Құқық

Мемлекет қаржысы – бақылауда

Қаржы бақылау инспекциясы мемлекет қазынасына ақша қаражаттарының  көптеп түсуін, сондай-ақ олардың мақсатты және тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуге қызмет етеді. Облыстың қаржы бақылаушыларының қызметі туралы облыстық инспекция бастығы Нұртай КНЯЗОВТІ әңгімеге шақырдық.

Әуелі 2008 жылғы жұмыс нәтижелері туралы қысқаша айтып берсеңіз.

– Осы уақыт ішінде біздің инспекция тарапынан 735 бақылау объектісі тексерілді, бұлар – республикадан қаржыландырылатын 67 және жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын 538 мемлекеттік мекеме. Сондай-ақ, 130 шаруашылық жүргізуші субъектіге тексеру жүргіздік. Қазақстан Республикасы заңдылықтарын бұзудың 11 731,4 миллион жалпы сомасына тәртіп бұзушылықтар анықталды. 4 021 миллион теңге зиян сомасы толығынан қалпына келтірілді.

Жыл қорытындысына қарағанда, 2008 жылы 2007 жылмен салыстырғанда анықталған тәртіп бұзушылықтар сомасы 3,2 есеге артты немесе 8 066 миллион теңгеге көбейді. Бұл ретте үлес жағына келсек, қаржылық тәртіп бұзушылықтардың жалпы көлемінен республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мекемелер – 4,6 пайыз немесе 107,8 миллион теңге, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мекемемелер – 40,4 пайыз немесе 954,7 миллион теңге, ал шаруашылық жүргізуші субъектілер – 55 пайыз немесе 1 миллиард 302,9 миллион теңге.

– Тәртіп бұзушылықтардың неғұрлым көп бөлігі қай салада байқалуды?

– Тәртіп бұзушылықтарға талдау жасағанымызда, анықталған тәртіп бұзушылықтардың негізгі үлесі құрылысқа тиеді, бұл қаржыға есептегенде – 1 809,7 миллион теңге (бақылау объектілерінде анықталған тәртіп бұзушылықтардың жалпы сомасының 30 пайызы), сондай-ақ жалпы сипаттағы мемлекеттік қызметтер – 1 миллиард 353,6 миллион теңге (22,5 пайыз), білім беру саласы – 1 миллиард 166,3 миллион теңге (19,4 пайыз), денсаулық сақтау – 1 140,1 миллион теңге (19 пайыз), осылайша жалғаса береді.

Былтырғы жыл бойынша мемлекеттік сатып алуға конкурстар өткізуде заңдылықтардың сақталуын қалай бағалар едіңіз?

– Конкурстарды өткізуде көптеген тәртіп бұзушылықтарға жол беріледі, соның нәтижесінде конкурстық тапсырыстары кері қайтарылуға жататын тапсырысты орындаушылар сатып алу жеңімпаздары болып анықталып жатады. Осы тәртіп бұзушылықтардың барлығы да конкурстық комиссия, конкурсты ұйымдастырушылар және тапсырыс берушілер тарапынан сыбайлас құқық бұзушылықтарды жасау үшін алғышарттар болып табылатыны түсінікті.

Біздер 101 ашық конкурста 4 973,9 миллион теңгеге тәртіп бұзушылықтарды анықтадық.

Конкурстық комиссиялардың жұмыстарына байланысты бізге әлеуетті тапсырысты орындаушылардан 11 хабарлама түсті. Оларда баяндалған дәлелдемелер анықталды немесе хабарламада көрсетілмеген басқа да тәртіп бұзушылықтар ашылды.

Мысалы, «Байғанин тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімі», «Ақтөбе облыстық санитарлық- эпидемиологиялық сараптама орталығы», «Батыс көліктегі ішкі істер департаменті», «Хромтау білім беру бөлімі», «Мәртөк аудандық құрылыс бөлімі», «Ырғыз аудандық құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемелерінде және «Ақбұлақ» акционерлік қоғамында 601,3 миллион теңгеге тәртіп бұзушылықтар анықталды. Инспекция тексерулері нәтижелері бойынша конкурс қорытындысын өзгерту туралы 7 қаулы шығарылды.

«Хромтау қаласы әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесінде келісім-шарт талаптары бұзылып, тапсырыс беруші қоршауларға күрделі жөндеу бойынша жұмыстардың орындалмаған ауқымы үшін 0,7 миллион теңгеге төлем жасалған; Мәртөк ауданындағы «Вознесенск орта мектебі» мемлекеттік мекемесінде «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңды бұзу арқылы 0,8 миллион теңгеге КВУ-3 маркалы  қазындық сатып алынып, 0,9 миллион теңгеге қазан жабдықтарын орнату жүргізілген.

Ашық конкурстар қорытындыларын өзгерту бойынша үш талап-арыз сотқа жолданды, қазіргі уақытта екі талап қанағаттандырылды.

Қандай мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарда оларға сеніп тапсырылған  бюджеттік қаржылар мен мемлекет активтерін пайдалануда тәртіп бұзушылықтар анықталды?

