Билік

Облыс әкімдігі, кәсіподақтардың облыстық кеңесі және жұмыс берушілер бірлестіктерінің арасындағы 2010-2012 жылдарға арналған келісім

Атқарушы билiк мүддесiн көздейтiн облыс әкiмдігі, қызметкерлердiң мүддесiн көздейтiн облыстық кәсiподақтар кеңесi және кәсiпкерлер мен жұмыс берушiлердiң мүдделерін көздейтiн «Ақтөбе облысының кәсiпкерлер мен жұмыс берушiлер одағы» қоғамдық бiрлестiгi және «Атамекен Одағы» Қазақстан Ұлттық Экономикалық Палатасының Ақтөбе филиалы, бұдан әрi Тараптар деп аталады және мынадай:

Қазақстан Республикасының заңнамасын бұлжытпай сақтау;

мемлекеттің, жұмыс берушілер мен қызметкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі, өзара сыйластығы мен олардың мүдделерін ықтимал ымыраға келтіруге барынша қол жеткізу;

еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясын іске асырудағы  ынтымақты жауапкершілік және оның жергілікті жерлерде нақты жүзеге асырылуына жәрдемдесу;

әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік-еңбек қатынастарын ұжымдық-шарттық реттеу;

қызметкерлер мен жұмыс берушілердің еңбек құқықтары мен әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету ісінде өзара сындарлы іс-әрекет ету, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты сақтау қағидаттарын басшылыққа ала отырып,

2010-2012 жылдары әлеуметтік-еңбек қатынастарын облыстық деңгейде реттеудің жалпы қағидаттары мен Тараптардың оларды іске асыру жөніндегі бірлескен іс-әрекеттерін белгілейтін 2010-2012 жылдарға арналған осы Келісімді (бұдан әрі – Келісім) жасасты.

Тараптар алдағы кезеңде экономиканы тұрақты дамытуға, оның бәсекелестік қабілетін арттыруға, өмір сүру сапасының ұлттық стандартын  енгізуге, қызметкерлердің кәсіби және карьералық өсу мүмкіндіктерін ұлғайтуға, еңбек өнімділігінің өсуін мен тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге, жұмыс орындарындағы қауіпсіздік жүйесін жетілдіруге бағытталған әлеуметтік-экономикалық саясатты жүргізу есебінен лайықты еңбек пен лайықты еңбекақы, қызметкерлер мен олардың отбасыларының әл-ауқатын арттыру, Қазақстан азаматтарының табысын көбейтуге қол жеткізу, кедейлік ауқымын қысқарту үшін қажетті жағдайлардың қамтамасыз етілуіне ықпал етуге міндеттенеді.

Экономикалық саясат саласында

Алдағы кезеңдегі еліміздің экономикалық саясаты макроэкономикалық тұрақтылықты, тұрақты экономикалық өсуді және экономикалық дамудың ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарларын орындау, инвестициялар мен инновацияларды ынталандырудың тиімді тетіктерін енгізу, тауар және еңбек нарығындағы бәсекелестік, халықтың әл-ауқаты мен мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру негізінде ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін серпінді арттыруды қамтамасыз ететін  шараларды іске асыруға бағытталуға тиіс екенін ескере отырып, Тараптар өздеріне мынадай міндеттемелер қабылдайды:

1. Өндірісті жаңғыртуға және дамытуға инвестицияларды жүзеге асырушы ұйымдарды ынталандыру жүйесі мен оның тетіктерін жетілдіреді.

2. Ұлттық экономика салаларының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, өндірістің өсуіне, қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз етуге және олардың өмірлік әл-ауқатын арттыруға бағытталған ұлттық экономика салаларының әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламалары жобаларын әзірлеу және іске асыру жөнінде бірлесіп жұмыс жүргізеді.

3. Алдағы кезеңде:

экономиканың сапалық, теңгерімді өсімін макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және экономикалық өсуді инвестициялық, іскерлік әрі тұтынушылық белсенділік арқылы реттеу жолымен қамтамасыз етуге бағытталған экономикалық саясатты қалыптастыруды және жүргізуді;

шетелдік және отандық тікелей инвестицияларға қолайлы жағдай туғызуды;

әлеуметтік әріптестік жөніндегі Облыстық үшжақты комиссия жұмысының тиімділігін, Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді болашақта әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі параметрлері бойынша Тараптардың консультациялар өткізу тәжірибесін қамтамасыз етеді.

4. Аймақтық бағдарламаларды жүзеге асыруға қатысады.

5. Бюджет-салық саясаты саласында Тараптар бюджеттік жүйені тиімді қалыптастыру қажеттілігіне, оны экономикалық өсу мен  әлеуметтік теңсіздікті төмендетуді ынталандыруға, бюджет қаражатын нақты айқындалған басымдықтар шеңберінде жұмсаудың тиімділігін арттыруға, бюджетаралық қатынастарды жетілдіруге бағдарлануына сүйенеді.

6. Тарифтер саясаты саласында Тараптар қызметтерді өндірушілер мен тұтынушылар арасындағы мүдделер теңгерімін сақтау қажеттігіне сүйенеді. Табиғи монополиялар қызметтеріне арналған тарифтер өзгерген кезде Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2009-2011 жылдарға арналған көрсеткіштерді ұстанады.

7. Экономика салаларында еңбек өнімділігін арттыруға ықпал етеді.

8. Ресми тартылатын мигранттардың санын көбейтпеу, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында, 2010 жылға арналған квотаны 2009 жылғы деңгейден асырмайды.

9. Жаһандық дағдарысқа қарсы негізгі әрекет ретінде, экономиканың нақты секторы мен қаржы тұрақтандырғыштарын нығайту, жұмыспен қамту жүйесін жетілдіру жөніндегі іс-шараларды іске асыру, жұмыс орындарын құру, жалақыны өсіру, үй шаруашылықтарының табысы жөнінде шаралар қабылдайды.

Облыс әкімдігі өзіне мынадай міндеттемелерді қабылдайды:

10. Экономиканы сауықтыру, интенсивті дамыту, инфляцияның әсерін  жұмсарту және әлеуметтік игі ахуалды сақтау жөніндегі шараларды уақытында жүзеге асырады. Мемлекеттік шығыстардың күрт көбеюі салдарынан инфляциялық процестердің өсуіне жол бермейді.

