Денсаулық

ҚР ғылым академиясының академигі Раиса Көзденбаева: Ақтөбеде қазақ халық медицинасын дамытуға үлес қоссам деймін…

Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары ел медицинасында да түрлі  қиындықтар орын алды. Әсіресе ауруханаларда дәрі-дәрмектер жетіспеді. Бұған қоса елімізге сырт елдерден сапасы белгісіз препараттар көптеп келе бастады. Ал олардың барлығын тексеріп отыру егемендігін енді алған ел үшін өте күрделі жұмыстардың бірі еді. Осы қиын кезде медициналық препараттардың сапасын тексеріп, сараптау, бақылау жұмыстарының басы-қасында жүрген және осы шаруалардың жандануына, жалпы ел медицинасының дамуына  үлес қосқан — ақтөбелік ғалым Раиса Көзденбаева болатын. Медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақстан ғылым академиясының академигі, «Қызыл майды»  қолданысқа енгізуге ықпал еткен Раиса Салмағанбетқызы  негізгі ғылыми еңбегін фармакология мәселесіне арнады. Ағзадағы зат алмасу процесінің бұзылуына дәрілік заттардың фармакологиялық әсерін зерттеді. Зейнет жасынан асса да, әлі де осы салада еңбек етіп жүрген ғалыммен сұхбаттасқан едік.

— Фармакология — біздің елде  кенже дамыған сала. Осы бағытта әлі де көп жұмыстар атқарылу керектігі айтылып жүр. Жалпы бұл мамандықты таңдауыңызға не себеп болды?

-— Әкем Салмағанбет балаларының дәрігер болғанын қалады. Ол кісі Ұлы Отан соғысына қатысқан, елге жеңіс алып келген майдангер адам еді. Елге келгеннен кейін ұзақ жыл зауытта басшылық қызметте еңбек етті. «Ақтөбе ферроқорытпа» зауытының іргесін қалаушылардың бірі болды. Әкем соғыс туралы жиі айтып отыратын. Сол отты жылдардың бірінде ауыр жараланып, қарша бораған оқтың арасынан медбике қыз алып шығады. Жарасын таңып, әкемді аман алып  қалады. Әкем көз жұмғанша сол медбикеге алғыс айтуымен өтті. Өзі тіпті есімін де білмейді екен. Сонда бізге әкем  «мамандықтың ең қадірлісі, пайдалысы — дәрігер» дейтін еді. Әкемнің осы сөзі әсер етті ме, мен де медицина саласын таңдадым. Тіпті менің есімімнің өзі мамандығыммен байланысты қойылған. 1942 жылы сәуір айының боранды күнінде Алға ауданынан қырық шақырым жердегі ауылда мен дүние есігін ашыппын. Ол уақытта дәрігер тапшы. Раиса есімді акушер-гинеколог боранға қарамай келіп, анамды босандырып алады. Әкем сол дәрігердің есімін маған беріпті.  Жалпы менің нағашыларым да осы салаға еңбегі сіңген адамдар. Менің нағашы атам Мәжит Шомбалов (Чумбалов) — алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі, Қазан университетін бітірген Қазақстандағы тұңғыш фармаколог, чумолог дәрігер. Қазақстандағы ең алғашқы дәріхана жүйесінің негізін қалаған адам. 1908 жылы елімізде алғаш рет Орал қаласында обаға қарсы зертхана ашқан. Қазақстан республикасы дәріхана басқармасының бастығы болған, ел медицинасына еңбегі сіңген. Менің анам он үш жасында жетім қалып, Мәжит ағасының қолында тәрбиеленген. Кейін, 1937 жылы Мәжит атамыз ұсталып кетеді. 1940 жылы түрмеде көз жұмады. Ал оның баласы  Тайыр Шомбалов Мәскеу университетінің химия факултетін бітіріп, ҚазМУ-дің органикалық химия факультетін ұзақ жыл басқарды. Жан дүниесі туған жердің топырағымен тамырласқан туған нағашы атам әр шөптің қадір-қасиетін жақсы білетін еді. Қазақ даласындағы шөптердің барлығын  зерттеп, оның дәрілік қасиеттерін анықтауға күш салды. Алматыға барған сайын Тайыр атаммен ұзақ әңгімелесуші едім. Ол кісінің әйелі Надия Тұрар Рысқұловтың  әйелінің туған сіңлісі болатын. Осындай мықты адамдардың отбасынан шыққан менің дәрігер болмауым мүмкін емес еді. 1959 жылы Ақтөбе медицина институтына түсіп, 1965 жылы бітіріп шықтым. Ол уақытта идеология мықты еді ғой. Оқу бітірген жастардың барлығы «ауылға барамыз, сол жерде еңбек етеміз» деп ойлайтын. Оқуды бітіре сала шалғай елді мекендерге аттанатын еді.  Қалада қалу туралы тіпті ойланбайтынбыз. Мен де ауылда еңбек етемін дедім. Бірақ институтты үздік бітірген алты адамға Николай Пирогов атындағы Ресей мемлекеттік медицина университетінің  аспирантурасына   жолдама берілді. Солардың ішінде мен ғана Мәскеуде білімімді жалғастырдым. Өзгелері әртүрлі себепке байланысты бара алмады. Қазақстаннан он үш адам оқыдық.  Сөйтіп, 1968  жылы фармакология бойынша аспирантураны аяқтап шықтым. Университет басшылығы мені жұмысқа алатын болды, жатақханадан бөлме берді. Мен Мәскеуде қалатын болып шештім. 1968  жылы Ақтөбе медицина институтына ректор болып 37 жастағы Төрегелді Шарманов келді. Сол кісі Мәскеуге қайта-қайта хат жазып, мені шақыртып алды. Себебі біздің фармакология кафедрасында бірде-бір ғылым кандидаты жоқ еді. Екі жарым жылдан кейін, яғни  29 жасымда кафедра меңгерушісі болдым. Ол кезде менің жасымдағы мамандарды бұндай қызметке қоймайтын. Бірақ қиындықтарға қарамастан 35 жыл кафедра жұмысын жандандыруға күш салдым. Бұл ретте менің  Мәскеуде білім алғаным үлкен көмек болды. Ресейдің, Украинаның белгілі фармакологтарының барлығын танимын. Фармакологтардың Бүкілодақтық кеңесінде Қазақстан атынан мен ғана мүше болдым. Ұстазым КСРО Медицина академиясының академигі Михаил Машковскимен бірге  Кеңес Одағы құрамындағы елдерді аралап, үлкен шаруалар атқардық.

