Басты бет » Білім » «Иісімен жусанның жанымды емдеп…»

«Иісімен жусанның жанымды емдеп…»

Бүгін оқырмандарымызға Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті тарих-филология факультеті жанынан құрылған жас ақындар клубы мүшелерінің өлеңдерін ұсынып отырмыз.

Жастарымыздың жыр әлеміндегі алғашқы қадамдары саналатын жауқазын туындыларына қатал сын көзімен емес, жанашырлықпен, мейіріммен қарауды сұраймыз.

Әрине, бұл жастардың арасынан ертеңгі күні поэзия патшалығына жаңа серпіліс әкелетін, өзіндік үнімен танылатын үлкен ақындар шығады деп үміттенуімізге әбден болады.

Оларға жолдарың болсын дейік.

Райгүл МҰҚЫШЕВА

Жанымды жайлап мұнар мұң…

Жанымды жайлап мұнар мұң,

Жабырқап жүрген шағымда.

Кездестің арман-алау боп

Көгілдір көктем бағында.

Кеудеде тұнған сырымды,

Айта алмай іштен тынамын.

Дегенмен  сендік жанардың

Торланған сәтін ұғамын.

Кей сәтте мұңды жүресің,

Өтесің кейде жайдары.

Білемін көкке ұмтылдым —

Арманды көксеп Айдағы.

Тағдырың сенің сәтсіздеу,

Қайтесің оны жиі ойлап.

Бақытты емес бір адам

Кеткен жоқ бірақ мұң жайлап.

Сезімге ерер бір сәттік,

Пенде ғой бәрі өйткені.

Дегенмен парыз — ақынның

Ұсақталып та кетпеуі.

Жүректе сендік жайлаған,

Сөнбесін асқақ алау от.

Дүние көзін  байлаған

Жасанған топты жарып өт.

Арманың бір кез алдаса,

Жазықсыз болсаң «кінәлі» —

Түзелмей жүр ғой, қайтесің,

Алқалы топтың  міні әлі.

Асылдар ғана өмірде,

Өлімі жайлы ойлаған.

Өйткені оған бұл тағдыр

Молшылық ете қоймаған.

Азғантай ғана ғұмырда,

Жайдары жүрші тек, күліп…

Қалмағай нәзік жүректе

Біреуге деген кек тұнып.

Ақын ғып сені жаратқан,

Тағдырға айтпай өкпеңді.

Жауқазын гүлдей жайнашы,

Құлпырған, келіп көктемі.

Қуандық РЕЙМОВ

Мұқағали монологы

Бүгін, міне, бақта жалғыз отырмын,

Өшіріп ап шоғын шабыт-отымның.

Қайтем енді, шарасыз  бір пендемін

Шешіміне көнем тағдыр-сотымның.

Көз алдымда тоқтауы жоқ тіршілік,

Бәрі асығыс, жүрген бәрі құлшынып.

Ал мен болсам жабырқаулы, мұңдымын

Бейне әкемнен жегендей-ақ бір шыбық.

Толқынындай тулаған көк теңіздің,

Мен әу бастан тіршілікпен егізбін.

Айтшы маған рас болса осыным,

Тіршілік-ау, айдынымнан неге үздің?!

Мен өзімнен қазір алыс жақтамын,

Елемеймін күн батып, таң атқанын.

Жалықтым да кете бардым жыраққа

Кешуден бұл өмірдің лай-батпағын.

Қапалымын, өткеніме налимын,

Күнін ұрлап қалғаны үшін сәбидің.

Ей, Тағдырым! Жауап бергін, бұйырам,

Қашан енді уызыма жаримын?

… Бүгін тағы бақта жалғыз отырмын,

Қиығындай тоз-тоз болған тоқымның.

Ей, адамдар, сөніп бара жатсам мен,

Қойыңдаршы шоғын үрлеп отымның…

Нұрлыбек БАЙНИЯЗОВ

Туған ауыл… сағыныш…

Жел еседі — даламның  самалы ма?

Күн шығады — ауылдың жанары ма?

Үзіледі-ау өзіңе барғанымша

Сағыныш-дән сарғайып сабағында.

Дауыл соқса, құмына жуынғым кеп,

Құйын болам, дауылдай соғамын деп.

Жусан көрсем жапырып жата кетем,

Иісімен жусанның жанымды емдеп.

Өзенінен өткенді сұрай алам…

Көп күннің ізі қалған, кінәлай маң —

Дейді маған ұрысып — ұмыттың ба?!

Жүзуші ең, шыққың келмей «Құралайдан».

Қалыпты онда ерекше естелігім,

Сағынып түсіремін еске бүгін.

Үйректің балапанын ұстаймын деп

Есімде сортаң суды кешкен күнім.

Тыңдай қап әр өксікті, әр ызыңды,

Жақ талып, шайнаушы едік сағызыңды.

Бұл күні арманменен алыс кетіп,

Түсімде қуып жүрмін сағымыңды.

Рита ТҰРАЛИНА

Патша сезім

Сезімім шарасыз-ақ,

Жүрегім құптар нені?!

Жалғыздық жарасынан,

Сен келіп құтқар мені.

Жандардың көрінеді,

Біткендей шуақ демі.

Моншақтар төгіледі,

Сен келіп жұбат мені.

Отырмын  кешкі бақта,

Күндегі ғажап дала.

Бұралған бұла шақта,

Сен мені азаптама.

Арманым жиі алдады,

Жаныма қаладым шын.

Қимасым қиялдағы,

Қайрылмай барамысың?

Болмайды бұл кезеңде,

Жалғанға сене салу.

Қиын ғой бар сезімді,

Қолыңнан көме салу.

Жоқ, оған келіспеймін,

Сен мейлің, сенбе мейлің.