11. Қаржы ұйымдарымен бірлесе отырып қаржы жүйесінің тұрақтылығын арттыруға, азаматтардың жинақтары мен жинақтаушы зейнетақы қорларының активтерін инвестициялық мақсаттар үшін пайдалану мүмкіндіктерін ұлғайтуға бағытталған шаралар қабылдайды.

12. Қалақұрайтын кәсіпорындармен трансұлттық компаниялардың жұмыстарын үйлестіре отырып, тауарларды, жұмыстарды және қызметтердің қазақстандық мазмұн үлесін ұлғайтуға ықпал етеді.

13. Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияға (бұдан әрі – ОҮК) жартыжылдықта бір рет облыстағы әлеуметтік-экономикалық ахуал туралы ақпарат ұсынады.

14. Қызметкерлердің республикалық бірлестіктерінің және жұмыс берушілердің облыстық бірлестіктерінің өкілдерін ведомствоаралық комиссиялардың жұмысына қатысуға, сондай-ақ еңбек қатынастары мен әлеуметтік-экономикалық мәселелерге байланысты нормативтік-құқықтық кесімдерді дайындау және қарау жөніндегі облыс әкімдігінің жұмыс топтары құрамына тартады. Олардың ОҮК отырыстарында міндетті түрде қаралуын тәжірибеге енгізеді.

15. Мынадай:

тарифтерді (бағаларды, алым ставкаларын) табиғи монополиялар субъектілерін өндіріс өсіміне, нормативтік техникалық шығындар мен өндірістік шығындарды азайтуға ынталандыруға, сондай-ақ экономикалық негізделген бағаны қалыптастыруға бағытталған әдістермен мониторинг жүргізу;

тауарлар мен қызметтер экспортын ынталандыру, отандық тауар өндірушілердің сыртқы нарықтағы жағдайын қорғаудың және нығайтудың  тиімді шараларын белгілеу;

қаржы жалын (лизингін), әсіресе шағын және орта кәсіпкерлік саласында дамытуға қажетті жағдайлар туғызу жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырады.

16. Табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтер деңгейлерінің болжамдылығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін тариф саясатын жетілдіруге ықпал етеді.

17. Жұмыс берушілердің облыстық бірлестіктері мен қызметкерлердің облыстық бірлестіктерінің өкілдерін табиғи монополиялар саласындағы мемлекеттік реттеудің тиімділігін арттыру мәселелері жөніндегі іс-шараларға, сондай-ақ табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтерді (бағаларды, алым ставкаларын) немесе олардың шекті деңгейлерін бекітуге арналған өтінімдерін қарау жөніндегі көпшілік тыңдауларға қатысуға шақырады.

18. Тиісті мемлекеттік органдардың табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтерге арналған тарифтерді негізсіз көбейтуіне жол бермеу жөнінде жүргізіп жатқан жұмысы туралы ақпаратты Әлеуметтік әріптестік пен  әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үш жақты комиссияға жарты жылда бір рет ұсынады.

Кәсіподақтардың облыстық кеңесі өзіне мынадай міндеттемелерді қабылдайды:

19. Өздерінің өкілетті өкілдері арқылы облыстық әкімдіктің әлеуметтік-экономикалық саясатын, мемлекеттік Бағдарламаларды әзірлеуге және іске асыруға, сондай-ақ басқармалардың консультативтік-кеңесу органдарының жұмысына қатысады.

20. Салалық, өңірлік келісімдер мен ұжымдық шарттарда саланың және өңірдің экономикасын дамытуға, еңбек тиімділігін арттыруға, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға, еңбек өнімділігін арттыруға, қызметкерлердің құқығын әлеуметтік қорғауға, тәртіпті және ұйымшылдықты нығайтуға, өндіріс шығындарын азайтуға бағытталған шаралар кешенін көздейтін міндеттемелердің қабылдануын қамтамасыз етеді.

Жұмыс берушілердің бірлестіктері өздеріне мынадай міндеттемелерді қабылдайды:

21. Ведомствоаралық комиссиялардың, сондай-ақ облыс әкімдігінің еңбек қатынастары мен әлеуметтік-экономикалық мәселелерге байланысты нормативтік-құқықтық кесімдерді дайындау және қарау жөніндегі жұмыс топтарының жұмысына қатысады.

22. Салалық және өңірлік келісімдерге ғылыми негізделген салалық арттырушы коэффициенттерді айқындау жөніндегі міндеттемелердің енгізілуін көздейді.

23. Өндірісті ұйымдастырудың жаңа әдістерін, сапа менеджменті жүйесін,  жаңа техника мен технологияларды енгізу есебінен еңбектің өнімділігі мен сапасын арттырады.

24. Өндіріс тиімділігін арттыруға, қолайлы қаржылық нәтижелерге қол жеткізуге және жұмысшыларға еңбекақы төлеміне қажетті қаржы үлесін бағыттауға, оларға әлеуметтік қолдау көрсетуге жәрдем береді.

Еңбек қатынастары, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі

Еңбек саласындағы нормаларды, негіз қалаушы қағидаттар мен құқықтарды іске асыру мақсатында Тараптар өздеріне мынадай міндеттемелерді қабылдайды:

25. Әлеуметтік әріптестік жөніндегі облыстық комиссияның отырыстарында әлеуметтік-еңбек қатынастары, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғаудың, өндірістік жарақаттану, кәсіптік аурудың жай-күйі мәселелерін қарау. Талқылау нәтижелері бойынша дайындалған ұсыныстарды қарау және практикалық іске асыру үшін құзыретті органдарға жібереді.

26. Балаларды қинау арқылы еңбек еткізуді қолдануға жол бермеу, олардың алдын алу бойынша іс-шараларға белсенді қатысу және балалар мен отбасы үшін баламалы мүмкіндіктерді қалыптастырады.

27. Мүгедектердің еңбек қатынастары саласындағы құқықтарын:

мүгедектер ықтимал үміткер бола алатын жұмыс орындарына кедергісіз жетуді қамтамасыз ету (кірме жолдар, пандустар, арнаулы лифтілер мен мүгедектердің жүріп тұруына арналған басқа да айлабұйымдарды ыңғайлау/салу);

мүгедектердің еркін кіріп шығуы үшін кәсіпорындардағы,  ұйымдардағы, мекемелердегі қоғамдық пайдалану орындарын (дәретхана бөлмелерін) ыңғайластыру;

кәсіптік оңалту жөніндегі ұсынымдарға сәйкес мүгедектерді жұмысқа тарту жөнінде үкіметтік емес ұйымдармен және оқу орындарымен тұрақты ынтымақтастықты жүзеге асыру жолымен іске асыруды қамтамасыз етеді.

