Білім

Періште мен жынды

Мақсат МӘЛІКОВ

1984 жылы Шалқар ауданының Тұмалыкөл ауылында дүниеге келген. 2005 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. Х Халықаралық «Шабыт» фестивалінің проза номинациясы бойынша Гран-При жүлдесін жеңіп алған. Қазақ радиосының қызметкері.

Ол жынданып кетті. Кәдімгі жынды. Бірақ, бет алды сөйлеп, ешкімнің берекетін қашырмайтын. Ондай қылықтардан ада. Тіптен баз біреуге жанарын тіктеп те қадамайтын. Ақысы бардай үңіле түскендері болмаса, көбісі сап-сау деп есептейтін. Ешкімге зияны тимесе де, танитындардың бәрі мұны теріс айналып кеткен. Әрі солай болуы шартты ұғым сияқты онша мән бермейді. Қазір олардың қажеті де шамалы. Жанынан жырақ кетпегені жары ғана. Орта бойлы қара торы келіншек бәріне де көніп келеді.

Алғашында келіншектің туыстары жиналып «Әлі жассың, есі бар біреудің етегінен ұста. Жалғыз баламен қайда барсаң да сиясың», — деген-ді. Туыстарының ортасында кінәлі адамдай басын төмен салып отырған келіншек бала туралы сөз қозғалғанда ышқынып кетті. «Бәрібір баламды әкесінен айырмаймын, керек болса менімен қатынаспай-ақ қойыңдар», — деп шорт кеткен. Содан бері олар да бұл үйдің табалдырығынан аттауды қойған. Иә, бала көп күйініштің жұбанышы еді. Әрі күйеуінің бір кіндіктен тараған жалғыз екені жанына қатты бататын. Басқалар не десе о десін… Ал, ол жынданып кеткенімен, ара-арасында әкелік мейірім оянып (көбіміз оларды адамгершілік сезімнен жұрдай ретінде қабылдаймыз), баласының басынан сипағысы келетін. Бала болса қорғаншақтап, қашқалақтайтын. Ол одан әрі ұмтылмайтын. Содан шығар, бала шешесіне үйір. Әкесінің бөлмесіне тек тамаққа шақыра келгенде ғана бас сұғатын. Айтпақшы, біздің кейіпкеріміздің тамақ ішу, әжетханаға бару сықылды табиғи қажеттіліктерінен басқа күнделікті қайталанатын және әсте есінен шығармайтын екі әдеті бар. Оның бірі — шылым шегу, екіншісі — бөлмесінің терезесінен күн ұзақ сыртқа телміру. Ауық-ауық темекі түтінін будақтатып тұратын мұны сыртқы әлеммен байланыстыратын осы терезе ғана. Көшедегі асығыс адамдарға қарап, кейде кекесінді жымиып та қояды. Не үшін екендігі түсініксіз. Жартылай аспанға да ұзақ қарайтын. Дауысы өзіне де естілместей етіп күбірлеп сейлейді. Күнделікті тірлік осы. Қайталанудан жалықпайды.

Ал бүгін өте ерекше болды. Осы көпқабатты тас үйді төңіректеп ұшып жүретін ақ көгершін терезенің жақтауына келіп қонақтаған-ды. Ол таң қалды. Жынданғаннан бері жанына жақындаған әйелі мен баласынан басқа, үшінші тіршілік иесі ақ көгершін еді. Ішкі түйсік аздап болса да сездіретін. Үркітпеді. Ақ көгершін де еш жатырқамайды. Қолынан жем жеп жүргендей еш қорықпайды. Тіпті тіл қатқысы келгендей қомданып, бұған қарай береді. Ертегіде болмаса, құс сөйлеуші ме еді? Бірақ оның ақ көгершінмен ағыл-тегіл әңгімелескісі келді. Көптен бері тығылып жатқан тіліне ерік берді.

— Сен кімсің?

— Періштемін.

Тағы да таң қалды. Бәлкім, сау кезінде естісе талып түсер ме еді, кім білсін.

— Періште құс кейпінде болушы ма еді?

— Періштелерді көріп, бірге қыдырғандай айтасыз. Сөзден тосылды. Шешенсіп бастаған тілі қырқылып қалды. Ләм-мим демеді.

— Үнемі жалғыз терезенің алдында телміріп тұрасыз.

— …

— Біреуді күтетін сияқтысыз.

Мазақ қылғандай. Ащы кекесін. Көзі жарқ ете қалды. Ақ көгершінге тура қарады.

— Сөз сыралғысы ғой, ренжімеңіз. Сіздің өміріңіздің бәрін алақандағыдай беске білемін. Қазіргісін, бұрынғысын да…

— Бұған дейінгі тіршілігіме жауап бермеймін.

— Бұлай демеңіз…

— Қазір басқа қоғамның мүшесімін.

— Бәрібір…

— Тергеуіңізге қарағанда мені соттауға келген сияқтысыз. Ақ көгершін ұшып кетті.

— Ертең дәл осы уақытта қайта кел.

