Ауыл

Ауылдың шаруасы кімнің қолында?

Қазір әлем экономикалық дағдарыс жағдайында өмір сүріп жатыр. Өндірістің жылдар бойы артық өнім өндіруі олардың жұмысын уақытша тоқтата тұруға немесе тежеуге мәжбүрлеуде. Ал бұл жағдай өз кезегінде жалпы халықтың тұтынушылық сұранысын кемітіп отыр. Яғни қай елде де адамдар өндірістік тауарларды, тіпті, киім-кешектерді де бұрынғыдай алмауы мүмкін. Белгілі бір уақытқа әр адам бұған шыдауға болады. Алайда тамақ ішпеу, дүкеннен азық-түлік алмау мүмкін емес. Ал азық-түліктің қорын жасайтын ауыл шаруашылығы саласы екенін бүгінде екінің бірі біледі.

Әр аймақта азық-түлік бағасы арзан әрі тұрақты болу үшін осы сала қалыпты дамуға тиіс. Егер олай болмай, азық-түлік шетелдерден келетін болса, ол қымбатшылыққа, теңгеміздің құнсыздануына соқтырады. Бүгінге дейін біздің базарларымыз бен дүкендерімізде азық-түлік түрлерінің қымбаттамай тұруы өңірде ауыл шаруашылығы жұмыстарының біршама дұрыс жолға қойылғандығының арқасы. Облыс өзінің тұтынуынан едәуір артық астық өндіреді. Халықтың ет, сүт өнімдеріне деген сұранысын біршама өтейді. Жыл сайын жергілікті картоп, көкөніс өнімдерін молайтып келеді. Халықтың құс етіне, жұмыртқаға деген сұранысын өтейтін арнайы құс фабрикалары жұмыс істейді. Күнбағыс  майы өзімізден шығарылады.

Әрине, ауыл шаруашылығындағы бұл табыстар шек деуге болмайды. Оны дамытудың мүмкіндігі әлі де көп. Алайда жергілікті жерлерде бұған қолбайлау болып отырған жағдайлар аз емес. Бұдан бұрын газетімізде хабарлағанымыздай, («Ақтөбе», 19 ақпан) жақында облыстық әкімдік ғимаратында осы мәселелерді ашық талқыға салған облыстық ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің жиналысы өтті. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Ерсайын Әжібаев бүгінгі таңдағы бұл саладағы кемшін тұстарды ашық айтты. Ішкі және сыртқы рынокқа ет, сүт өнімдерін өткізу үшін асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту қажет. Өкінішке орай, облыста асыл тұқымды мал саны баяу өсуде. Мемлекет етке, сүтке, асыл тұқымды мал ұстағанға субсидия береді. Талаптан шығып мұны да алып жүргендер тым аз. Егіншілік саласында да кемшіліктер көп. Жаңа технологиялар енгізілмейді. Көпшілік шаруа қожалықтары жерді баптамайды, егінді күтпейді. Көктемде егіп, күзде жинап  алумен шектеледі. Мұндай егістен жоғары өнім күту бос әурешілік, әрине. Содан әр гектарға 5-6 центнер өнім алса мәз болып, ала алмаса қуаңшылыққа жабады. Жоғары сортты тұқым өсіруші шаруашылықтар санаулы ғана. Ұсақ шаруа қожалықтары негізінен қолына қандай тұқым түссе, соны себеді.

– Мәселе егістік жердің көлемінде емес. Біздің 30 мың гектарға сепкен егістен алып жүрген өнімімізді агротехникалық шараларды қатаң сақтап, 300 гектар жерден де алуға болар еді, – дейді басқарма бастығы.

Әңгіме ауылда осы шаруаларды жүргізетін білікті маман жоқ дегенге тірелді. Басқарма бастығының атап көрсеткеніндей, қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін цехтар ашылуда. Көкөніс өсіруде өсімдікті тамшылатып суару сияқты жаңа технологиялар енгізілуде. Осының бәріне білетін адамдар керек. Соңғы жылдары егіспен айналысатын ірі шаруашылықтар бірнеше технологияны бірден орындайтын, компьютерлік жүйемен басқарылатын шетелдік кешенді техникалар алды. Бізде әлі күнге шейін соларды жүргізетін кадр жоқ. Маусым уақытында бұл серіктестіктердің басшылары егістерін негізінен сырттан кадр жалдап орады. Оларға қыруар қаржы төлейді. Ал жергілікті жерден тұрақты кадр даярлау ойларында да жоқ. Мұны тиімсіз санайды.

Негізінен ауыл шаруашылығындағы кадр мәселесін қараған осы жиналыста басты баяндаманы басқарма бастығының орынбасары Есет Сартаев жасады. Мұнда да ащы да болса шындық ашық айтылды. Егер бүгінгі ауылдың шаруасы кімнің қолында деп, тура сауал тастайтын болсақ, жағдай былай екен. Ауыл шаруашылығы саласындағы қазіргі жұмыс істейтіндердің 17 пайызы ғана – жастар. Жартысынан көбі – елу жастан асқан, алпысқа таяп жүрген, тіпті, зейнеткерлікке шығып жұмыс жасап жүрген адамдар. Ең жас малшы – 50-де. Сонда енді он жылда малды кім бағады?

Баяндамашы және одан кейін шығып сөйлегендер мал бағуға адамдардың бармауын оларға еңбекақының дұрыс төленбеуінен дейді. Бес ауданда малшы мен механизаторлардың алатын айлық жалақысы орта есеппен 12 мың теңге ғана. Механизаторға ең жоғары айлық төлеп отырған «Степное» ЖШС – 39 мың теңге, «Тоқпансай» – 27 мың теңге, «Жосалы» – 24 мың теңге. Облыста малшыға ең жоғары айлық жалақы төлейтін – «Құмқұдық» ЖШС. Оның өзі 26 мың-ақ теңге. «Тоқпансай» – 24 мың теңгенің шамасында. Мұндай қаржыға қаладан кім барады? Ол ауылдық жерде қалай тұрады?

Яғни баяндамада атап көрсетілгеніндей, ірі серіктестіктердің өзі малшы мен механизатордың тапқан табысының ең болмаса 50 пайызын төлемейді, болмашы дүниемен құтылады. Олардың еңбегін көрер көзге қанайды.

Ауылдарда кадр тапшылығы терең сезіліп келеді. Орта буын мамандарды айтпағанда, агроном, инженер, прораб, мал дәрігері, зоотехник тапшы. Бүгінгі күнге 47 агроном, 63 мал дәрігері, 278 механизатор, 174 жүргізуші, әр саладан барлығы 700-ден астам кадр жетіспейді. Оқу бітіргендердің ауылда 10 пайызы ғана қалады.

Әрине, бізде орта буын жұмысшы маман кадрлар даярлайтын лицейлер аз емес. Ауыл шарушылығы мамандарын даярлайтын арнаулы колледж де бар. Алайда олардың ұшырған түлектері көп жағдайда ауылдарға бармайды. Оларды өздеріне шақырып, жағдай жасап жатқандар көп емес. Содан да болар, біздің аймақтан жоғары оқу орындарында ауыл шаруашылығы мамандығын алуға талаптанушылар да жоқтың қасы. Бұл жөнінде осы жиынға арнайы келіп қатысқан Батыс Қазақстан техникалық университетінің өкілдері айтты.

Кадр мәселесінің басқа да елеулі проблемаларын ортаға салып талқылай келе, облыстық ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің жиналысы бұл жұмысты таяу уақыттың ішінде жақсартудың жолдарын белгіледі.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button