Ауыл

Несие алып, монша ашты

Қарғалы ауданында бүгінде жеке кәсіп ашып, халық игілігіне қызмет істеп жүрген жас кәсіпкерлер аз емес. Солардың бірі — Петропавловка ауылының тұрғыны Нұрбек Муапық.

Ол өткен жылы «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасымен «Даму» қоры арқылы мемлекеттен 6 млн 600 мың теңге несие алып, ауыл орталығынан монша ашты. Бүгінде сол монша ауыл халқына қызмет етуде.

  • Ауылымызда бұрын кеңестік кезеңде салынған бір монша бар. Ол тек сенбі, жексенбі күндері ғана жұмыс істейді. Ал халыққа заманауи үлгідегі, жайлы, таза монша қажет болды. Сондықтан мемлекеттен несие алып, монша салғанмын. Қазір монша тұрғындарға қызмет етіп тұр. Сағатына — 300 теңге. Ауыл тұрғындарының бәрі риза. Кәсіпкер ретінде ауылымның дамып, көркеюіне өз үлесімді қосқаныма мен де қуаныштымын, — дейді Нұрбек.

Оның айтуынша, моншаның жалпы аумағы — 161 шаршы метр. Монша аптасына алты күн бойы жұмыс жасайды. Ал дүйсенбі — тазалық күні.

Алдағы уақытта  кәсіпкер «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы арқылы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етпек. Ал әзірге ол моншада өзі жұмыс жасап жүр.

  • Тазалық жұмыстарын келіншегім жасайды. Әзірге отбасылық бизнес ретінде өзіміз қызмет етіп жатырмыз. Монша іші жылы, жарық. Барлық жағдай жасалған. Шай ішетін бөлме, киінетін бөлмелер, сондай-ақ келген тұрғындарға сусындар ұсынатын арнайы орын да бар. Бағасы қолжетімді. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай барлық құжаттары бар, — дейді жас кәсіпкер.

Нұрбек сөз арасында ауылдағы тұрғындардың үй жанынан ашқан моншаларының санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай емес екенін, тіпті құжатсыз жұмыс жасап жатқандығын айтады. Алайда оларды тексеріп, тәртіпке келтіретін ешкім жоқ.

  • Егер тазалық болмаса, ел арасында ауру-сырқау көбейеді. Бұл — менің халықтың денсаулығына алаңдап айтып отырған жанайқайым. «Менің моншама келсін, маған пайда түссін» — деп тұрған ештеңем жоқ. Ең бастысы, ауыл халқының жағдайын жақсарту, — дейді Н.Муапық.

Айта кету керек, жас кәсіпкер алдағы уақытта өз кәсібін дөңгелетіп, ауылдан азық-түлік дүкенін ашқысы келеді.

 Д.ҚАЗИХАН.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button