Білім

Балдырған

Ер қанаты

Төзімді түлік

Мен өзім зерттеп жүрген тақырыбымның — жылқы туралы білгендерімнің кейбір тұстарын назарларыңызға ұсынсам деймін.

Жылқы мінсе көлік, жесе тамақ, сүтін ішсе қымыз. Еті мен қымызының шипалық қасиеті мол. Жылқыны жүк жылқысы, жегіс жылқысы, мініс жылқысы, солтүстік дала жылқысы деп бірнеше тұқымға бөледі.

Қазақ жылқысының тұқымдары ертеден белгілі болған. Олар өсіп-өну ортасына қарай әртүрлі болып келеді. Қазақ жылқысы онша ірі болмағанымен, шымырлық, еттілік, сүттілік, күш-көліктік жағынан жақсы жетілген.

Көшпелі тұрмысқа байланысты қазақ халқы жылқыны қысы-жазы бағуға қолайлы болуы үшін  үйірге 25-30 бие бөліп, жақсы тұқымнан айғыр салатын болған. Мұндай айғырлар үйірін шашау шығармай, ит-құсқа жегізбей, қысы-жазы сенімді қорғайды.

Айғырдан шыққан биелер 10 айдан кейін құлындайды. Құлындар отығып жетілген кезінде байланып, бие күніне 4-5 сауылғаннан кейін ағытылады. Ал қулық құлындаған биелерді бір-екі аптадан кейін байлап, 2-3 сауылған соң ағытып отырады.

Халқымыз жылқыны жасына қарай сақа ат, сақа айғыр, бесті, дөнен, құнан, сәуірік, сетер, қулық, тай, жабағы, құлын, т.б. деп бөледі. Сонымен бірге жынысына қарай ат, бие, айғыр, азбан деп ажыратады.

Жылқыларды онға бөледі: жабағы, Адай жылқысы, Көшім жылқысы, Қостанай жылқысы, Буденный жылқысы, Ахалтеке жылқысы, салт мініс жылқысы, желісті жылқылар, сондай-ақ орыстың желісті жылқысы және қазақ жылқысы болып бөлінетіні тағы бар.

Қазақ жылқысы ауа райының құбылмалы жағдайына төзімді, жем-шөп талғамайды, үнемі далада, тебінде, жайылымда жүріп күнелтеді. Бұл жылқының басы үлкен, сағалдырығы кең, көздері кішілеу, мойны жуандау, тұрқы орташа, шоқтығы аласа, төсі кең, қабырғалары ұзын және тік келеді, аяқ сіңірлері шығыңқы, көрініп тұрады.

Ғалым БЕГЕНОВ,

5-сынып оқушысы.

Құмсай ауылы,

Мұғалжар ауданы.

Менің елім

Перзенттік үлес

Жер қадірін білетін ер қашанда ел қадірін біледі. «Туған жердей жер қайда, туған елдей ел қайда?» — деген ертеден келе жатқан қанатты сөзде қадірлі халқымыздың ішкі терең сүйініші, сағынышы жатқаны анық.

Қазір, міне, шаңырағымыз шайқалмай берік те бекем тұр. Елбасы ел даңқын, ел мерейін асыруда айрықша ақыл-парасат, аңғарымды қайраткерлік көрсетуде. Бүгінде біздің республикамыз жан-жақты дамыған елдер қатарына қосылып келеді. Жыл сайын өркендеп, гүлдену үстінде. Болашақта әлемнің дамыған елдерімен терезесі теңесері анық. Себебі, біздің болашағымыз — жарқын болашақ.

Кез келген адамның бойында отансүйгіштік қасиеттің болуы саналы, елін сүйер ұрпақ тәрбиелеп шығуға мүмкіндік берері даусыз. Ең бастысы — қазақ халқы тәуелсіз мемлекеті бар, өзгелермен тең тұрып, иық теңестіре алатын ұлтқа айналды. Ендеше жарқын болашақ үшін бабаларымыз салған сара жолмен ар-намысты биік ұстап, егемендіктің егінін қорғап, өзімізге жүктелген жауапкершілікті ынтамен атқарайық!

Аяулы ата-бабаларымыз аңсаған тәуелсіздіктің әрбір арайлап атқан таңы — біз үшін бақыт, әрбір мерекесі — ұмытылмас оқиға. Қазір біз еңселі де егемен елміз. Төбемізде қыран қанатын кеңге жайып, бақытты күннің шұғыласына бөленудеміз. «Тәуелсіздік» деген жай ғана сөз емес, аз ғана уақыттың ішінде елімізді, халқымызды күллі әлем танып үлгерді.

