Спорт

…Жігер сыйлайды

Бүкіләлемдік қысқы Универсиада — биылғы жылдың еншісіндегі елеулі оқиғалардың бірі. 55 елдің спортшысы қатысатын спорт додасында өзіміздің Ақтөбедегі алау эстафетасына қатысу құрметі маған бұйырғанына өте қуаныштымын.

Бұл мен үшін естен кетпес маңызды оқиғалардың бірі болмақ. Менің ойымша, мұндай қуанышты сәт мен сияқты спорт сүйер əрбір жасқа жігер сыйлайтыны анық. Алдағы уақытта спорттағы жетістіктеріміз еселене беретініне де сеніммен қараймын.

Мен Байғанин ауданының тумасымын. Отбасымыздағы жеті баланың бірімін. Қазіргі таңда мен өзім білім алып жатқан С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің волейболшылар командасының капитанымын.

Негізі волейболға бала кезімнен қызықтым. 10 жасымнан бастап жүйелі түрде айналыса бастадым. Жоғары оқу орындарының командалары арасында волейболдан талай мәрте жүлделі орындарға ие болып жүрміз. Бұл — жаттықтырушымыз Нұрбол Сайтбековтің тынымсыз еңбегінің жемісі.

Жалпы, мен қысқы спорт түрлерін де жақсы көремін. Әсіресе, достарыммен бірге мұз айдынына барып, коньки тепкен бір ғанибет қой. Айтпақшы, Универсиадада біздің облыстың намысын Мария Сизова қорғайтын болды, конькимен жүгіру спорты бойынша сынға түсетін оған жеңіс тілейміз.

Алау эстафетасына қатыстырып, маған сенім артқан өзім оқитын оқу орныма, барша спорт сүйер қауымға үлкен рахмет.

 Анар АМАНКЕЛДІҚЫЗЫ,

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің 2-курс студенті.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button