– Мысал ретінде айтатын болсақ, «Ақтөбе облысы мамандандырылған күзет қызметі басқармасы» мемлекеттік мекемесінде 3,5 миллион теңгеге қаржылық тәртіп бұзушылықтар анықталды. Мұнда еңбекақының есептелген сомасына төлем жасау бойынша тізімдер жасалғанда беруге қағазбен тасымалдаушыда бір сома, ал электронды тасымалдаушыда екінші бір сома жазылған. Сол ретпен жекелеген қызметкерлерге 212,4 мың теңге негізсіз есептелген.

Осыған ұқсас тәртіп бұзушылықтарға 3,3 миллион теңгеге осында 2007 жылы да жол берілді, оның ішінде мекеме штатында есепте тұрмайтын адамдарға 488,6 мың теңгеге еңбекақы төленген. Бұдан басқа есептелген еңбекақының қорытынды сомасын электронды нұсқада көтеру есебінен 2 миллион 798,3 мың теңге штаттағы қызметкерлерге артық төленді.

«№2 балалар музыка мектебі» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнында 16,5 миллион теңгеге қаржылық тәртіп бұзушылықтар анықталды. Аталған мекеменің басшысы мен бас бухгалтеріне бухгалтерлік есепті бұзғаны үшін әкімшілік құқық бұзғаны туралы хаттама жасалып, оның материалы Ақтөбе облысы бойынша қаржы полициясы департаментіне жолданды.

Сондай-ақ, қаржылық құжаттарды қолдан жасап және кәдімгі ұрлықты қосқанда, ақшаны игерудің қандай да түрлерінен бас тартпаған тәртіп бұзушылықтар ашылды.

Мәселен, «Облыстық патологиялық-анатомиялық бюро» мемлекеттік мекемесінде 34,7 миллион теңгенің қаржылық тәртіп бұзушылықтары ашылды.

Бас бухгалтер О.Қалиеваның өз міндеттеріне қылмысты жауапсыздықпен қарауы салдарынан кассалық кітап жүргізілмеген, соның салдарынан 2007 жылдың ішінде банктен алынған 800 мың теңге кассаға кірістелмеген. 2 миллион 859 мың 422 теңге кассаға түскен түсім баланста көрсетілмеген. Соның нәтижесінде касса бойынша 3 миллион 659 мың 422 жетпестік ашылды.

Сонымен бірге бюджет қаржыларын мақсатсыз пайдалану, тиімсіз пайдалану деректері де тіркелді. Аталған мекеменің басшысы мен бас бухгалтері бухгалтерлік есепті бұзғандықтан оларға әкімшілік құқық бұзғаны үшін хаттама толтырылды. Бақылау материалдары бойынша мекеменің бас бухгалтері қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

– Кінәлілер тағы да басқа қандай жазалауларға тартылды?

– Біздің тексерулеріміздің материалдары бойынша әкімшілік жауапкершілікке 249 лауазымды тұлға тартылып, оларға 2,7 миллион айып салынды. 2009 жылдың 1 қаңтарына дейін барлық айып сомалары алынып, бюджетке аударылды. Талдау көрсеткеніндей, 2008 жылы әкімшілік жауапкершілікке тартылған лауазымды тұлғалар саны алдындағы жылмен салыстырғанда 53 адамға артты. Салынған және алынған айыптар сомасы тиісінше 523,5 мың теңгеге ұлғайды.

296 лауазым иесі тәртіптік жауапкершілікке шақырылды (бұл алдындағы жылдан 247-ге көп). Атқарып жүрген қызметінен 3 лауазым иесі босатылды.

Құқық қорғау органдарына шара қолдану үшін 3 996, 4 миллион теңгеге бақылаудың 100 материалы жолданды. Бүгінгі күні оның 71 материалы қаралып, 26 бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Тәртіп бұзушылықтардың себебі неде деп ойлайсыз және оны болдырмау үшін не істеу қажет?

– Бірінші кезекте кейбір мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындардың басшылары және бас бухгалтерлерінің қаржы ісіндегі тәртіпке мән бермеушілігі, жауапкершілікті төмен ұстауы, бюджет қаржыларын жоспарлау, пайдаланудағы, бухгалтерлік есеп пен есептілік формаларын жүргізудегі мәселелерге қатысты қолданыстағы және жаңа нормативті актілерді үйренуге құлықсыздығы ойландырады. Аталған мекемелерде ішкі бақылау жүргізуді қолға алып, нормативті құжаттарды жақсылап зерттеу қажет. Көптеген тәртіп бұзушылықтар іске жауапсыз қараудан, қызметтік міндеттерін орындамаудан, сондай-ақ қызмет жағдайын өрескел пайдаланудан туындайды. Бюджет есебінен қандай да проблемаларды шешуге ұмтылу басқа жағдайға соқтыратынын көріп отырмыз.

Біз өз кезегімізде бақылауды біліктілікпен жүргізіп, актіде келтірілген әрбір фактіні объективті және принципті  түрде негіздеп, барлық қаржылық тәртіп бұзушылықтарды анықтауға тиіспіз. Сондықтан да қаржы бақылау комитеті қаржылық құрылымдар мен банк мекемелері өкілдері қатысуымен қаржылық бақылау қызметкерлерін оқытудың кәсіби жүйесі қалыптасқан.

Сұхбаттасқан Мирал ЖАРМҰХАМБЕТОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button