— Сол жылдары «Қызыл майды» препарат ретінде ғылыми түрде дәлелдеп, мемлекеттік тіркеуден өткізіп, қолданысқа енгізуге күш салдыңыз ғой?

—  Иә. Ғылыми зерттеу жұмыстарының барлығы Ақтөбеде жүргізілді. Әлі есімде, тоқсаныншы жылдардың басында Алматыға барған сапарымда Мәжит атамыздың атындағы дәріханаға соғып, гүл шоқтарын қойдым. Сол жерде мені күтіп «Қызыл майдың» авторлары Владимир және Евгений Перепелица тұр екен. Олар маған майдың құрамын көрсетті. Евгений Мәскеуде білім алған, кейін «Алтай» газетінде журналист болып еңбек еткен. Бір күні қатты ауырып, дәрілік өсімдіктермен емдейтін әжеге келеді. Бұлар барғанда 106  жастағы әже далада кір жуып отырады. Евгенийді қарап, қызыл майды жазып береді. Бірақ құрамын жазып алуға рұқсат етпейді. Евгений әжеге білдіртпей стенограмма арқылы қағазға түсіріп алады. Тоқсаныншы жылдары сол құрам  бойынша май жасап, қолданып көреді. Нәтижесінің өте жақсы екенін байқайды. Бірақ оны халыққа тарату үшін ғылыми түрде зерттеу керек. Менен көмек сұрады. Сөйтіп, бір бөшке қызыл майды арқалап, Ақтөбеге келдім. Екі жыл бойы зертханалық тексеруден өткіздік. Жануарларға тәжірибе жасадық. Майдың қабынуға, ауыруды басуға өте пайдалы екеніне көз жеткіздік.  1994 жылы фармакологиялық комитеттен тіркеуден өткізсек,  келер жылы Мәскеуге барып тіркеттік. «Қызыл майдың» қолданысқа енгізілуіне осылайша күш салдық. Бұл жұмыстар үшін біз бірде-бір тиын сұраған жоқпыз. Дегенмен көмектескен студенттерге май авторлары  шәкіртақы тағайындады. Олар үш жыл бойы ай сайын бес мың теңгеден алып тұрды. Осының өзі біз үшін қуаныш еді.  Егер сол уақытта майды біз зерттемегенде шықпайтын ба еді, кім білген. Шықса да кеш шығар еді. Себебі ол кезде елімізде зертханалардың жағдайы мәз болған жоқ. Біз тек өз күшімізбен жұмыс істедік. Айта кету керек, 1994 жылы Ұлттық сараптама орталығы құрылғаннан кейін, оның филиалын Ақтөбеден де аштық. Төрт жыл бойы қыруар шаруа  тындырылды. Ең үздік филиал болды. Сол уақытта  филиал жұмысының жүруіне көмектескен ақтөбелік азаматтарға мың алғыс. Әлі есімде, облысты басқарған Савелий Пачин екі миллион теңге бөлді. Ол кезде бұл үлкен ақша болатын. Зертханаға құрал-жабдықтар сатып алдым. Зертханада ғылыми-зерттеу жұмыстарының барлығы осы жерде жүргізілді.

