Басты бет » Жаңалықтар » Кәсіпкерлік: көмек пен талап

Кәсіпкерлік: көмек пен талап

Кеңес

Алға қаласында инвестиция тартуға, ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыруға, бизнес-инкубаторлар құруға, сондай-ақ ауыл шаруашылығына субсидия берудің мөлшерлемесін түсіндіруге байланысты кеңес өтті.

Кеңеске Алға ауданының әкімі Мавр Абдуллин, «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамының басқарма төрағасы  Зейнұр Мәйтеков, Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасы директоры Нұрлыбек Мұханов, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы  басқармаларының, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік өңірлік орталығының өкілдері, Алға ауданының кәсіпкерлері қатысты.

Кездесуді ұйымдастырудағы мақсат — мемлекеттік әріптестік және бизнес аясындағы мүмкіндіктер туралы Алға ауданының кәсіпкерлерін хабардар ету болатын. Кейінгі жылдары облыс әкімдігінің аймақтың, жекелеген өңірлердің экономикалық ахуалын жақсартуға бағытталған кең көлемде жұмыстар жүргізіп жатқаны белгілі. Қазір көп жерде жаңа кәсіпорындар құрылып, жергілікті халықты жұмыс орындарымен қамтемелеуде.

Бұл аталған кеңестің бастамашысы «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы болды.

Кеңеске төрағалық еткен Алға ауданының әкімі Мавр Абдуллин өңірдегі кәсіпкерлік саладағы атқарылып жатқан жұмыстарды, өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық қорытындыларын қысқаша баяндап өтті.

Бұдан кейін сөз алған «Ақтөбе» ӘКК басқарма төрағасы Зейнұр Мәйтеков мемлекеттің ауылдардағы шағын кәсіпкерлікті қолдаудағы қызметіне кеңінен тоқталды. Осы бағытта Алға ауданында да шағын қабылдау  пункттері, ауыл шаруашылығы кооперативтері, сондай-ақ бизнес-инкубатор құрылып жатқаны айтылды.

Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы өңірлерде азық-түлік бағасын тұрақты ұстап тұруға көп күш салып келеді. Ол үшін тұрақтандыру қоры жұмыс істейді. Қазір онда 1700 тонна азық-түлік бар. Картоп, көкөніс, басқа да азық-түлік түрлерінің осы қор арқылы коммуналдық сауда орындарына түсуі өңірде бағаның тұрақты болуына қызмет етуде.

Биылғы қыс келер жылғы мол өнімнен үлкен үміт күттіреді. Қазір алқапта ылғал мол. Сондықтан әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы егіншілік саласындағы шаруа қожалықтарына қолдау-көмек көрсетудің түрлі жолдарын ұсынуда.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұханов кәсіпкерлер қауымына «Атамекен» ҰКП тарапынан көрсетілетін қолдау-көмек шаралары туралы баяндады. Осы мүмкіншіліктерді пайдаланудағы алғалық кәсіпкерлердің іс-тәжірибелеріне тоқталды. Оны жетілдіре түсуге байланысты ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Ал облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Асқар Кукеев өзінің сөзінде мемлекеттік бағдарламалардың аясында шағын және орта бизнесті дамыту мәселелерінің тетіктерін әңгімеледі.

Ауыл кәсіпкерлері облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Берік Бақтыгереевтің хабарламасын айрықша ықыласпен тыңдады. Өйткені маман өз баяндамасында ауыл шаруашылығы  саласын субсидиялаудың  соңғы жаңалықтарына, ережелері мен жаңа талаптарына кеңірек тоқталды. Сондай-ақ кеңесте облыстық аумақтық ауыл шаруашылығы инспекциясы басшысы Мейірхан Дуанбеков жерді пайдалануда шаруа қожалықтарына қойылатын талаптарға үлкен маңыз берді. Әсіресе, өсімдік шаруашылығы  зиянкестерімен күресте Алға ауданының бірқатар шаруа қожалықтарының елеулі жұмыстарды қолға алуы қажет болып отырғанын еске салды. Жерді ұқыпты пайдалану мәселесін қозғап, олай болмаған жағдайда, кейбір шаруа қожалықтарының ісі алда инспекцияның қарауына ұсынылатынын айтты.

Облыс әкімі  Бердібек Сапарбаевтың аймақта кәсіпкерлікті мейлінше дамыту талабынан туындаған басқа да мәселелер аталған кеңестің негізгі талқысына түсті. Осы өткен шара арқылы кәсіпкерлер залдан  белгілі мекемелер мен ұйымдардың басшыларына өздерін толғандырған сауалдарын қойып, толық жауап ала алды.

Кездесу барысында кәсіпкерлердің мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке, шағын және орта бизнесті дамытудың басқа да жолдарына ықыластарының ерекше екені, қай бағытта да әріптестікті дамытуға дайындығы байқалды.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

Алға ауданы.