Ауыл

Беріктің құстары

Қарғалы ауданының Петропавловка ауылының тұрғыны Берік Қаналин бес жылдан бері құс өсірумен айналысады. Құс өсіруді сүйікті кәсібіне айналдырған шаруа қазір тұқымдыққа алып қалған 100-ге жуық тауығын бағып отыр.

Жаз, күз айларында шаруа өз ауласында құстардың түр-түрін өсіреді. Тіпті ол кейде  құстарының санынан жаңылатынын айтады. Ал оларды көбейте беруге ауласы тарлық етеді. Сол себепті күз айларында ол құстарын шетінен сата бастайды.

  • Өткен жылы тауықтың төрт-бес түрін, сондай-ақ үйрек пен тауыс өсірдім. Атап айтсам, тауықтың первомайка, брама, бройлер, кучиндік сияқты түрлерін, бөдене мен күркетауық ұстадым. Тауықтың бұл түрлерін Ресейден, Башқұртстаннан құс фабрикаларынан әкелдім. Себебі бізге қарағанда ол жақта балапандарды да, жұмыртқаны да арзан бағаға алуға болады. Өткен жылы тауықтың бірнеше түрін Тұзтөбеден (Соль-Илецк) алып келдім. Ал күркетауықты Орынбордың Беляев ауданынан сатып алдым, — дейді Берік Қаналин.

Ол Ресейде құс фабрикаларынан балапандарды таңдап әрі арзан бағаға алатынын айтады. Сондай-ақ ол жақтың жұмыртқасы сапалы, ірі болып келеді.

  • Осы кәсіпті қолға алғаннан кейін көп ұзамай 560 жұмыртқа шығаратын инкубатор сатып алғанмын. Қазір ол үйде тұр. Күн жылығаннан кейін инкубатор өз жұмысын жалғастырады. Жұмыс жасаған кезде оған жұмсалған электр қуаты үшін айына 5 мың теңге төлейміз.

Өткен жылы 500-дей тауық, 100 үйрек өсірдік. Күзде оларды сауда орындарына апарып тапсырдым. Сондай-ақ  таныс адамдар мен ағайындар да алып кетті. Қолдан өсірген соң тауық пен үйректің еті дәмді болады. Мен оларды өсіргенде дәрі, қоспа бермеймін, таза жеммен бағамын. Сондықтан сатып алушылар маған көп тапсырыс береді. Биыл үйректің бір-біреуін 2500-3000 теңгеге өткіздім, — дейді шаруа.

Берік Қаналин бұған дейін 10 жыл бойы Ақтөбе қаласындағы «Анвар» сауда желісінде жұмыс жасапты. Үш-төрт жылдан бері құс өсіруге бет бұрып, өз кәсібін дамытуды көздеген ол жуырда қарындасы Бақытгүлдің атына жеке кәсіпкерлік те ашып қойыпты. Алдағы уақытта құс шаруашылығын дамыту үшін мемлекеттік бағдарлама арқылы несие алмақшы.

— Негізі бұл кәсіпті өзімнің қаражатыма бастаған болатынмын. Мемлекеттен ешқандай қолдау болған жоқ. Алдағы уақытта осы шаруашылықты кеңейтіп жатсам бағдарламаға қатысып, несие алу ойымда бар. Алға қойған жоспарларым көп. Қыстан аман шығып, қорадағы 100-ге тарта тауығымды сақтап қалсам, биыл көктемде тағы да Ресейден тауықтың бірнеше түрін әкелуді жоспарлап отырмын. Бұрынғыдай емес, қазір жемшөптің де бағасы қымбат. Бір қабы —  2000 теңге. Өткен жылы жазда 4 тонна, күзде 2 тонна жем алып қойғанмын. Ол да қазір азайды. Ал қыста жем тіпті қымбаттап кетеді. Сондықтан алдағы көктемге дейін тауықтарымды аман сақтап қалуға бар мүмкіндікті жасап жатырмын. Қора жылы, кейде қатты аяз болса, ол да салқындайды. Ал әзірге үлкен қора салуға қаражат жоқ, — дейді құс өсіруші.

Берік былтыр 100-ден астам бөдене мен бройлер өсірген. Қазір солардан қалған 50 шақтысын бағып отыр. Оның айтуынша, бөденеге бөлек бап керек. Себебі ол — өте сезімтал құс. Шақырайған жарықты, қатты дыбысты, мекендеген орнын алмастырғанды ұнатпайды. Бөгде адамдардың өздерін қызықтап қарағанын да қаламайды. Ал бройлер тауығы  қарқынды өсуімен, тез пісетіндігімен, жем шығынының төмендігімен ерекшеленеді. Ол етті әрі еті жұмсақ болады. Сондай-ақ бройлер еті  22 пайызға дейін ақуыздан  тұратын диеталық өнім болып саналады.

Берік Қаналин бөдененің жұмыртқасы өте пайдалы екенін айтады. Сол себепті өңір үшін таңсық құстың жұмыртқасы бүгінде үлкен сұранысқа ие. Өйткені бөдене жұмыртқасы денеге қуат береді, жүрек-қан тамырларының дұрыс жұмыс істеуіне, күнделікті зиянды электротехникалардан алып жатқан радиомагнитті зиянды тол­қын­дарды ағзадан шығаруға кө­мек­теседі.

Беріктің айтуынша, құс өсіру оңай жұмыс емес. Сондықтан оған бір адамның күші жетпейді. Кейде оған зайыбы Зульфия мен балалары көмектеседі. Ал күз айларында оларды сойғанда ағайын-туыстары келіп қол ұшын береді.

Құс өсіру — бейнеті көп жұмыс. Әсіресе қыста құсты бағу қиын. Себебі олар  жылуды жақсы көреді. Құс өсірудегі ең басты мәселе — қыста тұратын орынды жылумен қамтамасыз ету. Егер құс тұратын жер тиісті дәрежеде жылитын болса, олардан түсетін табыс та көп болады. Ал қазіргі ұстап отырған 100-ге тарта тауығым қыста жұмыртқа баспайды, — дейді ол.

Әңгіме арасында Берік былтыр арнайы аппараттың көмегімен тауыс жұмыртқасынан 10 шақты балапан алғанын айтты. Алайда уақытынан бұрын ерте шығарылған балапандар ұзаққа бармапты. Ішінде бір ғана балапан аман қалған. Қазір ол әдемі болып өсіп келе жатыр.

Мамандардың айтуынша, әдеміліктің бір үлгісі тәріздес табиғатта сирек кездесетін тауыстар жылына небәрі алты-ақ рет жұмыртқалайды екен. Ал олардың қауырсындарын жайып билейтін кезі —  көктем мезгілінде.

Бұл құс ерекше әдемі, көздің жауын алады. Қораға сән беретін де осы тауыс. Алдағы жылы осы құстың түрін көбейтуге қызығушылық танытып отырмын, — дейді құс өсіруші.

 P.S. Петропавловка ауылы — құс өсіруге қолайлы аймақ. Сондықтан Берік Қаналин алдағы уақытта ауласындағы құстың түрі мен санын көбейтпекші. Сонда ғана ол мол өнім алып, зор табысқа кенелмек.

 

 

 

 

Данагүл ҚАЗИХАН.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button