Денсаулық

«AutoDELFIA» аурудың алдын алады

Облыстық консультациялық-диагностикалық перинаталдық орталықтың базасындағы экстракорпоралды ұрықтандыру орталығының ашылғаны жыл соңындағы елеулі жаңалықтардың бірі болды. Биыл сол орталықта  

экстракорпоралды ұрықтандырудың зертханасы ашылады. Бұл өз кезегінде 

болашақ ананың жатырына ұрықты орнатудан бұрын имплантация алдындағы генетикалық диагностикадан өтуге, хромосомдық аурулардың алдын алуға мүмкіндік береді. Бұл әдіс жүктілікті тоқтатуға және іс жүзінде балалардың генетикалық бұзылыстармен  дүниеге келуін жояды.

ЕСЕПТЕГІ 50 ӘЙЕЛГЕ ТЕГІН ЕМ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Облыстық перинаталды орталықтың директоры Асхат Балықовтың айтуынша, аймақтағы бірегей орталық ең озық құралдармен жабдықталған, мұндағы қызмет көрсету сапасы барлық халықаралық талаптар мен стандарттарға сай келеді. Репродуктолог, эмбриолог, уролог-андролог секілді мамандар еліміздің репродуктивтік медицина институтында, сондай-ақ алыс және жақын шетелдердегі мамандандырылған клиникаларда оқытылған. Бүгінгі күні мамандар іске дайын.

Облысымызда алғаш рет экстракорпоралды ұрықтандыру орталығы ашылды. Бұл жобаны іске асыру үшін жергілікті бюджеттен 400 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Бізге бірінші кезекте репродуктивтік медицина институтының мамандары техникалық және тәжірибелік жағынан көмектерін ұсынды. Мұндағы мамандар толық оқытылды. Қазір эмбриологтар, репродуктологтар жұмыс істеуге толық дайын, — дейді А.Балықов.

Бүгінгі күні облыста 2000-ға тарта жұп бедеулік проблемасымен есепте тұр. Бұл жұптардың бедеулігінің ең қысқа мерзімі — 7 жыл. Соның 600-і бүгінгі күні ұрықтандыруға дайын. Алайда сол 600 жұптың  300-ге жуығы экстракорпоралды ұрықтандыруды тегін жүргізудің барлық өлшеміне сәйкес келсе, қалғандарында бұл өлшем сәйкес келмейді. Бұл проблеманы Асхат Балықов былайша түсіндірді:

Яғни, кейбір жұптардың бойында гормональды өзгерістер анықталады. Сол сияқты,  бойында экстрагенитальды аурулары бар әйелдер болуы мүмкін. Әрине, мұндай әйелдер мемлекеттік бағдарлама аясында эктракорпоралды ұрықтандыруға қатыса алмайды. Алайда, біз алдағы уақытта мұндай әйелдерге де мемлекеттік қолдаудың шеңберінде қызмет көрсету үшін тегін немесе ақы төлеудің жеңіл түрін қарастыру бағытында жұмыстанатын боламыз. Бізде бедеулік проблемасымен тіркеуге алынып, есепте тұрған 2000 жұп толық сан емес. Себебі, кейбір әйелдер жеке кабинеттерде ем алуды таңдайды. Тіпті ешбір жерде бақылауда жоқ санаттағы әйелдер де бар.

— Орталықта экстракорпоралды ұрықтандыру бағасы қанша тұрады?

— Экстракорпоралды ұрықтындырудың бағасы аурудың деңгейіне байланысты анықталады, яғни 250-800 мың теңге аралығында жүргізіледі. Биыл бұл бағдарламаны жүзеге асыру аясында кезекте тұрған алғашқы 50 жұпқа медицианалық қызмет тегін көрсетіледі. Ол үшін жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылды. Экстракорпоралды ұрықтандыруға отбасылық жұптар дайындалды.

— Экстракорпоралды ұрықтандыруды тегін жүргізуге іліккен 50 әйел қалай таңдалды?