Ал «Қызыл майға» оралсақ, қазір ол үшке бөлінді. Олар —  «Қызыл май» өндірісі «Қызыл май» ғылыми енгізу орталығы, өндірістік кооператив, «ФитОлеум» серіктестігі. Ағайынды жігіттер өзара араздасып, өндірісті осылай бөліп жіберді.

«Қызыл майдан» кейін өзіміздің өңірде өсетін өсімдіктерді де зерттеп, «неге осындай емдік май шығармасқа» деген ой келді. Күрделі әрі қиындығына қарамастан бұл ойды аяқсыз қалдырған жоқпын. Университеттегі шәкірттеріммен бірлесе жұмыс жүргіздім. Өсімдіктерді жинап, оларды зерттеп, сараптамалық, клиникалық, химиялық, радиациялық тексерулерден өткіздік. Денсаулыққа қаншалықты пайдасы бар екенін анықтау, тәжірибе жүргізу көпке созылды.  Осындай ұзақ жылғы еңбектің нәтижесінде барлығы 11 дәрілік өсімдік  майын  шығардық. Оның бесеуі, яғни мия, ошаған, шүкір, қалақай, түйежапырақ майы  қолданысқа енгізілді. Еңбегіміз ғылыми тұрғыда қалып қоймай, халық оның игілігін көрсе дедік. «Сара» ғылыми-өндірістік кооперативін ашып, осы майларды шығара бастадық. Алайда әлемдік стандартқа сай болу үшін зауыт салу керек болды. Ол үшін қыруар қаржы қажет. Жасым келген соң қаржы іздеуге аса құлықты болмадым. Сонымен кооперативті жауып, барлық патентті  «ФитОлеум» серіктестігіне бердік.

—  Ақтөбе — дәрілік өсімдіктерге бай өлке. Осы мүмкіндікті қалай пайдалануға болады?

— Бұл рас. Ақтөбе өңірінде дәрілік өсімдіктердің қоры мол. Мәселен, өзіміздің топырақта өсетін мия шөбінің дәрілік қасиетін біз әлі түсінбей жүрміз. Денсаулыққа пайдасы ұшан-теңіз. Оның сироп түріне қарағанда майының шипасы мол. Асқазан-ішек аурулары, қабыну, гинекология, өзге де ауруларға ем болады. Ал сол өсімдікті ілгеріде мен Ақтөбенің айналасынан жинайтын едім.  Сол уақытта облыстың басшылық қызметінде болған Кеңес Нокин, Есболай Мусин секілді азаматтардың өзі осы жұмысты қолдады, көмектесті.  Барлығымыз бірге Алғаның қасындағы ауылдардан дәрілік өсімдіктерді жинап алып келеміз. Кеңес Нокин өсімдіктерді өте жақсы айыратын, әр шөптің тарихын, оның қандай ауруға ем болатынын білетін еді. Алғаның қасында фитотерапиямен айналысатын Центий дейтін  орыс тұрды. Есболай Мусин мені сол кісімен таныстырды. Әрине, қазір де мүмкіндік болса бұл шаруаны жалғастыруға болады. Елге келгеннен кейінгі бір жоспарым — дәрілік өсімдіктерді халық медицинасында пайдалану.

— Раиса Салмағанбетқызы, фармакология саласында еңбек еткеніңізге алпыс жылға жуық уақыт болыпты. Елімізге келетін әрбір дәрінің тарихын жақсы білесіз.  Жалпы соңғы жылдары бұл салада қандай өзгерістер орын алды?

