Ауыл

Қант сұрасаң, бал берген…

Кооператив

 Дастарқанның жаңа мәзірі

Былтырға дейін Ақтөбе өңіріне ара балы сырттан келетін. Өйткені бұл аймақтың жұртшылығы бұған дейін омарташылықты табысты тірлік санамады. Облыс бойынша санаулы ғана әуесқой омарташылардың болғаны есімізде. Сондықтан да тұтынушыға сырттан ұсынылған бал аса қымбатқа түсіп, алушының емес, сатушының дегені өтіп тұрды. Көп жағдайда бал өнімі Ресейдің көрші Орынбор облысынан, Башқұртстаннан, елміздің Алтай өңірінен жететін. Ақтөбе қаласының «Анвар», «Дина» сынды супермаркеттері мен ірілі-ұсақты базарларын да осы қымбат өнімдер басты. Ал шалғай аудандар мен алыс ауылдарға ол барлық кезде жете қоймай, қардарлық байқалатын. Себебі сырттан келген қымбат балды тұтынушылардың барлығының бірдей алуға қалтасы көтермейтін.

Аймақтағы осы жағдай биылдан бастап түбегейлі өзгерді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен дәстүрлі емес шаруашылықтарды: сүтті ешкі, қоян, құстың бөдене, қаз, күркетауық сынды түрлерін өсіру, соның ішінде омарташылықты дамытудың қолға алынуы осындай нәтижеге жеткізді. Қазір ара балының аймақтағы орташа бағасы  келісіне 2 мың теңгеден аспайды. Ал жақында «Табыс» базарында өткен қорытынды жәрмеңкеде жергілікті бал өнімі 1800 теңгеге дейін төмендеді. Бұл өз жерімізде өндірілген балдың молаюымен байланысты еді. Жылдағыдай сырттан жеткізілген балдың бағасы да көтерілген жоқ. Керісінше, дәріханалар жүйесі бойынша сатылатын емдік мақсаттағы қымбат балдардың  құны едәуір түсті.

Осылайша кешегі қымбат, жеңсік ас — табиғи бал, қолжетімді болуымен, көпшілік тұтынушының күнделікті тағамына, әр дастарқанның тұрақты мәзіріне айналып келеді. Мұны бірқатар тұтынушымен пікірлескен кезде де байқадық. Бұрын табиғи балды тұтына бермейтін отбасылар қазір күнделікті тағамдарымен бірдей сатып алатын болған. Тіпті кей адамдар табиғи балдың әдеттегі қантты дастарқаннан ығыстыра бастағанын айтады. Табиғи балдың денсаулыққа пайдалылығы, мың сан ауруға дәру, әсіресе асқазанның досы екені әлімсақтан белгілі.

Қазір омарташылықпен шұғылданатын кәсіпкерлердің қатары облыстың қай өңірінен де табылады. Мысалы, Мәртөк аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Шамиль Сариновтің  әңгімесіне қарағанда, тек осы ауданда омарташылықпен айналысатын 11 шаруашылық бар. Солардың ішінен төрт шаруашылық: Сергей Крутько басқаратын «Асар-1» шаруа қожалығы, жергілікті кәсіпкерлер Николай Кокозенко, Александр Гореловтің омарта шаруашылықтары, Мұхамбетқазы Ермағанбетовтің «Жездібай» шаруа қожалығы биылдан бастап бал өндіріп, сататын ортақ кооперативке мүше болып кіріп жатыр. Олардың бүкіл құжаттарымен  облыстың бас омарташысы, «Медовик» шаруа қожалығының басшысы Александр Сенацкий айналысуда. Ұсақ омарташылықтың кооперативке  бірігуі бұл саланың одан әрі дамуына жеңілдік әкеліп, жол ашады деп күтілуде. Ол қандай жеңілдік? Өнімдерді бір жерге жинақтап өткізетін болса, оларға мемлекет тарапынан субсидия төленеді. Ал қазіргі жағдайдағыдай,  бытырап отыратын болса, мұны ала алмайды. Сондықтан да аймақтағы барлық омарташылар өндірген өнімдерін ортақ бір мекеме — кооператив құру арқылы өткізуді жоспарлап отыр.

