Ауыл

Жаңатаң жердің құты еді…

Ауылдың қадірін сол топырақты басып жүргендермен бірге қызмет бабымен алыстап кеткендер де үнемі ойлап жүреді.

Менің ауылым Жаңатаң деп аталады. Ол — Байғанин ауданының бұрынғы Абай атындағы кеңшарының Жем өзені бойындағы бөлімшесі. Жүздің үстінде шаңырақ бар. Кешегі тоқырау жылдарында үдере көшпеді. Тасжолы мен көгілдір отыны да жоқ. Бірақ ауыл өз тірлігін өзі көруде. Кешегі, бүгінгі тіршілік ертеңге сабақ болар деген ниетпен қарапайым мамандық иесі, бөлімше бригадирі болған Сейілхан Қалиевтің толғанысты сырларын көпшілікке ұсынуды жөн көрдік.

— Мен ауылға жиі емес, жылына бір-екі рет барып тұрамын. Жаңатаң — бір бүйірдегі ауыл. Кеңқияқтан өтіп, жусанды өлкедегі даланың қара жолымен Жарсай деген жерден өткесін жүрегің еріксіз лүпіл қағады. Өйткені Өтежан ақын айтатын «Көгілдір Жемнің бойында» деп басталатын өлең жолдары есіңе түсіп, жарықтық Жем бойын сағынғаныңды сезінесің. Алып ұшып барып, үлкендерімен амандасып, бір жасап тыныстап қаласың. Зады туған жер деген ғажайып әлем.

— Шаруасы дөңгеленіп тұрған ауыл кешегі тоқыраудан соң жекешелендіруге тап болды. Облыстағы ең үздіктер қатарында аталған Абай кеңшары кеше қандай еді? Бүгінгі тірлігіне көңіліңіз тола ма? Өмір бойы сол ауылдың ыстығы мен суығының ортасында жүрдіңіз ғой.

— Абай атындағы кеңшарда алпыс мыңнан астам қой қысқа түсетін. Оның бөлімшесі Жаңатаңда 24000 қой, 200 түйе, 400 сиыр, 1000 жылқы бағылатын. Бүгінде арғы-бергі беттегі қыстаулардың орны ғана қалды. Жаның құлазиды. Абай кеңшары орден алмағанымен ауданға атағы шыққан шаруашылық еді. Кеңшарды бар болғаны үш директор басқарды. Ол 1963 жылы құрылды. Қартабай Жұмағалиев сол уақыттан 1982 жылға дейін еңбек етті. Жұмысты талап ететін азамат еді. Одан соң кеңшардың бас инженері болған Нұрдәулет Ермеков бір-екі жыл, үшінші директор Бақберген Қарақов 1983-1998 жылдар аралығында 14 жыл басшылық етті. Ел қай кезде де жаман болған жоқ. Бірақ сол ауылдың дәуірлеу кезеңі осы бір жылдары еді. Соңғы басшы ауылға да, малшыларға да үй салды. Жағдай жасады. Шаруа дүрілдеп жүрді. Соның арқасында 1984 жылы Қарақов «Облыстың үздік директоры» атанды. Бұл ұжымға және оның басшысының еңбегіне берілген баға еді.

— Әр басшы шаруаға өзінше қарап, тоқтам жасап, кадрлармен жұмыс жасайды. Біздің ауылымыз табиғатқа тәуелді жер. Егіні, шөбі жаңбыр жауса шығады. Ең алдымен содан шығудың жолдары іздестірілді емес пе?