—  1959 жылдан бастап осы салада жүрмін, фармакология бағытында  қыруар шаруа атқарылды. Бұл саладағы қиын кезеңдер тоқсаныншы жылдар болатын. Ол уақытта елде фармаколог жоқтың қасы. Көпшілігі терапия, физиология саласы бойынша оқып, кейін осы салаға  келген мамандар. Еліміздегі жалғыз маман мен болдым десем, артық айтқандық болмас. Соған қарамастан үлкен жұмыстар атқарылды. Ал қазір жас мамандар келіп жатыр. «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алып келгендер бар.

Қазір еліміздің фармакология саласында сегіз мыңға жуық дәрі бар. Олардың негізгі бөлігі шет мемлекеттерден келеді. Барлығы дерлік мемлекеттік тіркеуден өтеді, мемлекеттік регистрге енгізіледі. Мен 2005 жылы Алматыдағы Республикалық дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын сараптау ұлттық орталығының  фармакология басқармасын  басқарған тұста әрбір дәрінің нұсқаулығын өзім тексеріп жүрдім. Таңертең жұмысқа келгеннен үйге түнгі сағат он екіде қайтамын. Себебі, әлгі айтқандай, маман тапшы. Алғашқы бес жыл бойы барлық дәрінің нұсқаулығын өзім оқыдым. Қазір еліміздегі кез келген дәрінің механизмін жақсы білемін. Қандай ауруға қолданады, жағымды, жағымсыз әсері қандай, барлығын айта аламын. Себебі дәрілердің барлығы менің қолымнан өтті ғой.

Дәрі-дәрмектің сапасына салғырт қарауға болмайды. Онда бір дүйім елдің тағдыры тұр. Мәселен, Ұлттық сараптама орталығына дәрі-дәрмек шығаратын зауыттан «осындай дәріні сіздің елде тіркеуден өткізгіміз келеді» деген хат келеді. Біз арызды алып, сол зауытты тексереміз. Сапасы қандай, адам ағзасына тигізер жағымсыз әсері қаншалықты деңгейде, құрамында не бар, барлығы қатаң сараптамадан өтеді.

Қазір дәрі-дәрмек нарығында да үлкен өзгерістер бар. Тоқсаныншы жылдары Үндістанда дәрі шығаратын зауыттардың жағдайы мәз емес еді. Ал қазір Үндістан мен Қытайда зауыт көп. Еуропа  елдері медициналық препараттар шығаратын зауыттарын осы елдерге салып, өнімді сол жерден таратып отыр. Себебі бұл мемлекеттерде арзан жұмыс күші бар әрі химиялық заттарды қолданатын болғандықтан өз қауіпсіздігін ойлағандар өзге елде  жұмыс жүргізгенді тәуір көреді. Субстанция арқылы шығарылатын дәрілердің басым бөлігі Үндістанда жасалады.

Ғылым дамыған сайын дәрі-дәрмек өндірісінде де жаңалықтар көп. Бұрын дәрілік заттардың барлығы синтетикалық жолмен өндірілсе, қазір биофармацевтикалық технология арқылы жасала бастады. Бұл — жаңа жүйе, яғни гибридтік технология, гендік инженерия. Гендік инженерия — молекулярлы биологияның бір саласы, генетикалық және биохимиялық әдістердің көмегімен жаңа гендер алу. Әртүрлі организмдер геномы арқылы ДНҚ құрастырып, оны басқа жасушаға салу арқылы дәрі шығарылады. Бұндай дәрілер қолданысқа енді енгізіліп жатыр.  Қатерлі ісік және ревматизм секілді күрделі ауруларды емдеуде жақсы нәтиже беруде. Дегенмен жаңа дәрі-дәрмектің әсері 10-15 жылдан кейін белгілі болады. Кейде жүз жыл қолданып келген дәрінің жағымсыз әсері табылып жатады ғой, сондықтан бұның да нәтижесін күтуге тура келеді.

—  Қазір бұрынғыдай емес, дәрінің түрі көп. Бірақ одан құлан-таза айығып кетіп жатқандар шамалы. Себебі неде? Әлде дәрінің сапасы нашар ма?

