Ауыл

Бадамшада әлеуметтік дүкен ашылды

Жуырда Қарғалы ауданының орталығы Бадамшада «Атамекен» атты әлеуметтік дүкен ашылды.

«Қарғалы өнімі» өндірістік кооперативі ашқан бұл дүкенде бүгінгі күні облыста, сондай-ақ Қарғалы ауданында өндірілетін азық-түлік түрлері сатылады. Атап айтсақ, ұн, шұжық, сүт, ет өнімдері, печенье түрлері, бал, сондай-ақ картоп, сәбіз, қызылша, қырыққабат сияқты көкөніс түрлері, т.б.

—  Әлеуметтік дүкен ашылғанда ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай біздің ауданның демеушілері халыққа тегін азық-түлік, киім-кешек таратты. Атап айтсам,  «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұн өнімдерін, «Рамазан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұн өнімдері мен печенье түрлерін, жұмыртқа, ет, шұжық өнімдерін әкелді. Бүгінгі күні дүкенде осы серіктестіктердің барлық өнімдері бар. Оларды біз ешбір делдалсыз, тікелей әкеліп, халыққа арзан бағамен сатамыз. Тек жол шығынын ғана өтейміз. Бұл ең алдымен аудан халқына жасалған жеңілдік болса, екінші жағынан тауар өндірушілерге де тиімді. Сондай-ақ дүкенге Петропавловкадан картоп, Алғадан құс өнімдері, «Атамекен», «Анвар» сауда желілерінің печеньелері, «Айс+», «Молочные истории-А» компанияларының сүт өнімдері әкелінеді, — дейді «Қарғалы өнімі» өндірістік кооперативінің басшысы Қайрат Ізтілеуов.

Оның айтуынша, бүгінгі күні «Атамекен» әлеуметтік дүкені Қызылорда облысының Шиелі ауданынан тікелей күріш әкеліп, халыққа арзан бағамен сатып жатыр.

Шиеліге «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұнын апарып, ол жақтан күріш әкеліп жатырмыз. Бүгінге дейін 2,5 тонна күріш саттық. Бағасы — 160 теңге. Ал біздегі басқа сауда орындарында оның бағасы әлдеқайда қымбат, — дейді Қ. Ізтілеуов.

Кооператив басшысы биылғы жылы  Қостанайдың тауар өндірушілерімен де келісімшартқа отыруды жоспарлап отыр. Ол жақтан «Атамекенге»  жұмыртқа, қарақұмық сияқты азық-түлік түрлерін әкелмекші.

Қазір «Атамекен» әлеуметтік дүкенінде азық-түліктің түр-түрі бар. Тұрғындардың дені осы дүкенге келеді. Облыс орталығы мен аудандардан азық-түлікті кооператив меншігіндегі «Газель» жүк көлігі тасиды. Соның арқасында бірнеше адам жұмыспен де қамтылып отыр.

— Дүкенге әкелінетін өнімнің бәрі біздің елімізде, облыста  өндіріледі. Экологиялық жағынан таза, бағасы арзан әрі сапалы. Тұтынушылар да риза, — дейді кооператив басшысы Қ.Ізтілеуов.

 Данагүл ҚАЗИХАН. 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button