— Дұрыс айтасың, 1985-1986 жылдары қуаңшылық болды. Жаңбыр жаумады, шөп шығымы аз. Екі жыл шалғайдағы Ырғыз ауданынан мал азығын дайындадық. Бірінші жылы 24000 центнер, келесі жылы 31000 центнер шөп шауып алдық. Бөлімшедегі екінші бригадамен Әсемғали Сағындықов Бұлақтыкөлдің құмайтты жерлерінен шөп шапты. Ырғыздан тасымалдау үлкен шығын. Бірақ жігіттер шаршамай еңбек етті. Содан 1985 жылдың күзінде кеңшар директоры Бақберген Қарақов мамандарды жинап алып, «Ал, жігіттер, бұл тірлік болмайды. Шаруаны басқаша ойластыруымыз керек», — деді. Не болып қалды деп ойландым. «Жерлестер, жанымызда бабаларға құт болған Жем өзені бар. Соның суын пайдаланып, суармаға мән беруіміз қажет», — деді. Содан 40 гектар жерге жоңышқа егілді. Бірнеше рет орып алдық. Есенқош Жәумітов картоп өсірді. Пияз, қауын, қарбыз да шықты. Шаруа осылай ұлғая түсті. Енді бірде басшымыз «Ал, ағайындар, бағытымыз жаман емес, біз тағы бір істі бастауымыз керек. Қантты сатып аламыз. Дастарқанымыздың осы тағамынсыз шай ішілмейді. Енді қызылша өсіреміз» деді. Тағы да суарманы пайдаландық. Екі вагон қызылша өнімін Жамбылға жібердік. Көп ұзамай бір вагон қант алып, қарық болдық. Өзімізді өз өнімімізбен қамтамасыз еттік. Жоңышқаны малға бердік. Бордақылап малды семірттік. Кейін осы бір Жаңатаңның өзінде 200 гектар, ал Кемерши бөлімшесінде 100 гектар суармалы алқап болды. Бүгінде мұндай алқап ауданда жоқ. Жалпы директор Бақберген Қарақов ұйымдастырушылық қабілеті зор, сауатты басшы бола білді. Сол жылдары Мәдениет үйі, кеңсе, Жеңіс алаңы ашылды. Малшыларға сол бір кездегі он екі қой, бір сиыр, бір түйемен шектелмей, оны көбейтіңдер, үкіметтің де табысын еселеңдер деп міндет қойды.

— Сөзіңіз аузыңызда, соңғы директордың жұмыс стилі ұнағанын көріп отырмын. Бірақ соның бәрінен кейін айырылып қалдық қой. Қалай ойлайсыз, кінәлі жекешелендіру саясаты ма, әлде ауылды ұстап қалатын тәуекелшіл іскер адам болмады ма?

— Оның рас. Кеңшар тарады. Пай деген шықты. Жекешелендіреміз, байимыз деген ойда болдық. 1999 жылы аудандағы басшымыз Түрікпенбай Айжарықов келді: «Ал, бауырлар, пайға бәрін бөліп алып, пайда табу оңай емес. Ойланыңдар, әліптің артын бағыңдар, барларыңнан айырылып қалмаңдар. Жағдай қандай болады. Ол да біз үшін бұлыңғыр болып тұр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегенді естен шығармаңдар» деп кеңесін берді. Бірақ оған мән бермедік. Ауылда ақыл айтып тоқтататын кісі де шыға қойған жоқ. Малды да, техниканы да пай бойынша бөлдік. Шаруа жүрмеді. Мен де қырық үймен «Ақниет» деген шаруа қожалығын құрдым. Бұрынғыдай жанар-жағармай жоқ. Жұрттың айлығын бере алмадым. Өніміміз арзанға кетті. Ақыры, амал жоқ, мен де бөліп бердім. Бүлінгеннен бүлдіргі алма деп бекер айтпаған. Егер сол кезде Қарғалы ауданындағы «Степное», Алғадағы «Тоқпансай», Мәртөктегі «Қызылжар» шаруашылықтары секілді ұстап қалғанда, жағдайымыз жаман болмас еді. Олардың аузы бір болды. Қазіргі саясат дұрыс. Бірігу қажет. Суарма салып, тәуелділіктен құтылу керек.

— Сәке, қоғам өзгерді. Ол заман мен бүгінгінің адамының арасында үлкен айырмашылық бар деп жатады. Кәсіби біліктілігі жоқ па, әлде қалай?

— Бәрі бір адам. Бірақ бүгінгінің жүрегінің соғуы, пейілі, ниеті басқа. Ол кездегілердің жөні бөлек. Ұлды ұлша тәрбиелесең, ұл боп өседі, құлша тәрбиелесең, құл болып шығады деген сөздің жаны бар. Көпшілік жастарда, айып етпес, сананың ерте есеюі жоқ. Мен бас болайын деген ниет, ұмтылыс аз. 30-40 жасқа келгендер де көктен алма түседі деп күтетін секілді. Бойында жалқаулық басым. Әрине, бірен-саран адам бар. Замандастарым, жасы жетпіске келген Айбазар, Қанат, Рысбайлар аттан түскен жоқ. Шаруа істейді. Жиырмадағы адамды жас дейміз. Жас емес. Біздің ауылда Имаш Әубәкіров деген жетім өскен азамат 30-шы жылдары 20 жасында колхозды құрып басқарған екен. Ауылдағы бауырларымның 15-20 қой, 5-6 сиырын ауласынан өргізіп, күтіп алатынына көңілім толмайды.

