Экономика

Кәсіпкерлер 6 пайыздық сыйақымен 7 жылға 18 миллион теңге несие алды

Жаңа бағдарлама

Биыл елімізде кәсіпкерлік субъектісін қолдауға қатысты 2017-2021 жылдарға арналған жаңа бағдарлама жүзеге асырылмақ. Аталған бағдарлама бойынша кәсіпкерлер 18 миллион  теңгеге дейін несие ала алады. Жеті жыл мерзімге берілетін несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесі — 6 пайыз. Бүгінгі күні жаңа бағдарламаның тиімділігін халыққа түсіндіру үшін аймақта жұмыс тобы құрылып жатыр.

 

«Doing business» және рейтинг

 Қандай мемлекетте болмасын шағын және орта бизнестің дамуының маңызды индикаторы болып табылатын басты көрсеткіш — сол өңірдің  ішкі өнімдегі үлесіне байланысты. Яғни, бұл — өңірде ішкі өнімнің қанша пайызы шағын және орта бизнестің үлесіне тиеді деген сөз.  Өткен жылдың қорытындысы бойынша, аймақта бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда (17,8 пайыз) жоғарылады, яғни — 22,1 пайыз. Оның үстіне, бүгінгі таңда облыста экономикаға қабілетті адамдардың шағын және орта бизнес саласында еңбек ету үлесі — 30 пайыз. Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржанованың айтуынша, бұл көрсеткіштер жыл сайын өсу тенденциясына ие болып отыр. Ол саланың мұндай нәтижеге қол жеткізуін шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың жемісі деп түсіндірді.

Былтыр аймақта Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингісі бойынша  жұмыс жүргізілді. Яғни, осы компанияның сарапшылары әр жылда әр облысты таңдап, нақты жұмыстар жүргізеді. Былтырғы таңдау біздің облысқа түсті. Сарапшылар жұмысының нәтижесінде, 2016 жылы бизнестегі өз ұстанымы бойынша Қазақстан  41-ші орыннан 35-ші орынға көтерілді. Әрине, әртүрлі индикаторлар бойынша жүргізілген сараптау жұмыстарының қорытындысы бойынша еліміздің мұндай рейтингтік көрсеткішке ие болуына Ақтөбенің де бұл саланы жетілдіруде қосқан үлесі зор. Мысалы, қазір «Doing Business» рейтингісінде Ресей — 51-ші,  ал Белоруссия 44-ші орында тұр. Бұл бағытта сарапшылар шағын және орта бизнестің қалыптасып, осы салада өміршең жобалардың жүзеге асуын,  нормативтік актілерді бағалап, олардың тәжірибе жүзіндегі қолданылу тәртібіне қатаң мән береді, — дейді А.Даржанова.

 Құжаттар екі жағдайда кері қайтарылады

 Биылдан бастап елімізде нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы жүзеге асырылады.  Бағдарламаның мақсаты — аты айтып тұрғандай, халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту.

— Қаңтар айының аяғы, ақпанда тұрғындарға жаңа бағдарламаны түсіндіруге күш саламыз. Ол — кәсіпкерлікті қолдаудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы. Бұл бағдарлама бойынша кәсіпкер жылдық сыйақысы 6 пайызбен несие алады. Несие қаражатын қайтару мерзімі — жеті жыл. Бұл бағдарламаға қатысушыларға 18 миллион теңгеге дейін несие рәсімдеуге мүмкіндік бар.  Бағдарлама өткен жылдың 21 желтоқсанында бекітілді. Бүгінгі күні осы бағдарламаның тиімділігін халыққа түсіндіру үшін облыста жұмыс топтары құрылып жатыр. Бағдарлама «Даму» қоры арқылы жүзеге асырылады. Білім, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік сала құрылымдарына тікелей қатысы бар бағдарламаның жүзеге асуына «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының да ықпалы зор болмақ. Біздің міндет — осы бағдарлама жайында облыстың әрбір тұрғыны хабардар болып, қатысуға мүмкіндік туғызу. Жұмыс тобының мүшелері әр ауданға барып, жергілікті халықпен кездеседі.

