Білім

Балдырған

Халқын сүйген — салтын сүйер

Ел, Отан, салт-дәстүр бір-бірімен тығыз байланысты. Салт-дәстүр — ата-бабамыздан мирас боп қалған асыл мұра.

Дүниеге пенде боп келген соң, өз еліңде өз тіліңді, өз дініңді, өз дәстүріңді біліп өсесің. Бірлігі мен бейбітшілігі жарасқан халықтың салт-дәстүрі де көпшіл болмақ. Қазақтың ақжарқын, адал, қоғамшыл халық екені салт-дәстүрлерімізден де байқалады. Сол салт-дәстүрлерімізді сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа  жеткізу — біздің борышымыз.

Шынар МЫРЗАКЕНОВА,

№2 мектеп-гимназияның 5-сынып оқушысы.

Шалқар қаласы.

Оқушының өлеңі

Тәуелсіздік

Өз иесін байтақ далам жылдар бойы аңсаған,

Иелігін ұқтыра алмай көзін жұмды қанша адам.

Көркем өлкем талайлардың көз құртына айналып,

Жаудың қолы шекараға талай келді самсаған.

Мынау тағдыр жұмағын да, тозағын да ұсынды,

Сонда дағы жоғалтпадың бақыт атты құсыңды.

Жасыл жайлау, жазира көл, барлығына қызығып,

Аңдығандар қаншама еді сенің осы тұсыңды.

Сақтау үшін дайын болдық шайқасқа да, егеске,

Соның бәрі айналғандай бүгін, міне, елеске.

Жер менікі, ел менікі, байлығы да менікі,

Тәуелсіздік өшпес шаттық, өмірлік бақ емес пе?!

Алмаш ГҮЛАЙХАН,

Тоқпансай негізгі мектебінің оқушысы.

Алға ауданы.

Білім нәрі

Көп үңілсең кітапқа,

Өсесің де өнесің.

Жапырақ боп бұтақта,

Кең әлемді көресің

Табыстырдың пәндермен,

Білім нәрін жұтамын.

Сусындатып нәр берген,

Менің асыл кітабым..

Алтын ЖОЛДЫҒАЛИЕВА,

Шұбарши орта мектебінің 6-сынып оқушысы.

Темір ауданы

Өнер

Назеркенің әндері

Қазір ән әлемі әуезді үн иелеріне толы. Ақтөбе қаласындағы №51 гимназияның 5-сынып оқушысы Назерке Жұмалина — солардың бірі.

Өз мектебін әсем даусымен түрлендіретін Назерке қаланың басқа сахналарына да ықыласпен барады. Оның басқа шәкірттерден ерекшелігі, ағалары мен апаларының жалпыға танымал репертуарларына қол сұқпай, ылғи тек балаларға арналған шығармаларды орындайды. Сондай әндерінің бір тобы жинақталған өз репертуары жақында қаламыздағы «Ерке-Наз» студиясынан компакт-диск болып жарық көрді.

«Алғашқы ұстазыма» деп аталатын бұл топтамаға Мұзафа Әлімбаев, Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Тұманбай Молдағалиев, Ақұштап Бақтыгереева тәрізді қазақтың көрнекті ақындарының сөздеріне жазылған «Біздің балабақшада», «Әліппе», «Ұстаз», «Сәлем саған, мектебім», «Анаға сыйлаймыз» деген жанға жылы атаулары бар, барлығы 18 ән енгізілген.

Бұл әндердің музыкасын жазған және компакт-дискіні шығаруға еңбек сіңірген Назеркенің әкесі, танымал сазгер Бақтығали Жұмалин екенін ескерсек, ұясы сырлы сазға толы балапанның қандай құс болып қанат қағатынын болжамдауға да болатын сияқты.

Талабың оң болсын, Назерке!

А.АБАТҰЛЫ.

Су асты әлемі

Әрі інжу, әрі ет

Қандай жәндік су түбінде жалғыз аяғымен жүреді? Қандай жәндік үйін арқалап алады? Қай жәндіктің аяғы басында болады және басын қорғап күзетеді?

Бұның бәрі — моллюскілер туралы сұрақ-жұмбақтар.

Ұлулар — бау-бақтарда, тоспа ұлулары — тоспа суларда, устрица теңізде тіршілік етеді, бірақ осы жәндіктердің барлығы да — моллюскілер: олардың барлығының да денесі жұп-жұмсақ болып келеді.

Моллюскілер өзінің үй-қорғанын өзіне, өзінің денесіне жасайды. Бір устрица бақалшағына қажетті кальцийді алу үшін өз денесі арқылы 770 литр теңіз суын өткізеді.

Кейде қос бақалшақты моллюскілердің бақалшақтарына ұсақ құм немесе насеком түсіп кетеді. Оны моллюскілер бөліп шығаратын перламутра біртіндеп қоршап, кішкентай түйіршік үлкейе береді, үлкейе береді. Сөйтіп кәдімгі інжу пайда болады.

Тередо моллюскісі бақалшағының жақтаулары арқылы ағашты тесіп жол жасайды да, ағаш кемелерді бұзады. Одан кейін қайтатын жолы болмайды, өйткені личинка кезінде бұрғылап жасаған жолдары ол үшін тар болып қалады. Сөйтіп тередо өзін-өзі қамайды.

Теңіз құлақшасы ұлулардың ішіндегі жүйрігі болып табылады, ол өзінің үйін секундына бір метр жылдамдықпен алып жүреді.

Сегізаяқ ұйықтағанда оның алты қармалағышы қимылдамайды, ал екеуі шеңбер жасай айналып күзетіп тұрады. Ірі сегізаяқтардың әрбір қармалағышында 300 жабысқақ сорғышы болады да, оның әрқайсысы бірнеше килограмм жүкті ұстап тұра алады.

Кальмардың өзіне өзі реактивті двигатель болуымен аты шыққан. Кальмар бұлшық еттерін жиырып, мантияның астында көрінбей тұратын тері түтік-воронкодан суды күшпен сығып шығарады, сол кезде өзі сағатына 40 шақырым жылдамдықпен зулайды. Егер кальмар өзінің сия қалтасындағы сұйығын төгіп, суды ылайлап тұмандатса, оны байқап та үлгере алмай қаласың.

Кальмарлардың, сегізаяқтардың, устрицалар мен мидиялардың еті жеуге жарамды. Әсіресе, мидияларды өсіру өте тиімді, өйткені, теңіздің бір гектарында  тіршілік ететін мидиядан 6 мың килограмм ет алуға болады. Сол себепті мидияның кейбір түрлері қолда өсіріледі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button