— Олар — кезекте тұрған әйелдер. Өкінішке қарай, жыл сайын Қазақстанда экстракорпоралды ұрықтандыру  бағдарламасы үшін 700-800 квота, ал облысқа бар-жоғы 40 квота ғана бөлінеді. Оның тиімділігі, яғни жүктілік көрсеткіші — 32 пайыз. Әрине, 40 квота бір облыс үшін жеткіліксіз еді. Квотаға ілігетіндерді іріктеудің өзі өте қиынға соғатын. Себебі, онда қатаң өлшемдер көрсетіледі. Ондағы кейбір критерийлерге әйелдің жасы мен ерлердің бедеулігі сәйкес келмей жатады. Сол сияқты, жалпы ағзадағы гормоналды өзгерістер болса, оларды да квота арқылы орталыққа жолдай алмайтын едік. Оның үстіне, кейбір жұптардың отбасылық жағдайы көтермей жатады. Сол себепті біз осы жобаны жүзеге асырдық. Бұл бағдарламаның елімізде жүзеге асырылып жатқанына бес жылдан астам уақыт болды. Әрине, бедеулік проблемасымен жұптар жеке орталықтарға да жолығады. Ондай орталықтарда экстракорпоралды ұрықтандыру қызметі 2-5 мың АҚШ доллары аралығында жүргізіледі. Себебі, алыс-жақын елдерде шетелдік азаматтар үшін олардың өз бағасы тағайындалған.

 ЗЕРТХАНА ЖӘНЕ ЗОР МІНДЕТ

 Ақтөбедегі ашылған экстракорпоралды ұрықтандыру орталығының  артықшылығы турасында А.Балықов былай дейді:

Бұл бірегей әрі заманауи орталық. Орталық ең озық технологиялармен жабдықталған. Мәселен, мұнда ломинарлы бокс бар. Бұл ең үздік ломинарлы бокс саналады. Егер микроскоп болса, оның өзі ең озық, заманауи үлгідегі құрал болып табылады.  Орталықта тұрған инкубатор да ең соңғы үлгідегі қондырғы. Осы жобаны іске асыру аясында біз екі аппарат сатып алдық. Олар — «AutoDELFIA» анализаторы мен эмбриондағы хромосомалық ауруларды жатырға орналастырмас бұрын, алдын ала тексеріп, анықтайтын «FISH» қондырғысы. Бұлар — өте қымбат тұратын медициналық аппараттар. Мұндай қондырғы тіпті дамыған Америка, Еуропа елдерінің барлығында дерлік қолданыста бар деп айтуға болмайды. Дамыған елдердің көбісінде ұрық жатырға орнатылғаннан кейін ғана оның бойындағы аурулар тексеріледі. Бұл мүмкіндікке біз қазірдің өзінде қол жеткізіп отырмыз.

Оның айтуынша, биыл экстракорпоралды ұрықтандыру орталығының  зертханасы ашылады.

Зертхана бедеулікті қосалқы репродуктивтік технологиялар әдістерімен  емдеудің заманауи профильдік орталығы саналмақ. Мұнда экстракорпоралды ұрықтандыру, яғни «пробиркаларда» жұмыртқа клеткаларының жетілуі және ұрықтандыру, жасанды ұрықтандыру, имплантациялды генетикалық диагностика сынды өзге де әдістер қолданылады.  Ең бастысы, мұнда болашақ ананың жатырына ұрықты орнатудан бұрын имплантация алдындағы генетикалық диагностикадан өтуге, хромосомдық ауруларды алдын алуға мүмкіндік береді. Бұл жұмыс мемлекеттік тапсырыс бойынша әйелдерге өткізілетін экстракорпоралды ұрықтандырудың көлеміне кірмейді.  Бұл әдісті енгізу жүктіліктің үзілуін тоқтатуға алып келеді және іс жүзінде балалардың генетикалық бұзылыстармен  дүниеге келуін жояды, — дейді А.Балықов.

Орталықтың ашылу рәсіміне қатысып, бірегей заманауи техникалардың жұмыс істеу мүмкіндіктерімен танысқан сәтінде аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев мамандардың осы мәселеге қатаң мән беруін талап еткен еді. «Бұл жерде нәрестені мүгедектікке әкелуі мүмкін туа біткен ақаулардың алдын алу үшін қажетті құрал-жабдықтар бар. Ақтөбеде жаңа перинаталды орталықтың құрылысы аяқталғаннан кейін электронды деректер базасы іске қосылатын болады және әрбір әйел есепке алынуы тиіс», — деген облыс басшысы құзырлы орган басшыларының алдына нақты тапсырмалар да жүктеді.

P.S. Мамандардың айтуынша, шетелдерде бедеуліктің жиілігі 8-29 пайыз шегінде ауытқуда. Қазір Қазақстанда отбасылық жұптың 16 пайызында басты проблема — бедеулік. 

Өткен жылы бедеулік дертінен емделуге облыста 1348 жұп дәрігер көмегіне жүгінсе, соның 674-і экстракорпоралды ұрықтындыру процедурасы үшін облыстық перинаталдық орталықтың кеңес беру-диагностикалық бөлімінің бедеулік кабинетіне бағытталған.

**

Ақтөбеде ашылған экстракорпоралды ұрықтандыру орталығы ағайынды Жұбановтар көшесі, 281-үйдің 3 ғимаратында орналасқан.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button