Басты жаңалықтарДенсаулық

Қазақстанның Еңбек Ері Серік АҚШОЛАҚОВ: … Ақтөбеде нейрохирургиялық қызметті дамытуға қатысты кез келген көмекті көрсетуге дайынбыз

Медицинаның ең бір күрделі де қиын саласы —  нейрохирургия. Бұл саланың қыр-сырын  жетік меңгеру  кез келгеннің  қолынан келмейді. Ел медицинасының осы бағытын дамытып, оның өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген Серік Ақшолақов — Ақтөбенің төл перзенті. Ғалым, медицина ғылымының докторы, профессор, бүгінде «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ-ның басқарма төрағасы Серік Қуандықұлы Ақшолақов негізгі  ғылыми-зерттеу жұмыстарын нейрохирургияға  арнады. Ол бас ми ішінен және ми қабыршағынан болатын орталық жүйке жүйесі мен жұлын ісіктерін, бас сүйек, ми жарақаттарын емдеу ісіндегі озық әдістерді меңгеріп, ел медицинасына енгізді. Қазақстанда алғаш рет оның жетекшілігімен жүйке жүйесінің күрделі ауруы — эпилепсияға ота жасалды. Даңқты жерлесіміздің еліміздің даму жолындағы осы тынымсыз еңбегі, төккен тері ескерусіз қалған жоқ. Жыл соңында белгілі ғалым «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен марапатталды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  «Алтын Жұлдыз» бен «Отан» ордендерін кеудесіне тақты. Бұл — ақтөбеліктер үшін үлкен қуаныш!

Серік Қуандықұлы, «Қазақстанның Еңбек ері» деген марапатты еншіледіңіз. Бұрын-соңды бұндай атақ ел медицинасында ешкімге берілмеген  екен. Қандай көңіл күйде болдыңыз?

— Бұл Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында бүкіл медицинаға, соның ішінде нейрохирургияға берген бағасы деп білемін. Себебі бүгінгі күні  нейрохирургия саласының даму қарқыны, оның нәтижесі шын мәнінде айтарлықтай бір үлкен белестерге жетті. Біз бұрын-соңды жасалмаған әртүрлі  операцияларды  өзіміздің тәжірибемізге кіргіздік, жаңа технологияларды енгізе отырып, жоғары сапалы операцияларды жасап жатырмыз. Бұрын науқастар шетелдерде ем алуға мәжбүр болса, қазір олардың барлығын өз елімізде емдейміз.  Сондықтан бұл —  нейрохирургия саласына берілген үлкен атақ, жетістік деп білемін.

— Нейрохирургия саласы соңғы он жылдықта қандай жетістіктерге жетті? Бұл салада қандай күрделі мәселелер шешімін тапты?

— Ақиқатын айтқанда, Қазақстанда нейрохирургия — жас ғылым, алайда мұндағы қазіргі білікті мамандар саны халықаралық стандарттарға сәйкес келеді.

2008 жылы Нейрохирургия ұлттық орталығы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен дүниеге келді. Орталық ашылған кезден бастап жаңа технологияларды пайдалану арқылы жаңа әдістерді енгізуді басты мақсат етіп қойдық. Ал қазір Қазақстанда нейрохирургия саласы  өте белсенді және қарқынды түрде дамып келеді. Дегенмен аз уақыт ішінде көп нәрсеге қол жеткізу мүмкін емес.  Себебі медицинадағы кез келген бағыттың дамуы үшін белгілі бір уақыт керек. Ал осы уақыт нейрохирургияның қалыптасу кезеңі болды. Дегенмен еліміздің нейрохирургия саласындағы әлемдік табыстар басқа елдерге қарағанда, ерекше қарқынмен енгізіліп жатыр. Сонымен қатар біздің дәрігерлер медицинасы дамыған АҚШ, Италия, Швейцария, Австрия, Германия, Израиль және Ресейдің үздік клиникаларында тағылымдамадан өтіп, әлемдік үздік әдістерді  меңгерді. Қазіргі уақытта дәрігерлердің көбісі ағылшын тілін upper-intermediate деңгейінде меңгерген. Төрт  медицина ғылымының докторы, үш  PhD докторы, он алты  медицина ғылымының кандидаты бар. Мамандардың біліктілігін көтерумен бірге қазіргі заманға сай технологияларды енгізу де маңызды рөл атқарады. Бұл ретте заманауи техникаларды тұрақты түрде енгізіп тұруға, технологияларды үнемі жетілдіріп отыруға күш саламыз. Бұл бағытта үлкен жұмыстар жүрді. Әрине, олардың барлығын тізіп айту мүмкін емес.