Облыс әкімдігі өзіне мынадай міндеттемелерді қабылдайды:

28. Еңбек қатынастары, жұмыспен қамту және халықтың көші-қоны, мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы заңнамаларды тиісті дәрежеде орындауға бағытталған іс- шараларды жүзеге асырады. Ұйымдар мен салаларда кешенді зерттеулер өткізу, мемлекеттік органдардың, қызметкерлер мен жұмыс берушілер бірлестіктерінің, қоғамдық инспекторлардың өзара іс-әрекетін қамтамасыз етеді.

29. Еңбек заңнамасының еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі жөніндегі нормаларын іске асыру үшін әлеуметтік әріптестермен бірлесе отырып, кәсіпорындардағы еңбекті қорғау мен еңбек қауіпсіздігінің сапасын арттыратын, ұйымдарда апаттар мен жазатайым оқиғаларға жол бермейтін, жұмыс берушілерді экономикалық ынталандыру шараларын әзірлеу мәселесін қарайды.

30. «Құрылыстағы қауіпсіздік пен еңбек гигиенасы туралы» Халықаралық еңбек ұйымының №167 Конвенциясын іске асыру жөнінде шаралар қабылдайды.

Кәсіподақтардың облыстық кеңесі өзіне мынадай міндеттемелерді қабылдайды:

31. Еңбек заңнамасының сақталуын, ұйымдарда қауіпсіз және салауатты еңбек жағдайларының жасалуын, өзінің еңбек міндеттерін атқарған кезде  қызметкерге келтірілген зиянды жұмыс берушінің Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес уақытында және толық өтеуін қоғамдық бақылауды жүзеге асырады.

32. Өндірістегі жазатайым оқиғаларды тексеруге, олардың алдын алу  жөніндегі шараларды әзірлеуге қатысады.

33. Кәсіподақ мүшесі-қызметкерлерге тегін консультациялар беру мен  құқықтық көмек көрсетеді.

34. Жеке және ұжымдық еңбек дауларын келісім қомиссиясы шеңберінде қарауды жүзеге асырады.

35. Кәсіподақ активін, қоғамдық инспекторларды еңбек заңнамасы, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытуды жүргізу, осы саладағы оң жұмыс тәжірибесін зерттейді және таратады.

36. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша республикалық қоғамдық байқаулар, сондай-ақ салаларда, ұйымдар мен кәсіпорындарда кәсіби шеберлік конкурстарын өткізеді.

37. Келісімдер мен ұжымдық шарттар жасау арқылы қызметкерлердің, олардың отбасы мүшелерінің санаторий-курорттық емделуін және демалуын ұйымдастырады, салауатты өмір салтын насихаттау үшін бұқаралық-спорттық іс-шаралар өткізу жөніндегі жұмыстарды жүзеге асырады.

38. Жұмыс берушілермен консультациялар негізінде келісімдер мен ұжымдық шарттар жасасу практикасын жетілдіру бойынша ұйғарымдар  әзірлеуді қамтамасыз етеді, оларда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі техникалық іс-шаралардың міндетті түрде қаржыландырыла отырып өткізілуін көздейді, өздеріне жүктелген міндеттерін атқаруы үшін қоғамдық инспекторларға қажетті мүмкіндіктер мен жағдайлар туғызады.

39. «Ұжымдық шарт жасаңыз» жалпы республикалық акциясына белсенді қатысады.

Жұмыс берушілердің бірлестіктері өздеріне мынадай міндеттемелерді қабылдайды:

40. Жұмыс орнында еңбекті қорғауды басқару жүйесі жөніндегі ұлттық және халықаралық стандарттарға сәйкес еңбек және қауіпсіздік жағдайларын жасайды.

41. Қызметкерге келтірілген зиянды Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық кесімдерінде көзделген тәртіппен және жағдайларда өтеуді қамтамасыз етеді.

42. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша республикалық  қоғамдық байқаулар, сондай-ақ салаларда, ұйымдар мен кәсіпорындарда кәсіби шеберлік конкурстарын өткізеді.

43. Келісімдер мен ұжымдық шарттар жасау арқылы қызметкерлердің, олардың отбасы мүшелерінің санаторий-курорттық емделуін және демалуын ұйымдастырады, салауатты өмір салтын насихаттау үшін бұқаралық-спорттық іс-шаралар өткізу жөніндегі жұмыстарды  жүзеге асырады.

44. Зейнеталды жасындағы қызметкерлердiң (зейнетақы тағайындауға кемiнде екi жыл қалған) жұмысын сақтау тәжірибесін жалғастырады, оларды қысқартуға немесе босатуға жол бермейді. Егер зейнеталды жасындағы адамдармен еңбек шартын жұмыс берушiнiң бастамасы бойынша бұзған жағдайда, қызметкерге Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 54-бабының 6-13 тармақшаларында көзделген жағдайлардан басқа ретте ол зейнет жасына жеткенше заңнамамен белгiленген ең төменгi жалақы мөлшерiнде өтемақы төлейді.

Әлеуметтік қорғау

Жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғау, олардың лайықты еңбекке  құқықтарын іске асыру мақсатында Тараптар өздеріне мынадай міндеттемелерді қабылдайды:

45. Мүгедектердің өмір сүру сапасын жақсартады, оларды әлеуметтік қорғау және олардың  қоғамға пәрменді кірігуі үшін жағдайлар жасау жөнінде шаралар қабылдайды.

46. Еңбек кодексінің еңбегі зиянды, ауыр және қауіпті еңбек жағдайларымен байланысты қызметкерлерді әлеуметтік қорғау жөніндегі  нормаларының орындалуын қамтамасыз етеді және тиісті ұсыныстар дайындайды.

Салалық келісімдер мен ұжымдық шарттар жасау жөніндегі келіссөздер шеңберінде ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды),  қауіпті (ерекше қауіпті) жұмыстарда істейтін қызметкерлер үшін уақытша еңбекке жарамсыздығы бойынша берілетін айлық жәрдемақыны көбейту мәселелерін қарайды. 

47. Әлеуметтік қамсыздандырудың көп деңгейлі жүйесінің ұзақ мерзімді  қаржылық тұрақтылығы мен сенімділігін қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен,  мемлекеттің, жұмыс беруші мен қызметкердің арасындағы жауапкершілікті  таратып бөлуге негізделген жұмысты жалғастырады.

