Құқық

Мемлекеттік тілдің мәртебесі қандай?

Көкейкесті

Сот саласындағы мемлекеттік тілдің өз ерекшеліктері бар, мұнда сот терминдерінің қазақшаға сапалы аударылуы маңызды рөл атқарады. Бұл мәселе көптен бері айтылып келе жатқанымен, әлі күнге дейін бірізділікке салына қойған жоқ деуге болады.

Ең басты көңіл бөлетін мәселенің бірі — сот іс-қағаздарының сапалы орындалуы. Іс-қағаздардың бірегей үлгісін дайындау, кемшіліктерді түзеу мәселесінде де сан түрлі сауалдардың туындап жататыны рас.

«Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Заңының 4-бабында «Мемлекеттік тіл мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін және іс-қағаздарын жүргізу тілі» деп жазылғаны осы салада қызмет жасайтын біздер үшін негізгі ұстанатын басты қағидамыз. Заңдағы бұлжымас қағиданы арқау ете отырып, қызмет аясындағы күнделікті істерімізді жүзеге асыру барысында қазақ тіліне қатысты нәтижелі іс-әрекеттерімізді дамыта түскеніміз абзал.

Сот саласына қатысты мемлекеттік тіл мәртебесі туралы айтар болсақ, заманында қара қылды қақ жарған би-шешендеріміздің ел ішінде туындап жатқан барлық түйіндерді осы тілмен оңынан шешіп отырғанын есте ұстауымыз керек қой. Олай болса, мемлекеттік тіл өзге де салалармен қатар, әсіресе сот саласында жанданып күш алуына көптеген алғышарттар бар, тек соларды тиімді әрі нәтижелі пайдалана білсек деймін.

Бүгінгі күні судьяларға қойылатын талап та, атқаруға тиісті жұмыстар ауқымы да көбейді. Өйткені бұдан бұрынғы жылдарға қарағанда қазір қандай да мәселені сот арқылы шешуге талаптанушылар көбейді. Осы тұрғыдан қарағанда істі бітімгершілік жолымен шешудің бүгінгі күні маңыздылығы арта түсуде.

Егемен еліміздің Тәуелсіздігінің ширек ғасыры бүгінде тарих қойнауына енді. Осы жылдар ішінде сот саласында мемлекеттік тілдің орнығуы деңгейі қандай деген мәселе бәрімізді де ойландыруы тиіс және алдағы уақытта бұл бағытта бұрыннан қалыптасқан тәжірибемізді кеңінен таратып, пайдаланғанымыз жөн.

 Аслан МҰҚАНОВ,

Ақтөбе қаласы №2 сотының судьясы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button