Басты жаңалықтарДенсаулық

Б.Сапарбаев: Батыс аймақтың халқы ем алу үшін өзге өңірлерге жүгінбеуі керек

Облыстық клиникалық балалар ауруханасында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен денсаулық сақтау басқармасының өткен жылғы жұмысы қорытындыланды. Жиынға медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақстан ғылым академиясының академигі, «Қызыл майдың» авторы Раиса Көзденбаева және Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, сондай-ақ аудандық ауруханалар мен қаладағы емдеу мекемелерінің бас дәрігерлері қатысты.

Алдымен облыс әкімі аурухананың ішін аралап, көрді. «Авицена» медициналық ақпараттық жүйесімен танысты. Ауруханаға аталған жүйе осыдан бір жыл бұрын енгізілген. Аурудың тарихы осы жүйеге орналастырылады. Дәрігерлер кез келген уақытта жүйені қолдану арқылы науқастың ауру тарихымен таныса алады. Сондай-ақ өңір басшысы эндоскопиялық хирургия бөлімі, антиографиялық зертхана,  ота жасау блогы, реанимациялық зал және физиотерапия бөлімінің жұмысымен танысты. Осыдан кейін мәжіліс залында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев есеп берді.

 ОБЛЫСҚА 72 ДӘРІГЕР ЖЕТІСПЕЙДІ

Өткен жылы облыстық денсаулық сақтау саласына мемлекеттік бюджеттен  37  миллиард 163,4 миллион теңге бөлініп, қаржы толық игерілген.  Облыс тұрғындарына барлығы  47 аурухана, 458 амбулаториялық-емханалық мекемелер медициналық көмек көрсетеді. Сондай-ақ медициналық нысаны жоқ 32 ауылдық жер бар. Бұл мәселелерді шешу үшін  2017-2018 жылдарға жоспар құрылған.  Екі жыл ішінде 32 нысанның құрылысы салынып болмақ.

— Бүгінгі күні облыс бойынша 3678 дәрігер қызмет етеді.  Дегенмен мамандарға әлі де сұраныс бар. Өткен жылы медициналық университетті бітірген 74 түлекті облыстың емдеу мекемелеріне жұмысқа алып қалдық. Бірақ әлі 72 дәрігер жетіспейді, — деді Әсет Қалиев.

Сонымен қатар былтыр облыс тұрғындарына 1059  жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетілген. Оның ішінде 6  бауыр,17 бүйрек трансплантациясы, 90 тізе буын ауыстыру, 85 жамбас буынын ауыстыру отасы және 290 кардиохирургиялық ота жасалған. Кардиохирургиялық отаның 83-і балаларға жасалыпты. Аймақта балалар өлімінің көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 9,1 пайызға төмендеген. Аудандар арасында бір жасқа дейінгі балалар өлімінің көрсеткіші бойынша алдыңғы орында Байғанин, Шалқар, Темір, Алға аудандары тұр. Ал ана өлімінің көрсеткіші  100 000 тірі туған нәрестеге шаққанда 15,2-ні құрап отыр.

Өкінішке қарай, осы көрсеткіш бойынша өткен жылы меморандумда нақтыланған индикаторға қол жеткізе алмадық. Дегенмен әр орын алған ана өлімі  бойынша тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен тексерулер жүргізілді, тиісті шаралар қолданылды. Ана мен бала денсаулығын сақтау, өлім көрсеткішін азайту мақсатында басқармадан штат ашылды, яғни басқармада тағы бір орынбасарлық қызмет ашылып, ол адам осы істерді өз бақылауына алды, — деді Әсет Қалиев.

Облыс бойынша жүрек-қан тамырлар ауруы бойынша  өлім-жітім  көрсеткіші — 175,43 пайыз. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 4,03 пайызға кеміп отыр. Аталған дерттен көз жұматындардың саны Ақтөбе қаласы мен Мәртөк ауданында көп.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы облыстағы қатерлі ісік ауруының да көрсеткішіне тоқталды.  Былтыр бұл дертке 1448 науқас шалдыққан. Оның 60, 8 пайызы аурудың бірінші, екінші сатысында дәрігерге қаралған. Ал аурудың төртінші сатысы бойынша 138 адам тіркелген.  Әсет Қалиевтің айтуынша, ісікті алғашқы сатысында анықтау көрсеткішінің жоғарылауы — скринингтік тексерулердің нәтижесі. Бұл дерт бойынша Мәртөк, Ырғыз аудандары мен Ақтөбе қаласы тұрғындарының аурушаңдық көрсеткіші жоғары болып отыр.

ШАҒЫМ МЕН ТӘРТІП

Өткен жылы денсаулық сақтау мекемелеріне түскен арыз-шағымдар саны да көп.  376 тұрғын медициналық мекемелердің үстінен шағым түсірген. Оның ішінде жеке тұлғалардан —353, заңды тұлғалардан  23 арыз түскен.  Арызданушылардың басым бөлігі ана мен бала денсаулығын қорғау, стоматологиялық қызмет, этика және деонтология мәселелері бойынша наразылығын білдірген. Оның ішінде облыстық аурухананың қызметіне көңілі толмаған 6 шағым болса, кеңес беру орталығының үстінен — 5, №1 қалалық емханаға — 5, темір жол ауруханасына 5 және  облыстық перинатальдық орталықтың медициналық көмегіне наразылық танытқан 5 адам шағым түсірген.