48. Ерікті кәсіптік зейнетақы жарналарын міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарына ауыстыру мәселесін қарау жөніндегі жұмысты жалғастырады.

49. Мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру шарттарына әлеуметтік мәселелерді шешуді көздейтін тармақтардың (міндеттемелердің) міндетті түрде енгізілуін көздейді.

50. Өмір сүру сапасының ұлттық стандартын енгізу жөніндегі шаралар кешенін жүзеге асырады.

51. Ерікті медициналық сақтандыруды ынталандыру және дамыту жөнінде шаралар қабылдайды.

52. Қызметкер еңбек (қызмет) міндеттерін атқарған кезде оның өмірі мен денсаулығына зиян келтіргені үшін жұмыс берушінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру тетігін жетілдіру жөнінде жұмыс жүргізу.

53. Әлеуметтік-мәдени сала нысандарын (мәдени-демалыс ұйымдарын) мемлекеттік қолдау, оның ішінде қаржыландыруды жүзеге асыру  мәселелерінің шешілуіне жәрдемдеседі, халықты спортпен айналысуға тарту жолымен сауықтырады.

54. Халықаралық еңбек ұйымының еңбек саласындағы «ЖҚТБ-АҚТҚ» мәселесі жөніндегі Практикалық ережелер жиынтығын назарға ала отырып, жұмыс орындарындағы ЖҚТБ-АҚТҚ алдын алу жөніндегі жұмысты бірлесе отырып жалғастырады.

55.Зейнетақы жинақтаушы қорына қызметкерлердiң мiндеттi зейнетақы төлемдерiн толық және уақытында аударуды қамтамасыз етеді.

56. Салалар мен ұйымдарда дене шынықтыру-сауықтыру iс-шаралары мен спартакиадаларды өткiзуге, азаматтардың салауатты өмір салты мен ұзақ өмір сүруіне қажетті жағдай жасап, халықтың денсаулығын жақсартуға, әлеуметтік туризм мен спортты дамытуға көмектеседі. Осы мақсатқа негiзгi аударылған жалақы мөлшерiнен 0,2% кем болмайтын көлемде қаражат бөлудi көздеу жөнінде міндеттемелер қабылдайды.

Облыс әкімдігі өзіне мынадай міндеттемелерді қабылдайды:

57. Денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға, оның iшiнде халыққа тегiн медициналық қызмет көрсетудiң кепiлдi көлемiн ұсынуға облыстық бюджеттен жоспарлы қаражат бөлінуiн қамтамасыз етеді.

58. Ауылда жұмыс iстейтiн бiлiм беру, денсаулық сақтау және мәдениет қызметкерлерi үшiн көзделген жеңiлдiктердi төлеуге қаражат бөлудi қамтамасыз етеді, сонымен бiрге бюджеттiк салалардың қызметкерлерiн медициналық тексеруден өткiзудi жүргiзуге қаражат бөлудi көздейді.

59. Аз қамтылған отбасыларға тұрғын үй бөлу жөнiндегi комиссияның құрамына кәсiподақ өкiлдерiн енгiзеді.

60. Өткен кезеңге қарағанда төмен болмайтын деңгейде қаражат бөлу арқылы, оның iшiнде қамқоршысы бар балалар, жетiм балалар және аз қамтылған отбасылардың балалары үшiн балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жөнiнде iс-шаралар жүргiзеді.

61. Облыс мектептерiн оқулықтар және оқу жабдықтарымен, компьютер техникасының қажеттi санымен және интернет жүйесiне қосуды қаржылық қолдауды қамтамасыз етеді.

62. Облыс халқының тұрғын үй мәселесін шешуге жергiлiктi үкiметтiң күшiн шоғырландырады. Жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен бюджет салаларындағы қызметкерлерге тұрғын үйлер берудiң қолда бар мүмкiндiктерiн толық пайдаланады.

63. Жоғары оқу орындарын бітіріп, ауылға жұмыс істеуге келген жас мамандардың тұрғын үйге орналасуына көмектеседі.

64. Облыстық кешендi спорттық iс-шараларды жыл сайын өткiзеді.

65. Облыстың спорт бойынша құрама командасының республикалық және халықаралық жарыстарға қатысуын қамтамасыз етеді.

66. Дене шынықтыру мен спорт сабақтарына тарту арқылы халықты сауықтыруға бағытталған спорт клубтарын құру үшін жыл сайын облыстық бюджеттен қажетті қаржының бөлінуін қарастырады.

Кәсіподақтардың облыстық кеңесі өзіне мынадай міндеттемелерді қабылдайды:

67. Кәсіподақ белсенділерін әлеуметтік қорғау бойынша заңнамалардың мәселелері жөнінде оқытуды жүргізу. Қызметкерлерге, кәсiподақ мүшелерiне еңбек қатынастарының мәселелерi жөнiнде кеңестік және құқықтық көмектi тегiн береді.

68. Меншiк нышандарына қарамастан кәсiпорындардың зейнетақы жинақтаушы қорына мiндеттi зейнетақы жарналарын аудару iсiнiң жай-күйiн қадағалайды. Қажет болған жағдайда әлеуметтік әріптестерді тиісті шаралар қабылдау үшін ақпараттандырып отырады.

69. ҚР Үкiметiнiң 2003 жылғы 15 мамырдағы № 452 қаулысымен бекiтiлген қызметкерлердiң Тiзбесiне сәйкес жеке қызметкерлердiң пайдасына кәсiби зейнетақыға ерiктi түрде аударым жасауға қатысы бар тармақты ұжымдық шарттарға қосу жөнiнде кәсiподақ активi арасында жұмыстар ұйымдастырады.

70. Мектеп оқушыларының демалысы кезiнде қызметкерлердiң балаларының демалысын жұмыс берушiлердiң iскерлiк қатынасуымен ұйымдастыруға қатысады.

71. Соғыс және еңбек ардагерлерiне әлеуметтiк көмек көрсетудің облыстық бағдарламасын  әзiрлеуге және оны iске асыруға қатысады.

72. Экономиканың барлық саласындағы кәсiподақ мүшелерiнiң тұрғын үй мәселесін шешуге қатысып, сол мақсатта әлеуметтiк әдiлеттiк нормаларының қадағалануына қол жеткізеді.

73. Жұмыс берушілермен бірге келісім мен ұжымдық шарт жасау арқылы жұмысшылар мен олардың отбасы мүшелерін шипажайлық-курорттық емдеу мен демалтуды ұйымдастыру, бұқаралық туризм мен спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау үшін спартакиадалар мен туристік слеттер, фестивальдар, бұқаралық-спорт іс-шараларын өткізу бойынша жұмыстар жүргізеді.