Осы сөз ауызынан қалай шығып кеткенін өзі де аңғармады. Ақ көгершін естіді. Ол шылымын тұтатты. Қаңсып қалған танауын ащы түтін жыбырлатып өтті. Рахат!

Ертеңіне терезенің алдына келіп тұрды. Ақ көгершін кешікпеді. Қуанып кетті. Кеше алғашында таңырқап, артынан тосырқағанымен, бір күннің ішінде сағынып қалыпты. Жылыұшырай берді.

— Қалайсыз?

— Көріп тұрсыз.

— Сізбен ашық сөйлессем деп едім.

— Еркіңіз білсін.

Ол ақ көгершіннің айтқанын мақұлдады. Өзі ойлаған жерден дөп басқанына таңданды.

— Бастаңыз.

— Бұған дейінгі өміріңіз туралы сыр шертіссек.

Өн бойын ашу-ыза кернегенімен, сыртына шығармады. «Несіне қазбалай береді немесе сол үшін ғана керекпін бе? Өзі бәрін білемін деді емес пе» деп ойлады. Ақ көгершін сөйлеп тұр екен.

— Періштелерге күмән келтіресіз.

— …

Ой құшағына берілді. Қу тірлік алқымынан алғанда, періште тұрмақ Құдайды да сыбап тастайсың. Санасында сырғыған әлдене есіне түспей қиналды. Маңдайынан суық тер бұрқ етті. Бұл бәрін де тыңдап жүріпті, қай айтқаным жақпай қалды екен. Оның бір досы бар болатын. Бұдан көп уақыт бұрын екеуі сыраға бөгіп отырып, талай әңгіменің басын шалған-ды. Ой арнасы тазалық, әділдік, адалдық, сияқты ұлы қасиеттерге қарай ойысқанда, досы:

— Бұл дүниенің тазалығы періштенің әжетханасындай, — деген еді. Бұл болса қарсы жауап қатып:

— Періштеде де әжетхана бола ма? — дегені бар. Есіне түсіргені осы, мүмкін басқасы шығар. Әуелі ескі досын ойлады. Ол да жынданып кетті ме екен? Оны да ақ көгершін тергейді-ау.

— Осы арқылы тазалықты тәрк еткен жоқсыз ба?

— …

Дәл тапты.

— Өйтіп көзжұмбайлыққа салынуға болмайды ғой.

— Тоқтатыңыз. Жер беті лас. Толған нәжіс. Ал тазалықты таппағанымды мойындаймын.

Ақ көгершін ұшып кетті. Сағат тілі тоқтамады. Алға жылжуда. Екеуінің кездесуі үзілмеді. Маңызды ештеңе айтпай, қысқа ғана тіл қатысып тарайтын. Қазбалайтын сұрақтар да қойылмайтын болды. Бір қалыпты. Тек көшенің арғы бетіндегі тас үйдің шатырында жүретін қара ала мысық ақ көгершінге жыртқыштық сезіммен қарап, бір үрейден хабар беретін. Бұлар байқамайтын.

Ақ көгершін тағы да келді.

— Сізді алып кетемін.

— Бармаймын.

— Қайда деп сұрамадыңыз да.

— Білемін, О жақта да әділдік жоқ.

— Қалай ғана дәтіңіз барады.

— Жеткізіп баратыныңа күмәнім жоқ. Бірақ, әділдік болса Құдай тозақ пен жұмақ деп бөлмес еді ғой.

Ақ көгершін ұшып кетті. Ренжіген сыңайлы. Енді келер ме екен. Келеді. Ол сенімді.

Түнімен ұйықтамай терезенің алдында отырды. Таң атты. Аспан қара бұлтпен тұмшаланыпты. Қара бұлт жарық шіркіннің еңсесін аяусыз езгілейді. Темекісін құшырлана сорып, әйнек сыртындағы әлемге үңілді. Ақ көгершін көрінбеді. Өзін кінәлады. Мықтап ренжіген-ау. Тағы қарады. Ақ көгершін көшенің арғы қапталындағы үйдің шатырына қонақтапты. Түсінікті. Ештеңеден қаперсіз. Айқайлап шақырсам ба деп ойлады. Тағы қарады. Қара ала мысық жақындап қалыпты. Жүрегін қорқыныш найзасы түйреп өтті. Айқайлауға бекінді. Айқайлады. Әрекетінен ештеңе өнбеді. Қара ала мысық ақ көгершінді паршалап тастады. Ақ қауырсындар желмен ұша жөнелді. Ол терезенің әйнегін бір қойып күл-талқан етті. Аласұрып, әр нені айтып айқайлап, бөлмедегі қолына түскен заттарды қирата бастады. Есікті ашып кіріп келген баласын шапалақпен салып жіберді. Жылаған бала шешесіне қарай жүгірді. Әйеліне ұмтылды. Жанарын үрей торлаған әйелі оның қолының астынан сытыла қашып, кіре берісте орналасқан телефон тұтқасына жармасты. Жындыхананың нөмірін тере бастады. Үй іші астан-кестең. Айқай толастамады. Жан даусы шығып жатыр. Бәлкім, ол ақ көгершінмен бірге кетпегеніне өкінген болар.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button