Ауыл

«Жосалы» өндірістік кооперативі: біріккен табыс, тиімді тетік

Қарғалы ауданы Кемпірсай ауылдық округіндегі  «Жосалы» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі өткен жылдың сәуір айында құрылды. Кооператив биылғы жылы сүт, ет өнімдерін қабылдауды қолға алып, жоспардағы жұмыстарын іске асырмақ.

Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің деңгейі жоғары болды. Облысымызда 72 кооператив құрылды. Олардың көпшілігіне материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында сүт, ет таситын арнайы көліктер алып берілді. Аудандарда сүт қабылдайтын пункттер мен мал соятын алаңдар ашылды.

Облыстағы басқа аудандармен қатар былтыр Қарғалы ауданында да бірнеше кооператив құрылды. Соның бірі — Кемпірсай ауылдық округіне қарасты Жосалы ауылындағы «Жосалы» өндірістік кооперативі. Бұл күні кооперативті ауыл шаруашылығынан жан-жақты хабары бар, мал дәрігері Жарқынбек Ықыласов басқарады.

Оның айтуынша, ауыл-аймақтарда кооператив құрудың тиімділігі сол, шаруалар өз өнімдерін тиімді бағаға өткізуге мүмкіндік алады. Сондай-ақ тұрғындардың мал өсіруге, сүт, ет өнімдерін тапсыруға ықыласы артады, халықтың материалдық жағдайы жақсарады.

— «Көп түкірсе — көл» демекші, бүгінгідей нарық заманында бірікпесек болмайтынын түсіндік. Ауылдың бірқатар азаматтары бұрынғыдай өгіз аяңмен жүре беру тиімді емес екенін түсініп, осы кооперативке келіп бірікті. Бүгінгі күні кооперативтің құрамында 29 адам бар. Оның көпшілігі — жеке адамдар,  бір жеке шаруа қожалығы мен  фермерлік шаруашылық бар. Қазір кооперативте 220 ірі қара, 3 мың гектар жайылымдық және 800 гектар егіс алқабы бар. Өткен жылы мемлекеттен қолдау ретінде кооперативімізге бір сүт таситын көлік пен  рефрижератор алдық. Былтыр халықты тарту, техника алу жұмыстарымен айналыстық. Бұйырса, биыл жоспардағы шаруаларымызды жасауға кірісеміз, — дейді Ж.Ықыласов.

Оның айтуынша, алдағы уақытта кооператив күніне 3 тоннадан астам сүт шығарып, оны облыс орталығындағы «Молочные истории-А», «Айс+» сияқты сүт өнімдерін өндіретін жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне тапсырмақ.

Өткен жылы облыс орталығындағы «Табыс» коммуналдық базарымен келісімшартқа тұрып, ет тапсыратын болдық. Алдағы уақытта тиімді ұсыныс білдірген серіктестікпен келісімшарт жасасып, сүт өнімдерін тапсырмақпыз. Кооперативтің өнімдері таза, бағасы да қолжетімді, сондықтан бұл бағытта ешқандай қиындық болмайды деп ойлаймыз. Қазіргі кезде кооператив құрамындағы асылтұқымды бұқалардың етін тапсыру үшін «АкТеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісім жүргізіп жатырмыз, — дейді кооператив басшысы.

Жарқынбек Ықыласов кооператив негізінен ірі қара өсіруді қолға алып, еттік бағытта жұмыс жасайтынын айтады. Биыл кооператив мүшелері аудан орталығы — Бадамшаға жақын орналасқан Бурановка деп аталатын аумақтан 20 гектар жер алыпты. Жаз айларында сол жерге мал сою алаңын салмақ.

Мал сою алаңында тек халықтан сатып алынған еркек мал ғана сойылады. Ірі қара малын бордақылап, арнайы орындарға тапсырамыз. Биыл жазда осы аумақтан баз да салу ойымызда бар. Алайда ол үшін көп қаражат керек. Ал қыс айларында әр адам өз малын өзі бағады. Кооператив ол үшін тұрғындарға мал санына есептеп арзан бағаға жем-шөбін әзірлеп, дайындап береді. Әзірге мал азығын дайындау үшін кооператив құрамындағы шаруашылықтың техникасын пайдаланып отырмыз. Кейін сол техникаларды жаңартып, олардың санын көбейтпекпіз. Жазда кооператив мүшелеріне малды далаға баққаннан гөрі өзінің үйінен кіріп-шығатындай мүмкіндік жасап жатырмыз. Егер кооператив құрамындағы адамдардың малын алып кетсек, ол оның өнімінен айырылады. Мәселен, бір шаруаның сиыры үйінде күніне 15 литр сүт берсе, кейін кооперативке жинап баққанда 10 литр беретін болса, ол шаруа қалған сүті үшін дауласуы мүмкін. Сондықтан қазірден бастап осы бағытта  халыққа тиімді жолдарды қарастырып жатырмыз. Қандай жағдай болса да кооператив алдымен тұрғындардың сеніміне ие болуға тырысады, — дейін кооператив басшысы.

«Жосалы» өндірістік кооперативі биылғы жылы көктемде тыңайтқыштар мен тұқым сатып алып, 20 гектар суармалы жерге картоп егуді жоспарлап отыр. Көктемге дейін қажетті құрал-жабдықтар мен техникаларды сатып алмақшы.

Сондай-ақ өткен жылы кооператив субсидияға қол жеткізген. 220 аналық малдың әрқайсысына 18 мың теңгеден субсидия алып, кооператив мүшелеріне таратып беріпті.

Қазір көпшілік тұрғындар кооперативтерге бірігуге бет бұрып жатыр. Өткен жылдың аяғында тұрғындар ірі қара мен ұсақ малдарға, сондай-ақ асылтұқымды бұқаға субсидия алды. Сондай-ақ халық малының төлін, әсіресе еркек малды ет өндірушілерге тапсырса, үкімет 24 мың теңге субсидия беретінін білді. Соның арқасында халық кооперативке бірігудің тиімділігін түсінді. Бұл ең алдымен жергілікті тұрғындардың жағдайын жақсартуға, мал санын көбейтуге мүмкіндік береді, — дейді Жарқынбек Ықыласов.

  Данагүл ҚАЗИХАН.

Қарғалы ауданы.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button