— Оныңыз рас. Мәселен, мен институтта оқып жүріп, яғни 1962-1964 жылдары  балалар ауруханасында медбике болып жұмыс істедім. Ол уақытта қазіргідей антибиотиктің түрі жоқ. Тек қана пенициллин мен стрептомицин бар. Соған қарамастан науқастарды емдедік.  Өкпе қабынуы секілді күрделі аурулармен түскен балалардың бірде-бірі өлген жоқ. Біз халық медицинасын қолдандық. Науқасқа қыша қағазын тартып, аяғын ыстық суға саламыз. Май мен балды қолданып массаж жасаймыз. Мен емізулі балалар бөлімінде жұмыс істедім. Ол уақытта дайын жөргек жоқ. Түні бойы баланың жөргегін қарап шығамыз. Марқұм, иманды болсын, кафедра меңгерушісі Александра Дьяченко деген дәрігер болды. Жауапкершілігі өте жоғары жан еді. Түнгі сағат үште келіп, барлық баланың жөргегін қарап шығады. Егер біреуінен  дымқыл білінсе, ертеңіне үлкен айқай болатын. Ол кездің дәрігерлері сондай өз ісіне адал болатын. Себебі Кеңес Одағындағы денсаулық сақтау жүйесі мықты еді. Қазір Дания секілді дамыған елдердің көпшілігінің денсаулық сақтау жүйесі Кеңес Одағындағы жүйемен бірдей. Оларда оқу, емдеу — барлығы мемлекет есебінен жүргізіледі.

Ал қазір бізде жүйе басқа. Дәрінің де, аурудың да түрі көп.  Адамдардың көпшілігі дәріні қабылдау тәртібін білмейді. Баласы ауырса, ата-ана бірден антибиотикке жүгіреді. Қазір соның салдарынан антибиотикке вирустардың сезімталдығы жоғарылап, пайдасы тимейтін күйге жетті. Дәріні абайлап қолдану керек. Кез келген дәрінің қарсы көрсетілімдері болады. Сондықтан ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын қарастырған жөн. Қазір Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осы мәселеге көңіл бөліп отыр. 2013-2023 жылдарға арналған стратегия жариялады. Әлем елдері осы стратегияны басшылыққа алып отыр.

—  Елге келемін деп айтып қалдыңыз, Ақтөбеге қайтып келу ойыңызда бар ма?

— Алла қаласа,  сәуір айында туған жеріме ораламын. Әрине, елге келгеннен кейін бос жүрмеймін. Ақтөбеде халық медицинасын дамытуға үлес қосқым келеді. Осыдан бір жыл бұрын Қытайда «Қазақ халық медицинасы» атты конференция өтті. Осы жиында осыдан бес ғасыр бұрын өмір сүрген қазақтың Авиценнасы атанған Өтебойдақ Тілеуғабылұлының еңбектері айтылды. Атамыз дәрілік өсімдіктердің барлығын зерттеген, қандай ауруға не нәрсенің шипа болатынын жеті том қылып жазып қалдырған екен. Алайда қазіргі күнге сол еңбектің жартысы ғана жетіпті. Атамыздың ұрпағы Үрімшіден жеті жүз шақырым жердегі Алтай қаласында тұрады. Сол жерде «Қазақ халық медицинасы» деген аурухана бар. Қазір қасына тағы бір жаңа емдеу мекемесі салынып жатыр. Осы емдеу орталығында  өзіміздің қазақтың халық емінің қалай қолданылатынын көрдік. Сормақта тарту, сүлік салу, қан алу, балмен емдеу, барлығы бар. Мәселен, сүліктің көп ауруға ем болатынын сол жолы біліп келдім. Менің  бір тіземе эндопротез салынған. Қытайға барған сапарымда жүре алмай қалдым. Содан дәрігерлер сүлік салып берді. Кәдімгідей әсерін байқадым. Зерттей келе сүліктің ұсақ қылтамырлардың жұмысын жақсартатынын, жалпы хирургия, пульманология, педиатрия, эндокринология, неврология салаларында пайдасының көп екеніне көз жеткіздім. Сол жолы «өз елімізде халық емін неге дамытпасқа, медицинаның бір саласы ретінде неге оқытпасқа» деген ой келді.  Әрине, алда жоспар көп. Жасым жетпістен асса да үйде отырмай, білгенімді жастарға үйретіп,  қазақ халық медицинасын дамытуға үлес қоссам деймін.

— Әңгімеңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button