Бұрынғы механизаторлар, мысалы, жан-жақты болды. Әсемғали Сағындықов бригадир, ол техниканың кемістігін тек дыбысынан байқайды. 1954 жылы Шұбарқұдықтан тракторшы мамандығын алған. Қолынан келмейтіні жоқ. Бір жылы ауылдағы трансформатор жанып кетті. Энергетик жоқ. Бірақ жөндеп шықты.  Еңбекпен, ізденіспен көзін ашқан адам кейін Қазалыдағы ауылшаруашылық техникумын сырттай бітірген. Ол кезде бригадир болу үшін дипломды керек ететін. Нұртаза Талдықов қажымайтын тракторшы еді. Қайран Әребаев тың игеруші. Ол тіпті техникаға ұсақ-түйек қосалқы бөлшек сұрамайды, өзі жамап-жасқап алып жүре беретін.

Тұрсынбай Қартбаев, Сейітқазы Мәулімбердин, Зияден Оразғалиев, Аман Кесковтер нағыз шаруа адамдары. Олардың ізін басқан Мұқат Данашов, Тұрар Қайсаров, Атағұлла Мықтыбаев, Айбат Ізбасқанов қандай істі тапсырсаң да тындыратын. Ниязбай Оразғалиев ұйықтамайтын жүргізуші. 1984 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Ал мал шаруашылығында Мәкар Ханов, Боду Қалиев, «Тұлпар» комсомол бригадасының жетекшісі Қанат Бәйдіров талмай еңбек еткен-ді. Жылқышы Әбді Тағанов 30 жыл Түгіскен деген жерде төре түлікті өсірді. Ал бүгінгіге көңілім толмайды, ауылда санаулы ғана іскер жігіттер бар. Солардың бірі — Болатбек Сәрсекенов. Шөп шабады. Ауылды қамтамасыз етеді. Мал өсіреді. Ауылдастарымда да сондай бір техника бар. Тек өз қарақан басы үшін қимылдайды. Менің зейнет жасындағы қатарларым Рысбай Әбшекенов, Айбазар Жұманалин, әлгі айтқан Қанат әлі күнге дейін аттан түскен жоқ. Жетпіске келсе де шаруа жасауда.

Бір замандасым Майлыбай Кемешов — ауылдың абызы. Өткен-кеткеннің бәрін әңгімелеп отырады. Ондай да кісі керек екен. Және бір айтарым, бүгінгі жастардың бойында мейірімділік, баяғы сыйластық бар ма, соған күмән келтіремін. Тек пайда табу. Ақша не бір шөлмек берсең, көмектесуі мүмкін. Әйтпесе шаруасы жоқ. Тәрбие деген көріктен айырылып қалғанбыз ба деп ойлаймын. Күн көрудің де реті бар. Ниет, пиғыл адал болу керек. Біздің кешегі уақыттағы бір кемшілігіміз сыртта жүрген өзіміздің ауылдан шыққан білікті мамандарды, аудан басқарған, істің тетігін білетін Серік Ботағарин, Бекен Әжімбаев, экономист Мәнібай Әбиевтерді ауылдың шаруасына тарту керек еді. Соған назар аудармаппыз. Кейінгі інілеріміз кінәламас, олардың бойын бойкүйездік жаулап алған секілді. Бәріне 100-150 мың теңге жалақы керек. 40-50 мың теңгені менсінбейді. Жүректе дүрсілдеп соғып тұрған туған жерді түлетейін деген патриоттық сезім жоқтай. Мына Ырғыз ауданында мектепті 20 жыл бұрын бітірген түлектер жылда бір шаруаны жасайды. Бізде бұндай дәстүр бар деп айта алмаймын. Ақтөбеде тұратын Жүсіп Қисанов, Кенжетай Рамбаев, Темірхан Қарашбаев секілді ауылдастар бар, қалғандарында қозғалыс жоқ.

— «Сананы тұрмыс билейді» дейді. Ауылдан кеткенмен де сол ауылға қатысты қандай мәселелер толғандырады?

