Спорт

Қатысушылар мен еріктілерге 700 000 кесе сүтті шай дайындалады

Қысқы Универсиада-2017

 2017 жылғы Алматыдағы XVIII Дүниежүзілік қысқы универсиаданы дайындау және өткізу жөніндегі дирекция «RGBrands Kazakhstan» компаниясымен ынтымақтастық туралы мәмілеге қол қойды.

Аталған мәміле аясында компания Универсиада спортшыларын, еріктілерін, төрешілерін, бапкерлерін, баспасөз бен басқа да қатысушыларды ыстық шаймен қамтамасыз ету үшін «Пиала Gold» қара және көк шайын, сондай-ақ, 100% табиғи ультрапастерленген «МОЁ» сүтінің 14 мың литрін ұсынады. Ұсынылған өнімдерден 700 000 кесе сүтті шай дайындалады деп күтілуде.

«Қазақстан тұрғындары шайды аса жақсы көретін бес елдің қатарына кіреді. Шай — еліміздің дәстүрінде ерекше орын алатын сусын. Біз Универсиаданың қысқы суық күндері қонақтарымыз тұла бойды жылытып, сергектік сыйлайтын, жарыстар арасындағы үзілісте ерекше рахатқа бөлейтін қазақтың қою қара шайынан дәм татып көрсе дейміз. Біздің өнімдеріміздің әрқайсысы өз алдына ерекше, ал осы іс-шара аясында біздің өнімдеріміз дәмі тіл үйіретін, алтын медальға лайықты ыстық сүтті шай түрінде ұсынылады», — деп атап өтті «RGBrands Kazakhstan» ЖШС бас директоры Тимур Қалтаев.

Осыған дейін хабарланғандай, Универсиаданың ұйымдастыру комитеті Ойындарды өткізуге барынша аз бюджеттік қаржыны жұмсауды өз алдына міндет етіп қойды. Жоспарланған бюджет дайындық барысында екі есеге дейін дерлік қысқартылды, ал бизнес өкілдері қатарынан демеушілер мен серіктестерді тартудың арқасында кезектегі бірқатар шығындарды төмендетуге мүмкіндік пайда болды.

«Аса ауқымды спорт іс-шараларын өткізу кезінде серіктестер мен демеушілерді тарту — бүкіл әлемде кең таралған тәжірибе, ол бизнеске бірегей маркетингтік мүмкіндіктерге жол ашып, ұйымдастырушыларға шығындарды айтарлықтай оңтайландыруға мүмкіндік береді. Универсиаданың сәтті өтуі үшін қосылған кез келген үлес аса маңызды, сондықтан біз осы айтулы оқиғаның дайындығына бизнестің белсенді атсалысып отырғанын құптаймыз», — деп баса атап өтті

«2017 жылғы Алматыдағы XVIII Дүниежүзілік қысқы универсиаданы дайындау және өткізу жөніндегі дирекция» МҚ Аппарат басшысы Дидар Сағадиев.

almaty2017.com

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button