74. Дене шынықтыру және спорт жөнiндегi мемлекеттiк және облыстық Бағдарламаларды iске асыруға және олардың жаңасын әзiрлеуге кәсiподақ ұйымдарының белсене қатынасуын ұйымдастырады.

Жұмыс берушілердің бірлестіктері өздеріне мынадай міндеттемелерді қабылдайды:

75. Зейнетақы жинақтаушы қорына уақытылы және толық көлемде мiндеттi зейнетақы төлемдерiн аударады.

76. Кәсіподақ мүшелерінің жазбаша өтініштері болған ретте, кәсіподақ комитетерінің есепшоттарына уақытылы кәсіподақтық жарналарды аударады.

77. Мерзiмдi медициналық тексерулер жүргiзуге және зиянды, ауыр жағдайда жұмыс iстейтiн қызметкерлердi тексерулерге қаражат бөледі.

78. Халықтың әлеуметтік осал топтары мен мүгедектерге арналған арнайы жұмыс орындары үшін жұмыс орындарын ұйымдастыруға жәрдем береді.

79. Қызметкерлердi емдеу, шипажайлық-курорттық мекемелерге, қызметкерлердiң балаларын демалыс уақытында сауықтыру мен демалысқа жiберген кезде мүмкiндiгiнше көмек көрсетеді.

80. Кәсіподақ ұйымдарымен бірге келісім мен ұжымдық шарт жасау арқылы дене шынықтыру мен спортты дамыту үшін материалдық-техникалық базасын салу мен нығайту бойынша жұмыстарды жалғастырады.

Жалақы, халықтың табысы және өмір сүру деңгейі

Тараптар халықтың табысын өсіруге және  өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған шаралар кешенін  әзірлеу және іске асыру қажет деп есептейді  және өздеріне мынадай міндеттемелерді қабылдайды:

81. Халықтың табыс деңгейінің өсуіне бағытталған келісімді саясат жүргізеді.

Ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасын айқындау әдістемесін жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды ОҮК қарауына енгізеді.

82. Қызметкерлердің жалақысы мен демалыс ақысын уақытында төлеуді қамтамасыз етеді.

83. Тиісті сала қызметкерлеріне арналған арттырушы  салалық коэффициенттердің мөлшерін салалық келісімдерге енгізеді.

Облыс әкімдігі өзіне мынадай міндеттемелерді қабылдайды:

84. Азаматтық қызметшілердің, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар қызметкерлерінің, қазыналық кәсіпорындар қызметкерлерінің еңбекақы жүйесін реформалау жөніндегі еңбекақы деңгейін арттыруға бағытталған шаралар, олардың жалақысын халықаралық тәжірибені ескеріп, индекстеу тетігін әзірлеуге қатысады.

85. Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің сараланған жүйесін енгізу жөніндегі жұмысты жалғастырады.

86. Еңбекақы төлеу саласында, әсіресе шетел қатысуы бар кәсіпорындарда қазақстандық жұмысшылар мен мамандарға еңбекақы төлеуде байқалған тең құқықтан айыру айғақтары бойынша тиісті дәрежеде бақылау жасайды және қатаң ден қою шараларын үйымдастырады.

Кәсіподақтардың облыстық кеңесі өзіне мынадай міндеттемелерді қабылдайды:

87. Жасалатын келісімдер мен ұжымдық шарттар арқылы қызметкерлердің лайықты еңбекке құқығын қамтамасыз етуге, ұйымдардағы еңбек өнімділігінің өсуіне сәйкес нақты жалақы деңгейін арттыруға қол жеткізеді.

88. Мемлекеттік органдар жүргізетін, еңбекті ұйымдастыруды және жалақы жүйесін жетілдіру жөніндегі, қызметкерлердің біліктілігін арттыруды, еңбек өнімділігінің өсуін және экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ететін жұмысқа қатысады.

89. Еңбекақы төлеудің, бюджеттік саладағы еңбекақының  кепілді деңгейін қамтамасыз ететін жаңа жүйесіне көшу жөніндегі жұмысқа қатысады. Ең төмен мемлекеттік әлеуметтік стандарттарды заңды тұрғыдан ресімдеуге жәрдемдеседі.

90. Жұмыс берушінің төлем қабілетсіздігі жағдайында, келісімдерге және ұжымдық шарттарға қызметкерлердің материалдық құқықтарын қорғау жөніндегі шараларды қамтамасыз ететін міндеттемелерді енгізу жөнінде шаралар қабылдайды.

Жұмыс берушілердің бірлестіктері өздеріне мынадай міндеттемелерді қабылдайды:

91. Жалақыны арттыру мәселелерін қызметкерлермен және қызметкерлер уәкілеттік берген өзге де адамдармен және ұйымдармен келіссөздерде қарайды.

92. Жалақы бойынша және жинақтаушы зейнетақы қорларына  қызметкерлердің міндетті зейнетақы аударымдары, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар бойынша берешектің қалыптасуына жол бермейді.

93. Ұқсас және біліктілігі сәйкес жұмысты атқарған кезде шетелдік және отандық қызметкерлердің арасында жалақы мөлшеріндегі айырмашылыққа жол бермейді.

Еңбек нарығының бәсекеге қабілеттілігі және

жұмыспен тұрақты қамту

Еңбек рыногының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мен халықты жұмыспен тұрақты қамту алдағы кезеңдегі өзінің мақсаты деп тани отырып, Тараптар еңбек рыногы мен еңбек көші-қонын заңдастыру, жұмыс орындарының сапасын арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру, кадр әлеуетін сақтау және дамыту, еңбек қатынастарын дамытудың тиімді жүйесін құру міндеттерін шешуде күш-жігерді біріктіру қажет деп есептейді және өздеріне мынадай міндеттемелерді қабылдайды:

94. Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту жүйесін жетілдіру жөніндегі 2008-2010 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының орындалуын жүзеге асырады.

95. Ауыл шаруашылығында жұмыс орындарын сақтауға және құруға, оның ішінде техника мен жабдықтар лизингін, ауылдағы шағын несиелендіруді, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің құрылуын ынталандыруды дамытуға бағытталған шараларды жүзеге асыруға жәрдемдеседі.

96. Халықты жұмыспен тұрақты қамту, көші-қон саясатын жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралардың орындалуын жыл сайын ОҮК-те қарайды.

