Денсаулық

Шылым шырғалаңға сүйрейді

Шылым шегудің зияны туралы айтып та жүрміз, жазып та жатырмыз. Лекциялар оқылады. Шылымның кесірінен қанша адам қандай дертке шалдыққаны туралы нақты деректерді шылымқорлардың құлағына салып, шылымға әуес бола қоймаған жасөспірімдер мен жастарға алдын ала ескертіп отырамыз. Бір қызығы, шылым шегетіндердің өздері де бәрін біле тұра жаман әдеттен арыла қоймайды.

Соңғы жылдары шылым шегуге қарсы күрес дүние жүзі бойынша бұрынғыдан да қатты қолға алынуда. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы сараптамашыларының зерттеуі бойынша, шылым шегу де СПИД секілді адам өмірін қысқартып, өлімге алып барады екен. Өкпе ауруларының 90 пайызы, созылмалы нефрит және өкпе эмфизима ауруларының 75 пайызы, жүрек ауруларының 25 пайызы шылым шегетіндерде кездеседі.

Дүние жүзінде жыл сайын шылымнан бес миллионға жуық адам көз жұмады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша біздің елімізде шылым шегу салдарынан жылына 25 мыңдай адам қайтыс болады.

Өткен жылы елімізде жаңа шаралар алынды. Атап айтқанда, Денсаулық сақтау министрлігінің 2009 жылғы 18 қыркүйекте қабылдаған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне сәйкес денсаулық сақтау ұйымдарында, білім беру мекемелерінде, кәмелетке толмағандардың демалыс ұйымдарында, қоғамдық тамақтандыру орындарында, түнгі клубтарда, мұражайларда, кітапханалар мен лекторийлерде, мемлекеттік органдарда және басқа ұйымдарда шылым шегуге тыйым салынды.

Қоғамдық тамақтандыру орындарында шылым шегуге арнайы жабдықталған орындар бөлінген болса ғана рұқсат етіледі. Кодекс қабылданғаннан бері облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметі 588 нысанды тексерді. 2008 жылмен салыстырғанда арнайы шылым шегу орындарымен жабдықталған қоғамдық тамақтандыру орындарының саны 178-ден 241-ге жеткен. Ал аудандар бойынша 162 қоғамдық тамақтандыру орны осы талапты сақтауда. 239 қоғамдық тамақтандыру орнында шылым шегуге мүлдем тиым салынған.

Қалай болғанда да шылымнан алыс болған жөн. Алдымен өзіңіздің ерік-жігеріңізді байқап көріңіз.

Н.СЕРБАЕВА,

ОСЭҚД-ның бөлім бастығы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button