Денсаулық

Ақтөбеде алғаш рет мәйіттен бүйрек алынды

Ақтөбелік дәрігерлер алғаш рет өлген адамның органын пайдаланып ота жасады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, бұған дейінгі жасалып келе жатқан трансплантацияларда науқастардың туысқандары донор болатын. Ал бұл жолы инсульттен көз жұмған азаматтың екі бүйрегі екі науқастың өмірін ұзартуға себеп болды.

Оның бірі — 34 жастағы  жігіт. Екі бүйрегі де істен шығып, бірнеше жылдар бойы гемодиализге таңылған. Ал екіншісі — 31 жастағы азаматша. Ол төрт жылдан бері гемодиализ аппаратына тәуелді.

Ота өткен жұмада жасалды. Қазір науқастардың жағдайы қалыпты. Егер бәрі ойдағыдай болса, азаматтар аппаратқа тәуелділіктен арылады. Жалпы бұндай ота аймақтарда  алғаш рет жасалып отыр. Бұған дейін тек қана Алматы мен Астана қаласында жасалатын,  — дейді Әсет Қалиев.

Жалпы облыста бүйрек ауыстыруды қажет ететін 156 науқас бар. Олардың барлығы кезек күтіп отыр. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы осы мәселелерді шешу үшін арнайы жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

— Бұл мәселені шешу үшін қазір тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мәселен, жол апатынан көз жұмған азаматтың ми қызметі тоқтағанмен, жүрегі соғып тұрады. Осы кезде ол белгілі бір уақытқа дейін өмір сүреді. Сол уақытта туған-туыстары келісім берсе, азаматтың дене мүшелерін донорлыққа алуға болады, — дейді Әсет Қалиев.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button