97. Экономика қажеттіліктеріне сәйкес техникалық, құрылыс және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білікті жұмысшылар даярлауға ерекше назар аудара отырып, кәсіптік-техникалық білім жүйесін қайта жаңғырту және кеңейту жөніндегі шаралар кешенін жасайды және оны іске асырады.

98. Жасөспірімдер мен жастарды уақытша, оның ішінде шағын және орта бизнес құрылымдарында жұмыспен қамту тетігін жетілдіреді.

99. Өзара консультациялар негізінде қызметкерлердің жаппай босатылуы жағдайларында қажетті шаралар қабылдау жөнінде ұйғарымдар әзірлейді.

Облыс әкімдігі өзіне мынадай міндеттемелерді қабылдайды:

100. Мемлекеттік органдардың, қызметкерлер мен жұмыс берушілер бірлестіктерінің жұмыспен қамту және ұлттық еңбек рыногын қорғау туралы  заңнаманы сақтау жөніндегі өзара іс-әрекетін қамтамасыз етеді.

101. Жұмыс күшіне деген қажеттілік туралы болжамды деректерді талдау негізінде, жұмыс берушілер бірлестіктерінің қатысуымен орта және бастауыш кәсіптік білімі бар мамандарды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастырады.

102. «Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2007-2015 жылдарға арналған тұжырымдамасын» орындау жөніндегі шараларды қамтамасыз етеді.

103. 2009 – 2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасын іске асыру жөнінде шаралар қабылдайды.

104. Еңбек көші-қонын реттеу жөніндегі жұмысты жалғастыру, шетелдік қызметкерлерді заңсыз жалдауды болдырмау жөніндегі мемлекеттік бақылауды күшейтеді.

Кәсіподақтардың облыстық кеңесі өзіне мынадай міндеттемелерді қабылдайды:

105. Жеткіліксіз көлемде даярланатын кәсіптер мен мамандықтарды бұқаралық ақпарат құралдарында (БАҚ) насихаттауды, еңбек рыногындағы талаптарды ескере отырып жүзеге асырады.

106. Ұйымдарда тағлымдамадан немесе тәжірибеден өтіп жүрген қызметкерлерді қолдауды жүзеге асырады.

107. Жұмыс берушілермен бірлесе отырып, келісімдер мен ұжымдық шарттарда кадрларды еңбек нарығындағы талаптарға сәйкес даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі шараларды қарастырады.  Қызметкермен жұмысты үздік ұйымдастырады және «Мамандығы бойынша үздік» конкурстарын өткізеді.

Жұмыс берушілердің бірлестіктері өздеріне мынадай міндеттемелерді қабылдайды:

108. Жұмыс күшіне деген сұраныс пен ұсыныстың теңгерімділігі, қолданыстағы жұмыс орындарының тиімділігін арттыру және жаңа өндірістердің есебінен жаңа жұмыс орындарын құру жөнінде жұмыс жүргізеді.

109. Сұраныс бар кәсіптер мен мамандықтардың тұсаукесерлерін өткізу, оның ішінде өңірлік бос орындар жәрмеңкелерін, Ашық есік күндерін, Мансап күндерін, жастар мен білім беру ұйымдарының түлектері үшін жұмыс берушілермен кездесулер өткізу жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады.

110. Халықтың  әлеуметтік осал буындарына арналған әлеуметтік жұмыс орындарын және мүгедектерге арналған арнайы жұмыс орындарын құру жөніндегі жұмысты жүргізеді.

111. Тең жағдайларда қазақстандық мамандарға артықшылықтар беру және шетелдік мамандарды бірте-бірте қазақстандықтармен ауыстыру жөнінде шаралар қабылдайды.

112. Оқу бітірушілердің оқу процесін ұйымдастыру, тәжірибеден өткізу және оларды жұмысқа орналастыру ісінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының неғұрлым тығыз өзара іс-әрекеті мен ынтымақтастығын белгілеу жөнінде шаралар қабылдайды.

113. Босаған қызметкерлердің біліктілігін арттыруды және қайта даярлауды ескеретін, жастарды кәсіптік оқытуды ілгерілететін қызметкерлерді өндірісішілік оқыту жүйесін құру және дамыту, ұйымдарда жастарға тәжірибе беру жөніндегі тәлімгерлік жүйені жаңғыртады.

114. Қызметкерлерді кәсіптік даярлау, қайта даярлау, олардың біліктілігін арттыру үшін материалдық-техникалық база құрады және жетілдіреді.

115. Ұйымдарды қайта құрылымдау процесінде жаппай жұмыстан босатуға ықпал ететін шаралардың алдын алады.

116. Жеткіліксіз көлемде даярланатын кәсіптер мен мамандықтарды бұқаралық ақпарат құралдарында (БАҚ) насихаттауды, еңбек рыногындағы талаптарды ескере отырып жүзеге асырады.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі БҰҰ Ғаламдық шартының қағидаттарын енгізу, Қазақстанда корпоративтік азаматтықтың жоғары мәдениетін, әлеуметтік әріптестік пен халықаралық компаниялар сияқты  отандық компаниялардың да тиімді қайырымдылық практикасын  қалыптастыру, әлеуметтік жобалардың маңыздылығы беделін көтеру мақсатында, Тараптар өздеріне мынадай міндеттемелерді қабылдайды:

117. Корпоративтік мүддеге зиян келтіру алып тасталған жағдайда, отандық және шетелдік компаниялар ерікті түрде жүзеге асыратын әлеуметтік бағдарламалардың басым бағыттарын айқындайды.

118. Сыбайлас жемқорлықтың барлық нысандарына қарсы әрекет етеді.

119. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсына қатысатын үміткерлерді ұсынуға қатысады.

Облыс әкімдігі өзіне мынадай міндеттемелерді қабылдайды:

120. Еркіндік және икемділік принциптерін сақтау негізінде бизнестің әлеуметтік есептілігіне мемлекеттің араласпау саясатын жүргізеді.

121. Әлеуметтік-экономикалық жобалардың біріккен әзірлемесін дайындауда бизнес, Үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың біріге қызмет жасауын ынталандырады.

Кәсіподақтардың облыстық кеңесі өзіне мынадай міндеттемелерді қабылдайды:

122. Жалпы республикалық бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» және «Алтын Сапа» конкурстарына әріптес ретінде қатысады.

123. Табиғатты қорғау саласында заңды актілер, келісімдер мен ұжымдық шарттарды орындауда қоғамдық бақылаудың мағынасы мен деңгейін арттырады.