Сондай-ақ №4, №2, №3, №5 қалалық емханалар мен Шалқар, Әйтеке би аудандық ауруханалары, Мұғалжар туберкулез ауруханасы және Ақтөбе қаласындағы жедел жәрдем бекетінің қызметіне көңілі толмағандар көп болған.

Жекеменшік 3 клиниканың қызметіне де тұрғындардың шағымы көп.

Сондай-ақ Әсет Қалиевтің айтуынша, денсаулық сақтау саласындағы негізгі мәселе — екпеден бас тарту. Бұндай жағдай 2005 жылдан бастап тіркелген. 2005 жылы 11 баланың ата-анасы бас тартса, 2016 жылы 2538 бала егілмеген. Соңғы бес жылда екпеден бас тартатындардың саны 10 пайызға өскен. Қазіргі таңда облыс бойынша екпе алмаған  2538 бала тіркеуде тұр.  Оның ішінде туғаннан бері бірде-бір екпе алмаған  балалар саны — 1534. Басқарма басшысы осы мәселелерді шешу үшін аудандарда арнайы штат ашылғанын айтты. Олар ата-аналарға екпенің пайдасын түсіндіріп, райын қайтару үшін жұмыс істейді.  Жалпы ата-аналардың  70 пайызы діни көзқарастарына байланысты екпеден бас тартқан. Сондай-ақ басқарма басшысы соңғы уақытта  жұқпалы ауруларға сезімтал балалар саны көбейіп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді.

МЕДИЦИНАЛЫҚ КЛАСТЕР ДАМЫТЫЛАДЫ

Жиын соңында облыс әкімі өңірдің денсаулық сақтау саласына тоқталып, сұрақтарға жауап берді.

— Ақтөбе Кеңес дәуірі кезінен-ақ батыс өңірдің орталығы болған. Қазақтың тұңғыш дәрігері Аққағаз Досжанованың Ақтөбеден шыққанын ескерсек, бұл жерден мықты дәрігерлердің шығуы бекер емес. Серік Ақшолақов, Жақсылық Досқалиев секілді медицинаның мықтылары да осы жерде туып, білім алған. Сондықтан біз батыс өңірі бойынша медициналық кластерді дамытуды қолға алуымыз керек. Батыс аймақтың халқы ем алу үшін Алматы, Астана секілді өзге өңірлерге бармауы керек. Барлық медициналық қызмет Ақтөбеде көрсетілуі тиіс. Сондықтан мамандарды оқытып, біліктілігін көтеруге күш саламыз. Қосымша медициналық нысандар салынып жатыр. Осы жұмыстардың барлығы атқарылса,  медициналық кластер өз нәтижесін береді, — деді өңір басшысы.

Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев бұл саладағы өзекті мәселелерге тоқталды. Оның ішінде ана мен бала өліміне дәрігерлердің де қатысты екенін айтып, қатаң ескерту берді.

— Сіздер ант бергендеріңізді ұмытпауларыңыз керек. Ауру адамға жайбарақат қарайтын дәрігер дәрігер емес. Ол үйде немесе көшеде ауырып жатқан адамды көрсе жәрдем беруі керек. Ал біз алдымызға келіп тұрған адамға көмек көрсеткіміз келмейді. Былтыр ауылдан келген бір әйелді «бізге қарамайды» деп төрт аурухананың ортасында сандалтып қойып, соңында ол әйел қайтыс болып кетті. Осындай бассыздықты тоқтату керек. Дәрігердің мәдениеті, этикасы, адамдарға қарым-қатынасы дұрыс болуы керек. Тіпті жұмысқа жаңа тұрған 25-тегі жас қыздар науқаспен дөрекі сөйлеседі екен. Егер олар ауру адамға қарауды білмесе, жұмыстан босатыңдар, — деді облыс басшысы.

Жиында өңір басшысы екпеден бас тартқандарға қатысты да тапсырма берді. Олардың ішінде мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін азаматтар мен тіпті дәрігерлер де бар екенін ескертті. Сондай-ақ сұрақтарға жауап берді. Облыс басшысынан дәрігерлер  пәтер сұрады.

Қазіргі күні екі жатақхана салынып жатыр. Оның бірінің құрылысы аяқталды, екіншісінің құрылысы наурыз айында бітеді. Тек қана медицина саласы емес, басқа да әлеуметтік сала қызметкерлері де бар екенін ескеруіміз керек. Сондықтан бұл жатақханалардан дәрігерлерге, мұғалімдер мен өнер, спорт саласының қызметкерлеріне пәтер беріледі. Сондықтан баспана мәселесі біртіндеп шешіледі, — деді аймақ басшысы.

Жиында дәрігерлер №21 автобустың тұрғындарды жол бойына тастап кететінін айтты. Ауру балаларын көтерген ата-аналар ауруханаға әрең жетеді. Бұл мәселе бойынша облыс басшысы қала әкіміне тапсырма берді. Бердібек Сапарбаев өзге де сұрақтарға жауап беріп, алда атқарылатын шаруаларға тоқталды.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button