олар Хромтау қаласының өзінде жұмыс жасағысы келеді. Ақыры келмеген жастардың орны жоғары және арнаулы оқу орындарындағы сырттай оқу бөлімінде оқитын студенттер мен ауданға көшіп келген мұғалімдерге қосымша жүктелді, — дейді Шамшат Шалабаева.

Ол түлектердің ауылға бармау себебін тұрғын үй, жатақханамен қамту жұмыстарының жергілікті жерлерде әлі де болса өз деңгейінде шешілмеуімен түсіндіреді. Қазірде ауыл мектептері үшін аса қажет мамандар — химия, физика, шетел тілі, дене тәрбиесі мұғалімдері.

Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

  1. Шымкент қаласында маман көп, бірақ жұмыс орны жетіспейді. Мәселен өзім физикпін. Оқу бітіргеніме 2жыл болды. Қайда барып жұмыс жасаймын?

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button