Менің мақсатым — Қазақстанның кең байтақ жерінде дүниеге келіп, нәрлі топырағына еркін аунап, бұлағымен армансыз сусындаған сол даланың бір перзенті ретінде Отанымыздың Тәуелсіз туының тұғырлы болуына тамшыдай болса да үлес қосу.

Әсия ДӘУІТОВА,

С.Оразалин атындағы орта мектептің оқушысы.

Аралтоғай ауылы,

Әйтеке би ауданы.

Оқушының өлеңі

Ұстазым

Ұстаз, мәңгі арайсың,

Күлімсіреп қарайсың.

Еркелікті көтеріп,

Өз балаңдай санайсың.

Тыңдап бізді төзіммен,

Қуат бердің сөзіңмен.

Ұлағатты ұстазым,

Кім бар артық өзіңнен?!

Динара ТЫНЫШТЫҚ,

Шұбарши орта мектебінің 6-сынып оқушысы.

Темір ауданы.

Өтірік өлең

Су ағашты маздатып от алғанмын,

Марсқа ұшып барып бата алғанмын.

Бес жасымда белдесіп балуандармен,

Әлемнің чемпионы атанғанмын.

Тартылып мұхит, соған түкіргенмін,

Әу бастан сабырлы боп күтілгенмін.

Он жасымда (шын айтам) мектебімді

Мен «Алтын белгіменен» бітіргенмін.

Мен өтірік айтпаймын ортаңызда,

Шындықты көп айтамыз, қорқамыз ба?

Тауысып әлемдегі бар оқуды,

Іш пысқан соң оралдық партамызға.

Талай ел басшысынан сый көргенмін,

Мен де сыйлап, оларға үй бергенмін.

Ұшқыш, дәрігер, шахтер боп, ғалым болып,

Әйтеуір, бар кәсіпті игергенмін.

Әлі талай көрермін көрерімді,

Суға салып қаптаған елегімді.

Шындықпен қабылдаңыз бәріңіз де,

Орысша жазылған бұл өлеңімді.

Жексен НҰРБЕК,

№2 мектеп-гимназияның 5-сынып оқушысы.

Шалқар ауданы.

Жасыл әлем

Қырық шелек ылғал тартқан қайыңым

Қайың туралы ән мен жыр да көп, оны өздерінің картиналарында тамаша қылқалам шеберлері де әсем бейнелеген.

Қайың — сымбатты ағаш, ұшар басы үкідей шоқтанып, биік бойлап өседі. Дегенмен аса кәрі қайыңның ауыр бұтақтары мәжнүн талдай төгіліп тұрады.

Ашық жерлерде қайың кейде жеке-дара да өседі, бірақ көп ретте олар орман болып тұрады. Жазғы жап-жасыл шөп пен жайнаған гүлдің ортасында тұрған ақ балтыр қайың тоғайы — ол бір ғажайып сурет!

Қайың сәуірдің аяғы мен мамыр айының басында, яғни жаңғақ ағашы мен талдан кейін гүлдейді. Оның гүлдері қарапайым сырға тәріздес болып келеді. Ал қайыңның жапырағы сарғая бастаған кезде қыркүйек айы да туады.

Қайыңның ұрықтары желмен тез ұшып кетеді. Ол орманның басқа ағаштары өсе алмайтын жерлерінде де тез өсіп-өнеді.

Қайың өзі тез өседі. Ширек ғасыр ішінде, әсіресе, дымқыл топырақта, бес қабат үйдің биіктігіндей болады. Осы жерден ол жаздың жылы кезінде тәулігіне қырық шелекке дейін ылғал тартады.

Қайыңнан алынатын нәрсенің бәрі де кәдеге асады. Оның бүршіктерінен дәрі-дәрмек әзірленеді. Бұтақтарынан сыпыртқы мен сыпырғыш жасайды. Қағаздай жұқа қабаттарға ажырайтын қабығынан халық шеберлері саңырауқұлақтар мен жеміс-жидектер теретін себет, әртүрлі ыдыстар тоқиды. Қайың отыны пешке тамаша маздап жанады.

Карелияда, Белоруссияда, Латвияда, сондай-ақ Скандинавия елдерінде діңінің төмен жағы үйілденіп, шорланып, жуандап кететін қайыңдар бар. Оған тіпті балта да батпайды. Мұны карелия қайыңы деп атайды. Оның ағашынан әшекейлі әсем мебель, қобдиша және әртүрлі безендіру заттарын жасайды. Карелия қайыңы өте сирек ұшырасады.

Жаз кезінде қайың тоғайын аралау қандай ғанибет десеңші! Оған күн сәулесі жақсы түседі, кіршіксіз таза, мөп-мөлдір ауа да сонда.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button