Әрине, кәсіпкерлердің түрлі бағдарламаларға қатысып, белсенділік танытатыны бізді қуантады. Дегенмен, кейбір кәсіпкерлер несие алудың тәртібін толық түсінбей жатады, яғни кепілдігі жетпесе де, несие алуға ниетті болады.  Бұл орайда мемлекет қаржысының сұрауы барын ұмытпаған абзал. Сондықтан кәсіпкерлердің несие алудағы әр қадамы мемлекет тарапынан талап етілетін әрбір шартқа сәйкес келуі тиіс. Бағдарламаға қатысып, несие алудың да өз тәртібі бар. Ол үшін аймақтық үйлестіру кеңесі жұмыс жасайды. Құжаттарды тапсыру тәртібі бар және оны қарау тәртібі тағы бар, — дейді Анар Даржанова.

Жалпы несие алуға келген кәсіпкердің құжаты екі жағдайда кері қайтарылады. Біріншісі — талап етілген құжаттардың жеткіліксіздігі, екіншісі — жалған мәлімет. Сондықтан басқа жағдайда құжаттар қаралып, талқылануға жіберіледі.

Анар Даржанованың айтуынша, жаңа бағдарламада кепіл мүлік ретінде кәсіпкер бұрынғыдай өз үй-жайын немесе басқа да нысандардың құжатын тапсырмайды. Несиені «Даму» қоры мен «КазАгроГарант» акционерлік қоғамы кепілдендіреді. Бірақ, бұл жерде кәсіпкер бір нәрсені дұрыс түсінгені абзал. Ол мемлекет қаржысын мақсатты пайдалануы тиіс. Сондықтан кәсіпкердің бизнес жобасының дұрыс болуы маңызды рөл атқарады. Бизнес жоба неғұрлым дұрыс болса, соғұрлым кәсіп  жақсы жүреді әрі кепілдік мәселесі оңай шешіледі.

Бизнесті брендке айналдыру — басты міндет

Несиенің пайыздық сыйақысын субсидиялау, кепілдік мәселесін шешу сынды өзге де мәселелерде кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек жыл сайын артуда. Әрине, әкімшілік кедергілерді азайту да — кәсіпкерлер жұмысының дамуына оң ықпалын тигізеді. Бүгінгі күні мемлекет осы бағытта жұмыстарды жандандыруда. Себебі, инвесторды бірінші кезекте мемлекеттің осындай көрсеткіштері қызықтырады әрі олар өзге мемлекетте бизнесін жүргізудегі жеңілдіктерге көбірек мән беретін көрінеді.

Жаңа жобаларды жүзеге асыру барысында мамандар жеткіліксіз болып жатады. Мұндай жағдайда мемлекет тарапынан көмек бар. Яғни, кәсіпкер үшін персонал дайындаудың да мемлекет тарапынан мүмкіндігі қарастырылған. Ең бастысы — қажетті мамандыққа және жүзеге асырылатын жоба үшін тапсырыс болу керек. Бүгінгі күні кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан бөлек, қолдаудың өзге де түрлері көрсетіледі. Соның бірі —  Еуропалық қайта құру және даму банкі арқылы көрсетілетін қаржылай емес қолдау. Бұл бағытта Ақтөбеде жаңа бренд құрып, табысты жұмыс жасап жатқан кәсіпорындар бар. Олар — «Жаңа Әлжан» ұн комбинаты, «Айс», «Агрофирма Тау»  жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Аталған кәсіпорындар  — осы банктің грантына ие болғандар.  Егер халықаралық ұйымдардың осындай қолдауына  қандай компания қол жеткізсе, онда сол кәсіпорын бренд болып есептеледі. Сондықтан қазіргі күні біздің алдымыздағы міндет — бизнесті осындай дәрежеге жеткізу, — дейді облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы А.Даржанова.

Ақтөбелік мамандар Израиль елшілігімен келісімге қол жеткізудің арқасында өңірде медицина, ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы сынды салаларды дамытуда аталған елдің инвесторларының қызығушылығын тудырыпты. Биыл сәуір, наурыз айларында Израиль елінің өкілдері Ақтөбеге келеді деп күтілуде. Мақсат — екі ел арасында іскерлік байланыс орнатуға ықпал ету.

Бүгінгі күні біздегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасына шетелдік компаниялар қатты қызығушылық танытады. Олар қандай жобаға болмасын, қаражат салуға әзір. Сондықтан бұл бағытта биыл шетелдік инвесторлармен де жұмыс істейміз. Бәсекелестікті дамыту, оның ішінде әлеуметтік салаға бағытталған жобаларды жүзеге асырудың нәтижесінде қызмет көрсетудің сапасы арта түспек, — дейді А.Даржанова.

