Ауыл

Қобдада 25 гектар алқапқа алма ағашы егіледі

Биыл Қобда селосы мен Калиновка, Сарбұлақ ауылдары маңында жалпы аумағы 25 гектар алқапқа алма ағашы егіледі.

Қобдада суармалы жерлерді ұлғайту, оны қалпына келтіру бағытында биылдың өзінде нақты жұмыстар қолға алынған. Соның бірі —  Жарық жайылма суландыру жүйесі. Қобда ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбетов бұл маңдағы құрылғы бұрын жұмыс жасағанмен, қазірде істен шыққанын айтады.

Жарық ауылындағы жарық су құрылғысы бұрын жұмыс істеген. Бүгінгі күні Қобда өзені бойындағы құрылғыларды қайта қалпына келтіру үшін жер актілері әзірленіп, дамбылар мемлекет қорына қайтарылды, — дейді аудан әкімі.

Қобда өзені алабының — 14 700 шаршы метр. Көктемде өзен қар суымен молаяды. Соңғы мәліметтер бойынша, өзен арнасымен келетін судың мөлшері 1 миллион текше метрден асады.

Мамандар құрылғылар болмауының себебінен көктемде өзенге жиналған судың 80 пайызынан айырылып қалатынын айтады. Сондықтан биыл  осы дамбыларды қайта жарақтандыру ісі қолға алынған.

Бұл маңда көлдете суарудың жалпы алаңы — 2602 гектар. Бұл жердің суын Жарық және Жарсай ауылдық округтеріндегі 8 шаруа қожалығы пайдаланбақ. Су құрылғыларын қалпына келтіргеннен кейін, бұл маңда шаруашылықтар егін егіп, суармалы жерді тиімді пайдаланады.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасына сәйкес, ауданда суармалы жерлерді қалпына келтіру, егістік алқабын кеңейту үшін жұмыстанып жатырмыз. Келер жылы ауданда 25 гектар алқапқа алма ағашын егуді жоспарлап отырмыз. Алма ағаштары Қобда селосы мен Калиновка, Сарбұлақ ауылдары маңына егіледі. Алайда бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін мемлекеттен субсидия алуымыз керек, — дейді аудан басшысы.

Келер жылы Қобда өлкесінде егіс және дәнді дақылдар алқабының көлемі ұлғайтылмақ.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button