Жалпы нейрохирургия саласында Орталық Азия мен біздің елімізде бұрын-соңды қолданылмаған алпыстан  аса  жаңа технология енгізілді.  Орталықта шамамен отыз мыңға жуық науқас емделді, он бес  мыңдай  ота жасалынды. Оның жетпіс пайызында  жаңа технологиялар қолданылды. Орталықта заман талабына сай жаңа бағыттар пайда болды.

2014 жылы елімізде  Х Азиялық конгресін өткіздік. Бұны көпшілік жақсы біледі. Бұл Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда бірінші болып тұрған жаңалық. Аталған конгреске әлемнің 50 мемлекетінен 700-ден астам маман келіп қатысты. Аталған конгресс аясында Ұлттық нейрохирургия орталығында Жапония, Америка, Түркия, Ресей, Израиль және Қазақстанның білікті дәрігерлері барлығы жеті мастер-класс өткізді. Тағы бір атап көрсетерлігі, біз Азия мемлекеттерінің жас нейрохирургтеріне дәріс беруді де қолға алдық.

— Қазіргі күні бұл салада қандай өзекті мәселе бар? Неге назар аудару керек деп ойлайсыз?

— Дәл қазіргі күні бұл саладағы негізгі мәселе — инсульт.  Бұл аурудан көз жұматындар көбейді. Сондықтан күрестің тиімді әдісі қажет. Қазір біз хирургиялық жолмен инсульттің алдын алуды жолға қойдық.  Адам денесін жарақаттамай, эндоваскулярлық әдіспен ота жасаймыз. Дәстүрлі әдіске қарағанда бұл тәсілдің тиімділігі өте көп. Арнайы медициналық құралды қолданып, қан тамырымен жүрек арқылы миға дейін жетіп, мидағы артерия мен вена қаны бір-біріне өтіп жатқан жерге арнайы медициналық желім құямыз. Сөйтіп, қысымдары екі түрлі қан бір-біріне араласпайды. Нәтижесінде инсульт болу қаупі жүз пайыз жойылады. Ал егер ота жасалмай, қан тамыры жарылып кетсе, тоқсан пайызында адам көз жұмады.  Біз мұндай әдісті қаны тоқтамайтын, гемофилиямен ауыратын адамдардың өзіне жасап жүрміз.  Шетелде бұл емнің құны 60 мың доллардан басталып, 150 мың АҚШ долларына дейін жетеді. Ал біздің елімізде — 3 миллион теңге. Бұл оталардың барлығы квота арқылы тегін жасалады. Сондай-ақ  Орта Азия мен Ресейден осы әдіспен емделуге келетін  науқастар бар.

Жалпы осы мәселелерге қатысты Үкімет инсульт орталықтарын құру туралы тапсырма берді. Негізгі жұмыстар бізге жүктелді. Қазіргі таңда ел аймақтарында инсульт орталықтары ашылып жатыр. Алдағы уақытта олар да біз секілді ота жасай алатын болады.

— Ақтөбе медицинасының дамуына сіздің де қосқан үлесіңіз көп. Жалпы республикада ақтөбелік дәрігерлерге құрмет жоғары. Қазір облыста  медициналық кластер құрылып жатыр. Осы бастамаға қандай үлес қосасыз?

— Батыс аймақ бойынша медициналық кластерді құруға Ақтөбенің әлеуеті мол. Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің өзі айтарлықтай маңызды рөл атқарады. Аталған оқу орнының мықты материалдық-техникалық базасы бар. Бұл жерде дәрігерлерді дайындау үшін барлық мүмкіндік қарастырылып, жағдай жасалған. Осының барлығы облыстың денсаулық сақтау саласын дамытуға қолайлы жағдай туғызып отыр. Егер медициналық кластер құрылса, батыс өңірінің тұрғындары жоғары сапалы бірегей кешенді медициналық қызметтермен қамтамасыз етіледі.

Өткен жылы біз кластерлік медицинаны құру бойынша  облыстың денсаулық сақтау қызметкерлерінің  халықаралық форумына  қатыстық. Оған алыс және жақын шетелдердегі медициналық ұйымдардың басшылары, Дүниежүзілік банк және Денсаулық сақтаудың дүниежүзілік ұйымдарының өкілдері де қатысты. Көп мәселе ортаға салынды. Ақтөбе медицинасының дамуы үшін өз ұсыныстарымызды айттық. Жалпы біз өз тарапымыздан аймақтық медициналық кластерді құруды қолдаймыз және батыс өңірі бойынша оның ішінде Ақтөбеде  нейрохирургиялық қызметті дамытуға қатысты кез келген көмекті көрсетуге дайынбыз.