Жұмыс берушілердің бірлестіктері өздеріне мынадай міндеттемелерді қабылдайды:

124. Ұйымның корпоративтік мәдениетін дамытады.

125. Кәсіподақтармен қарым-қатынасты нығайтады, атқарушы билік органдарымен және кәсіподақтармен бірлесе отырып әлеуметтік жобалар мен бағдарламаларды әзірлеуге және іске асыруға қатысады.

126. Кәсіптік бірлестіктер бостандығын қолдайды және ұжымдық шарттар жасасу құқығын таниды.

127. Қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға бағытталған шаралар қабылдайды.

128. Әлеуметтік жауапкершілік саласында мемлекет пен бизнестің өзара қарым-қатынастары мәселелерін реттеуді одан әрі жетілдіру және  корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік мәселелерімен белсенді айналысатын  компанияларды ынталандыру мақсатында қолданыстағы заңнамаға толықтырулар мен өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлейді.

129. Қызметкерлердің біліктілігін арттыру және оқыту жөніндегі іс-шараларды (оқу демалыстарына ақы төлеу, шәкіртақы тағайындау, тренингілер мен басқа да оқыту іс-шараларын) ұйымдастыру арқылы еңбек өнімділігін арттыруға ықпал ететін жағдайларды қамтамасыз етеді.

130. Жұмыс берушілер өкілдерінің қатысуымен тұрғын үймен, несиемен, өтеусіз субсидия берумен, тұрғын үй жалымен қамтамасыз ету мәселелерін қарайды.

Еңбекші әйелдер мен  жұмысшы жастардың

құқықтары мен кепілдіктерін қамтамасыз ету

Еңбекші әйелдер Конгресі қабылдаған ұсынымдарды іске асыру мақсатында, Тараптар өздеріне мынадай міндеттемелерді қабылдайды:

131. Ана мен баланы қорғауды, әйелдерді әлеуметтік қолдауды  қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешенін іске асырады. Әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы гендерлік проблемаларды шешеді, еңбекші әйелдерді кемсітушілікті жою жөнінде шаралар қабылдайды.

132. Өңірлік, салалық келісімдер мен ұйымдарда ұжымдық шарттар жасасу кезінде:

қызметкерлердің осы санатын әлеуметтік-құқықтық қорғаумен байланысты мәселелерді икемді реттеу мақсатымен еңбекші әйелдердің құқықтары мен кепілдіктерінің сақталуын;

жұмыс істейтін әйелдерді міндетті алдын алу тексерулер; 

жастарды республиканың оқу орындарында жұмыс берушінің қаражаты есебінен оқыту жөніндегі бағдарламаларды әзірлеу және жүзеге асыру;

мұқтаж әйелдерге балаларын мектепке және мектепке дейінгі тәрбиелеу мекемелеріне дайындауға қаражат бөлуді;

қызметкерлер балаларының демалысын ұйымдастыру мәселесін қарайды.

133. Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға, жастардың еңбек, білім беру және денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді шешуге, жастардың әлеуметтік-экономикалық өзін-өзі іс жүзінде көрсетуі үшін жағдайлар жасауға, жастардың қоғамдық оң бастамаларын қолдауға және ынталандыруға бағытталған облыстық бағдарламаны іске асыруға қатысады.

Әлеуметтік әріптестік

Әлеуметтік әріптестікті одан әрі дамыту, оның тиімділігін арттыру,  әлеуметтік диалогты нығайту мақсатында Тараптар өздеріне мынадай міндеттемелерді қабылдайды:

134. «Ұжымдық шарт жасаңыздар» жалпы республикалық акция аясында ұйымдарда ұжымдық шарттар жасасу жөніндегі әлеуметтік диалогтың тиімділігі мен пәрменділігін арттырады.

135. Қалалық және аудандық әлеуметтік әріптестік комиссияларының келісімдерді жүзеге асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстары туралы есебін ОҮК отырыстарында тыңдайды.

136. Мыналарға:

қоғамның шоғырлануын, әлеуметтік тұрақтылық пен қоғамдық келісімді қамтамасыз етеді;

атқарушы билік органдарының, жұмыс берушілер мен кәсіподақтар өкілдерінің және қызметкерлер уәкілеттік берген өзге де адамдар мен барлық деңгейдегі ұйымдардың арасындағы сындарлы қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға;

үшжақты комиссиялардың мәртебесі мен рөлін, барлық деңгейдегі  әлеуметтік әріптестіктің тиімділігі мен пәрменділігін арттыруға;

келісімдер мен ұжымдық шарттарда қабылданған міндеттемелердің іске асырылуы үшін әр жұмыс берушінің жауапкершілігін арттыруға;

Қазақстанда еңбек қызметін жүзеге асырушы шетелдік компанияларды  үшжақты комиссияның жұмысына, ұжымдық шарттар жасасуға тартуға;

еңбек қатынастарында қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін сақтауға бағытталған шаралардың іске асырылуын қамтамасыз ету.

137. Барлық деңгейдегі келісімдер мен ұжымдық шарттар жасау мақсатында жұмыс берушілер мен қызметкерлерді бірлестіктер мен ұйымдарға  қауымдастыруға бағытталған жұмысты күшейту жөнінде шаралар қабылдайды.

Облыс әкімдігі өзіне мынадай міндеттемелерді қабылдайды:

138. Жасалған қалалық және аудандық келісімдердің мониторинг жүргізілуін қамтамасыз етеді.

139. Қолданыстағы заңнама ауқымында кәсіподақ бірлестіктері мен жұмыс берушілер бірлестіктеріне келіссөз жүргізуге қажетті ақпараттарды ұсынады.

140. Қызметкерлерге қатысты мәселелерді қарау кезінде, құқық қорғау органдарын, сондай-ақ олардың аумақтық бөлімшелерін қоспағанда, облыстық басқармалардың консультативтік-кеңесші органдарына тиісті кәсіподақ органдарының өкілдерін келісім бойынша енгізеді.

Кәсіподақтардың облыстық кеңесі өзіне мынадай міндеттемелерді қабылдайды:

141. Қазақстан Республикасы Үкіметінің белгіленген бағдарламаларды орындауы, сондай-ақ еңбек және онымен байланысты әлеуметтік-экономикалық қатынастары мәселелерін шешу, заңдарды және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілерін іске асыру жөнінде қабылданатын шаралары туралы мүше ұйымдарды хабардар ету.

