Ауыл

«Надежда» мен несие

Мемлекеттік бағдарлама

Соңғы жылдары облысымызда етті тұқымды мал басын асылдандырып, ірі қара малын өсіріп, дамытуды көздейтін «Сыбаға» бағдарламасы арқылы тиімді несиеге қол жеткізген шаруашылықтар көбейді. Солардың бірі — Қарғалы ауданы Велиховка ауылындағы «Надежда» шаруа қожалығы.

Шаруашылық басшысы Данияр Сисенғалиев өткен жылы осы бағдарлама арқылы мемлекеттен 13 миллион теңге несие алып, 90 қазақтың ақбас сиыры тұқымын сатып алған. Мемлекеттік бағдарламаның тиімділігін түсінген шаруа алдағы уақытта сүт  фермасын салып, сүтті сиыр тұқымын көбейтпек.

— Алған несиеме ірі қарадан бөлек асылтұқымды 3 бұқа сатып алдым. Алдағы уақытта ақбас сиыр тұқымы мен сүтті сиыр тұқымын көбейтуді жоспарлап отырмын. Қарғалы ауданында ауыл тұрғындарының дені сүтті сиыр ұстайды. Болашақта асылтұқымды сауынды сиыр сатып алып, оның санын көбейтіп, сүт фермасын ашқым келеді. 400-ге дейін сауын сиыр ұстап, сүт өндірісін дамытуды жоспарлап жүрмін, — дейді шаруа.

Данияр Сисенғалиевтің негізгі мамандығы экономист-заңгер болғанымен, ол шаруашылық құрып, ауданда мал басын асылдандыруды мақсат еткен. Өз ойын жүзеге асырған шаруашылық басшысы биыл «Құлан» бағдарламасы арқылы мемлекеттен 6 миллион 400 мың теңге несие алыпты. Енді ол жылқы малын сатып алып, өсіруді жоспарлап отыр. Бүгінде оның шаруа қожалығында 100-ге жуық ірі қара мен 200 қой, 10 қошқар бар.

  • Шаруашылық бұрынғы Айтпайка елді мекенінің аумағында орналасқан. Ол жерде үлкен баз, екі пәтерлі үй бар. Шаруа қожалығында бүгінде екі малшы, бір механизатор жұмыс істейді. Ай сайын жалақыларын алады. Сондай-ақ қожалық аумағында 300 гектар егіндік пен 270 гектар жайылымдық жер бар. Күзде 2 мың рулон шөп жинап алдық. Техникаларымыз да сайлы. «МТЗ-892», «К-700», «К-701» тракторлары, шөп машинасы бар, — дейді Данияр Сисенғалиев.

Оның айтуынша, шаруашылықта  қазақы ақбас сиыр тұқымын өсірудің тиімділігі көп. Атап айтсақ, алдымен ақбас сиыр — сиырдың ең көп тараған етті тұқымды түрі. Сондай-ақ бұл тұқым түрі аптап ыстық пен аязға төзімді, майды тез жинайды. Көлемі жағынан үлкен болмаса да, кең төсті, дене бітімі жағынан жинақы, мықты сүйекті, жақсы дамыған бұлшық етті, кең денелі. Еті де дәмді, мол болады.

Сүт фермасын салу үшін үкіметтен жер сұрап отырмын. Өз жобамды жүзеге асыру үшін аянып қалмаймын. Бұйырса, сүт фермасын ашсам, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етіп, сүт өндірісін дамытуды қолға аламын. Сондай-ақ  жобам жүзеге асқан жағдайда сүт өнімдерін өндіретін компания, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктермен келісімшартқа тұру жоспарымда бар. Әзірге осы қожалықтың дамуы үшін жұмыс жасап жатырмыз. Өткен жылы шаруашылықтағы ірі қараның әр басына 1800 теңгеден субсидия берілді. Шаруашылықта мал азығын жинау кезінде сол алған субсидиямыз бізге біраз көмек болды, — дейді шаруашылық басшысы.

Ол шаруашылықты бұрынғы ауылдың орнына орналастыруының себебін сол өңірдің шөбі шүй­гін, нулы екендігімен, сондай-ақ мал өсіруге тиімділігімен ерекшеленетінін айтады. «Ата-бабаларымыздың берекелі тір­лігіне айналған кәсіп менің де алақанымды құр қалдырмас», — деген шаруа алдағы уақытта шаруашылықты дамытып, баққан төрт түлігінен мол өнім алуды көздейді. Біз де еңбекқор азаматқа кәсібінің нәсібін көріп, табысқа жетсін дейміз.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button