Құқық

Мақсат — заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту

СОТ

Соттың қоғамдағы орны мен рөлі, оның беделі ең алдымен  судьялардың нақты тәуелсіздігіне, кәсіби біліктілігіне, қарапайым халыққа етене жақындығы мен ашықтығына тікелей байланысты. Демократиялық-құқықтық қоғам құру жолында биліктің үш тармағының бірі болып саналатын сот билігінің  беделін көтеру, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын одан әрі іске асыру барысында біршама жұмыстар атқарылып келеді.

Жеке адамдардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі — тәуелсіз сот. Басқа билікке тәуелді сот азаматтардың құқығын қорғап, әділеттілікті орната алмайды, оны өткен ғасырда үстемдігін жүргізген тоталитарлық тәртіптің бүкіл қоғамдық және саяси қызметі дәлелдеген болатын. Біздің бүгінгі күнгі міндетіміз сот төрелігін жүзеге асыруда заңдылықты бұлжытпай сақтаумен бірге сот жариялылығын қамтамасыз ету, халықтың хабардарлығын арттыру жолындағы жұмысты үнемі өсіріп, ауқымын жоғарылату. Бұл саладағы жұмысымыз күн санап өсіп, бұқаралық-ақпарат құралдарымен тығыз байланыс орнатылуда. Жыл сайын жұмысымыз тың жоспармен жасақталып, оған барлық судьялардың қатысуы көзделіп, тыңғылықты жұмыс жасалып келеді. Осының бәрі әрине, халықпен байланысты нығайтып, сот билігінің тиянақтылығы мен заңдылығына барынша көзін жеткізуге ықпалын тигізеді.

2015 жылы Ақтөбе қаласы №2 сотының өндірісінде 1463 адамға қатысты 1308 қылмыстық іс болған болса, 2016 жылы бұл едәуір көбейіп, 1835 адамға сәйкесінше 1582 қылмыстық іске жетті, бұл алдындағы жылғымен салыстырғанда қылмыстық істердің санының анағұрлым көбейгендігін көрсетеді. Қылмыстық істердің саны көбеюінің бірден-бірі себебі — 2014 жылғы редакциядағы Қылмыстық Кодекске бірқатар әкімшілік құқықбұзушылықтар қылмыстық істер қатарына енгізілуіне байланысты болып отыр деп есептеуге болады. Мәселен, адамға ашу-араздық салдарынан жеңіл дене жарақаттарын немесе тән ауруын келтіру, не болмаса бұрын көлікті арақ ішкен немесе есірткі затқа мас күйінде жүргізіп, көлік жүргізу құқығынан айырылған адам қайтадан арақ ішкен немесе есірткі затқа мас күйінде көлік жүргізіп жасаған әрекеттері қазірде қылмыстық теріс қылық немесе жеке айыптау санаттары бойынша қылмыстық құқықбұзушылықтар қатарына кіріп отырғаны баршаға белгілі. Жүйелі жүргізілген жұмыс нәтижесінде  жыл аяғында қаралмай қалған қалдық істердің саны өткен жылғымен салыстырғанда шамамен 60 пайызға  азайтылды, яғни 102 қылмыстық істен 39 қылмыстық іске кеміп отыр.

Медиация заңының қолдану ауқымын көбейту, ондағы айыпталушының пайдасына деген артықшылықтарды түбегейлі түсіндіру арқылы соттар, біріншіден, айыпталушы мен кінәлі адамның арасында татуласуды, қылмыспен келген зиянның орнын өз еріктерімен өтеуді бекітсе, екіншіден, сот жұмысын жеңілдетіп отыр, себебі егер кінәлі өзінің кінәсін толық мойындап, өткен іске өкініп, келген зиянның орнын өз еркімен өтесе, ондай қылмыстық істердің сот мәжілісінде қаралуы да көп уақытты қажет етпейді. Егер 2015 жылы соттар 127 қылмыстық істерді медиация заңын қолдану арқылы аяқтаған болса, 2016 жылы 353 қылмыстық істер бітімгершілікпен қорытындылады, яғни үш еседен көп істер бітімгершілікпен тиянақталды. Бұл судьялардың қолданыстағы заңдардың мазмұнын сот процестерінде айтып, ақпараттық құралдарда мақалалар жариялап және ұжымдарда лекциялар оқу арқылы халыққа түсіндіріп, оның тиімді жақтарына көңіл аударып отырғанының нәтижесі деп есептеуге болады. Келешекте мұндай тиімді жұмыстардың халық арасында жүргізілу ауқымы одан әрі жалғасын таппақ.

Сот жұмысының ашықтығы, қолжетімділігі мен жариялылығы жөнінде көптеген жұмыстар атқарылып жатыр, салыстырмалы түрде айтатын болсақ, егер 2015 жылы аяқталған қылмыстық істердің  669-ы ғана бейнетаспа қондырғысын қолдану арқылы қаралған болса,  2016 жылы соттың бұл көрсеткіші үш есеге көбейіп, 1530 қылмыстық іс, яғни жалпы аяқталған істердің 99,3 пайызы бейнетаспа қондырғысын қолдану арқылы қаралып отыр. Келешекте барлық қылмыстық істер бейне жазба қондырғысын қолдану арқылы қаралуы жоспарлануда, себебі өткен жылдың басында соттар әкімшісі сот ғимаратында орналасқан сот мәжілісі залдарының барлығын дерлік бейне жазба қондырғысымен қамтамасыз етті. Әдетте сот шешіміне наразы жақ қайткенмен де соттың жұмысына қандай бір  мін тағу мақсатында судьялардың әрекеттеріне шағым келтіріп жатады, осындай тұрғыдан келгенде қылмыстық істердің сот процестерінде үн-бейне жазбасын қолдану арқылы қаралуы, біріншіден, халықтың қол жетімділігін қамтамасыз етсе, екіншіден, судьялардың әрекеттеріне келтірілетін негізсіз арыз-шағымдардың азаюына да септігін тигізуде.

Судьялар тек қана қылмыстық істерді немесе жадығаттарды сот мәжілісінде қарап, шешім шығарып қоюмен шектелмей, бұқаралық ақпарат  құралдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап келеді. Өткен жылы газеттерде 52 мақала жарияланып, радио және теледидар арқылы соттың жұмысы жөнінде, не болмаса белгілі тақырыптар бойынша сұхбаттар берілді. Құқық қорғау органдарының және мемлекеттік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін, медиаторларды қатыстыра отырып дөңгелек үстелдер, семинар сабақтарын өткізу дәстүрге айналды. 2015 жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе қаласының №2 соты бұқаралық-ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау сапасы бойынша облыс бойынша бірінші орынға ие болды.

Алайда тоқмейілсуге болмайды, жұмыстарымызда әлі де болса кемшіліктер бар, оны да жасыра алмаймыз. Сондықтан сот шешімдерінің сапасын арттырып, заманмен үндес заңдардың бұлжытпай орындалуына қатысты іс-шаралар осылайша жалғасын таба бермек. Келешекте халықтың құқығын қорғайтын, мелекет мүддесін көздейтін орган ретінде соттың қоғамдағы беделі биіктей түсетініне сенгіміз келеді.

 Айсұлтан  БАЛМҰХАНОВ,

Ақтөбе қаласы № 2 сотының төрағасы.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                         

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button