Білім

«Мамандығым — мақтанышым!»

1932 жылдың  шілде айында жол қатынасы Халық комиссариатының қаулысымен Ақтөбе темір жол пайдалану техникумы ашылған. Бұл оқу орнын алғаш рет 1936 жылы 32 түлек бітіріп шыққан және олардың әрқайсысы өз мамандықтары бойынша қызмет атқаруда.

Биылғы жылы Ақтөбе көлік коммуникация және жаңа технологиялар колледжінің «Тасымалдауды ұйымдастыру және қозғалысты басқару» мамандығына 77 жыл толып отыр. Осыншама тарихы бар бұл колледждің шыңға шығар белесі әлі де алда деп сенеміз.

Бөлім меңгерушісі Мынаура Ғабдысаттарова  бөлімнің 670 студентін басқара отырып, темірдей тәртіп пен терең білімді ең бірінші орынға қояды. Ал бірлестік төрайымы Лариса Иванова мамандықтың қыры мен сырын меңгерте отырып, нағыз маман иесі болып шығуды бізден талап етеді.

Біздің колледжде темір жолдағыдай, темірдей тәртіп қалыптасқан. Мен бұл мамандықты таңдағаныма қуаныштымын.

Сондай-ақ біздің колледжімізде оқушы мен ұстаз арасында тығыз байланыс орныққан. Бұл байланыстың шығармашылық ізденістер мен жаңалықтарға апаратыны анық. Ертеңгі күнгі темір тұлпардың құлағында ойнайтын жүргізушілерімізді,  темір жол көлігінің  қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мамандарды көргенде ұстаздарымыз мақтанышқа бөленеді.

Жақында біздің бөлімде «Мамандығым — мақтанышым» атты апталық өткен болатын. Апталықта көптеген мерекелік іс-шаралар, жарыстар мен сайыстар, викториналар ұйымдастырылды. Апталығымызға өз үлестерін қосуға темір жол саласында қызмет атқарып жүрген мамандар қонаққа шақырылды. Бұл шаралар барысында студенттер мен оқытушыларымыз марапатталды.

Үйретуден ешқашан жалықпайтын біздің бөлімнің ұстаздары «Жүзден — жүйрік, мыңнан — тұлпар» екендіктерін тағы да дәлелдеді. Олар колледж мұғалімдерінің арасындағы волейбол  жарысынан «Директор кубогын» жеңіп алды. Бұл үлкен жетістікке жету жолында еңбек сіңірген ұстаздарымыздың  қуанышына бәріміз ортақпыз.

Нұрдана ҚҰЛТАЛИНОВА,

Ақтөбе көлік, коммуникация

және жаңа технологиялар колледжінің студенті.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button