Оқу және оқыту — болашақтың кірісі

Қазір кәсіпкерлік саласын дамытуда кедергілер де жоқ емес. Соның ең бастысы — ақпараттық түсіндірулердің потенциалы жоғары субъектілерге жетпеуі. Бұл орайда мамандар өткен жылдың қазан, қараша айларында елді мекендерде жүргізілген ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиімді тәжірибе болғанын айтып отыр. Өткен жылы облыста қолға алынған «Жас Старт» және «Кең дала» бағдарламалары осындай жұмыстың нәтижесінде халыққа жеткілікті дәрежеде түсіндіріліпті. Бұл — бірегей бағдарламалар. Тек біздің облыста ғана жүзеге асырылып жатқан жобалар. Биыл бұл жобаларды жүзеге асыру үшін 1 миллиард теңгеге жуық қаражат қарастырылып отыр.

— Бағдарламаға қатысу үшін бизнес-жобалар сауатты құрылуы керек. Мен бір ғана мысал айтайын. Кейбір кәсіпкерлер төлемдерді кешіктіріп төлегеніне қарамастан, екінші қайтара  несие алуға тырысады. Кейбір жобалардың жүзеге асырылатын  өңірде ықтималдылығы аз болып жатады. Сондықтан біз ондай жандарға несие рәсімдеудің жолдарын түсіндіруге тырысамыз. Себебі, кәсіпкер өзінде бар соңғы кепілді сақтауға тырысуы керек. Сондықтан кәсіпкер мұндай қадамға мұқият дайындықпен баруы керек. Әсіресе, несие алу ісінде.

Бизнес саласында кедергі тудыратын екінші мәселе — кәсіпкердің жеткілікті білімінің болмауы. Биыл «Даму» қоры, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы  арқылы жүзеге асырылатын іс-шаралар жоспары бар. Осы жылы апта сайын Ашық есік күнін өткізіп, аудандарға барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу, нормотивтік-құқықтық актілерге енгізілетін толықтырулар мен өзгертулерді түсіндіруді қолға аламыз. Себебі, бизнес бәсекелестікке төтеп беру үшін, оның ішінде өз бәсекелесіңнен мықты болу үшін үнемі өзіңнің және қарамағыңдағы қызметкерлердің біліктілігін дамытып отыру керек, — дейді А.Даржанова.

Бір ғана мысал, былтыр мейрамхана бизнесі үшін бөлінген бір ғана грантты республика бойынша ақтөбелік кәсіпкер ұтып алған. Ол — Ақтөбедегі іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Гүлшат Масалимова. Бір ай бойы Америкада мейрамхана бизнесінің қыр-сырын оқып келген Гүлшат бүгінде қауымдастық мүшелеріне өзінің шетелден алған тәжірибесімен бөлісіп жүр. «Бүгінгі күні Алматы мен Астана қалалары мейрамхана бизнесі дамыған өңірлер саналады.  Соған қарамастан халықаралық грантты ақтөбелік кәсіпкердің ұтып алғаны біз үшін зор мақтаныш. Қазір Ақтөбеде сауда және мейрамхана бизнесі белсенді даму жолында. Біздің рестораторлар, жас мамандар қай жерде оқыту курстары ұйымдастырылса, соған қуана барады. Бұл орайда бір жағдай есіме түсіп отыр. Біз ресторан бизнесі үшін оқуға бардық. Сонда оқуға жазылған бір ресторатор: «Мен оқуға барғым-ақ келеді, бірақ бүгін бізде тапсырыс бар. Мейрамханада садақа өтеді», — деді.  Яғни, әлгі кәсіпкер ол тапсырыстың бір күндік кіріс екенін жете түсінбей тұр. Оқу, өзіңнің персоналыңды оқыту — болашақтың кірісі», — дейді А.Даржанова.