— Сізді ақтөбеліктер  мақтан тұтады. Әсіресе өзіңіз туып-өскен Шалқар ауданы тұрғындарының сізге деген құрметі шексіз. Туған жерге жиі барасыз ба?

— Әрине, тоқсаннан асқан  аяулы анам бар, соның  жағдайын білу үшін Шалқарға жиі барып тұрамын.  Ауылға барған сайын ағайын-туыстың барлығы жиылып, құшақ жая қарсы алады. Көмек, кеңес сұрап келетіндер бар. Олардың барлығын қабылдап, нейрохирургияға қатысы болмаса да көмегімді көрсетуге тырысамын. Әкемнің көзін көргендер «алыстан келген бала» деп арнайы келіп, амандығымды сұрасады. Қуанып қаламын.

— Әдетте бала әке бағдарымен өмір жолын айқындайды. Әкеңіз қандай адам еді?

—  Әкем Қуандық қаталдау, жүріс-тұрысының барлығы темірдей тәртіпке негізделген адам болатын. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Сол отты жылдардан аман оралып, елге жеңіс лебін алып келген майдангер адам еді.  Елге келген соң  ұжымшар басқарған. Ауыр күндерден кейін еңсесі түскен халықтың бойын тіктеуіне көмектескен. Бір үйдің жалғыз ұлы. Анам да жалғыз. Сол кісілер бізді тура жолмен жүруге үйретті.  Мен дәрігер болып, еңбекке араласқаннан кейін Ақтөбеге, одан кейін Алматыға талай үлкен кісілер келетін. Оларды Шалқардан әкем жібереді, «біздің Серікке бар, көмектеседі» деп. Ешқандай сылтау айтуға болмайды, әке тапсырмасы — заң. Бүгінде әкем өмірден өтті. Көзін көрген кісілерді көргенде әкемді еске аламын. Әкемнің сондай қайсарлығы, тәлім-тәрбиесі менің мақсатқа жетуіме  күш берсе, дәрігер жолын таңдауыма нағашы атамның ықпалы болды. Нағашы атамның үйі  мен біздің үй іргелес тұрды.Тегін адам емес еді. Қазақы еммен алдына келген науқасты айықтыратын емшілігі болды. Сынық салатын. Көп сөйлемейтін адам еді. Мен сол кісінің жанында өстім. Қасынан қалмаушы едім. Қолына су құйып, көмектесемін. Батырлар жырын бірге оқимыз.  Атамның іс-әрекетін бойыма сіңіргендіктен бе, менің де сынық салатын қасиетім болды.

— Өзіңіздің отбасыңыз туралы айып өтсеңіз? Балаларыңыздың ішінде сіздің жолыңызды қуғаны бар ма?

— Менің қорғаным — отбасым. Жұмыстан шаршап, үйге келгенде жаныңа жайлылық сыйлайтын отбасың болса, барлық қиындық ұмытылады. Менің зайыбым  Баян Төлеуқызы да дәрігер болып еңбек етеді. Содан болар менің жағдайымды жақсы түсінеді, әрдайым қолдау көрсетіп отырады. Баян екеуіміз студенттік шақтан бірге келеміз. Екеуіміз екі ұлды тәрбиелеп, өсірдік. Аллаға шүкір, қазір Райымбек, Едіге, Алдияр және Айбибі есімді төрт немерем бар.  Райымбек биыл мектеп бітірді. Едіге екіге толды. Ал 13 жастағы немерем                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                   Алдияр атасына ұқсаған нейрохирург болуды осы бастан мықтап жоспарлап жүр. Сүйікті немерем  Айбибі де ата-әжесінің жолын қуғысы келеді. Кішкентай болса да  ақ халат киіп, біздерді емдейді. Немерелерімнің арманы орындалады деп сенемін.

— Дәрігер болмағанда кім болатын едіңіз?