— Мәселе көп қой. Іргемізде босқа жанып жатқан газ ауылға келсе деймін. Көмір қымбат. Тасып жеткізу шығыны тағы бар. Екінші мәселе — экология. Біздің ауылдағы Жем өзенінің арғы бетіндегі жерді әскерилер сынаққа алды. Шабындық пен жайылымға күнде ракеталар алыстан гүрілдеп келіп түсіп жатады. Шөпшілерді талай көшірді. Ал соның зардабын тартты жерлестерім. 1987 жылы біздің ауылдың сол жерлерден шөп шапқан механизаторлары мен мал жайған шопандары жасы алпысқа жетер-жетпестен өмірден өте бастады. Айына төрт адамды жерлеген кездеріміз болды. Аманғали, Сұлтанғали, Қыдырхан, тағы басқалардың өмірлеріне радиацияның әсері болды-ау деп ойлаймын. Ал сынақтан алыстау жүрген малшылар күні кешегіге дейін өмір сүрді. Айтарым, сол радиация орындарын зерттеп жатқан тиісті орындар жоқ. Жаңатаңға облыстағы басшылар соқпайды. Ауыл бір басшы келер деп күтуде. Жаңатаңда бұрын кеңсе жанында радио сөйлеп тұратын. Ол жоқ. Радио — насихаттың қайнар көзі. Қазір ауылда газетті көп адам алдыра бермейді. Мұны да шешу керек.

— Сәке, біршама мәселелерді қамтыған секілдіміз. Алған мамандығыңыз бойынша еңбегім еленбейді деп өкінбейсіз бе?

— Мен о баста Темірдің техникумының бухгалтерлік бөліміне оқуға түскенмін. Ұнамады, тастап кеттім. Кейін Қарауылкелдідегі училищеден тракторшы мамандығын алдым. 1967 жылы шаруашылық Талғарға оқуға жолдама берді. Пойызда бір жолаушы «Қарағым, сол оқуың осы Қазалыда да бар» деген соң, Қазалыдан түсіп қалып, техникумға бардым. Оқыдым, бітіріп шықтым. Мамандығым бойынша бригадирдің көмекшісі, бригадир болып еңбек еттім. Орден, медальға ұсынбады деп өкінбеймін. Ауыл ақсақалдарының алғысын алдым. Мен үшін сол медальдан қымбаттау.

Айтпақшы, әлгі Қазалыдан мен жай оралған жоқпын. Тегі дұрыс өмірлік қосағымды Қалдыгүлді Қазалыдан тауып алып келдім. Екі ұл, төрт қызды болдым. Жеті немере, бір шөбере, он екі жиенім бар. Мен үшін байлық осылар.

— «Құссыз көл жетім, елсіз жер жетім» деген бабаларымыз. Жарықтық Жем бойы берері көп өлке еді. Айырылып қалған жоқпыз ба?

— Ол үшін жан-жақты еңбек ету керек. Сонда мал да көбейеді. Әлгінде мен ауылдас інілерімнің намысына тию үшін қаттырақ айттым-ау дейім. Өйткені тәуекел деп бел буар намысты ояту үшін солай дедім. Намыс бар жерде ұмтылыс, тәуекел бар.

— Біздің ауылдың ақсақалдары қазір төрт-бес адам екенсіздер. Алпыстан асып, жеті асқар белеске шыққан кезді біреулер бұл желкеңе мініп алған мезгіл десе, енді біреулер абыздықтың желкенін керер уақыт дейді екен. Өкінбейсіз бе?

— Абыздықтың деңгейі жоғары. Елде абыздық қасиеті бар, данагөй қариялар болды. Олардың басқан ізіне саймыз ба, оны айта алмаймын. Әулие Қисан ата, Кемеш, Сұлтанғали, Құлман, Әбіш деген шалдардың жүріс-тұрысы, көсемдігі бөлек болатын. Ал бір аяғын майданда қалдырып, сау адамнан артық еңбек еткен Ізбасқан Рамбаев, Қалмырза Байманов қандай кісілер еді.  Біздің шағын ауылдан Жиенқазы Молданиязов, Есберген Жүндібаев деген екі Социалистік Еңбек Ері, «Даңқ» орденінің толық иегері Сәрсенғали Ешбаев және «Даңқ» орденін екі рет алған Бөкен Бектұрғанов, Иса Жанаев деген кісілер шыққан. Өткен Отан соғысына осы бір ауылдың өзінен 172 сарбаз қатысқан. 72-сі ғана оралған. Мұны айтып отырғаным, бүгінгі інілерім осындай алдыңғы толқынның атына кір келтірмесін, олар тыныш жатсын дегенім. Жаңатаңда жүздің үстінде шаңырақ бар. Бәрінің де аталары қадірлі адамдар еді.

 Жақсылық АЙЖАНҰЛЫ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button