АуылӘлеумет

Калиновкада үш кооператив құрылады

Шаруашылықтардың кооператив болып құрылуы — бірігудің тиімді тәсілі. Осы арқылы ауылшаруашылық өнімі көлемін өсіріп қана қоймай, оның сапасын да көтеруге болады. Жақында Орал қаласында кооператив құру туралы арнайы оқыту курсынан өтіп келген Қобда ауданы Бегалы ауылдық округінің әкімі Юмағұл Утянов осылай дейді. Келер жылы ауылдық округте үш кооператив құрылатын болыпты. Оның алғашқысы істі бастап та кеткен.

 

Несие қаражатының көлемі — 100 миллион теңге

Қобда ауданы орталығынан отыз шақырым қашықтықта орналасқан Калиновка ауылы республикалық маңыздағы жол бойында тұр. Қазір бұл ауылда 1300-ден астам адам тұрады. Ауылда өзге ұлттың өкілдері басым. Кеңестік заманнан сақталған ауылдың бұрынғы келбеті қазір заманауиланған. 1969 жылы іргетасы көтерілген орта мектептің өзі жақында бой түзеген білім ордаларынан кем түспейді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ескі мектеп жаңа үлгіде қайта жабдықталып, қазір білім ордасында оқушылардың толыққанды білім алуына барлық жағдай жасалған. Биылдың өзінде «Туған жерге тағзым» акциясы шеңберінде осы мектептен түлеген түлектер

1 миллион теңгеге жуық қаражатқа материалдық тұрғыда қолдау көрсетіпті. Ауылдағы Мәдениет үйі мен дәрігерлік амбулатория да халық игілігі үшін қызмет етіп тұр.

Ауылда тұрғындардың ауызбіршілігі жақсы. Мұнда 14 ұлттың өкілдері тұрады. Қазір Калиновкада 10 шаруа қожалығы мен екі серіктестік жұмыс жасайды. Шаруа қожалықтардың арасында он жылдан бері жұмысын жүргізіп отырғандары бар. Бұлардың дені мал шаруашылығымен айналысады. Биыл шаруалар егіннен мол түсім өндірді. Әр гектардан 10-15 центнерден өнім алған шаруашылықтар да бар. Мәселен, ауылдағы «Қазақстанның 30 жылдығы» шаруа қожалығы биыл 5 мың гектар алқапқа егін еккен еді. Келер жылы бұл шаруашылық егістік алқабын кеңейтуді жоспарлап отыр, — дейді Бегалы ауылдық округінің әкімі Юмағұл Утянов.

Ауыл әкімінің айтуынша, биыл шаруашылықтар «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» секілді бағдарламаларға белсенді қатысып, әртүрлі қаржы институттарынан барлығы 100 миллион теңгеден аса несие рәсімдепті. Несие қаражаты мал санын көбейту, оны асылдандыру бағытына жұмсалған. Ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес түрімен айналысатын жеке кәсіпкерлер де бар.

 Жеке адамдарға субсидия төленеді

Кезінде ауылдан қалаға үдере көшіп кеткендердің дені қазір Калиновкаға қайта келіп, іс бастап жатқан көрінеді.

Шаруашылықтар үшін ең тиімдісі — кооперативке бірігу. Келер жылы ауылда 3 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылады. Бұған дейін шаруашылықтардың ғана кооперативке бірігуіне мемлекеттен жағдай жасалса, енді қорасында малы бар жеке адамдар да өзара бірігіп, кооператив құра алады. Ол үшін әрбір малға субсидия төленеді. Осы жаңалықты ауыл тұрғындарына жеткізіп, кооперативтің тиімділігі мен артықшылығын жан-жақты түсіндіру мақсатында Калиновкада 3 рет жиын өткіздік. Жаңа бастаманы ауыл халқы қолдап отыр. Бүгінде кооперативтің мүшелігіне өткен тұрғындар да бар, — дейді Юмағұл Утянов.

Ауылдағы «Сұлтан Бейбарыс» шаруа қожалығы — алғашқы болып кооперативке біріккендердің бірі. Өткен жылы бұл шаруашылықтың иесі «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 25 миллион теңге несие алып, ол қаражатқа 100 асылтұқымды бұқа сатып алған. Кооператив мал бордақылау бағытында құрылыпты. Бұл кооперативтің құрылуына жеке адамдардың да үлесі бар.

 Рефрижератор — таптырмас техника

Кооператив болып құрылу үшін оның құрамында ең кем дегенде 20 құрылтайшы болады. Қазір бұл кооперативтің базасында жеке адамдардың да малы бағылып жатыр. Енді кооперативке өткен қарапайым тұрғындардың малына субсидия төленеді. 2018 жылдан бастап кооперативте төлге де субсидия төленбек. Ол үшін жеке адам кооперативке мүше ретінде тіркеліп, өз малын өткізеді. Кооперативте мал төлемсіз бағылады. Жеке тұрғындар үшін мұның тиімділігі — ауылдан бақташы іздеп жүрмейсің, мал ұрлығына тосқауыл қойылады. Ең бастысы — жеке үйіңнің ауласында мал бақпайсың. Мал кооператив базасында бағылады, қыстық мал азығын кооператив басшылығы өзі ойластырады. Егер қорасында малы көп болса, бір адам бірнеше кооперативтің мүшесі бола алады. Қазір ауылдағы қалған кооперативтер әділет органдарында құжаттарын заңдастырып жатыр. Кооперативтердің құрылуы — бірігудің ең тиімді тәсілі. Осы арқылы ауылшаруашылық өнімі көлемін өсіріп қана қоймай, оның сапасын көтеруге де болады, — дейді ауыл әкімі.

Қазір «Сұлтан Бейбарыс» шаруа қожалығында 6 адам тұрақты жұмыс жасайды. Шаруашылықтың құрылғанына 2 жылдай уақыт болған. Кооперативке біріккен шаруашылық алғашқы сыйлығына — рефрижератор көлігіне қол жеткізіпті. Арнайы мұздатқышы бар көлік көктемде ірі қара етін тиісті орындарға тапсыруды бастайтын шаруашылық үшін таптырмас техника.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button