Құқық

Заң талабы — бәрімізге ортақ

Уақытша тіркеу мәселесі көтерілген кезде алғашқыда жұртшылық арасында түсініспестіктер орын алғаны ақиқат. Өйткені, көпшілігіміз ішкі істер қызметкерлері үйді-үйімізді жаппай аралап, тәуліктің кез келген уақытында мазамызды алатындай сезіндік. Шынында да солай ма? Біз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мұндай тексерістер болмайтынын білдік.

Өткенімізге үңілсек, негізінде Қазақстанда тір­кеу институты осыдан ширек ғасырдай уақыт бұрын, яғни 1993 жылы ен­гі­зіл­ген. Ол адамдардың еркін жүріп-тұру құқығын шектемейді, бірақ жаңа тұрғылықты жерге келген азамат өзінің мекенжайы туралы хабардар етуі тиіс. Жаңа мекенжайға тіркелу үшін қандай да бір арнайы рұқсат алу­дың қажеттігі жоқ. Тіпті, тұр­ғылықты мекенжайы бойын­ша тіркеумен қатар, уақытша келген жерінде тіркеу де жүзеге асырылады. Уақытша тіркеуге тұру үшін бұрынғы тіркеуде тұрған жерінен шығудың да қажеті жоқ, яғни тұрақты тіркеуі сақталады. Уақытша тіркеу азаматтардың өзі көрсеткен белгілі бір мерзімге ресімделеді, бұл мерзім өткеннен кейін тіркеу автоматты түрде жойылады. Яғни, уақытша тіркеуден шығу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына арнайы барудың қажеті де болмайды. Міне, осындай мәлімет-деректерді көпшілік әлі жете біле бермейтінге ұқсайды. Ал мұндайда «дейді екеннің» соңына көбірек еріп кететініміз бар.

Азаматтарды тіркеу ресімдері барлық жер­де мейлінше қарапайым жүр­гізіледі. Орталықтарда ол небары 15-20 минут уақыт алады екен.

«Әрбір азамат өзінің тұрғылықты жерін ауыстырған кезде 10 тәулік ішінде тіркеуден өтуге тиіс. Дегенмен ол уақытша тұрғындарға байланысты емес. Уақытша тұрғын деген тұрғын үй иесіне оның үйінде тұрып жатқаны үшін ақша төлемейтін азаматтар. Олар — біздің туыстар мен меймандар. Уақытша тұрғын түсінігі заңда нақты көрсетілген. Сондықтан сіздерге қонаққа келген меймандар тіркеусіз 1 ай тұра алады. Мәселе ұзақ уақытқа пәтер жалдап тұратындарға қатысты болып отыр. Олар — жұмыс істеуге, оқуға, емделуге келген азаматтар», — деп Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі өкілі теледидар арқылы сұхбат бергенде, көп нәрсеге көзіміз жетті.

Заңды бұзғандарға алдымен ескерту беріледі екен. «Бір айға дейін ескерту беріледі, бұрын тек айыппұл салынатын. Көшіп келуге де уақыт керек екенін түсінеміз. Сондықтан біз бір айлық уақыт қойдық. Бір айдан асқан жағдайда айыппұл салынатынын білген жөн. Бүгінде ол 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, демек, 22690 теңге деңгейінде белгіленген», — деп атап көрсетті ресми орган өкілі.

2016 жылдың 22 желтоқсанында ҚР Президенті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойғанын білеміз.

Мен өзім баспасөзден оқып, телевизия хабарларынан көрген мәліметтерімді жан-жағыма айтып, мазасызданатын ешнәрсе жоқ екенін айтып жүрмін. Сонда байқағаным, көпшілікке Заң талаптары әлі толық жетпеген сияқты. Бұл енді бәріміз бірігіп жүзеге асыратын шаруа деп білемін.

 Бигелді ҚОЖА-АХМЕТ,

зейнеткер.

Ақтөбе қаласы.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button