Басты жаңалықтарӘлеумет

Ақтөбеде ескі көліктер 25 қаңтардан бастап қабылданады

Өткен жылы 21 қараша мен 30 желтоқсан аралығында елімізде тозығы жеткен көліктерді өткізуді ынталандыру бағдарламасының пилоттық жобасы жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде былтыр «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесі операторы» ЖШС-ның  қабылдау бекеттеріне 6 мыңға жуық көлік тапсырылған.

Биыл бұл жоба еліміз бойынша 16 қаңтардан бастап жалғасын тапты. Ал Ақтөбеде ескі көлікті 25 қаңтардан бастап қабылдайды.

Электрондық кезек және 40 мың автокөлік

 Биылғы жылдың басында ҚР Энергетика министрлігі ескі көліктерді сатып алу бағдарламасын іске қосатын күнді нақтылады. Сөйтіп, 16 қаңтардан бастап елімізде (квота игерілмеген өңірлерде) ескі көліктерді қабылдау жобасы жалғасын тапты.

Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесі операторы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы ҚР Энергетика министрлігі жеке және заңды тұлғалардан ескі көліктерді сатып алуға 10 мың квота бөлген. Өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізде  5 665 автокөлік қабылданған. Қалған 4 335 квотаны игеру биылғы жылы жүзеге асырылмақ.

Аталған бағдарламаның мақсаты — елімізді ауаны ластайтын ескі көліктерден арылту, тозығы жеткен көліктерді жою. Өткен жылы еліміз бойынша 17 қалада тұрғындар ескі көліктерін жоюға тапсырды. Олар екі санат бойынша қабылданды. Құжаты мен қосалқы бөлшектері толық автокөлікке 150 мың теңгеден төленсе, құр қаңқасы қалған машинаның өзіне 48 мың теңге берілді, — дейді «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесі операторы» ЖШС өкілі Жомарт Рақымжан.

Оның айтуынша, тұрғындарға ескі автокөлігін жоюға тапсыруға ешкім міндеттемейді. Сондай-ақ кез келген адам құжаттары бар автокөлігін қандай жағдайда болса да тапсыруына болады.

Биыл ескі көліктерді қолма-қол ақшаға тапсыратындар үшін бағдарлама да оңтайланды. Биылғы жылдың 11 қаңтарынан бастап электронды кезек жүйесі енгізілді. Кезекке тұрудың екі жолы бар. Оның бірі Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесі операторының Call-орталығына 8 800 080 08 65 нөмірі арқылы хабарласу болса, екінші жолы — auto.recycle.kz сайтына кіріп, арнайы форманы толтыру арқылы кезекке тұру.

Сондай-ақ биылғы енгізілген бағдарламада салық міндеттемесіне қатысты өзгерістер де  енгізілген. Яғни бағдарламаға қатысушыға берілетін өтемақы есебінен оператор 10 пайыз көлемінде жеке табыс салығын ұстап қалады. Көлік иесі немесе өткізуге сенім білдірген адамнан (көлік иесінің атынан әрекет етушіге) салық алымы ұсталмайды. Алайда автокөлікті өткізушінің құжаты жіті тексерілетін болады. Егер құжат күмәнді болса, оператор үш жұмыс күнінің ішінде қабылданған құжаттардың дұрыстығын анықтау мақсатында құқық қорғау органына тапсырады.

Айта кету керек, бүгінгі күні ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетімен бірлесіп «Көлік құралын жоюға жіберу жөнінде анықтаманың» бірыңғай формасын әзірлеу қарастырылып жатыр. Сонымен қатар халыққа қолайлы болу үшін «Қазпошта» акционерлік қоғамымен әріптестік жөнінде меморандумға қол қою жоспарланып отыр.

 Біздің дерек

Өткен жылы елімізде тозығы жеткен көліктерді өткізуді ынталандыру бағдарламасы бойынша қабылданған 5659 автокөлік бірінші санат бойынша (150 мың теңге) қабылданса, 6 машина 48 мың теңгеге бағаланған.

2016 жылдың қорытындысы бойынша бағдарламаға қатысып, 1-санат бойынша ескі көлігін тапсырғандарға  848 млн 850 мың теңге ақшалай өтемақы төленсе, екінші санат бойынша 288 мың теңге аударылған. Ал пилоттық жоба аясында ескі көліктерге берілген өтемақының жалпы сомасы — 849 млн 138 мың теңге.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша ескі автокөліктерді қабылдау бойынша Шымкент қаласы бірінші орында тұр. Шымкенттіктер бір айдан астам уақыт ішінде 764 автокөлік  тапсырған. Ал 688 көлік өткізген Қостанай қаласы — екінші орында. Үшінші орын иеленген Алматы қаласынан 496 ескі көлік қабылданған.

Сондай-ақ бүгінгі күні  ҚР Энергетика министрлігі Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесі операторының «Жылжымалы мобильді бекет» жобасын биылғы жылы жалғастыруды қарастырып жатыр. Демек, алдағы уақытта мобильді бекет жұмысы елімізде 26 елді мекенде жүргізілмек. Олардың қатарында Павлодар, Қарағанды, Алматы, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстары бар. Егер жоба мақұлданатын болса, мобильді бекет жобасы облыстық және аудандық әкімдіктермен бірлесіп жүзеге асырылатын болады.

Сонымен қатар бүгінгі күні ҚР Энергетика министрлігі Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесі операторының 2017 жылы 40 мың ескі көлік құралдарын қабылдау жөніндегі ұсынысын да қарастырып жатыр.

«Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесі операторы» ЖШС өкілі Жомарт Рақымжанның айтуынша, Ақтөбе қаласында аталған бағдарлама бойынша автокөлікті жоюға тапсырып, ақшалай өтамақы алудың электронды кезегіне тұру 25 қаңтардан бастап жүргізіледі.

  • Еліміз бойынша Ақтөбе, Орал, Қостанай қалалары бойынша электрондық кезекке тұру 25 қаңтардан басталады. Себебі бұл қалалар өткен жылы тиісті квотаны игерді. Өткен жылы Ақтөбе қаласы бойынша 447 ескі көлік қабылданды. Бағдарлама бойынша ақтөбеліктер ескі көліктерін жыл соңына дейін өткізе алады. Квотаның санында ешқандай шектеу жоқ. Сондай-ақ автокөліктің маркасы мен шыққан жылына да шектеу қойылмайды. Ең бастысы, көлік пен оның иесінің құжаттары заңды болуы керек. 25 қаңтардан бастап ескі көліктер Ақтөбе қаласындағы 41-разъездегі арнайы бекетте қабылданады, — дейді Ж.Рақымжан.

Жаңа көлік алғыңыз келсе, сертификат беріледі…

Жомарт Рақымжанның айтуынша, биыл ақпан айынан бастап Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесі операторы жаңа өндірістік кезеңге көшеді. Яғни автокөліктер қабылданатын бекеттер көліктерді бірден жоюға әзірлене бастайды. Демек, экологиялық талаптарды сақтай отырып, автокөліктерді тасымалдау және оны жою процесі көліктің аккумуляторы мен дөңгелектерін шешіп алудан басталады. Сондай-ақ техникалық сұйықтықтар стандартты арнайы ыдыстарға құйып алынады.

Елімізде әзірге утилизация жасайтын бірде-бір кәсіпорын жоқ. Дегенмен биыл жыл соңына дейін Қарағанды қаласында ескі көлік құралдарын шикізат ретінде қайта өңдейтін зауыт салынбақ. Сол зауытқа Ақтөбедегі тозығы жеткен көліктерді қабылдайтын бекет ескі көлік құралдарын текше тәріздес етіп сығымдап жібереді, — дейді Ж.Рақымжан.
Өткен жылы Қазақстан бойынша жоюға тапсырылған танымал көліктердің қатарында «ВАЗ-2105», «ВАЗ-2106», «ВАЗ-2101», «ГАЗ-3110», «Москвич-2140», «Мазда-626», т.б. бар. Ал бағдарлама бойынша тапсырылған ең ескі көлік құралы — 1948 жылы шығарылған «Москвич» автокөлігі. Оны Орал қаласының тұрғыны тапсырған.

Сондай-ақ бағдарлама аясында былтыр «жаңа» деген 7 автокөлік қабылданған. Олардың соңы 2007 жылы шыққан. Ал жоюға қабылданған көлік құралдарының орташа жасы — 25-30 жыл.

  • Ақпан айынан бастап елімізде ескі көліктерді сатып алу бағдарламасымен қатар ынталандыру бағдарламасы да жүзеге асырылады. Яғни ескі көлігін тапсырып, «жаңа көлік аламын» деген азаматтарға 315 мың теңге көлеміндегі сертификат беріледі. Сол сертификатпен автосалонға барсаңыз, ақшаңызды шегереді. Бұл — жаңа көлік алушыларға жасалатын үлкен жеңілдік. Ал егер тозығы жеткен көлігіңізді қолма-қол ақшаға өткізгіңіз келсе, онда 150 мың теңге беріледі, — дейді Жомарт Рақымжан.

Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесі операторы мамандарының айтуынша, биылғы жылдың маусым айынан бастап ескі жүк көліктерін де қабылдау жоспарда тұр.

Сұлтан Баймырза, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

  • Теледидардан ескі машиналарды жоюға қабылдау бағдарламасы біздің қаламызда 25 қаңтардан бастап жалғасатынын біліп, естіп жатырмыз. Соған байланысты мен де үйімнің ауласында тұрған әкемнің ескі көлігін тапсырсам деп отырмын. Кезінде оны әкем өзі жүргізген болатын. Қазір әкем — зейнеткер. Көп ешқайда шықпайды. Машина жүргізбейді. Сондықтан тозығы жеткен көлігін бізге тапсыруға рұқсат берді. «Үйде босқа шіріп тұрғанша, мемлекеттің бағдарламасы арқылы аз болса да ақшаға өткізейік» — деп отыр әкем. Бұйырса, осы айдың аяғына апарып тапсырғымыз келеді.

P.S. Қазір өңірде автокөліктердің саны жыл артып көбейіп келеді. Олардың 40 пайызы — ескі автокөліктер.Тозығы жеткен темір «тұлпарлар» алдымен экологияға қауіпті болса, екіншіден, жол қозғалысына да кері әсерін тигізеді. Осыны түсінген ақтөбеліктер өткен жылы бағдарламаға белсенді түрде қатысып, белгіленген квотаға сәйкес 447 ескі көлік тапсырған. Биыл да тұрғындардың көпшілігі тозығы жеткен көліктерін жоюға тапсыруға бекініп отыр.

Олай болса, ақтөбеліктер 25 қаңтардан бастап ескі автокөліктерін 41-разъезд, 392 мекенжайына апарып тапсыруына болады.

Данагүл ҚАЗИХАН. 

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button