Ауыл

«Қарғалы өнімі» — жас кооператив

Қарғалы ауданының орталығы Бадамшада құрылған «Қарғалы өнімі» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі биылдан бастап суармалы жерлерді игеріп, құс өсірмекші.

Кооператив басшысы Қайрат Ізтілеудің айтуынша, бүгінгі күні кооператив меншігінде 100 гектар суармалы және 100 гектар құс өсіретін суы, көлі бар шалғынды жер бар. Биылғы жылы кооператив өз күшімен осы меншіктегі жерлерін игереді.

Кооперативіміз өткен жылдың желтоқсан айында құрылды.  Біздің кооператив биыл құс өсірумен, сондай-ақ суармалы жерлерге көкөніс түрлерін егіп, өнім алуды көздеп отыр. Қарғалы өңірі — егін мен бау-бақша егуге қолайлы аймақ. Сондықтан кооператив мүшелері шаруашылықтың осы бағытын ұстануды дұрыс көріп отыр, — дейді ол.

Айта кету керек, өткен жылдан бері облыс әкімі Бердібек Сапарбаев кооперативтер құру арқылы өңірімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін толығымен өңдеудің барлық мүмкіндіктерін қарастыруымыз керектігін айтқан болатын. Өңір басшысы өз сөзінде біздің облыста бірінші кезектегі міндет — азық-түлікпен өзімізді өзіміз толығымен қамтамасыз етіп, импортты азайту қажет екенін қадап айтқан. Осы мақсатта бүгінгі күні жұмыс жасап жатқан әр аудандағы кооперативтер өз өнімдерін өндіруге құлшыныс білдіріп отыр. Соның бірі — «Қарғалы өнімі» кооперативі.

Атауы айтып тұрғандай, кооператив алдағы уақытта құс өсіріп, бау-бақша егіп, олардан мол өнім алып, халыққа қолжетімді бағамен ұсынуды мақсат етіп отыр.

  • Жақында кооператив Бадамшада әлеуметтік дүкен ашты. Бұл дүкенде бүгінгі күні біздің облыс пен Қарғалы ауданында өндірілетін азық-түлік түрлерінің барлығы сатылады. Атап айтсақ, ұн, шұжық, сүт, ет өнімдері, бал, сондай-ақ картоп, сәбіз, қызылша, қырыққабат сияқты көкөніс түрлері.

Біз аталған өнімдерді серіктестік өкілдерімен келісіп, ешбір делдалсыз, тікелей әкеліп, халыққа арзан бағамен сатып жатырмыз. Біз тек өзіміздің  жол шығынымызды ғана өтейміз. Бұл ең алдымен, аудан халқына жасалған жеңілдік. Бір жағынан тауар өндірушілерге де тиімді. Мәселен, дүкенімізде  Қарғалы ауданының Петропавловка ауылынан шығатын картоп, Алға ауданынан құс, ет өнімдерін, облыс орталығындағы «Атамекен», «Анвар», «Айс+», «Молочные истории-А» сияқты серіктестіктерден нан, сүт, ұн өнімдері мен тәттілер әкелеміз, — дейді Қайрат Ізтілеу.

Оның айтуынша, жыл басында кооператив мүшелері «АқтөбеАгросервис» ЖШС несиелік мекемесіне қажетті техникаларға тапсырыс беріпті. Сондай-ақ алдағы уақытта кооператив жалпы сомасы 40 миллион теңгеге трактор, жер өңдейтін арнайы техникаларға да тапсырыс беруді ойлап отыр.

  • Үкіметтің қолдауымен лизинг бойынша «Ақтөбеагросервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі несиелік мекемесі арқылы жер жыртатын, өнім жинайтын арнайы қажетті техникаларды алмақпыз. Сол арқылы бау-бақша шаруашылығын қолға алып, оған картоп, сәбіз, қызылша, қияр, қызанақ сияқты көкөніс түрлерін егеміз. Сондай-ақ құс шаруашылығын дамытып, тауық, күркетауық, үйрек, қаз өсіруді ойлап отырмыз. Алған өнімдерімізді әлеуметтік дүкен арқылы халыққа қолжетімді бағамен сатамыз, — дейді Қ.Ізтілеу.

Талапқа сәйкес кооператив болып құрылу үшін оның құрамында кем дегенде 20 құрылтайшы болуы керек. Қазір бұл кооператив құрамында бес-ақ адам бар.

Алдағы уақытта  кооперативке малымен, техникасымен келіп қосылатындар болады деп ойлаймын. Себебі кооператив болып құрылу — бірігудің ең тиімді тәсілі. Сол арқылы ауылшаруашылық өнімінің көлемін өсіріп қана қоймай, оның сапасын да көтеруге болатынын тұрғындар қазір түсініп жатыр. Сондықтан болашақта мал шаруашылығын дамытып, қой мен ірі қараны өсіру де жоспарда бар, — дейді ол.

Айта кету керек, кооператив бүгінде Бадамша селосының 5 тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Олардың барлығы әлеуметтік дүкенде жұмыс жасайды.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button