Өзіңе бөліс деймін,

Беймезгіл жерлемеймін.

Шыдаймын, нетем енді,

Жүректі мұң басқанда.

Сен жайлы өлеңдерді,

Ұшырам нұрлы аспанға.

Өмірдің айдынынан,

Зулайды күн, айменен.

Жалықпай тағдырымнан,

Мен сені сұрай берем.

Осылай жүремін бе?

Сәтсіздік жетегінде.

Пенде-өмір сүремін де.

Құса боп кетемін бе?

Төгілген қанша сезім,

Бір саған ғашықтығым.

Махаббат — патша сезім,

Биікке асық, күнім!

Ақниет ТҰРҒАНОВА

Тілімді ойлап мұңайдым…

Аманында аспан,  жердің, күн, айдың,

Неге сонша құтың қашты, шырайлым?

Ерте өлең шығардым

Салмақ түсіп санама —

Тілімді ойлап, дінімді ойлап мұңайдым.

Тәуелсіз ел атандық біз, шүкірлік.

Бойда қалды қортық сана, бүкірлік.

Қазақ тілім қажыдың-ау, қайтейін,

Өз ұлдарың жасаған соң күпірлік.

Кері итерме бауырыңды, ішіңді аш,

Бірігіңдер, бүкіл түркі тұқымдас.

Туған тілім, мына біздер тұрғанда,

Аждаһаның аранына жұтылмас!!!

Нұрбол ИБРАЕВ

Сезім элегиясы

Ғашықтық…

Азап па бұл өзі?

Тағы да жүрегім мұңайды.

Бір қыз бар қырсықтау мінезі,

Сонда да ол маған ұнайды!

Жарасы тым ауыр жүректің,

Жанымды тырнады тыртық қып.

Шах пен Мат секілді (дір еттім),

Қырсыққа көрсетіп қырсықтық.

Ерке де, сұлу да сүйкімді,

Жүрісі, тұрысы – ханшайым!

Көркімен ұрлады ұйқымды,

Тек қана көз ілем таң сайын.

Бұл сәттер мен үшін күлкілі,

(Бағдаршам жарығы сөнгендей).

Кездессем қынжылам бір түрлі,

Қыз Жібек тіріліп келгендей.

Төлеген болмаспын алайда,

Жібекті жылатып не табам?

Ұмытқым келеді қалай да,

Сезімді өшіріп қайтадан.

Ол қыздың сүйгені бар шығар —

Бекежан болғым да келмейді…

Жүректен тамады тамшылар.

Сонда да сезімім өлмейді.

Бұл, бәлкім, ойыны тағдырдың,

Көрсете алмаспын қарсылық.

Қайғымен түндерде қаңғырдым.

Сағыныш әлі де баршылық.

Ей, уақыт!

Бір сәтке аяңда!

Тәтті мұң тығылды жүрекке.

Ол қызбен теңеспес Баян да,

Теңесе алмайды Жібек те…

Ғашықтық…

Азап па бұл өзі?

Тағы да жүрегім мұңайды.

Бір қыз бар қырсықтау мінезі,

Сонда да ол маған ұнайды!

Гүлайнa ӘМІРОВА

Сезім сыры

Ағысына ілесіп өмір-кеменің.

Болашаққа қадам басып келемін.

Кіршіксіз пәк таңғы шықтай мөп-мөлдір,

Ақ махаббат барына мен сенемін.

Ғашықтық ол лүпілі қос жүректің,

Ғашықтардың шын бақытын тілеппін.

Үлгі болған талай-талай ғашыққа,

Махаббаты Төлеген мен Жібектің.

Жасыра алмай алғашқы пәк сезімді,

Алғаш рет ұнатып ем өзіңді.

Қос шыраққа қатар жанған теңеуші ем,

Сенің әсем мөлдір қара көзіңді.

Сөйтіп сен де тілегіңді ұсындың.

Мен де бәрін үнсіз ғана түсіндім.

Менің іштей сүйгенімді өзіңді,

Біліп қалды ма екен деп қысылдым.

Ұмытылмас менің тәтті шақтарым.

Тәтті елесті мәңгі есіме сақтадым.

Талай бірге қарсы алдық біз екеуміз.

Туған жердің арайлаған ақ таңын.

Ақ таң бізге сыйлады ғой ақ арай;

Білмедік біз махаббатты бағалай.

Қол ұстасып қоштаса алмай тұрғанбыз

Нөсерлеткен жаңбырға да қарамай.

Махаббаттың сыры сонау тереңде.

Ұқсаттым ба, ұқсата алмай келем бе?

Жүрегімді тербеткен сол сезімді,

Мен сыйғыза алмадым еш өлеңге.

Аманша СМАҒҰЛОВА

Тіл туралы диалог

(Мұқағали ізімен)

— Тілің, дінің жоғалса, айтшы, досым, не етер ең?

— Тілім, дінім болмаса мылқау болып өтер ем.

— Болашағы мұнар боп, жоғалмай ма қайран тіл?

— Шұбарламай тіліңді, өз орнымен сөйлей біл!

Тілін білмес жандарды, айтыңдаршы, не дейміз?

— Тілін білмес адамды құр жәндікке теңейміз.

— Тілімізді қалай біз көтереміз жаңғыртып?

— Таза, көркем сөйлейік, көрсетпейік салғырттық.

— «Басқа пәле — тілден» деп ойлаймысың, достарым?

— Аз сөйлегін, көп тыңдап, ей, қатарлас жастарым!

— Шұбарламай тілімді қалай сақтап қаламын?

— Анық, таза сөйлеуге бар күшімді саламын!

Жас ақындар клубы мүшелерінің өлеңдерін газетке ұсынушы — филология ғылымдарының кандидаты, ақын Нұрлыхан АЙТОВА.