Жалпы, Мәртөк ауданындағы табиғи бал өндіретін кәсіпкерлердің ісі бірер жылда табысты салаға айналды. Аудандағы омарташылықпен шұғылданатын 11 шаруашылықтың ең ірісі — жеке кәсіпкер Саша Горелов, Сергей Крутько басқаратын шаруашылықтар. Олар бал арасын өсіретін қолайлы жер іздеп, ауданның әр өңіріне орналасқан. Мысалы, Александр Горелов Мәртөктің басында, Мұқанбетқазы Ермағанбетов жетекшілік ететін  «Жездібай» шаруа қожалығы —Хазіретте, жеке кәсіпкер Әдебиет Қуанов — Қызылжарда, Сергей Симоненконың  «Заря-1» шаруа қожалығы Байнасайда отыр.  Өткен жылы  Гореловтің шаруашылығы 35 омартадан  1200 келі, Крутьконың шаруашылығы 36 омартадан 1400 келі бал жинады. «Жездібай» шаруа қожалығы 15 омарта ұстап,  600 келі, «Заря-1» шаруа қожалығы  25 омартадан 1 тоннадай табиғи бал дайындады. Бал өндіретін кәсіпкерлер өз өнімдерін дүкендерге тапсырады, қалаға апарып сатады. Қаладағы коммуналдық «Табыс» базарынан тұрақты орын алғандары да бар.

Кооператив — пайда көзі

  30 желтоқсан күні, облыс орталығында «Табыс» коммуналдық базарында ұйымдастырылған жәрмеңкеде сауда сөрелерінде табиғи бал сатушылардың қарамы мол көрінді. Солардың ең көрнектісі, Қарғалы ауданының Желтау селолық округінен келген, жоғарыда біз әңгімелеген Александр Сенацкий еді. Бірсыпыра жылдардан бері бірыңғай табиғи бал өсірумен шұғылданып келе жатқан «Медовик» шаруа қожалығы басшысының бүгінде, коммуналдық базарда бал өнімін сататын тұрақты орны бар екен. Облыс әкімі осы жерде онымен әңгімелесіп, аймақтағы омарта шаруашылығының даму жағдайымен, облыстағы құрылып жатқан омарташылар кооперативінің жай-күйімен танысты. Шаруа қожалығының басшысы аймақ басшысына өз омартасынан алынған бал өнімдерін көрсетумен бірге, аймақта құрылатын кооператив туралы да баяндады. Оның айтуынша, бұл кооперативтің құрамына аймақтағы бал арасы өнімін өңдейтін 27 шаруашылық құрылымдары мен жеке тұлғаларының басшылары кіреді. Болашақ кооператив басшысының жұмысымен, алдағы жоба-жоспарларымен танысқаннан кейін, облыс басшысы мемлекеттік қолдау көрсету, оның ішінде субсидия төлеу мәселесіне назар аударды. Егер жұмыс тиісінше ұйымдастырылса, құрылған кооперативке субсидия биылғы жылдың басынан төленуі әбден мүмкін. Аймақ басшысы табиғи бал сатушы кәсіпкерлердің назарын өнімді тұтынушыға ұсынған кезде орамдық материалдарға, тауардың кескін-келбетіне мән беруге аударды.

Бұл күні базарда табиғи балдың орташа бағасы келісіне 2 мың теңгеден асқан жоқ. Ал жәрмеңкеге тек осы күні  50 келі бал түсірген Сенацкий, оның келісін қалалық  тұтынушыларға жаңажылдық мереке алдында 1800 теңгеден ұсынды.

— Кооперативке 11 шаруашылық бірігіп отырмыз. Оған 27 ауылшаруашылық құрылымдары басшылары және жеке тұлға жетекшілері мүше. Тіпті таяуда сөйлескенімде, бізге қосылуға көршілес Орал қаласының омарташылары да тілек білдірді. Кооператив неғұрлым үлкен болған сайын, соғұрлым бізге тиімді. Өніміміз қолжетімді, арзан болады.Тұтынушы біздің өнімімізді қиналмай сатып алады. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау-көмекке ие боламыз. Көп мәселелерімізді бірігіп шешеміз, — дейді Александр Сенацкий.

… Кешегі замандарда қанттың өзіне елдің бәрінің бірдей қолы жетпегенін көрдік. Дастарқанға шақпақ қант түйірлеп қойылатын. Қазір молшылықтың арқасында қант тапшылығы түбегейлі жойылды. Заманның талабына, халқымыздың талғамына қарай, тұтынушы табиғи балға көшіп жатыр. Кейінгі жылдары қолға алынған дәстүрлі емес шаруашылықтың бірі — омарташылық өңірімізде осы қарқынмен дамып, осы бағыттағы құрылып отырған кооперативтің ісі табысты болатын болса, таяу жылда табиғи бал әр үйдің дастарқанында тұратынына шек келтіруге болмас.

  Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                             

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button