ЖаңалықтарСпорт

27 қаңтарда Ақтөбеде Алау эстафетасы басталады

Қысқы универсиада-2017

 27 қаңтарда Ақтөбеде Алматыда өтетін 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың ашылуына арналған Алау эстафетасы басталады.

29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында өтетін қысқы Универсиадада спортшылар спорттың 12 түрінен, анығы, биатлон, тау шаңғысы, коньки спорты, шаңғымен жарыс, кёрлинг, трамплиннен секіру, сноутборд, мәнерлеп сырғанау, хоккей, шорт-трек, шаңғы қоссайысынан бақтарын сынайтын болады. 55 елден екі мыңға жуық спортшы, үш мыңдай ерікті қатысады. Сондай-ақ, Универсиаданы тамашалауға шетелден 30 мыңдай қонақ келеді.

Алау эстафетасы — Универсиаданың маңызды бір бөлігі. Алау тұтату барлық облыс орталықтарында өтеді. Ал Ақтөбедегі басты алау Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті алаңында сағат 10.00-де жағылады.

Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, Ақтөбе көшелерімен алау алып жүретін 60 алаугер анықталды. Олар — негізінен өңірдегі жоғары және арнаулы оқу орындары ұсынған 17-28 жас аралығындағы спортта жетістіктерімен көзге түсіп жүрген жастар. Атап айтсақ,  ауыр атлетикадан ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, былтырғы ел чемпионы, Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарының қол жүлдегері Фархад Харки, суға жүзуден спорт шебері,  өткен жылғы ел чемпионаты мен ҚР кубогының жеңімпазы Диана Назарова, т.б.

Алау эстафетасы ағайынды Жұбановтар көшесінен бастау алады, одан соң алаугерлер Пацаев, Маресьев көшелерімен жүріп, одан әрі 101-атқыштар бригадасы көшесі, Әбілқайыр хан мен Әлия Молдағұлова даңғылдары бойымен, Есет батыр көшесі, Абай даңғылына барады. Сосын алаугерлер Әбілқайыр хан даңғылымен жүріп, тұңғыш Президент атындағы саябаққа дейін алып жүреді. Осы жерде Алматыға жіберу үшін алауды арнайы капсулаға салтанатты түрде салады.

29 қаңтарда барлық облыстан жеткізілген осындай алаулар бірігіп, Универсиаданың Алматыдағы негізгі Алауын жақпақ.

А.ІЛИЯС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button