Денсаулық

Сақтандыру жүйесі қашан енгізіледі?

Биыл бірінші шілдеден бастап  мемлекеттің, жұмыс берушілердің, азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізіле бастайды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Н. Назарбаев биылғы Жолдауында айтып өтті. Жаңа жүйеге қатысты әлі де сұрақтар көп. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевпен осы мақсатта сұхбаттасқан едік.

Жүйені енгізуде  қандай кемшіліктері бар?

— Бұл бағыттағы негізгі мәселе — өзін-өзі жұмыспен қамтитын тұлғаларды тіркеу. Осыған байланысты әкімдік пен басқа да мүдделі мемлекеттік органдар өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтарды анықтау мен тіркеу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Сондай-ақ дәрігерлердің жалақысы да өзекті мәселе болып отыр.  2030 жылға дейін  медицина қызметкерлерінің жалақысын 2 есеге  көтеру жоспарланған.

— Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен басқа модель жоқ па? Неліктен бұл жүйе таңдалды?

— Жаңа жүйе 2015 жылы Қазақстан Республикасының Заңы бойынша ұлттық комиссияда қаралып, өңделіп, мақұлданды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі сапалы медициналық қызмет көрсетуге негізделген. Бұндай  модель кейбір елдерде «Ұлттық медициналық жүйе»  деп аталады. Бұл жүйенің денсаулық сақтау саласын жақсартуға ықпалы көп.  Қаржыны халықтың қажеттілігіне қарай жұмсау, профилактикаға көңіл бөлу, медициналық құрал-жабдықтарды сатып алу секілді мәселелер шешімін табады.

— Қор өзінің клиенттерінің құқы үшін медицина мекемелеріндегі мәселелерге араласа ала ма? Әлде бұл қор үшін маңызды емес пе?

— Әдетте емделушілердің қауіпсіздіктері мен дәрігердің науқасқа қалай қызмет көрсететіні, яғни медициналық қызмет көрсету сапасына мемлекеттік сапаға жауапты органдар жауап беретін. Ал бұл жағдайда қор арнайы медициналық лицензиясы бар, денсаулық сақтау саласында аккредитациядан өткен медициналық ұйымдармен жұмыс жасайды.  Бұл ретте қор мемлекеттік сапа жүйесіне мән береді. Осылайша қор емделушілердің құқығын экономикалық тұрғыдан қорғай алады. Сөйтіп, сапаны жақсартуға ықпал етеді.

— Экономикалық  дағдарыс кезеңінде бұл жүйе жұмыс берушілерге шамадан тыс салмақ болмай ма?

— Жүйе бойынша мемлекеттік жарналар мен аударымдар «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» жөніндегі Заңмен бекітілген.  Жұмыс берушілер мен қызметкерлер үшін еңбекақы қорына салықтық жүктеме бөлек-бөлек қарастырылады. Сондай-ақ 2020 жылы зиянды еңбек жағдайында жұмыс жасап жүрген қызметкері жоқ жұмыс берушіге ең жоғары жүктеме —18,9%, зиянды еңбек жағдайында жұмыс жасап жүрген қызметкері бар жұмыс берушіге ең жоғары жүктеме — 23,9%. Ал қарапайым қызметкердің жүктемесі — 19,4%.

Талдау кезінде барлық жағдай ескерілген. Жұмыс берушінің корпоративтік және қызметкерге арналған жеке табыс салығының жарнасы салық салынатын базадан шегеріледі. Нәтижесінде салық жүктемесі төмендетіледі.

Сонымен қатар, елдегі макроэкономикалық жағдайларды ескере отырып, мемлекет жарналарға және жұмыс берушілердің аударымдарына есептеулер жүргізеді

— Жаңа жүйе енгізілгеннен кейін медициналық қызмет көрсету қызметі баз баяғы қалпында қалмай ма? Азаматтар аударымдардан басқа өз қалталарынан тағы да төлем жүргізіп жүрмей ме?

— Сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін денсаулық сақтау жүйесіндегі бәсекелестік артады. Медициналық қызмет көрсету сапасы денсаулық сақтау саласындағы бекітілген стандартпен, клиникалық хаттаманы енгізумен, медициналық қызмет көрсету мекемесі бойынша алгоритмдермен қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар тұрғындарды жалпы тәжірибелік дәрігерлермен қамтамасыз ету мәселесі шешімін табады. Бір жалпы тәжірибелік дәрігерге бекітілген жүктеме   2000-нан бастап 1500 тұрғынға төмендейді. Амбулаторлық-поликлиникалық көмек қызметі ұлғаяды.

Сақтандыру жүйесінен бас тартып, қазіргідей белгілі бір ақшаға жеке клиникаларға барып қарала беруге бола ма?

— Қазақстан Республикасының «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңына сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне жарналар төлеу барлық азаматтар үшін міндетті.

— Бұл бағдарлама перзентханаларды қамти ма?

— Стационар таңдау қағидасы бұрынғыша жүргізіле береді. Міндетті медициналық сақтандыру қорымен шарт жасасқан медициналық ұйымдардың перзентханаларына қаралуға болады. Ақылы бөлімшелер белгіленген талаптарға сәйкес, сақтандыру жүйесіне қарамастан жұмыс жасай береді.

— 2017 жылдың қаңтар айы мен 2018 жылдың қаңтар айы аралығында адамдарға медициналық көмек көрсету қалай жүзеге асырылады? 

— Бұл екі аралықта  тұрғындарға медициналық көмек көрсету бүгінгі күнгі қолданыстағы тәртіп бойынша, тегін медициналық көмектің кепілді көлемі аясында жүзеге асырылады. Өзгерістер 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген соң басталады. Ал биыл шілдеден бастап қорға алғашқы қаржылар түсе бастайды.

— Медициналық сақтандыру дәрігер тағайындаған дәрі-дәрмектердің құнын өтей ме? Қандай аурулар 100% өтеледі?

— Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік құралдармен қамтамасыз ету министрлік бекіткен тізімге сәйкес толық қамтылады. Ал қазіргі күні амбулаториялық деңгейде 47 ауру бойынша дәрі-дәрмек тегін беріледі.  Оның ішінде рахит, фарингит, бронхит, темір жетіспеушілігі анемиясы, артериялық гипертензия, артимиярлар, пневмония бар.

— Жұмыс берушінің қорға жарна төлеп жатқандығын қызметкер өздігінен қалай біле алады? 

— Егер интернет жүйесі болса азаматтың электронды поштасына сақтандыру жарнасының түскендігі туралы мәлімет автоматты түрде келеді. Сондай-ақ жеке мәліметті  көрсете отырып, ресми сұраныс жіберуге болады. Ал интернет жүйесі болмаған жағдайда азамат өзі бекітілген емханаға барып, сақтандырылғаны жөнінде ақпарат ала алады.  Заңға сәйкес, жұмыс беруші әрбір айдың 15-інен кешіктірмей жарна төлеуі тиіс.

— Жұмыс берушілердің төлем жарнасы қалай болады?

— Парламент Сенаты қазір осы мәселені қарастырып жатыр. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» туралы  қолданыстағы заң бойынша жұмыс берушілердің аударымдары 2017 жылдың шілдесінде — 2%, 2018 жылы — 3%, 2019 жылы —  4%, 2020 жылы 5% болып бекітілген. Ал қайта қаралған жобада  жарна көлемі азайтылады. Яғни  2017 жылдың шілдесінде —  1%, 2018 жылы —  1,5%, 2019 жылы — 1,5%, 2020 жылы — 2%, 2022 жылы 3% болмақ.

— Сұхбатыңызға рақмет!

 Сұхбаттасқан Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button