Саясат

Қазақ елі төрге озды!

Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға төрағалығының логотипі

Логотип — Қазақстанның дамуы кезеңін және әлемдік қоғамдастықтың мойыңдауын кейіптеді.

Күн — қозғалыс, даму, өсiп-өркендеудiң және өмiрдiң белгiсi. Күн — уақыт, замана бейнесi. Қазақстанның жолын ұстаушылығын, адам құндылығын және халықаралық қоғамдастыққа ашықтығын бейнелейді.

Қанатын жайған қыран құс — бар нәрсенiң бастауындай, билiк, айбындылық бейнесi. Ұлан-байтақ кеңiстiкте қалықтаған қыран Қазақстан Республикасының  еркiндiк сүйгiш асқақ рухын, қазақ халқының жан-дүниесiнiң кеңдiгiн паш етедi.

Ассоциативтілік. Қазақстаның ЕҚЫҰ логотипі Мемлекеттік рәміздерімізбен тығыз байланысты. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк туының ортасында арайлы күн, күннiң астында қалықтаған қыран бейнеленген. Күн — басты жасампаздық энергияның бейнесі, өмiрлік күштің және Космос жүрегінің белгiсi, Қазақстан географиялық орналасуы тұрғысынан алғанда Еуразиялық материктің жүрегі болып саналады.

2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасы Еуропалық қауіпсіздік ынтымақтастық ұйымына төрағалық етеді

Жыл басталысымен Қазақстан Еуропалық қауіпсіздік ынтымақтастық ұйымының төріне шықты, 2011 жылы Ислам конференциясы ұйымына төрағалық тізгінін қолға қоса алмақ. Үйдегі мәселенің ақ-қарасын шешуде төрдегі отағасы соңғы нүктені қояды ғой. Қазақстан да енді сөйтеді, ЕҚЫҰ деп аталатын үлкен үйдің ішіндегі түрлі мәселелерді шешуде соңғы түйінді сөзді айтатын болады. Біле білгенге бұл — үлкен жеңіс. Құрамында 56 ел бар бұл үлкен ұйымға бір ел елу алты жылда ғана бір рет төрағалық ете алатынын ескерсек, бұл — бізге беріліп отырған үлкен мүмкіндік. Әрі Қазақстан ТМД, Орта Азия мемлекеттері мен исі мұсылман елдері арасынан тұңғыш рет қолына дәл осындай жүгі ауыр жауапкершілікті алып отыр. Әдетте жауапкершілік көтере алатынға ғана жүктеледі. Яғни, біз соған лайықпыз! Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен демократиялық қоғам құру, ел экономикасын көтеру, саяси реформалар жасау, халықтың әл-ауқатын жақсарту, этносаралық татулық пен дінаралық келісімді нығайту, т.б. бағыттарда еліміз ауыз толтырып айтарлық табыстарға жетті. Халықаралық деңгейдегі бірқатар шараларда да істің басында көрінді. Жер бетіндегі бейбітшілікті сақтау бағытындағы ұстанған принципі де халықаралық қауымдастықтың оң бағасын алып келеді. Еліміздің қанша жаңашылдық идеялары мен игі бастамалары әлемдік қоғамдастық тарапынан қолдауға ие болып, өзгеге өнеге бола білді. Осының арқасында Қазақстан аз уақытта әлемнің азулы елдері санасатын беделді, абыройлы елге айналды. Еліміздің ЕҚЫҰ секілді алып ұйымның тізгініне ие болып отырғаны ішкі-сыртқы саясаттағы осындай жетістіктерінің арқасы.

ЕҚЫҰ деген не?

Алғашқы кезде Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің негізі 1973 жылы Кеңестер Одағының ұйытқысымен қаланыпты. 1973 жылы шілде айында Шығыс пен Батыс елдері арасында орын алған шиеленісті жағдайды реттеу үшін Хельсинкиде 33 мемлекеттің басшысы кездесіпті. Сол кездегі келісім-шарттың қорытындысына 1975 жылы қол қойылып, ол тарихта «Хельсинки келісімі» деген атпен қалды. Яғни, бұл қорытынды акт ЕҚЫҰ-ның негізін қалыптастырушы басты құжат болып есептеледі. ЕҚЫҰ-ның да тарихы негізінен осы жылдан басталады.

Алғашқыда оның құрамында 35 ел болды. Қазір онда Еуропа, Орталық Азия және Солтүстік Американың 56 мемлекеті бар. Құрылғанына 40 жылдай уақыт болған ЕҚЫҰ —  әлемдегі ең беделді ұйымның бірі. Ол үш бағытта жұмыс атқарады — қауіпсіздік, ынтымақтастық және адам құқы.