Қазір Ақтөбеде консалтингтік қызмет жақсы дамыған. Алайда ауыл кәсіпкерлері арасында әлі де болса «маған оқу керек емес, қаражат болса болды» деген түсінік бар. «Әрбір кәсіпкер оқуға міндетті. Қазір «Бизнес-Кеңесші» деген бағдарлама бар. Осы бағдарлама арқылы оқуға келген адам екі күннен кейін қолына сертификатын алғанда мүлдем өзгеріп шыға келеді. Бұл бағдарламаға біз мониторинг жасап жүрміз. Осы бағдарлама арқылы оқығандардың арасында өз бизнесінің бағытын өзгерткендер де болды. Бұл салада оқудың маңыздылығы зор. Егер «Бизнес-Кеңесші» бағдарламасы кәсіпкерге арналса, «Бастау» бағдарламасының маңыздылығы одан да жоғары. Яғни, адамның бизнеске қаншалықты қабілеті бар-жоғын анықтау үшін тест жүргізіледі. Кез келген адамның бойында кәсіпкерлікке ыңғайлы қабілет бола бермейді. Егер кімде-кім қабілетінің жоқ екенін білмей бизнесті бастап кетсе, ол кейін өзіне де, отбасына да, мемлекетке де проблема болады. Сондықтан оқудың маңыздылығын болашақ кәсіпкерлер жете түсінуі тиіс», — дейді А.Даржанова.

Бизнес-инкубатор немесе америкалық кәсіпкердің жауабы

Қазір Хромтау ауданында бизнес-инкубатор ашуда пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Алдағы уақытта аймақтың барлық ауданында бизнес-инкубатор ұйымдастырылмақ.

Америкада бір бизнес-инкубаторда болдым. Әдемі ғимарат, барлық жағдай жасалған жерде бір жас кәсіпкер отыр екен. Қасына жақын келіп: «Сен бизнес- инкубаторға жақсы орналасқан екенсің, осы бизнес-инкубатордан қай уақытта шығасың?» деп сауал қойдым. Мен бұл жерде қандай жауапқа да дайын болдым. Бірақ мен әлгі кәсіпкер айтқан жауапқа дайын болмай шықтым. Ол: «Мен бизнес-инкубаторда тездетіп аяғымнан тұрып, өзім сияқты жас кәсіпкерге осы орынды беруге ұмтыламын. Менің алдағы мақсатым — сол», — деді. Былай қарағанда, бұл сананың дамығанын, қоғамда түсінушілік бар екенін аңғартады. Мен америкалық жас кәсіпкер «бұл жерде отыруға маған үш жыл берілді, сондықтан үш жыл бойы осы жерде отырамын» деп айтатын шығар десем, олай болмай шықты. Сондықтан бизнес-инкубатордың да ісін жаңа бастаған кәсіпкерге берері көп. Себебі, ол жалғыз емес, он-он бес адам бір ғимаратты жалға алса, бір-бірімен үнемі байланыста болып, көмегін тигізіп отырады. Сондықтан биыл әр ауданда осындай бизнес-инкубатор ашамыз деген мақсат  бар. Ол үшін қазір ғимарат қарастырып жатырмыз, — дейді А.Даржанова.

Аудандарда ашылатын бизнес-инкубатор ғимараттарын «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы заңдастыратын болады. Яғни, кәсіпкерлер бизнес- инкубаторға топтасу үшін шартқа отыруы тиіс. Бұрын мұндай талап болмағасын, іс оң нәтиже бермепті. Егер сол бизнес-инкубаторда ісін бастаған кәсіпкердің тасы өрге домалап жатса, онда америкалық әріптесі сияқты орнын келесі кәсіпкерге босатуға міндетті болады.

 Арайлым НҰРБАЕВА.  

 

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. = Міндетті емес, егер сіз өзіңізге ұнайтын болсаңыз, онда сіз өзіңізге қажетті ақпараттарға ие боласыз. Мен қарыз алады € 1,000-ден 80 000 000,00 евроға дейін. Мәселен, 3% -дан астамы өздеріне арналған, тәуелсіздік туралы шешім қабылдады. 1-30 аптаға дейінгі аралықта сіздермен бірге жұмыс істеуге болады. Әуесқойлыққа қатысты хипотекариялар, инверсияларға арналған преамбулалар, автомагистральдарға арналған преамбулалар, жеке тұлғалар туралы престаттар, жеке тұлғалар туралы ақпарат, тіркелу және тіркелу, сондай-ақ, кез-келген сайтқа кіруге болады. Артықшылығы жоқ, ешкімнің қолы жетіспейді. Dïgale-дің бастамасы бойынша, ол тек қана жеке-дара емес. электрондық пошта: Adamfeigelesfirm@yahoo.com Клиенттердің ешқайсысы жоқ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button