142. Барлық деңгейлердегі қызметкерлер өкілдеріне ұжымдық келіссөздер жүргізу, салалық, өңірлік келісімдер мен ұжымдық шарттарды әзірлейді және жасасу жөнінде жәрдем көрсетеді.

143. Ұйымдардың кәсіподақ активтерімен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу, әлеуметтік әріптестікті одан әрі дамыту, келісімдер мен ұжымдық шарттар жасасу жөнінде семинар-кеңестер, «дөңгелек үстелдер» өткізеді.

Жұмыс берушілердің бірлестіктері өздеріне мынадай міндеттемелерді қабылдайды:

144. Қызметкерлер өкілдерінің еркін қызмет етуі үшін кәсіпорындар мен ұйымдарда Қазақстан ратификациялаған Халықаралық Еңбек Ұйымының «Ассоциациялар бостандығы және ұйымдасу құқығын қорғау туралы» № 87, «Кәсіпорындарда еңбекшілер өкілдерінің құқықтарын қорғау және оларға берілетін мүмкіндіктер туралы» № 135 Конвенцияларына сәйкес қажетті жағдайлар туғызу, кәсіподақтар құқықтарын еңбек заңнамасына сәйкес сақтау, кәсіподақ мүшесі-қызметкерлердің жазбаша өтініші негізінде мүшелік жарналарын қолма-қол ақшасыз төлеуіне және ұсталған сомалардың  кәсіподақтар шотына аударылуына кедергі жасамайды.

145. Жұмыс берушілердің, оның ішінде шетелдік жұмыс берушілердің қызметін жандандыру жөніндегі, олардың өз мүдделерін білдіруі және әлеуметтік әріптестік жөніндегі тиісті комиссиялардың жұмысына қатысуы үшін одақтарға қауымдасуы  шаралары кешенін жүзеге асырады.

146. Әлеуметтік-еңбек қатынастары саласында туындайтын ұжымдық еңбек дауларын реттеу жөнінде шаралар қабылдайды.

Келісімнің қолданылуы және

оның орындалуын бақылау

Тараптардың осы Келісімнің ережелерін орындауын үйлестіру мақсатында, Тараптар мыналарға келісті:

147. Тараптар Келісімді әлеуметтік әріптестіктің облыста 2010 – 2012 жылдарға арналған келісімді әлеуметтік-экономикалық саясат жүргізу жөніндегі басым бағыттарды және қажетті іс-қимылдарды белгілейтін негізгі құжат деп таниды.

148. Тараптардың біреуінің ұсынысы бойынша Келісімге тараптардың өзара келісімімен өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Өзгерістер мен толықтырулар жеке хаттамалармен ресімделеді және қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

149. Тараптардың Келісім бойынша міндеттемелері мен облыстық үшжақты комиссияның ұсынымдары (шешімдері) өңірлік (облыстық, қалалық, аудандық), салалық келісімдер мен ұжымдық шарттар жасасу кезінде барынша ескерілген болуға тиіс.

150. Келісімнің қолданылуы кезеңінде және міндеттемелері орындалған жағдайда, Келісімге қол қойған қызметкерлердің республикалық бірлестіктері Тараптар арасындағы даулы жағдайларды тиісті деңгейлерде және облыстық үшжақты комиссияда алдын ала қарамай және шешпей наразылық акцияларын өткізбейтін болады.

151. Республикалық үшжақты комиссияның ұсынымдары (шешімдері) осы Келісімді іске асырудың нысаны болып табылады.

152. Облыстық келісімнің орындалу барысын бақылау Қазақстан Республикасы Еңбек кодексіне, Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия туралы ережеге және Облыстық келісімді әзірлеу және жасасу жөніндегі ережеге сәйкес жүзеге асырылады.

153. ОҮК-тің жұмыс тобы Келісімнің орындалу барысы туралы ақпаратты  дайындайды. ОҮК Келісім ережелерінің орындалу барысын жыл сайын қарайды.

154. Облыстық үшжақты комиссияның қызметін және Келісімнің іске асырылу барысын жария ету мақсатында Тараптар әлеуметтік әріптестікті дамытуға және Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-еңбек қатынастары проблемаларына арналған материалдардың бұқаралық ақпарат құралдарында  ұдайы жариялануын қамтамасыз етеді.

155. Келісімге қол қойылғаннан кейін бір ай мерзімде Тараптардың әрқайсысы қабылданған міндеттемелерді іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлейді және оны облыстық үшжақты комиссияға бекітуге ұсынады.

156. Келісім мәтіні екі апталық мерзімде қол қойылған сәттен бастап, «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» облыстық басылымдарында жарияланады.

157. Облыс әкімдігі келісімді жариялағаннан кейін Келісім жасауға қатыспаған жұмыс берушілер бірлестіктеріне, жұмыс берушілерге, жұмысшылар бірлестіктеріне қосылу туралы ұсыныс ресми түрде жасайды.

Осы ұсыныс ресми түрде жариялануы тисті, оны облыс әкімдігі қамтамасыз етеді.

158. Егер жұмыс берушілер бірлестіктері, жұмыс берушілер, жұмысшылар бірлестіктері келісімге қосылу туралы ұсыныс жарияланған күннен бастап       30 күнтізбе күн ішінде әлеуметтiк әрiптестiк пен әлеуметтiк және еңбек қатынастарын реттеу жөнiндегi облыстық үшжақты комиссияның үйлестірушісіне («Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» ММ) оған қосылу туралы жазбаша түрде дәлелді қарсылық көрсетпесе, онда ұсыныс оларға ресми түрде жарияланған күннен бастап таратылды деп есептеледі.

159. Келісім 2010 – 2012 жылдарға арналып жасалды және жаңа Келісім жасалғанға дейін қолданылады.

2009 жылғы 29 желтоқсанда Ақтөбе қаласында мемлекеттік және орыс тілдерінде, 4 данада жасалды. Қол қоюға қатысушылардың әрқайсысында Келісімнің бір-бір данасы бар.

Осы Келісімге қол қойды:

Облыс әкімдігінен:

Облыс әкім

Е. САҒЫНДЫҚОВ.

Кәсіподақтардың облыстық кеңесінен:

Облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы

Т. АЙЖАРЫҚОВ.

Жұмыс берушілердің облыстық бірлестіктерінен:

«Ақтөбе облысының кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер

одағы» қоғамдық бiрлестiгiнің президенті

А. АЙТЖАНОВ.

«Атамекен Одағы» Қазақстан ҰЭП

Ақтөбе филиалының директоры

А. САДЫҚОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button