Жетпісінші жылдары бұл ұйым тек Еуропадағы кеңес ретінде құрылды. Тоқсаныншы жылдары күрделі өзгерістер болып, бүгінгі аты беріліп, заңдастырылды. БҰҰ Жарғысына сай, ұйымның міндеті — Еуропада болуы мүмкін дағдарыстың, жанжалдардың алдын алу, болдырмау, болып жатқан жанжалдарды реттеу, осы ұйымға мүше елдердің қарулануын бақылау, сенім мен қауіпсіздік шаралары, адам құқықтары, экономикалық және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сайлауға бақылау жасау, басқа да демократиялық процестерді дамыту, т.б.

ЕҚЫҰ-ның басқарушы органы — Тұрақты кеңес. Аталған ұйымға мүше елдердің басшыларының және үкімет басшыларының кездесуі — ЕҚЫҰ саммиті сирек өткізіледі. Қырық жылдай уақытта жоғары дәрежедегі осындай саммит тек алты рет қана болыпты, олардың қатарында 1975 жылғы ұйымның негізгі құжатын қа­былдаған Хельсинки саммиті, 1990 жылғы Жаңа Еуропа Хартиясына қол қойылған Париж саммиті, 1994 жылғы ұйымның негізгі құрылымын өзгертуге шешім қабылдаған Будапешт сам­миті, 1996 жылғы  «ХХІ ғасырдың Еуропасы үшін жалпы және жан-жақты қамтитын қауіпсіздік үлгілері» туралы дек­ла­рация, «Қарулануға бақылаудың негіздері» және «Қауіп­сіздік саласындағы өзара іс-қимыл бойынша форумның күн тәртібін дамыту» туралы құжаттарды бекіткен Лиссабон кездесуі және 1999 жылғы Еуропа қауіпсізді­к Хартиясына қол қойылған Стамбул саммиті бар.

Қазақстан және ЕҚЫҰ

… Сәті түссе, соңғы он жыл бойы бас қоспаған ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының кездесуін, яғни үлкен саммитті оның жаңа төрағасы — Қазақстан өткізетін болады. 1999 жылы Стамбулда өткен саммиттен кейін әлемде талай өзгеріс болды, талай жанжал ушығып, талай мәселе шиеленісті. Соның барлығын реттеудің жолын қарастыру керек. Сондықтан Елбасы Н.Назарбаев биыл саммитті Астанада өткізуді ұсынып отыр.

Қазақстан ЕҚЫҰ мүшелігіне 1992 жылы енді. Ал ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету туралы ниетін еліміз 2003 жылы білдірді. Бұл жөнінде Елбасының 2005 жылғы «Қа­зақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңғыру жолында» атты Жолдауында да баса мән берілді.

Ұйымға төрағалық ету мәселесі осыдан екі жыл бұрын Испанияда талқыланған. 2010 жылы төрағалықтан Грекия мен Литвада үмітті болды. Бірақ тізгінді алу үшін Грекияға 2009 жыл, Литваға 2011 жыл бұйырды.

Қысқасы, Қазақстан Республикасы өткен жылдың желтоқсан айының басында өзінің ізашар елі — Грекия елінде өткен сыртқы істер министрлерінің 17-ші кеңесінде ЕҚЫҰ-ның тізгінін ресми түрде қолына алды. ҚР Президенті мұны «тарихи миссия» деп атады.

Өткен жылы төрағалықты атқарып шыққан Грекия үшін 2009 жыл жеңіл болған жоқ.

— Бұл жыл оңай болған жоқ. Бірақ нәтиже өте жақсы. Біз енді ұйым тізгінін Қазақстанға тапсырамыз, біз сіздермен біргеміз, қолдап отырамыз. Мен Қазақ елінің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына жақсы төраға болатынына нық сенімдімін, — дейді Грекияның премьер-министрі, сыртқы істер министрі Георгиус Папандреу.

Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас ассамблеясының сессиясында Мемлекеттік хатшы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдегі түрлі мәселелерге қатысты жаңа ұсыныстары мен бастамаларын жария етті, олар — экология, кедейшілікке қарсы күрес, адам құқықтарын қорғауды дамыту мәселелері, ядролық қаруды таратпау, сынақтарды тоқтату, аталған ұйымның беделін көтеру, т.т. Сессия барысында жаңа төрағаның ұстанатын негізгі басымдықтары да аталып өтті. Біздің еліміз Батыс пен Шығыстың арасындағы татуластықтың, достықтың, бірліктің және өркениеттер мен мәдениеттердің көпірі болуға ұмтылмақ. Еліміздің бастамасы бойынша, 2010 жыл БҰҰ шеңберінде  халықаралық мәдениеттердің жақындасуы жылы ретінде жарияланып отыр.