— Әлгі айтқанымдай мен нағашы атама қарап, бала кезімнен адамдарды емдеуді армандадым. Адамдарға көмектессем, оларды емдесем дейтінмін. Травматолог болсам дейтін едім. Бірақ  тағдырдың жазуы болар нейрохирургияны таңдадым. Осы салаға келуіме әсер еткен бір адамның есімін үнемі айтып жүремін. Ол — Бурденко атындағы нейрохирургия ғылыми зерттеу институтының директоры, профессор Александр Коновалов. Ол кісі 1978 жылы Ақтөбеге келген кезінде менің нейрохирургияға баруыма кеңес берген болатын. Кейін осы жолда табанды еңбек етуіме ықпал етті.

Егер мен дәрігерлікті таңдамай, басқа салаға кетсем де адамдарға көмек көрсететін мамандықты  таңдар едім.

Ауру — адамға берілетін ең үлкен сынақ. Осындай қиын кезде адамдарға көмектесу маған қуаныш сыйлайды.  Әлемдегі ең керемет сезім — біреуге көмегің тигендегі сезім.

—  Миға ота жасау — өте жауапты іс. Қателескен кезіңіз болды ма?

— Дәрігердің қателесуге ешқандай құқығы жоқ. Өйткені әрбір отаның алдында біреудің өмірі тұрады. Дегенмен кейде  дәрігерге ғана байланысты болмайтын жағдайлар да кездеседі. Себебі көп адам дәрігерге уақытында қаралмайды, ауруды асқындырып алады. Отаның кезінде соның барлығы көрініп,  асқынулар болады. Сондықтан ота  кезіндегі әртүрлі асқынуларды болдырмау үшін әрбір жағдай бойынша клиникалық талдау жасаймыз.

Бүгінде орталықта өз ісін білетін мықты топ қалыптасты.

— Үстіңізге ақ халатты киіп, қолыңызға хирургиялық пышақты ұстаған сәтте жасайтын ырымыңыз бар ма?

— Ырым әр адамда болатыны сияқты хирургтер де ырымшыл келеді. Менің ойымша ота алдында қандай да бір ырымға  сенетін жандар болады. Бірақ хирургтер бұны сыртқа шығармайды. Сондықтан мен де ырымға сенем. Бірақ бұл құпия қалсын.

— Сізге арқа сүйеп Ақтөбеден науқастар жиі бара ма?

—  Ауылда өссем де мектеп бітіргеннен кейінгі өмірімнің барлығы қалада өтті. Қазір өз қатарым болмаса ауылдағылардың арасынан танитыным саусақпен санарлық. Дегенмен Ақтөбеден маған арқа сүйеп келетіндер көп. Өзім туып-өскен жерім Шалқардан келетін адамдар менің кабинетіме есік қақпастан кіреді. Ақтөбеден келген науқастар кезек күтпейді. Алайда мен барлық науқастың тағдырына тең қараймын.

— Өзіңіз игерген сала бойынша әлемде қандай ірі жетістіктері бар? Соларды игере алдыңыз ба?

—  Орталық ашылғаннан кейін озық технологиялар мен тиімді әдістерді енгізуді қолға алдық. Қазіргі күні қажетті жабдықтардың барлығы бар. Бізге Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстаннан емделушілер келеді. Дегенмен бір орында тұрып қалуға болмайды. Осы саланы біз жүйелі түрде дамытуға тырысып келеміз.

Нейрохирургияның тағы бір саласы — радиохирургия. Бұл хирургиялық отаның баламасы болып саналады. Медицинада «гамма-пышақ» немесе «кибер-пышақ» деген ұғым бар. Бұл —  мидағы ісікті сәулемен емдеу. Сәуле терапиясы арқылы ми талшықтарына зақым келтірмей, ісікті алып тастаймыз. Бұндай ота кезінде дене тілінбейді, миға пышақ тимейді, яғни адамның денесіне жарақат түспейді. Радиохирургиялық тәсілдің нәтижесі 85 пайызға жоғары. Бұны зерттеу қорытындылары көрсетіп отыр.  Бүгінгі таңда аталған әдісті   АҚШ, Жапония және Еуропаның көптеген елдері қолданады. Жылдың соңында біз Швециядан арнайы құрал-жабдықтар сатып алуды көздеп отырмыз. Қазіргі күні төрт дәрігеріміз осы бағыт бойынша Мәскеуде білім алып жатыр. Арнайы жабдықтар келгенше  олар оқуларын аяқтап, елге қайтады. Сонан соң орталықта радиохирургиялық ота жасауды бастаймыз.  Нерохирургиялық орталыққа енгізілетін жаңалықтың бірі — осы. Оны игеруге осылай күш салып жатырмыз.

— Әңгімеңізге рақмет!

 Сұхбаттасқан Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button