— Төрағалық кезінде біз барлық Европадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің мүддесіне орай жұмыс істеп, жаңа қауіп-қатерлердің алдын алуға, еуроатлантика аумағындағы қауіпсіздік пен сенім шараларын нығайтуға барынша күш саламыз. Осы орайда ЕҚЫҰ-ның арнайы саммитін өткізуді қолға алмақпыз, — дейді Қанат Саудабаев.

Грекияда өткен сыртқы істер министрлерінің он жетінші кеңесінде қорытынды декларация қабылданды. Бұл 2001 жылдан бері қабылданып тұрған ірі құжаттың бірі. Қ.Саудабаев Қазақстанның «Корфу процесі» бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастыратынын айтты.

—  Шиеленіскен жанжалдар орын алған аймақтардағы мәселені шешу, тұрақтылықты қалыптастыру бағытында Қазақстан «Корфу процесін» одан әрі жалғастырады. Халықаралық көлік дәліздерін дамыту, толеранттылық пен өзара түсіністікті дамыту мәселелеріне зор көңіл бөледі. Қазақстан ұлы отан соғысының аяқталғанына 65 жыл, Хельсинки қорытынды актісінің 35 жылдығы, Жаңа Еуропа үшін жасалған Париж Хартиясының 20 жылдығы толған жылда ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер Саммитін өткізуге, дайындауға белсене кіріседі, — деді Қ.Саудабаев.

Биыл бақылаушы ел статусын Австралия континенті алып отыр. Ал 2012 жылы ЕҚЫҰ-ға Ирландия төрағалық етпек.

Ислам мен Батыстың арасындағы көпір

Қазақстан 2011 жылы ЕҚЫҰ-ның тізгінін Литваға ұстатып, көпжақты дипломатиясының жалғасы ретінде іле-шала Ислам конференциясы ұйымының тізгінін қолына алмақ. Яғни, босаңсуға жол жоқ.

Қазақстан қазір мұсылман елдері мен Батыс елдері арасындағы бірден-бір мәмілегер болып отыр. Соңғы жылдары терроризмді желеу етіп, мұсылман елдеріне қырғиқабақтық танытқан Батыс елдері Ислам мемлекеттері тарапынан сенімнен жұрдай болды. Оның үстіне мұсылман елдерінен шыққан мигранттардың өз елдерінде көбейіп кетуі Батыс елдерін едәуір алаңдатып отыр. Сыртқа жүнін қампайтқанымен, Еуропа мен АҚШ елдері мұсылман мемлекеттерімен арадағы сенім мен өзара келісімге келуге мүдделі. Бұл екі ортадағы көпір болуға экономикалық һәм саяси тұрақты Ислам мемлекеті — Қазақстан Республикасы лайық боп отыр. Аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз етіп отырған Орталық Азиядағы ең ірі мұсылман елі — Қазақстанның Ауғанстандағы жағдайды реттеуге, Батыстың халықаралық лаңкестікпен күресін нығайтуға, аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз етуде салиқалы да сабырлы сөз айтарлық беделі де, құқы да бар. Дінаралық диалогтың өзіндік үлгісін көрсеткен еліміз әлемдік қауымдастықтың тарапынан жоғары бағаға ие болып отыр. Елімізде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері өткізіліп, өмірде бір үстелдің басында отырып көрмеген дін өкілдерінің бас қосқаны да сыртқы әлемге аян. Сондықтан Орталық Азия елдері арасындағы бірлік пен татулықтың ұйытқысы болған Қазақстанның Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етуі аталған ұйымның да беделін көтеріп тастары хақ.

Сонымен ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету бізге не береді?

Берері көп. Еліміз экономикалық, әлеуметтік, саяси дамудың жаңа сатысына көтеріледі. Әлемдік қауымдастықтың алдында беделі бұрынғыдан да арта түседі. Оны көп ел тани түседі. Елімізге деген сенім артады. Сенім артса, достар да көбейеді. Әлемдегі дамыған демократиялық, құқықтық мемлекеттердің, өркениетті елдердің қатарына кіру үшін алдына зор мақсаттар қойып, соған сай зор жауапкершілікке, зор мүмкіндікке ие болады. Халықаралық деңгейдегі шараларды өткізуге, ұйымдастыруға қатысты тәжірибеміз бұдан әрі арта түседі. Мұның барлығы сайып келгенде өзге жұрттың алдында еліміздің мерейінің үстем болуына септігін тигізеді және ел тұрғындарының әл-ауқатының бұдан әрі жақсара түсуіне жол ашады. Яғни, бұл Қазақ еліне берілген үлкен мүмкіндік болып тұр.

Ендеше, 56 елді жағалай отырғызып, қазақ төрге озсын!..

Дайындаған Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button